Каскатаева Ж.А., Мажитаева Ш., Ахметова Б.Б.,  Бейсенбаева Б.А., Болатбекова А.К.

Е.А.Букетов атындағы Карағанды мемлекеттiк университетi

 

НЕМІС ТІЛІНДЕГІ  КӨК ТҮС АТАУЛАРЫНЫҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ МАҒЫНАСЫ

 

Айналадағы қоршаған ортаны, аспан әлемін және де кез келген материалдық мәдениетке байланысты заттар, киім-кешек, құрал-жабдық, болмаса рухани мәдениетке қатысты салт-дәстүрді түр-түссіз қабылдау мүмкін емес. Онсыз оның болмыс-бітімі толыққанды болмайды. Сондықтан түр-түс – ұлт мәдениетін танытатын бірден-бір жол. Адам баласы өзін қоршаған табиғатты, өзін-өзі, қоғамдағы заттар мен құбылыстарды жан-жақты да терең танып-білудің көптеген тілдік қайнар көздері мен тәсілдеріне түр-түс әлемі де жатады.

Түр-түс атауларының лексикасы әр түрлі көзқараста: когнитивтік, семантикалық, әлеуметтік, психолингвистикалық, тарихи-салыстырмалы тұрғыда зерттелген. Осыған байланысты түр-түс атаулары бойынша ағылшын және орыс тілдеріне арналған культорологиялық бағыттағы  зерттеген ғалымдардың А.Вежбицкаяның, сонымен қатар В.Г.Гактың, ағылшын және француз тілдеріндегі әмбебаптық сапалары мен ұлттық ерекшелігін табу жағынан И.В.Макеенконың еңбегін, А.П.Журавлевтың түстің байланыстылығы мен дыбысталуын ашу бойынша зерттеу  еңбектерін атауға болады [1]. Неміс тіліне келсек, түр-түс атауларына  байланысты еңбектер соншалықты көп емес. Көбінесе түр-түс бірлігінің этимологиялық шығу кезеңдері, немесе қазіргі түр-түстік лексикасының орнының лексикалық жүйедегі басқа лексикалық  біркелкі топтарына қатынасы зерттелген (K.-D.Ludwig, E.Wittmers, E.В.Розен т.б.) [2].

Түр-түстер атауларының құрылымдық және сөзжасамдық ерекшеліктерін, семантикалық, стилистикалық және функционалдық   белгілерін қарастырған  зерттеулер де бар. Түс – күрделі құбылыс, оның әрбір халықтың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне байланысты өзінің ұлттық ерекшеліктері бар.

Түр-түстерді де көп ұлтты деп айтуға болады. Әр халықта түр-түс символикасы әр түрлі, әрбір халық белгілі бір түсті өзінше әр түрлі жағдаяттармен байланыстырады. Ғасырлар бойы неміс халқының мәдениетіндегі түр-түс символикасы  көп өзгеріске ұшыраған жоқ.

Көк түсі қашанда қазақ халқы үшін биіктікті, тұрақтылықты, мәңгілікті аңғартады. Қазақ  мәдениетінде көк түсі – тыныштық пен бірліктің, береке мен тірліктің белгісі. Түркі тектес халықтардың көк түсті киелі, қасиетті санауы – аспанға берілген тәңірлік сипаты. Аспанды көк деп атап, көк тәңірге табынған, көк бөрінің ұрпағы саналған түркі тектес халықтардың танымында аспанның түсі барлық осы түстес белгілерге атау ретінде берілген.  Көк    тәңір сөзінің эквиваленті. Тәңір – дүние, тіршілік атаулының жаратушысы, Құдай.   Көк түсі арқылы ең бір құдыретті де киелі қасиетін танытады. Сондықтан ол мықтылықты, жеңімпаздықты, рухы жоғарылықты, үстемдікті, паңдықты білдіреді.

Жеті қат көк  – шығыс астрономиясында жеті жұлдызға сәйкес: Ай, Меркурий, Шолпан, Күн, Қызыл жұлдыз (Марс), Мәштүри (Юпитер), Сатурн. Көк – жұлдыздар, шоқ жұлдыздар, планеталар, галактикалар орналасқан шексіз әлемнің, космостың, халықтың атауы. Көк –  көне түркілік космоним [3].

Көк түсінің мағынасының көптігінің бір себебі – жалпы түркі халықтары ұзаққа дейін көк пен жасылды айырмай келгенінде. Қазақ халқында табиғаттағы көк түсі негізгі түс, бір-біріне жақын бірнеше реңктердің туындайтынын көруге болады (шөпке, өсімдікке, өсіп-өнуге байланысты). Көк – символикалық жағынан  тыныш шексіз теңізді, ұстамдылықты, ақшыл көк немесе көгілдір – үлкен сезімді, нәзіктікті, бейбітшілікті білдіреді.

М.Қашқаридің «Лұғатында» «көк» сөзі тек, ата тек ретінде алынған: «оның көгі кім?». Тілімізде «көгермегір», «көктемегір» - қарғыс сөздері, яғни ұрпағы, тегі жалғаспасын, өспесін мағынасында қалыптасқан.

Көк сөзінің бай атақты адамдарға қатысты қолданылатынын киім-кешек, қару-жараққа байланысты атаулардан да байқауға болады. Тіліміздегі көк етікті, көк тонды деген тіркестер – басқалардан артық деген ұғымды береді[4].

Қазақ халқының ұлттық ою-өрнектерінің де, күмбездерінің де түсі көбінесе көк түсті. Осындай жағдайларға байланысты көк түстің де рәміздік мазмұны ерекше санаға ие.

Сол сияқты, көк езу, көк ауыз, көк жалқау, көк долы, көк ми т.б.  тіркестер адамның мінез-құлқына, жеке басына қатысты жағымсыз мағынаны, ойсыздықты білдіреді.  ... – Құдай-ау, неткен көк мылжың?... (М.Ә., 284-б.) Көк мылжың – сөзуар, көп,  бет алды сөйлеу мағынасын береді.

Неміс тілінде де түр-түс атауларының уәждері алуан түрлі,  қоршаған дүниенің тұстарына байланысты. «Түр-түс» компонентті фразеологизмдер адамның өмір сүру тіршілігін, оның  өзара қарым-қатынасын, физиологиялық күйін сипаттайды.

Қазақ тіліндегі «көк/көгілдір» түсі неміс тілінде бір ғана «blau» сөзіне сәйкес  келеді. Сонымен қатар «dunkelblau» (көк, қара көк), «hellblau» (ашық көк, көгілдір) ретінде қолданылады. Көгілдір түсі жұбататын, жайландыратын, саябырландыратын түс болып саналады, көк түсі ауыр, түнеріңкі, тұрақсыз (көгілдір немесе қараға айналатын) түс ретінде қабылданады. Көк түсі жағымсыз эмоцияларды туғызады деп есептелінеді. Біздің зерттеуімізде «көк түсі» компонентті антропономиялық мағынасы бар фразеологиялық бірліктер де қарастырылады.

Blau түсі белгісіз, беймәлім қиырдың түсін білдіреді, бұл мағынада blaue Blume қиялшылдар қолданысында немесе blaues Licht деген сөз тіркестерін қиссалар мен ертегілерден табуға болады. Er traf genau das Himmelblau мәтелінде де көрініс табады. Осы семантикалық аяға келетін фраза ins Blaue hinein reden/handelnжоспарсыз, мақсатсыз, тәуекел әрекет ету/сөйлеу. Ал eine Fahrt ins Blaue machen тіркесі екі мағынаны білдіреді: 1. әлде-қайда мақсатсыз сапар; 2. сапардың ақырында ұлан-асыр ішімдікке ымдап шақыру[5].

Keine blaue Ahnung von etw. haben  фразеологизмі бірдеме туралы титтей да түсінігі болмау, ештеңемен хабары жоқ – түсінбеушілік  мағынасын береді.  Алыс, белгісіз, орындалмайтын нәрсе туралы blaue Schlösser bauen (сөзбе-сөз: көгілдір сарайлар салу)  тіркесінде айтылады [6].

Кейінірек неміс тілінде blau түсі алдау, арбау, жалған мағыналарын береді. Мысалы: den blauen Mantel umhängen  - арбау, алдау, опасыздық жасау. Осыған ұқсас мағыналас фразалар  blau tragen және  еs ist nur eine Blaue қолданылады. Осы семантикалық аяға das Blaue vom Himmel herunter reden/lügen/schwindeln  - үнемі жалған , өтірік айту; das Blaue vom Himmel herunter versprechen - орындалмайтын істі  немесе болмайтын нәрсені уәде ету; қолдан келмейтін істі уәделеу (аспандағы айды алып беру). Алдау, өтірік айту мағыналары  мына фразалардан да көреміз: blauen Dunst reden/vormachen, einem Blaues vormachen, einen blau anlaufen lassen, jmdn. anlügen, daB er blau wird [6].

Мысалы:

Kiss amüsiert sich in Kaffeehäusern, …antichambriert hin und wieder bei Pierre Bonaparte, macht diesem einen blauen Dunst vor…. (K.Marx, Brief an Engels, 30.8.1852) – Кисс мейрамханада  уақытты көңілді өткізуде....

Blaue Argumenten, blaue Enten  жалған әңгіме, бос әңгіме, «ертегі», сылтау, sein blaues Wunder erlebenқатты таң қалу және  Na, so blau! – Сен де айтасың-ау! (Шындыққа күмәнданғаннан таңдану).

Аналитикалық түлғадағы  blau sein (сөзбе-сөз: көгеру) тіркесінде мас болу. Осы тіркестің этимологиясы фразамен байланысты: es wurde ihm blau vor den Augen – адамның есінен танайын деген күйі. Күшейтпелі мағынада blau sein wie eine Strandhaubitze немесе blau sein wie ein (März-) Veilchen – (удай мас болу) салыстырмасын көруге болады.

Келесі blau (көк) түсінің мағынасы қанның түсімен байланысты. Неміс тілінен испан тілінен енген  Blaues Blut haben (орыс тілінде: У него голубая кровь. cөзбе-сөз: қаны көк) – ақсүйектікті, тектілікті, асылдылықты білдіреді. Қазақ мәдениетінде де көк түсін адамның тегімен байланыстырады: Көгің кім? (тегің кім?).

Неміс тіліндегі grün und blau schlagen тіркесі көк ала қойдай сабау, қатты соққыға жығу тіркестерімен мағынасы бір. Яғни адамның денесіне қатты соққы тисе, жарақаттанып, көгереді немесе ұрылған жері түрлі түске боялады: (қызарады, көгереді, қараяды, тіпті сарғаяды да). Mit einem blauen Auge davonkommen – көз көгеру (ауыр соққыдан оңай құтылу) жеңіл жарақаттану, аман қалу мағыналырын білдіреді.  blau ärgern (орыс тілінде: посинеть от злости) ашудан көгеру, қатты ашулану немесе blau frieren (орыс тілінде: посинеть от холода)  суықтан көгеру – қан қысымының жоғарлауы мен төмендеуі, бір сөзбен физиологиялық күйге байланысты мағынаны беретін көк түсі.

Көздің түсіне байланысты  blau  (көк) түсі күнәсіздік, пәктілік, аңқаулық, тәжірибесіздіктің белгісі. Бұл немістердің, еуропалық халық ретінде көздерінің табиғи түсі көк болғандығымен байланысты, жаңа дүниеге келген нәрестенің көздері көк болғандықтан, сәбидің күнәсіз, пәктігімен теңелетін фразалар:  blauäugig sein – сенгіш, аңқау, күнәсіз болу. Келемеж ретінде фраза Man hat ihn (sie) nicht seiner (ihrer) schönen blauen Augen wegen genommen (орыс тілінде: не за красивые глазки) – (cөзбе-сөз: әдемі көздері үшін емес) жайдан жай емес, құр босқа емес деген мағынаны береді.

Blau (көк) түсі мұң-сағынышты, адалдықты, сенімділікті, шексіздікті білдіреді. Көк түсі немістер үшін адалдық пен сенімділікпен байланысты. Алайда көк түсі үнемі бұл мағынада берілмеген. Германияда көк, көгілдір түсі тұрғындар мен теңізшілердің  ежелгі дәстүр, олардың нанымдарында жағымсыз бейнені, мағынаны білдірген. Шайтандар, перілер, сиқыршылар мен елестер көк киімде келген. Егер көк алжапқыштағы әйелді кездестірсе, сол бақытсыздыққа ұшырайды, сонымен қатар терезенің жақтаулары көкке боялған  үйде мыстан, жезтырнақ тұрады дегенге адамдар сенген. Сондықтан терезелерін көкке боямауға тырысқан,  баласы болмай қалмасын деп, некелескендердің төсегіне көк түсті киім бұйымын салмаған [5].

Көгілдір түсі  неміс тілінде ажал түсі де болып саналады. Дүниеден озған адамды көк мундирге, яғни киімге киіндіріп, табытына көк түсті матаның жыртысын салған.

Әр тілдің мәдениетінде фразеология айрықша орын алады. Фразеологиялық бірліктер салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар, құндылықты кезеңдерді, көптеген құбылыстарды т.с.с. бекітіп, орын тапқан мәдениеттің  жарқыншақтары сияқты тілімізде сақталып қалады. Мысалы, бұрынғы заманда жұмыстан шығарылған адамға көк түсті хат жіберіліп, сонымен хабарын жеткізген. Осыдан einen blauen Brief  bekommen (жұмыстан шыққаны туралы хабарлама, баланың үлгерімі төмен туралы ата-анаға хабаралама-хат). Der «Blaue Peter» – «Көгілдір Петер», әйгілі халықаралық белгі беретін жалауы, ол команданың кеменің бортына оралуына берілген бұйрықты  білдіреді. Ежелден келе жатқан белгі беретін жалаулардың бірі  blaue Flagge (көгілдір жалау) атауымен белгілі. XVIII ғ. басынан  XIX ғ. басына дейін неміс теңізшілері колданған. Ал Англияда 1777 ж. «blue repeater» яғни  (= blauer Wiederholer) (аудармасы: көгілдір қайталаушы), соңғы сөзі өзгертілген «blue Peter», кеме капитандарын жинау үшін бұйрығы желмен қайталанып берілген. Көгілдір гүлдер әскерге кетіп бара жатқандарға сыйланған. Матростардың киімінің түсі – көк: die blauen Jungs – матростар, die Blaujacke - матрос; теңізші [6].

Cонымен түр-түс фразеологизмдерін тақырыптық жағынан топтастырғанда: адамға байланысты, адамның сырт келбетін, психикалық-физиологиялық ерекшеліктерін, моральдық қалпын, іс-әрекетін, ойлау, сөйлеу қабілетін, туыстық қатынастарын, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасын, тән және жан қажеттіліктерін бейнелейтін тіркестер өте мол [7].

Түр мен түске байланысты тілдік бірліктер ұлт  танымындағы түр-түс атауларының символикалық мәнін ашады [8], [9].

Әрбір халықтың ұлттық дүниетанымында қалыптасқан түр-түстік символдар арқылы сол халықтың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, менталитетін, мінезін тануға болады .

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.     Макеенко И.В. Лексико-семантическая структура систем цветообоз-начения в русском и английском языках. Учеб.-метод. пособие.  Саратов: Изд-во Сарат. ун-та, 2001.  – 52 с.

2.   Розен Е. Новые слова и устойчивые словосочетания в  немецком языке. М.: Просвещение, 1990. – 192 с.

3.   Айтбаев Ө.А. Аудармадағы фразеологиялық құбылыс.  Алматы: Ғылым, 1975.   – 227 б.

4.   Қайдаров Ә.Т., Өмірбеков Б., Ахтамбердиева З.Т. Сырға толы түр мен түс.   Алматы: Қазақстан,  1986. –95 б.

5.   Девкин В.Л.   Немецко-русский словарь разговорной лексики.  М.: Рус. яз., 1994. – 654 c.; Немецко-русский фразеологический словарь.  М.: Гос.издат. иностран. и национальн. cловарей. –М., 1999.

6.   Бинович Л.Э. Немецко-русский фразеологический словарь.  М.: Гос.издат. иностран. и национальн. словарей, 1986. – 904 с. 

7.    Shara Mazhitaeva, Zhanar  Kaskataeva.  Lexical and symbolic meaning of some colors in Kazakh Language. //European Researcher.  2012, Vol. (32), №10–2.  –Р.1772-1175.

8.   Shara Mazhitaeva, Zhanar Kaskataeva, Nadezhda Khan.  Color Semantics in the Kazakh language: Linguо-Cultural aspect. // European Researcher, 2013, Vol.(50), № 5-3. -Р.1454-1458.

9.   Sh. Mazhitayeva, Zh. Talaspaeva, A. Tazhikeyeva A. Connotation of color namings in Kazakh language // European Researcher. International Multidisciplinary Journal. 2012, Vol. (25), №7. –С.1088-1091.