Филология/Этно-, социо-
психолингвистика
П..ғ.к.,
доцент Әбдісүлейменова Р.Ш.
аға
оқытушы Рысқұлбекова К.С.,
Қ.
Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық
университет
Қазақстан
Республикасы, Алматы қ.
ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАРДА ОҚИТЫН СТУДЕНТТЕРГЕ
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ
КЕЙБІР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Бүгінгі
таңда дүниежүзі елдері жаһандану дәуірін бастан
кешіріп жатыр. Біз де әлемдік өркениеттің заманауи
жетістіктерін өзімізге
қабылдай отырып, әлемдік даму жолына түсуге ұмтылыс
жасап жатырмыз. Дегенмен, жаһандану дәуірінде де ұлттық
рухани құндылықтарымызды қадірлеп, бағалай
алуымыз қажет-ақ. Әсіресе, солардың
барлығының ең маңыздысы болып саналатын әрі
егемен еліміздің мемлекеттік тілі ретінде қазақстандық
қоғамды бір мақсатқа ұйытуға тиісті
қазақ тілінің мәртебесін көтеру –
бүгінгі күннің аса маңызды мәселесі.
Дербес
мемлекет ретінде өркениетке қадам басқан
Қазақстан Республикасы бұл
күндері, өз тәуелсіздігін алғаннан бері, ана тілімізге,
оның тағдырына ерекше көңіл бөлуде. Әсіресе,
мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған қазақ
тілінің қоғамдық қызметін жандандыру,
қалыптастыру басты мәселеге айналды. Әсіресе қазақ тілінің жастарды
оқытып-тәрбиелеуде алатын ролі зор. Соның ішінде
техникалық мамандықтарда, сондай-ақ орыстілді аудиторияда
оқитын студенттердің жалпы қазақ тілін білуін
жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар олардың
техникалық терминдердің қазақша баламалары
жөнінде білімдерін қалыптастыру маңызды мәнге ие.
Осы
орайда қазақ тілінің негізі туралы академик
Әбдуәли Қайдаровтың "Ең алдымен оның
тірек болар үш тағаны – жазу-сызуы (ұрпақ арасын
жалғастырыр алтын көпірі), ономастика (жер бетіндегі ескерткіші),
терминологиясы (оның баю, жаңару көзі) берік емес екендігін
мойындау қажет" деген пікірі орынды айтылған.
Еліміздегі
қарқынды қоғамдық әлеуметтік өмір туғызып
отырған күнделікті қызметтегі қолданыстың
қажеттілігін мынадан көруге болады: Бұрын термин жасау
жұмысымен тек лексикографтар мен лексикологтар, шет ел тілдерінің
мамандары аудармашылар айналысса, қазіргі ғылым мен техника
заманында-логигтар мен математиктер, физиктер, медицина қызметкерлері,
ауылшаруашылығы ғылымының өкілдері және
басқа сала ғылымдары да жүйелі түрде
шұғылдана бастады.
Атап
айтқанда, орысша-қазақша әскери атаулар
(Қызылорда 1927), Терминологический словарь (Агыбайулы, Алма-Ата, 1936),
Қазақ тілінің терминдері (Қызылорда 1936),
Русско-латино - қазахсий терминологический словарь (Т.2), М.Исламбеков,
Алма-Ата, Изд.Ан Каз.ССР, 1960), Краткий русско-казахский словарь
литературоведческих терминов (Т.Абетов, Алма-Ата, Изд. Ан Каз.ССР.1962),
Русско-казахский краткий словарь лингвистических терминов (С.Кеңесбаев,
Т.Жанузақов, Алма-Ата, 1963), Химия терминдерінің
орысша-қазақша сөздігі ( Б.Бірімжанов, С.Омаров, Алматы,
1969), Орысша-қазақша қоғамдық-саяси
терминологиялық сөздік (Алматы, "Қазақстан"
баспасы, 1974).Ғ. Сапарғалиев Техника терминдерінің
түсіндірме сөздігі. (Алматы, 1995), Жарықбаев Қ.Б.,
Аманова И.Қ. Жантану (психология) терминдерінің
орысша-қазақша қысқаша түсіндірме сөздіігі.
– Алматы, 2004. Орысша-қазақша, қазақша-орысша терминдер
мен атаулар сөздігі. Мемтерминком бекіткен. Алматы, 2004.
Ғ. Қалиев. Тіл білімі терминдерінің
түсіндірме сөздігі. Алматы, 2005 т.б.
Техника саласы
бойынша сөздік құрастырған ғалымдардың бірі
- Геология ғылымының ірі
маманы, техника ғылымының кандидаты, педагогика ғылымының
докторы, профессор. Шәмшидин Әбдіраман. Ол техникалық жоғары оқу орындары
студенттеріне арналган оқулык пен терминдік сөздіктерін
құрастырған [1,2,3].
Қазақ терминологиясын бұрынғыдан да
гөрі түпкілікті етіп қалыптастыру, тілдік тұрғыдан
түсінік беру, олардың нәтижесін әртүрлі
салаға баянды етіп сіңіру мәселесі өте зор маңыз
алып отыр. Осыған байланысты бүгінгі таңда
үлкен қажеттілікке айналып отырған терминология
мәселесі, оның ішінде техника терминдерінің мәселелері
терең зерттеуді қажет етеді.
Қазіргі
жаһандану, ғаламдану, әлемдік ауқымдану, яғни жаңа жалпы әлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылу үрдісі заманында
ғалымдар қазақ
тілінің терминологиясы мәселесіне, оның ішінде салалық
термин мәселесіне аса көңіл бөлуі қажет. Себебі күннен күнге
қоғамда жаңа мамандықтар мен қызметтер пайда
болуда. Соған байланысты, заман талабынан қалыспай, біз
қазақ тілін жетілдіріп отыруымыз шарт.
Осы
мәселеге арналған түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарын
жүргізу - бүгінгі күннің зор талабы.
Терминология –
үздіксіз дамып келе жатқан ғылым саласы. Оның
Қазан төңкерісінен кейінгі жылдарда ілгерілеуіне біршама
үлес қосқан, терминологиялық лексиканы зерттеуде
және оның қоғам үшін мәнін, маңызын
анықтауда А.А.Реформатскийдің, В.В.Виноградовтың,
Н.А.Баскаковтың, В.И.Сифоровтың, Р.А.Будаговтың,
О.С.Ахманованың, Б.О.Орузбаеваның, М.Ш.Гасымовтың,
Т.Бертагаевтың т.б зерттеуші ғалымдардың
еңбектерінің мәні зор болды.
Сонымен
қатар, түрколог ғалымдар А.Байтұрсынұлы,
Қ.Жұбанов, С. Аманжолов, Н.Сауранбаев, С.Бәйішев
Ә.Қайдаров, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, Ш.Сарыбаев,
Ө.Айтбаев, Ә.Әбдірахманов, С.Исаев, т.б еңбектерінде
термин жасаудың принциптері мен шарттары белгіленіп, анықталып
салалық термин жасау мәселесі жолға қойылды.
Қазақ
тілінің қазіргі қоғамдағы орнын, ролін ескере
отырып, оны әрі ұарай жетілдіруіміз үшін? терминология
мәселесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Осыған
байланысты мынандай міндеттерді жүзеге асыруымыз қажет деп
есептейміз:
· Салалық терминология мәселесін зерттеудің бірнеше
себептері болды. Атап айтқанда ғылыми-техникалық
прогрестің талабына сай әрбір өркениетті елдің
терминологиясы да заман талабына орай дамуға тиіс.
· Екіншіден, қазақ әдеби жазба тілі – мемлекеттік
тілдің негізі болса, терминология мен ғылым тілі оның жон
арқасы болуға тиіс.
· Үшіншіден, қазақ тілі терминологиясы әртүрлі
жағдайларға байланысты қазіргі кезде үлкен
дағдарысқа ұшырап отыр./1.4/. Термин практикасы аяқасты
болып, әркімнің өз бетінше термин жасауы барынша орын алып
отыр
Демек,
қазіргі кезеңде мемлекеттік мәртебелі ана тіліміздің
табиғатына сай жаңаша терминология қалыптастырудың
принциптерін белгілеу басты мақсат.
Қоғам
дамуының жаңа кезеңіне көтерілгенде, халық
тұрмысына, ғылымға, салалық өзгерістер енгенде
көптеген жаңа атаулар, соны ұғымдар пайда брлып,
соған байланысты тілдегі бұрыннан бар сөздердің
мағыналары көбейеді немесе мүлдем жаңа сөздер,
терминдер туады. Осындай жолмен туындайтын, халық тұрмысына
өзгерістер болған сайын жетілдіріп отыруды қажетсінетін
терминология саласының бірі – техника терминдері. Бұл
саладағы терминдер өте көп және оларды аудару өте
күрделі. Себебі кейбір терминдер халықаралық
атаулар ретінде аударуға келмейді. Сондықтан оларды біз ешбір
өзгеріссіз қолдауымыз шарт. Алайда халықаралық
атауларды қазақ тілінің заңдылықтарын ескере
отырып, қолдану қажет. Жалпы, ғылыми атауларды адекватты
түрде мағынасына қарай қазақ тіліне аудару
үлкен мәселе.
Техникалық
жоғары оқу орындарында студенттерге қақаз тілін
оқытуда тек терминологиялық сөздіктерді пайдалану
жеткіліксіз. Тәжірибе көрсеткендей, сабақ барысында
студенттерге түсіндірмелі сөздіктер де ауадай қажет болады.
Республикамызда
техника мамандарын дайындау XX ғасырдың 20-жылдарының
аяғында басталды. Демек, сол кезден бастап қазақ мемлекетінде
техника саласындағы терминдер қалыптаса бастады.
Ғылым
мен мәдениеттің шарықтай өскен заманында басқа
терминдер сияқты техника терминдерінің құрамында да
көптеген өзгерістер болды. Бұрынғы терминдер
құрамындағы бірқатар атаулар ескіріп, оның
есесіне жаңа ұғымды білдіретін соны атаулар пайда болды.
Техника
терминдері ғылым мен техника, өндіріс салаларының
өркендеуімен байланысты қазақша жаңа атауларды
қалыптастыруды қажет етеді.
Тілді
жаңа терминдермен байытудың ең тиімді де өнімді жолы
сол тілдің көрнекті тіл мамандарының басын қосып,
қоғам мен қндірістің түрлі салаларында
жүрген мамандардың басын біріктіріп, ортақ келісілген
терминология құру.
Осы
кезге дейін бізге мәлім болып келген техника терминдерінің
шығу тегі, жасалу жолдары да түр-түрлі болып келгенін
білеміз. Бірқатар терминдер жалпытүркілік негізде жасалса,
енді біреулері қазақтың жалпыхалықтық төл
лексикасының негізінде, ал бірсыпырасы басқа тілден ауысқан
кірме сөздердің терминдік қызмет атқарып
қалыптасуынан пайда болды. Осындай пайда болу төркіні
әртүрлі сөздердің де қай-қайсысының
термин ретінде қалыптасу жолы, өз тарихы бар.
Сондықтан
техника терминдерін бір ізге салудың, оларды қалыптастырудың
маңызы зор. Бұл салада
істелген біршама жұмыстар да бар.
Әдебиеттер:
1. Шәмшидин Әбдіраман. Жер
асты қазу технологиясы.
Техникалық жоғары оқу
орындары студенттеріне
арналган оқулык. - Алматы: Білім, 1999. 240 б.
2. Шәмшидин
Әбдіраман. Тау-кен атауларының орысша-
қазақша және қазақша -орысша сездігі. - Алматы. Рауан,
1993.
3. Шәмшидин Әбдіраман.
Тау-кен, геологиялық
атаулардың орысша- қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша-орысша
сөздіктері. - Алматы: Рауан, 1997.
4. Қазақша-орысша,
орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Кен
және металлургия. 5000-га
жуык термин. Қазақстан Республикасының Yкіметі жанындағы
Мемлекеттік терминология комиссиясы
бекіткен. - Алматы: «Рауан», 2000.