Дүниенің паремиологиялық бейнесі

 

Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті

Сқақова Ұлпан,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистранты

 

Әрбір  ұлттың я  болмаса халықтың өзіне тән болмыс-бітімі, салт-дәстүрі, материалдық және рухани мұралары, ұлттық ерекшелігі – сол халықтың тарихи даму жолының бет-пердесі, бүгінінің кескін-келбеті. Адамзаттың ой-санасы  толып, таным-түсінігі артқан сайын өзіне дейінгі ұрпақтар жасаған материалдық және рухани мұралардың  тереңіне бойлап зерттеп, оны игеруге деген қажеттілік  күн өткен сайын арта түсетіні хақ. Бүгінгі ғылыми түсінік ғылымды да, әдебиет пен өнерді де, ел-жұрттың білім өресі мен  сауатын да, ойдың орамдылығы мен тілдің құнарлылығын да, материалдық және рухани  қажеттіліктердің деңгей-дәрежесін де, ең арысы  талғамның татымына дейін мәдениеттің аясына сыйғызады. 

«Мәдениет» ұғымына берілген түсініктемелердің сан алуандығы «Тіл-Мәдениет-Адам (тұлға)» үштағаны негізінде пайда болған, тіл және мәдениет, тіл және этнос, тіл және діл аралық қарым-қатынас пен өзара байланысты зерттейтін және сипаттайтын лингвомәдениеттану ғылымының мақсат-міндеттерін күрделендіре түседі.

Мәдениет ұғымына берілген  алғашқы анықтамалар «мәдениет – барлық қоғамға тән гомогенді құбылыс» деген түсінікке негізделеді. Мәселен, «мәдениет – білім, дін, өнер, мораль, заң, салт-дәстүр және  қоғам мүшесі ретінде адамның үйренген әдеттері мен дағдыларының  кешенді тұтастығы» деп түсіндіретін Э.Тайлор зерттеулерінде жабайлықтан өркениетке қарайғы прогресс мәдениеттің  даму деңгейінің көрсеткішіне алынып, қоғамдық айырмашылықтар мәдени өренің айырмашылықтары тұрғысынан сарапталады. Э.Тайлор еңбектерінде көрініс тапқан  «қоғамда өркениеттік белгілер неғұрлым көп болған сайын,  ол қоғам соғұрлым мәдениетті саналады» деген пікірді сынай отыра, С.Г.Воркачев мәдениет пен өркениет – өзара салыстыруға келмейтін, бірін екіншісіне өлшем етуге  болмайтын екі басқа құбылыс екенін айтады.

Мәдениеттің жалпыадамзаттық мәселелер мен ұлт тағылымындағы мәнін В.Воробьев былайша көрсетеді:  «Мәдениет – адам өмірін реттеуші қоғамдық құбылыстың ерекше түрі;  ұлттық тұлғаға, әсіресе оның ішкі рухани әлеміне деген айрықша назар;   тұлғаның материалдық және рухани шығармашылық саласындағы амал-тәсілдерінің жиынтығы; материалдық және рухани құндылықтарды бөлу мен пайдалану тәсілдері; адамзаттық  прогреске ықпал ететін қоғамдық қарым-қатынастар саласындағы жетістіктер». 

К.Герцтің  «Мәдениет – тарихи жалғасым тауып, символға айналған мағыналар моделі, ұрпақтан – ұрпаққа беріліп келе жатқан түсініктер жүйесі. Адамдар қарым-қатынасы сол жүйенің көмегімен жүзеге асады, соның негізінде  адамның  өмір жайлы білімі және өмірлік ұстанымдарды бекиді, дамиды» деген анықтамасын А.Вежбицкая  мәдениетке берілген анықтамалардың ең ұтымдысы санайды. 

Г.Н.Нещименко «мәдениет» терминіне «шындық болмысты рухани меңгеру» дегенге барып саятын жалпылама дифиниция ұсынады. Ол мәдени құндылықтарды  адамның рухани әрекетінің  объектіленуінің нәтижесі деп түсінеді.

Мәдениетке берілген анықтамалардың әртүрлі болып келуін ғалымдардың  тағылым алған ғылыми мектептерінің, айналысқан ғылым салаларының, көздеген мақсат-міндеттерінің өзіндік ерекшеліктерімен түсіндіруге болады. Мәселен, мәдениет – әлеуметтік тұрғыдан «табиғаттан және индивидтің биологиялық, физиологиялық қасиеттерінен тыс, бірақ  қарым-қатынас біріктірген адамдар тобына тән құбылыс» (В.Освальт), когнитивтік тұрғыдан «танымдық әрекеттер мен білім қордалау процестеріне қатысты құбылыс» (В.Гудинаф), семиотикалық тұрғыдан «алдымен әлемнің репрезентациясын жасайтын, сонан-соң қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланылатын таңбалар жүйесі» (К.Леви-Стросс) ретінде сарапталады. Ғылыми мектептерінің ағымына, ғылыми көзқарастарындағы айырмашылықтарға қарамастан, мәдениеттанушы ғалымдардың қай-қайсысы болмасын бұл күрделі құбылыстың құрылымындағы тілдің орнын, маңызды рөлін  мойындайды.

Мәдениеттегі тілдің рөлі  туралы Э.Сепир: «Мәдениетті қордалау мен оның тарихи жалғасым  табуында тіл аса маңызды рөл атқарады. Бұл мәдениеттің  жоғары деңгейіне де, оның қарапайым формаларына да қатысты. Қоғамның мәдени қорының көп бөлігі  тілдік формада сақталады», – дейді.

Мәдениет пен тіл  өзара тығыз байланыста, сабақтастықта болып келеді. «Тіл –  мәдениеттің құрамдас бөлігі, сөйтсе де мәдениет аясында тіл оның астыңғы құрылымы, іргетасы, әмбебап құрал қызметінде көрініс береді» – дейді  Р.Якобсон. Тілді мәдениеттің негізгі категориясы ретінде танып, қазақ лексикасындағы заттық мәдениет атауларының ұлттық-мәдени сипатын сөз еткен Ж.Манкеева: «Мәдениетті тілден бөліп алып қарамаймыз. Тіл – мәдениеттің бір көрінісі. Ол екеуінің арақатынасы ерекше де, маңызды.  Кез келген мәдениеттің түрлері, атаулары  тіл арқылы бейнеленіп, тілдің кумулятивтік қызметі арқылы көрнетіні, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетіні белгілі», – дейді. 

Тіл – мәдениет тарихының әр сатысын танытушы құрал. Ол туралы М.Маковский: «Адамзат тілі көне мәдениет пен адамдар тарихының баға жетпес қоймасы. Тіл халықтың салт-санасын, ойлау тәсілін барометр тәрізді дәлме-дәл бейнелейді; онда  жекелеген адамзат ұжымдарының дүние-әлемді көруі мен тануының сан қилы, әртүрлі моделдері көрініс табады», – дейді.

Ұлт мәдениетінің сыр-қыры сол халықтың  ана тілінде айшықталады. Этникалық мәдениеттің өзіндік ерекшеліктері тіл иесінің образды ойлауымен, дүние-ғаламды тануымен, салт-санасымен тығыз сабақтасып келіп, «тіл әлемінде» этномәдени сипат арқалаған мәтіндік тұрпатқа ие болады. Сондықтан да  тіл – тілдің сөз қазынасында белгілі бір этномәдени қауымдастықтың дүние жайлы көзқарасы, мифтік санасы, ежелгі дүниетанымы бейнеленеді. Бұл жайлы З.К.Тарланов былай дейді: «Тіл тұрпат (форма) немесе қарым-қатынас жасаудың құралы  ғана емес,  тілдік заңдылықтары мен ережелері бола тұра, тіл иесінің әлеуметтік психологиясымен, тіл иесі жасаған мәдениеттің құрылымы және типтерімен тығыз байланысы бар дербес, біртұтас әлем. Этникалық мәдениетті этнос тілінен тыс қарастыру мүмкін емес, өйткені тек тіл ғана этносты толық және айқара аша алады. Екінші жағынан, этникалық мәдениеттен, этникалық дүниетанымнан және этностың танымдық әрекетінен қарым-қатынасын үзген тілдің  мәні жоғалып, дамуы  тежеледі.  Мәдениет те өзінің символдық қасиетінен айырылған жағдайда ұлттық дара бітімін жоғалтады. Мәдени феномен, мәдениет элементі ретіндегі тілдің өмірлік жағдайларға байланысты изолияцияға ұшырауы мәдениеттің символдық қасиетінің біртіндеп көмескі тартуына әсер етпей қоймайды.

Демек, тіл, ойлау және мәдениет бір-бірімен тығыз сабақтастықтағы «тіл-ойлау-мәдениет» тұтастығын құрайды. Бұл тұтастықтың қоршаған әлемге қатысының нәтижесінде тіл иесінің дүние суреті – дүние бейнесі қалыптасады. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Б.А.Серебренников, Е.С.Кубрякова, В.И.Поставалова. Роль человеческого фактора в языке: Язык и картина мира. – М.: Наука, 1988. – 216 с.

2. Сейдімбек А. Сонар.  – Алматы, 1989. – 352 б.

3. Воркачев С.Г. Лингвокультурология, языковая личность, концепт: становление антропоцентрической парадигмы в языкознании.// Филологические науки. 2001. С. 64-71. 

4. Воробьев В.В. Лингвокультурология. Теория и методы. – Москва, 1997.331 с.

5. Вежбицкая А. Семантические универсалии и описание  языков.// Пер. с анг. А.Д.Шмелева, под. ред. Т.В.Булыгиной. М.: Языки русской культуры. –1999. І-ХІІ. – С. 289.

6. Язык как средство трансляции культуры. – М.: Наука, 2000. – С. 31.

7. Сепир Э. Избранные труды по языкознанию и культурологии. – М.: Прогресс, 1993. – С. 233.

8. Якобсон Р. Избранные работы по лингвистике. Берлин, БГК им. И.А.Бодуэна  де Куртенэ., 1998. – 440 с.

9. Манкеева Ж. Қазақ тілінің заттық мәдениет лексикасы. Фил. ғыл.докт. дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. автореф. – Алматы, 1997. – 53 б.

10. Маковский М.М. Сравнительный словарь мифологической символики в индоевропейских странах. Образы мифа и мифы образов. Москва: ВААДОС, 1996. –416 с.

11. Тарланов З.К. Язык. Этнос. Время. Очерки по русскому и общему языкознанию. Петрозаводск: Изд-во Петрозаводского гос. ун-та, 1993.                    222 с. С.8

12. Мамардашвили М.К., Пятигорский А.М. Символ и сознание. Метафизические рассуждения о сознании, символике и языке. М.: Школа «Языки русской культуры», 1999. – С. 191.