Ғалым Р.Бердібай зерттеулеріндегі  эпостану мәселелері

 

Р.Р.Жұмағалиева

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік    университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, магистр

 

Ел әдебиетінің ең сүбелі беттерін еншілейтін, ерен қиял мен терең таным өзегінде өрілетін, тамырында тұтас бір ұлттың ұжданы мен ұлағаты жататын,  сергек сезім, шексіз сенім, көзсіз ерлік, биік парасаттылық, дархан даналық, шетсіз сүйіспеншілік сабағына сіңген сөздің жауһары, ойдың шыңы ұрпақтан ұрпаққа алтын қазынадай мирас болған ол қазақтың қаһармандық жырлары еді.

Ұлтымыздың бағына біткен ұлы перзенттерінің қай− қайсысы да қаһармандық эпосқа бір қайырылмай өтпеді. Шоқаннан басталатын сара жол Ы.Алтынсарин, Ә.Бөкейханов, Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, С.Торайғыров, Қ.Сәтпаев, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин секілді ел әдебетінің ерен білгірлерінің есімімен жалғасады. Сондай − ақ осы тізімнен өз орнын эпосқа арналған еңбектері арқылы ойып тұрып алатын қазақтың тағы бір тамаша талантты ғалымы Р.Бердібай екенін айтқымыз келеді. Эпосты «Ел қазынасы» (1995), «Ел мұраты» (1997) деп білетін, осыдан ширек ғасыр бұрын «Қазақ эпосының» (1982)  терең танымы мен шексіз көркемдік әлемін ғылыми тұрғыдан танытып, ұлттық эпостанудың өрісін «Байкалдан Балқанға дейін» (1996) өсірген, халық жырларының қасиетін зерттей отырып, өзі де туған ұлтының мақсаты мен мүддесі жолында жанын аямайтын қаһарманға айналғанын бүгінгідей мерейтойда айтуды парыз санаймыз. Ғұмырын ғылымға, соның ішінде ел әдебиетін екшелеуге арнаған зерттеуші қашан да болмасын қазақтың эпосын танытудан талмады, ұлттық сөз өнеріміздің ұлы туындысы саналатын эпостық жырлардың қадірі мен қасиетіне ғылыми мән мен мағына үстеп  күллі түркі жұртына паш етті. Бұл сөзімізге ғалымының әр жылдарда түрлі халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар мен симпозиумдарда жасаған эпос туралы баяндамалары дәлел бола алады. Атап айтсақ, 1978 жылы Қазан және Уфада өткен ғылыми − теориялық конференцияларда «Қазақ − башқұрт фольклорлық байланыстары» жөнінде, 1980 жылы Бүкілодақтық үшінші түркологиялық конференцияда (Ташкент) «Әуезов және фольклортану» деген тақырыпта, 1981 жылы Кишенев қаласында өткен фольклорлық мұралар басылымдары мәселесіне арналған ғылыми − теориялық конференцияға қатысуы, 1985 жылы Бүкілодақтық төртінші түркологиялық конференцияда (Ашхабад) «Эпостың тарихилығы» туралы, 1989 жылы Бүкілодақтық бесінші түркология конференциясында (Фрунзе) «Манас және эпикалық дәстүр» деген тақырыпта, 1995 жылы «Манас» эпосының 1000 жылдығына арналған халықаралық конференцияда «Түркі халықтары эпосындағы ортақ сарындар» туралы, 1996 жылы «Әмір − Темір және әлем тарихының мәселелері» деген халықаралық симпозиумда «Әмір − Темірдің фольклор мен әдебиеттегі бейнесі» деген баяндамалар жасауы [1.7−10]. Біздің бұдан шығаратын қорытындымыз туыстас елдер, жалпы дүние жүзі көп ретте қазақ эпосының табиғатын ғалым Р.Бердібайдың ғылыми тұжырымдары арқылы таныды.

Эпосқа «Эпос − болғанның көшірмесі емес, болуға тиісті арман, үміт, құбылыстарды, тарихи оқиғаларды халықтың өзінше түсініп, бағалауының көрсеткіші»,- [2.54] деп анықтама беретін академик Р.Бердібайдың эпостануға әкелген ең маңызды ғылыми жаңалығы − қазақтың эпостық туындыларын жанрлық − стадиялық тұрғыдан төрт топқа (архаикалық, қаһармандық, ғашықтық (романдық), тарихи) жүйелеуі екендігін оның ізін басқан ғалым інілері жиі жазып жүр [3. 35,173]. Көрсетілген жүйедегі қазақ эпосының ерекше бір түрі ол − батырлық жырлар екендігі мәлім. Академик Рахманқұл Бердібай, біріншіден, эпосқа қатысты өз зерттеу еңбектерінде батырлық жырларды, соның ішінде «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлық жырларды  қаһармандық эпос деп атауды ұсынды: «Қазақ фольклорын зерттеу еңбектерінде эпостың бұл түрі көбінесе «батырлар жыры», «батырлық эпос» деп аталады. Мұндай дәстүрлі терминдермен қатар «қаһармандық эпос» деген атауды да қолдануды орынды деп санаймыз. Оның себебі мынада: орысша жазылған фольклористикалық еңбектерде «богатырская сказка», «героический эпос» деген ұғымдардың бірыңғай «батырлық» сөзімен аударылуы олардың арасындағы кейбір түбегейлі айырмашылықтарды әрдайым толық бейнелей алмаса керек. Сол үшін «богатырская сказканы» «батырлық ертегі», «героический эпосты» «қаһармандық эпос» деп атағанды жөн көрдік» [2.92] дейді. Ғалымның батырлық жыр терминінің синонимі ретінде қаһармандық эпос деген атауды ұсынуының өзі оның эпос табиғатын қаншалықты кең мағынада түсінетінін, елін қорғаған ердің жұрт жүрегінің төрінен орын алып, көз алдында қаймықпас қаһарманға айналғанын анық таныған терең зерттеуші екенін көрсетеді. Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын сөз жоқ батыр, халық оларды батыр болғасын жауды шабуға жібереді, ал талай жылдар тыным бермей, халықтың көз жасын сорғалатқан жағымсыз дұшпаннан кек қайтарып, оның басын кесіп, қанын судай сапырып келген Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын елге оралғаннан кейін ақталған сенімнің символы ретінде қаһарманға айналып шыға келеді. Белгілі эпостанушының батырлық жырлар деумен қатар қаһармандық эпос деп атауды жөн көріп отырған себебі осы деп білеміз. 

Сонымен қатар зерттеуші Р.Бердібай өз зерттеу еңбегінде кең байтақ қазақ жеріне анағұрлым танымал  «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» секілді қаһармандық эпостардың жалпы бітімінде классикалық батырлар жырына тән өрнектердің толығырақ байқалатынын атап өтеді [2.94].

Ғалым Р.Бердібайдың қазақтың қаһармандық эпосын зерттеуге арналған еңбектерінің ең негізгі құндылықтарының бірі зерттеушінің тек қана батырлық жырларға ғана тән эпостық модель жасап шығаруы десек қателеспейміз. Академиктің «Қаһармандық эпос» деп аталатын ғылыми мақаласында эпостық моделдің барлық кезеңдері (бөлшектері деп те айтуға болады) жүйеленеді. Ең әуелі батырлық жырдың басты қаһарманының дүниеге келуі, өмір есігін ашуы дегенге ғалым әлем танитын «Алпамыс батыр» жыры бойынша Байбөрі мен Аналықтың перзент аңсауын төмендегідей жүйе бойынша көрсетеді:

1. Баласыздық зары. 2. Жебеуші «күштерге» жалбарыну. 3. Әзірет сұлтанға бала тілеп аттану. 4. Әулиеге түнеу, садақа үлестіру. 5. Баба түкті шашты Әзиз әулиеге сапар шегу. 6. Намаз оқып, мінәжат ету. 7. Таңсәріде ақ сәлделі, қолында асасы бар диуана келіп, бұларға бір ұл, бір қыздарың болады деп аян беруі. 8. Аналықтың қабылан етіне жерік болуы. 9. Алпамыстың дүниеге келуі. 10. Ұлан − асыр той жасалуы... [2. 100]. Қаһармандық жырлардың басты кейіпкері болашақ жүрек жұтқан батырдың  өмірге келу жүйесі қай эпоста болмасын аталғандай кезеңдерден тұрады. Ешбір қаһармандық жыр көрсетілген модельден ауытқымайды, басталғанда батыр дүние есігін ашып қойған қазақта эпос жоқ деуге болады. Өйткені көрсетілгендей ғажайып туысқа ие нәрестеден ғана келешекте ел қамын ойлап, жұрты ұшын жанын аямай жауға шабатын батыр шығатынына халық кәміл сенген. Болашақ батырдың ғажайып туысқа ие болуы сияқты сарынның қазақтан басқа түркі, моңғол тілдес басқа халықтардың эпосында да жиі кездесетініне зерттеуші ерекше мән береді. Сонымен қатар Р.Бердібай батырдың ерекше жағдайда өмірге келуі барлық жырда түгел тізіліп, жүйелі баяндала бермейтінін, оның себебі жырдың айтылу дәстүріне, варианттылығына, не қысқарып, не ұлғайып отыратын табиғатына байланысты екенін де ескертеді [2. 101].

Қазақтың қаһармандық эпосын жоғарыда көрсетілгендей ғылыми талғаммен таныған білікті зерттеуші Р.Бердібайдың соны көзқарастары, самақты пікірлері бұнымен шектелмейді. Ұлттық эпостанудан ешқашан мәнін жоймайтын құнды ғылыми еңбектерімен өзіндік орнын ойып тұрып алған ғалымның қазақ эпосын жалпы түркілік таным тұрғысынан пайымдауы да өзіне ғана тән дара ерекшелік екенін болашақта ескереміз. Эпос халықтың мәңгілік арманының көркемдік көрінісі болса, ал оны зерттеген ғалым Рахманқұл Бердібай өз жұртының шынайы махаббатына бөленген бітімі бөлек, тұлғасы алабөтен азамат екенін ең бастысы елі біледі. 

 

Әдебиеттер

 

1. Қазақстан ғалымдарының библиографиясы. Рахманқұл Бердібай (Құрастырушылар: Қорабай С.С., Жақанова Д.,). Алматы: «Ғылым»,1998.

2. Рахманқұл Бердібай. Бес томдық шығармалар жинағы. Эпос − ел қазынасы. Бірінші том. − Алматы: «Қазығұрт», 2005. − 464 бет.