Уразгалиева
С.Б.
аға оқытушы, филология магистрі,
Багдаулет
А.
қазақ филологиясы мамандығының 2
курс студенті,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті,
Қазақстан, Қостанай қ.
ЖЫЛҚЫ
- ЖЕТІ ҚАЗЫНАНЫҢ БІРІ.
Қазақ халқының тілі мен діліне,
дүниетанымына үңіле қарасаңыз,
жылқыға байланысты өзгеше мәдени, философиялық
жүйенің қалыптасқандығын аңғарасыз.
Халқымыз адам мен оның жан серігі – атына біртұтас әлем
ретінде қараған. Баланың ер жетіп, адамзат қатарына
қосылуын «ат жалын тартып мінді» деп бейнелеген бабаларымыз. Жас
баланың алғаш ат тізгінін тізгіндеуі - тоқым
қағар тойымен бастау алып, пәни қақпасы
жабылғанының белгісі – ат тұлдауға дейінгі түгел
тіршілігін жылқымен байланыстырған. Жылқы
бабаларымыздың тек шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік
өмірінде де маңызды мәнге ие. Оған сыйлы
қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қыз
айттыруға барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау
қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп
құтқару сынды дәстүрлер айғақ бола
алады. Жылқының өзге түліктерден басты
артықшылығы оның «ел қорғаны, ердің жан
серігі» деп дәріптелуінде. Ұлттық мифология мен батырлар
жырында, тар соқпақта тегеурінін танытқан тұлпарлар,
Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары,
Қамбардың Қарақасқасы, Исатайдың Ақтабаны,
Көрұғлының Қыраты, Ер Тарғынның
Тарланы, Төлегеннің Көкбозы, Көбіктінің
Ақмоншағы, Қараманның Сандалкөгі,
Амангелдінің Шалқасқасы Кендебайдың
Керқұласы т.б. иелерімен жыр аңызға айналып, ел
құрметіне бөленіп тарих қойнауына енді.
Жылқының кереметтілігі бұл деңгейден де тереңге
тамырлап, айталық, Аламан бәйге, Құнан бәйге,
Жорға жарыс, Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Ат
омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Қыз қуу, Салма ілу, т.б.
спорттық ойын-сауықтармен сал-серіліктің сәні мен
шырайын келтірген. Қазақ халқының алыс
қашықтыққа шабатын бәйгелер ұйымдастыратыны
жөнінде орыс саяхатшылары тебірене толғаған. Орта Азия
халықтарының ішінде атты алысқа шабуға
машықтандыратын қазақтар мен түрікмендер 25-тен 40
верстке (1 верст – 800 м) дейін ат шабысын ұйымдастырған.
Әулиеата қазақтары қашықтығы 100 верстік
бәйге ұйымдастырып отырған. Жылқы малы
тұқымына, жүріс тұрқына, т.б. қарай бірнеше
түрге бөлінеді: арғымақ, жабы, тобышақ, екі
түкей, текежаумыт, бедеу ат,қазақы ат,қарабайыр.
Сонымен қоса, қазақ ауыз әдебиетінде көбіне
«жүйрік», «тұлпар» дегеннің баламасы болып келген
«пырақ» мифтік аңыздарда ұшатын ат, қанатты ат болып
бейнеленген. Жылқы малының еркегін мініске, ұзақ
жолға, жортуылға берік болу үшін көбіне ақтатып,
ақта қылып қояды. Ертеден мыңқырылған малы
бар көшпенді халқымыз құмырсқаның илеуіндей
болған жылқы табынынан ерен жүйрік, сәйгүлікті
таңдап, сұрыптаудың жолын бек тапқан. Бабаларымыз
жүйрікті күдір, төңірек, мұзбүйрек,
қызбел т.с.с түрлерге бөлген. Сәйгүлікті
саралаудың бұл үрдісі бүгінгі таңда
Монғолия қазақтарында әлі қолданылып келеді.
Күдір – бап талғамайтын, кез-келген
жағдайда, алыс-жақын, өр-еңіс демей шабатын
тұлпар тобы. Ерекше белгісі: алды-артының биіктігі мен төрт
аяғының тұяқ көлемі бірдей, қабырғалы,
ат азудың арасы алыс келеді. Төңірек – белгілі бір
өзіндік бапталған межесінде шабады. Басты ерекшелігі:
шоқтығы биік, төсі мен танауының тесігі өзге
жылқылардан кең, басы етсіз болады. Мұзбүйрек – кез
келген жағдайға шабатын, болдырмайтын тұлпар тобына жатады.
Ерекше белгісі: төрбақ денелі, төрт аяғы сом,
жал-құйрығы күлтеленген қою, өкпенің
тұсындағы екі қолтығында орайы мен танауының
ішінде иненің көзіндей үш тесік болады. Қыстыгүні
сол орайлар қыраулап жүреді. Мұзбүйрек аталуының
себебі содан екен. Қызбел – ерекше бап пен күтімді қажет
етеді. Ерекше белгісі: тұрқы ұзын,
жал-құйрығы сұйық, жүргенде
құйрығын екі аяғының арасына алып жүреді.
Ат азудың арасы өте жақын
болады. Ол тары симас деп аталады. Ерекше сұлу, сымбатты келеді.
Халқымызда айғырдың
кекіліне тоқпақ байлау үрдісі бар. Тоқпақ байлау -
үйіріндегі құнан-дөненді,
кейде байтал, мініс аттарын қуып шайнайтын, тістеуік, қазымыр
айғырдың жөнсіз әрекетін шектеу үшін кекіліне
көлемді зат байланған. Тоқпақтың көлемі аса
үлкен емес: ұзыны екі тұтамға жақын, ені
үш-төрт елі келген бір жағы жалпақ
жұдырықтай ағаш. Тоқпақты қайыңның тошыны, ағаштың безінен жасайды немесе малдың
үлкен сақасының ортасын тесіп тағады. Көбінесе,
айғырдың арынды, әуселесі мықтылары айғырдан шыққан
биелерге де шауып тыным бермей құлынын ағызып түсіріп
тастамас үшін де тоқпақ байланады. Осыған байланысты,
«асауға - тоқпақ, ұры итке - кескек» деген сөз орамы
қалыптасқан. Айғыр бейуаз бойдақ жылқыны
қуғанда басын сілкіп, айбат шегеді, сол кезде кекіліне
байланған тоқпақ маңдайын ұра бергендіктен басы
ауырған айғыр қыңыр-қисық оғаш
мінезін доғаратын, шектейтін болады. Сол кезде тоқпақты шешіп
тастайды. Ағашы аз өңір Батыс
Қазақстанда тоқпақ ретінде
кесек тас байлайды. Кекілден ноқтаға ұқсатып
байлаған шылбырға немесе айғырдың кекілін ширатып
білтелеп, оган шүберекке түйген тасты байлап қояды. Табылса
үлкенірек тесіктасты байлайды. Дулат Бабатайұлының
«Үйіріңді сұйылтып, тай-құнанды
қуғансың» деген асыл сөзі осыдан қалған
көрінеді. Жылқы малы мен адамның ара-қатынасын
білдіретін сөз тіркестері: аттан салды; ат байлар; ат
құйрығын кесісті; ат сауырын берді т.б.; ат
құлағы теңесті; ат басын тіреді; жылқыға
жау тигендей; ат сабылтты; құйрық тістесіп келді т.б.
Жылқы малына тән кейбір қимыл-әрекеттерге қатысты
сөздер: оқыранды, кісінеді, шұрқырасты, иіскелесті,
қасысты, тістесті, жусады, тебісті, үйездеді, осқырынды,
үрікті, тулады, тарпыды, шапты, жортты, желіді, аялдады,
қарғыды, секірді. Жылқы малын саууға байланысты
тіркестер: бүкпе салу (алдыңғы қамшылар жақ
аяғын мойын жіпке бүге байлайды); күрде салу (тебеген асау
биені сауарда қамшылар жақ не мінер жақ артқы
аяғын тірсегінен іліп қояды). Жылқы малын
ұстауға, бас білдіруге байланысты тіркестер:
бұғалақ (құрық) салу (ұзын
арқанның басын тұзақтап, не ұзын
құрыққа тұзақ жіпті іліп байлап, мойнына
тастайды); қыл бұрау салу (тақымына я үстіңгі
ерніне тұзақты жіп салып бұрайды). Жылқы малын
жал-құйрығын күзеуге байланысты тіркестер: тай
күзеу, құнан күзеу, бордақы күзеу,
тайдың құйрық түбінен құндыздың
қылын қалдырып, маңдайынан кекіл жалын қалдырып
күзейді, құйрығы ұшынан шыбын қағар
құйрық қылын қалдырады,
құнанның құйрығына тимей тек жалын
күзеп, кекіл жалын, кекіл қағарын әрі
шоқтығына жақын, мінерде ұстар тұсынан бір топ
жалын қалдырып күзейді, ал бордақыны күзегенде
тоқалдар күзейді. Жылқы малында болатын түстер:
ақ боз ат, боз, алаша ат, шаңқан, қылаң,
қызқара, қара құла, сары ат, сұр,
қызыл ат, құла, құлакер, баран, құла
жирен,бурыл, күрең ат, кер торы, кер ат, торы ат, қара
көк, бөрте, тобылғы меңді торы ат, ақ
құла, қара ат т.б. Қазақтың
қанындағы жылқы малына деген махаббаты мен оған деген
сүйіспеншілігін философиялық деңгейдегі танымға
ұласқан мақал-мәтелдерден де аңғару
қиын емес. Мәселен, «жақсы атты тай жағалайды»;
«жақсы атқа бір қамшы, жаман атқа мың
қамшы»; «жақсы аттың жалын сатқанша, жақсы
жігіттің арын сақта»; «жақсы аттың терісі қайыс
болар, көн болмас, жақсы адамның баласы ғарып болар,
құл болмас»; «жақсы аттың артынан құнан
ереді, жақсы жігіттің артынан ұлан ереді»; «жақсы
аттың жал-құйрығы, әрі жібек, әрі
қыл»; «жақсы аттан жал кетсе де, әл кетпейді»; «жақсы
атты күдеріде сына»; «жақсы айғыр бастауық болады,
текті айғыр жеңімпаз болады»; «жақсы айғыр үйірін
бөріге алдырмас, батыр жігіт ауылын ұрыға алдырмас»;
«жақсы айғыр кіндікті келеді, бөкселі айғыр бауырлы
келеді»; «жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі»; «жақсыда
мін жоқ, жүйрікте сын жоқ»; «тай атқа жеткізер, ат
мұратқа жеткізер»; «жылқы - малдың патшасы», «ер
қанаты - ат» т.б.
Сонымен, халық тарихында әлі күнге
дейін жылқы, ат, тұлпар, сәйгүлік
ұғымдарының өзіндік ерекшелігі мен орны кең.
Көркем әдебиеттің әр үлгісінде де қай
ғасырды алсақта та жылқы малы жырланған.
Қазақ халқының асыл салтының сапына сарынды
самал, қарымды қамал беріп, ұлтымыздың тектілігіне
тереңдік, бек тілдігіне кемелдік әкелген тұлпарлар қасиетінің маңызды екені
мәлім.
Әдебиеттер тізімі
1.Жарықбаев
К.Б., Қалиев С. Қазақ тәлiмiнiң тарихы. А.,1995
ж.
2.Қалиев
С.,Оразаев М.,Смаилова М.Қазақ халқының
салт-дәстүрлерi.А.,1995ж.