Абубакирова Г.Н.

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

 

ҚАЗАҚ ЛЕКСИКАСЫНЫҢ КІРМЕ СӨЗДЕР АРҚЫЛЫ БАЮЫ

 

Кез келген тілдің сөздік құрамының толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі мүмкіндіктері арқылы болып қоймайды. Өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден ауысып алу арқылы да тіл өзінің сөздік құрамын байытып, жетілдіріп отырады. Мұны қазақ халқының даму тарихына саралап көз жүгіртсек, олардың көптеген көрші елдермен үнемі тығыз қарым-қатынаста болғандығын көреміз. Мысалы, орыс, қытай моңғол, грек, латын тілдерінен қазақ тіліне сөз ауысқанын тарихи деректермен көз жеткізуге болады.

Зерттеушілер негізгі сөздік қорға тән үш айырым – белгі бар екендігін айтады: 1) ұзақ тарихи кезеңдерде заттар мен құбылыстарды өзіне тән ерекшелігімен көрсетудегі сөздердің тұрақтылығы; 2) негізгі сөздік қордағы сөздердің жаңа сөз тудырудағы қабілеттілігі; 3) кең қолданысқа түскенде негізгі сөздік қордағы сөздердің жалпы халықтығы мен түсініктілігі.

Шығу төркіні жағынан алып қарағанда, сөздердің тілден тілге ауысуының тікелей ауысу және жанама ауысу деп аталатын екі түрі болады. Бірінші тәсіл бойынша белгілі бір сөздер бір тілден екінші тілге тікелей енеді де, екінші тәсіл бойынша кейбір сөздер бір тілден екінші тілге тікелей емес, басқа бір тіл арқылы енеді. Мысалы, қазақ тіліне көшір, түрме деген сөздер орыс тілінен енген. Ал бұларды шығу тегі жағынан алып қарасақ, олар неміс тілінің сөздері болып табылады. Біріншісі неміс тілінде – Kutsһer, екіншісі – Turm (орысша «башня» деген мағынада) түрінде дыбысталады. Бұл сөздер қазақ тіліне тікелей неміс тілінен енбеген. Олар неміс тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне енген. Орыс тіліндегі «аскер» (қазақша – «әскер») – шығу төркіні жағынан араб тілінің сөзі. Зерттеушілер бұл сөз орыс тіліне тікелей араб тілінен емес, түрік тілі арқылы енді деп есептейді.

Тіл-тілдің лексикасында ауызша енген кірме сөздер де (устные заимствования), жазбаша енген кірме сөздер де (письменные или книжные заимствования) бар.

Ауызша түрде енген сөздердің көпшілігі тұрмыс қажетіне байланысты зат атаулары болып келеді. Мұнымен бірге олардың ішінде мәдениетке байланысты ұғымдардың да атаулары болады. Ауызша енген кірме сөздерге өте-мөте тән ерекшелік сол – олар қабылдаушы тілдің дыбыстық (фонетикалық) заңдарына, орфоэпиялық ерекшеліктеріне бағынып, соған сәйкестендіріледі. Мысалы, орыс тіліндегі волость деген сөздің қазақ тіліне енгенде, болыс болып өзгерілуі қазақ тілінің ол сөзді өзіне тән дыбыстық ерекшеліктеріне икемдеп игеруінен. Жекелеп, талдап айтқанда, қазақ тілінің төл сөздерінде в дыбысының болмауынан, ол б дыбысына (еркін дыбысы) айналған да, екінші буында еріндік о дыбысының қолданылмау заңдылығынан ол дыбыс езулік ы дыбысына айналған; сөз соңындағы жіңішке ть дыбысының түсіп қалуы сөз соңында екі қатаң дыбыстың тіркесіп келмеу заңдылығынан болған. Араб тіліндегі ғайд деген сөздің қазақша айт (діни ұғымға байланысты, бұл күнде көнерген) болып өзгеруі де қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне байланысты. Әдетте, қазақ тілінде сөз басында ғ дыбысы қолданылмайды. Осы заңдылыққа сай, бұл сөздің арабша айтылуындағы сөз басындағы ғ дыбысы түсірілген. Рас, қазақ тілінде ғасыр, ғалым, ғылым тәрізді ғ дыбысынан басталатын бірен-сараң сөздер. Бұл сөздердің басында ғ дыбысының сақталып қолданылуы олардың ауызша емес, жазбаша түрде енуінен, кітаби кірме сөздер (книжные заимствования) болуынан және көбінесе жазба әдебиетте қолданылып қалыптасуынан болса керек. Ал ұяң д дыбысының қатаң т дыбысына айналуы қазақтың байырғы сөздерінің соңында ұяң д, б, г, ғ, в дыбыстарының қолданылмау заңдылығымен байланысты.

Лингвистикалық тұрғыдан қазақ тілі ғана емес, жалпы түркі тілдері лексикасын молайтудағы рөлін, эволюциясын, өздерінің семантикалық жақтан дамуын, орфографиялық, орфоэпиялық, грамматикалық жақтан өзгерісін т.б. жайларын ғылыми тұрғыдан білу – қажетті нәрсе [1, 105].

Мәселен, хана – парсы тілінде үй деген сөз. Хана қазақ тілінде түбір, түбірлес сөздерде аффикс (жұрнақ) сықпатты болып кеткен; бірсыпыра сөзге жалғанып, жаңа сөз жасайды, жаңа ұғым туғызады: шайхана, қымызхана, жатақхана, кітапхана, масахана, асхана, баспахана, аурухана (веранда деген мағынада) т.б. Нама – парсы тілінде хат деген сөз. Қазақ тіліне әбден сіңіскеннен кейін бұл сөз тама – тема – дама – деме сияқты дыбыстық өзгеріске түскен. Осы дәнекер, яғни қазақша аффикске айналған сөз арқылы толып жатқан жаңа сөз жасалған: сипаттама, дәлелдеме, жолдама, мінездеме, анықтама, жарнама т.б.

Араб, парсы тектес ономалардың, әсіресе кісі аттарының, о баста белгілі бір мағынасы бар екені мәлім. Бірақ оларды қабылдаған тіл қазірде ондайлардың алғашқы семантикасын қарастырып жатпайды, біртұтас ретінде, дайын қалпында қолдана береді. Арғы семантикасына көз жүгіртсек: Фирдоуси – парсыша ұжмақ, Низами – арабша назм (бірқалыпты сөз – мерная речь). Науаи – өзбекше мелодикалы, үнді , Хафиз – арабша құранды жатқа білуші, Хайям – арабша шатыр жасаушы, Саятнова – арабша ән патшасы, музыка иесі т.б.

Араб, парсы тектес көптеген онома алғашқы мағынасы мен дыбысталу қалпын қазақ тілі заңына әбден басындырып, әбден сіңісіп, төл есімдей болып кетті. Мысалы: Айбарша, Айгүл, Анар, Әуез, Базар, Бақберген, Гүлнар, Дана, Досбол, Ерболат, Жандос, Жақып, Иманжан, Күлаш, Мейрам, Зеркүл, Қамқа, Назыкеш, Үміт, Шынар, Ырысжан т.б.

Қазақ тілі лексикасының құрамындағы басқа тілден ауысқан сөздер қалыптасу жөнінен түрлі дәрежеде.

1) Басқа тілдерден ауысқан кейбір сөздердің бір тобы қазақ тілі лексикасының сөздік қорына қосылып, фонетика-морфологиялық тұрғыдан әбден қалыптасып кетті. Олар қазақтың байырғы сөздері сияқты айтылады да, жазылады. Мысалы, араб тілінен ауысқан ақыл сөзінен ақыл-ды, ақыл- дасу; иран тілінен ауысқан жай (хал – жай); орыс тілінен ауысқан рет – реттеу т.б. Бұлардың шығуын айқындау үшін тілдерді салыстырып зерттеу қажет.

2) Бір тілдің байырғы сөздері басқа бір тілге ауысқанда сол тілдің сөздік құрамында ұзақ жүріп, сыртқы формасын өзгертеді; ал кейде олардың ішкі мазмұны да өзгеріп кетуі мүмкін. Мысалы, шығуы жағынан араб тіліне жататын мағлұмат сөзі мәлімет болып, ал хұкім сөзі үкім болып өзгерген. Осы хұкім сөзінің сыртқы түрінің өзгеруімен бірге ішкі мағынасы да өзгеріп, өкім, өкімет, үкімет болып көбейіп, әр түрлі мағынаға ие болған. Бұлардың бұлай болуының екі түрлі себебі бар:

а) бұл сөздер бір тілден екінші тілге тікелей ауыспай, басқа бір тіл арқылы ауысады;

ә) олар ең алғаш сөйлеу тілінде қолданылады, сондықтан олардың дыбысталу құрамы өзгереді [3, 111].

Сөздердің фонетикалық өзгеріске ұшырауы, олардың еркін түрде айтылуынан. Бұған кейде халық этимологиясы да әсер етеді. Мысалы, автомобиль деген сөздің айтылуы мен жазылуы орыс тіліндегідей болғанымен, кейде халық тілінде аттама-бел дейді, яғни аттау деген етістікпен байланыстырып, белді аттап, қырдан асады дегенге меңзейді. Совхоз деген сөз кейде сақбоз болып айтылады, яғни ол сөз бұрмаланып айтылады; немесе стол дегенді үстел дейді. Мұндағы бір ерекшелік – шеттен кірген сөздің фонетикалық өзгертіп, қазақшалап айтқанда олар бұл сөздердің түпкі мағынасына жақындатуды көздемейді, қалай да қазақ тіліндегі байырғы, таныс сөзіне жақындатуды нысана етеді. Халық этимологиясы жалпы басқа тілдерде де болатыны заңды. Тілдің тарихын зерттеуде қашанда кірме сөздердің орны ерекше болмақ.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Аханов Т. Тіл білімінің негіздері. -Алматы: Санат, 1993.

2. Кеңесбаев К., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. -Алматы: Мектеп баспасы.