Жаманбаева А.С., Молдабаева А.А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

ТУЫНДЫ СӨЗДІҢ МАҒЫНАЛЫҚ ДАМУ СИПАТЫ

 

Әртүрлі заттың әртүрлі белгілерінің ұқсастығы арқылы көпмағыналылық туындап, бір денотаттың қарама-қарсы белгілерін анықтау нәтижесінде антонимдік сипаттағы туынды сөздер жасалады.

Көпмағыналылық – адам танымы дамуының кешенді қалпын көрсететін құбылыс. Адамның қоғамдағы қызметі мен еңбек жолындағы қызметі нәтижесінде жасалатын таным – түсінігінің көрінісі ретінде туындайтын ұғымдық атаулар көпмағыналы сөздер арқылы таңбаланады. Зат пен құбылыстың ұқсастығы мен қызметтік жақындығы, сөздердің мағыналық дамуды туғызып, бір дыбыстық жамылғыш негізінде бірнеше ұғымдарды атауға негіз болады. Бір тұлғаның бірнеше мағынаны иеленуі, сөз мағынасының алуан түрлі қырлануы, сөзжасамның ең тиімді тәсілі ретінде бағаланады.

Тіл білімінде көпмағыналылық пен сөзжасамның қатынасы туралы мәселе әртүрлі сипатта зерттелген. Дж. Лайонз көпмағыналылықты сөзжасамдық құбылысы ретінде қарастырып, жаңа сөз жасаудағы рөлін анықтаған.

Д.Н.Шмелев көпмағыналылықты лексикалық аспектіден зерттей келе, семантикалық жағынан сөзжасамдық мағына беретінін ескертіп, тұлғалық жағынан сөзжасамнан бөлек деп пайымдайды.

В.Г.Гак көпмағыналылықты семантикалық конверсия ретінде қарастырып, сөздің тура және ауыспалы мағынада келуін көпмағыналылық арқылы жаңа сөз тууы деп түсіндіреді.

Қазақ тіл білімінде К.Аханов көпмағыналылық туралы теориялық мәселелерді қарастырып келіп, мынадай пікір айтады: «Сөз негізгі мағынасынан басқа туынды мағыналарға ие болып, әртүрлі мағыналарда қолданылуға икем келеді».

Көпмағыналылықты арнай зерттеген ғалым Р.Садықбеков мағыналылық құрылымы мен сөз жасаушылық қызметіне талдау жасай отырып былай жазады: «Полисемия – это развитие значения слова, приобретением семантически связанных между собой разных изводных значений, это его смысловое пополнение». Көпмағыналылық арқылы туынды мағыналар жасалатынын бағамдайды.

Ә. Болғанбаев көпмағыналылықты «сөздің сапа жағынан шыққандығын көрсететін бірден-бір белгі ретінде қарастыра отырып, сөздік қордағы сөздердің алғашқы мағыналары пайда болған кезінде аз мағыналы болып, кейін бірнеше туынды қосымша мағыналар қосылған» деген дұрыс пайымдаулар жасайды.

Көпмағыналылықтың пайда болуының негізгі себебі – адам танымының өсуі арқылы табиғаттағы заттар мен құбылыстардың ұқсас белгілері мен қасиетінің атауын бір-бірімен байланыстыра, шендестіре, салыстыра, теңей атауы.

Тарихи тұлғада көпмағыналылық пен сөзжасамдық процесс бір-бірімен тығыз байланыста, қарым-қатынаста болатын құбылыстар. Көпмағыналылық сөз мағынасының бірте-бірте жіктеліп, саралануына жағдай жасап, жаңа сөз тууының алғашқы баспалдағы болады. Бір тұлғалық жамылғыштағы сөздің ұқсас заттар мен құбылыстардың белгісі мен қасиетін, сапасын атау жұмсалу қабілеті, кейін ол сөздің жаңа мағынаға орнығып, номинативті мағыналы туынды сөз  ретінде қолданылуына алып келеді. Сөздің мұндай мағыналық дамуы – конверсия жемісі болып табылады.

Айталық, қазіргі түркі тілдеріндегі «үй»- «үй» сөзінің беретін мағыналары: «үй» - зат есім, адам тұратын, мекендейтін баспана «үй» - етістік, затты, бір нәрсені бір жерге төбе қылып жинау, топтау. Осы негізгі мағыналар арқылы бірнеше көпмағыналы семалар қалыптасқан. Көрсетілген негізгі семалардың қалыптасу жолы күрделі, бір-бірінен жақын, бір өзек сема арқылы туындап дамыған. Мұнда, ең алдымен, уақыт факторын ескерген орынды, яғни мағыналардың заттық, қимылдық мағыналарының жіктелуі негізінен уақыт аралығында қалыптасқан адам  танымына байланысты. «Үй» - үйілу, жиылу мағынасы арқылы, үй-үй-үйілу, жүк т.б. семаларында көпмағыналылық сипатта жіктеле келе, номинативтік  ерекше мағынаға орныққан деп пайымдаймыз.  Үй сөзінің – баспана мағынасы ут, уд, уз (йуз,  жүз, жұрт, отан, ошақ) түбірінен жасалған. Алғашқы мағынасы «көп», «көпшілік» дегенді білдірген. Тілімізде сақталған көне тұлғалар – «там, дын, еб (еу), дом» тәрізді «үй» сөзінің тарихы да тереңде жатыр.

Бір нәрсені бір жерге жиып, көбейту семасының көрінісі – «үй» етістігі. Мысалы: «жылқы үйірі», «үйлену», «үйір болу» т.б. Алғашқы ортақ мағынаның жіктеліп зат есім мен етістік  тұлғаларында өмір сүруі көпмағыналылықтың нәтижесі. Әр түрлі сөздердің «үй» таңбасы арқылы таңбалануының себебі заттардың ішкі мазмұнының ұқсастығынан деп түсінуге болады.

Жалпы мағыналылықтан жеке лексемаға айналу үшін мынадай факторлар қажет болады:

1)  Сыртқы факторлар: Адам танымында жаңадан танылған затқа атау беруде ұқсас, бір-біріне жақын келетін зат атауларын пайдалану реті.

-       Уақыт ішінде танымның даму сипаты.

2)  Ішкі тілдік фактор: Жақын, шектес, ұқсас ұғымдардың аталуы – көпмағыналылықтың негізінде  іске асырылады.

-       Көпмағыналылық бірте-бірте жеке номинативті мағынаның тууына себеп болады.

Көпмағыналы сөздердің жеке лексемаға айналуы сөзжасамдық процесс нәтижесінде іске асатын тарихи күрделі құбылыс. Сөздердің ішкі мағыналық дамуы мен сапалық өзгерісінің табиғатын тұлғалық жағынан дараламай-ақ ішкі мағыналық саралануын  пайымдау үшін, сөздің ішкі семантикалық құрылымын толық зерттеу қажет. Сонда тұлғалас сөздердің арнайы семаларындағы ерекшелік пен өзек семаларындағы ортақтық арқылы семантикалық дамуды бағалауға болады.

Мысалы: көне түркі тіліндегі «ен», «ін», «үн» сөздерінің мағыналарын салыстыралық:

Ен-1. ширина. 2. низ, спуск. 3. сходить

Ін-нора, берлога, лежбище

Үн- пробивать, отверстие, сверлить

Түбірлер мағынасындағы ортақ сема – төменге ену, кіру, үңгу.

Осы ортақ сема тілдің ең көне даму кезеңінде көпмағыналылық сипатта болған. Ен, ін, үн – түбірлерінің архитұлғасын А.м.Щербак «ен» деп белгіленген. Олай болса, архитұлға «ан», «ен», архисема – төменге қарай бағытталу, ену, кіру, үңгі т.б. болады.   

Көпмағыналылық сипаты мынадай:

-  Жәндіктің жерді қазып төменге енуі.

-  Терең қазылған жер, орын.

-  Белгілі нысананы тесу, үңгу.

-  Белгілі обьектіні тесу, үңгуден жасалған қуыс.

-  Ішкі қуыстығы мен қызмет ұқсастығы арқылы жасалған басқа әртүрлі қуыс атауы.

Көрсетілген мағыналар осылайша көпмағынада жұмсала жүріп, бірте-бірте туынды мағыналарға ие болған, сөйтіп номинативті белгілер арқылы ерекше сема орныққан.

Тарихи аспектіден қарастырғанда, көпмағыналылық тек конверсия арқылы, яғни тұлғалық бірлік пен семалық ерекшелік сипатында ғана емес, дыбыстық алмасулар мен сәйкестіктер негізінде де пайда болады. Айталық, жой-жоқ, той-тоқ, бау-бақ, жай-жаз т.б. сияқты туынды сөздердің сөзжасамдық жұптарының негіздеуші себептері ортақ мағынасы жақын. Сөздердің екіншілік туынды мағынасы фонетикалық-семантикалық тәсіл негізінде пайда болып, алдымен көпмағыналылық  сипат алған. Әуелде бір кең мағынада жұмсалған этимон түбір дами келе, әртүрлі айырушы семаларға жіктелген. –И, -у сына дыбыстарының әмбебаптық қызметі негізінде, ерекше тұлғалар пайда болып, өзгеше сема қалыптасады. Қызметтік даму барысында –и, -у –дың сөзжасамдық қызметі қалыптасып, көптеген тұлғалардың мағыналық жіктелуін туғызған. Яғни, -й сына дыбысы тілдің тарихи дамуында тек сөздің тұлғасын ғана өзгертпей, сонымен бірге сөздің              кі мағыналық құрылымына да өзгешелік сипат берген. Сөз мағынасының жіктелуін белгілеуші таңба ретінде қызмет тұлғалық өзгеріс түбірдің мағыналық жағынан сараланып, жіктелуімен қатар жүретін құбылыс, сондықтан контексте әртүрлі мағынада жұмсалып, әртүрлі сөз табының мүшесі ретінде арнайы грамматикалық тұлғаларымен түрленуіне себеп болады. «Жой» - обьектінің жоқ болуы, жойылуы жайындағы процесті көрсететін, іс-әрекеттік семаны білдіретін етістік. «Жоқ» обьектінің жоқ екендігін, жойылғандығын білдіретін «жой» процесінің нәтижесін білдіретін зат есім. Айырушы сема әуелгі «жо» түбірінің өзек семасы арқылы негізделіп, өзіндік ерекше мәнге ие болған.

Сонымен, сөзжасамдық тәсілдер арқылы белгілі қалыппен туынды мағыналар жасалып, туынды атаулар пайда болады, сөйтіп тіл дамиды, сөздік құрамның ауқымы кеңейеді.

 

Әдебиет

1. Шмелев Д.Н. Лексика современного  русского языка. Москва, 1968.

2. Гак В.Г. Беседы о французском языке. Москва, 1966.

3. Аханов К.А. Тіл білімінің негіздері. Алматы,  «Ана тілі»,1993.

4. Садықбеков Р. Проблемы многозначности  слова в казахском  языке. Алматы, 1973.

5. Болғанбаев Ә. Қазақ тілі лексикологиясы. Алматы, 1979.