Қабул
О. Қ.
аға
оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Қазақстан,
Қостанай қ.
КОНСТИТУЦИЯ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰҚЫҚТЫҢ
ҚАЙНАР КӨЗІ
Қазақстан өз
тәуелсіздігін жариялаған күннен-ақ
құқықтық мемлекет құру идеясын
қабылдады. Құқыққа мойын ұсынып,
адамның және азаматтың құқықтары мен
бостандықтарын қамтамасыз етуді алдына мақсат етіп
қойған мемлекет осылай сипатталады. Ұлттық
құқық жүйесін дамытып, оның
толыққанды жұмыс істеуі үшін 1995 жылғы 30
тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған
жаңа Конституция содан бергі мерзімде елімізде экономикалық
және әлеуметтік, саяси реформаларды жүзеге асырып,
қоғамды демократияландыру ісінде өзінің
жасампаздық әлеуетімен Қазақстан халқына
қызмет етіп келеді. Егемен еліміздің жаңа негізгі
заңының қабылдануы жаңа мыңжылдық
табалдырығында Қазақстан тарихындағы атаулы
оқиға болып, тәуелсіз мемлекеттің конституциялық
дамуының жаңа сатысына негіз салды. Тап осы Конституцияны ел
тарихындағы идеялар көрініс тапқан, әрі халықаралық
деңгейге сай биік межедегі заң деуге толық негіз бар.
Қазақстан
Республикасының Конституциясы адамның және азаматтың
құқықтары мен бостандықтарының
қорғалу деңгейі жағынан халықаралық
стандарттардың барлық талабына жауап береді. Онда бекітілген
адамның және азаматтың құқықтары мен
бостандықтары заңдардың қолданылуының,
мемлекеттік билік органдары мен олардың лауазымды адамдары
қызметінің мағынасы мен мазмұнын анықтайды.
Конституцияға сай,
адамның және азаматтың өз
құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы
басқа адамдардың құқықтары мен
бостандықтарын бұзбауға, конституциялық
құрылыс пен қоғамдық имандылыққа
нұқсан келтірмеуге тиіс. Дегенмен, Республика Конституциясы
адамның және азаматтың құқықтары мен
бостандықтарын шектеу мүмкіншілігін жоққа
шығармайды. Бұл шектеулер ақталған және негізгі
халықаралық фактілерге, соның ішінде Жалпыға бірдей
адам құқықтары декларациясына сәйкес келеді.
Қазақстан Конституциясы, Жалпыға бірдей адам
құқықтары декларациясының 29-бабына сай белгілі
бір негіздер болған кезде құқықтар мен
бостандықтарды шектеу институтын енгізеді. Мысалы, Конституцияның
39-бабы адамның және азаматтың
құқықтары мен бостандықтары: конституциялық
құрылысты қорғау, қоғамдық
тәртіпті, адамның құқықтары мен
бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын
сақтау мақсатында шектеулі мүмкін деп белгілейді.
Қазақстан
Республикасының Конституциясы мемлекеттік
құқықтың қайнар көзі бола отырып,
мемлекеттің міндеттерін, оның саяси және экономикалық
жүйелерін, сыртқы саясатты, мемлекеттік қорғанысты,
әлеуметтік және мәдени даму негіздерін айқындайды
және республика азаматтарының құқықтары мен
міндеттері жүйесін, ұлттық мемлекеттік билік пен әділ
сот және прокурорлық қадағалау
қызметтерінің ұйымдастыру қағидаларын бекітеді.
Сол сияқты, конституцияда
мемлекеттік құрылыстың негіздерін, оның шынайы
гуманистігі мен демократияшылдығын анықтайтын, маңызды
мемлекеттік-құқықтық қатынастарды реттейтін
нормалар орын алады. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің
басты міндеттерінің бірі өз азаматтарының бостандықтары
мен заңды құқықтарын барынша қорғау
болып табылса, Қазақстан мемлекеті адам
құқықтары жөніндегі халықаралық
нормаларды толық қуаттай отырып, оны бұлжытпай жүзеге
асыруға толық кепілдік береді. Оның айғағы
азаматтардың саяси, еңбек, әлеуметтік және басқа
да құқықтарының Қазақстан
Республикасының Конституциясында толық жан-жақты
көрініс табуы болып табылады.
Қазақстан Республикасы
Конституциясының 1-бабында: «ең қымбат – адам және
адамның өмірі, құқықтары мен
бостандықтары» - деп белгіленген. Қазақстан Республикасының
Конституциясына сәйкес адам құқықтары мен
бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адам
құқықтары мен бостандықтары әркімге
тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылған. Одан ешкім айыра
алмайды. Заңдар мен өзге де нормативтік
құқықтық актілердің мазмұны мен
қолданылуы осыған қарай анықталады делінген.
Адамның және азаматтың өз
құқықтары мен бостандықтарын
бұзбауға, конституциялық құрылыс пен
қоғамдық имандылыққа нұқсан
келтірмеуге тиіс (5-тармақ).
Конституциясының II
бөлімі адам және азамат, оның құқығы,
бостандығы мен міндеттеріне тікелей арналған. Заңға
сәйкес республиканың кез келген азаматының нәсіліне,
ұлтына, тіліне, әлеуметтік тегіне, дінге көзқарасына,
тағы басқа да белгілеріне қарамастан
құқықтар мен бостандықтар теңдігіне
кепілдік беріледі (14-баптың 2-тармағы). Азаматтық
құқық пен бостандыққа, саяси құқықтар
мен бостандықтарға, экономикалық және әлеуметтік
құқықтарға Қазақстан Республикасы
Конституциясында ерекше мән беріледі. Конституцияда жария етілген
азаматтардың осындай құқықтары мен
бостандықтарын қорғауды қылмыстық заң
өзінің басты міндеттерінің бірі деп санайды.
Сонымен қатар, табиғи
ажырамас адам құқығы идеялары Ж.Ж.Руссоның,
Г.Гроцияның, Д.Локктың, Ш.Монтескьенің доктриналарында да
дамытыла түсті.
«Заң, жалпы айтқанда,
- деп жазды Ш.Монтескье, - адам ақыл-ойы, өйткені ол жер бетіндегі
бар халықтарды басқарады, ал әр халықтың саяси
және азаматтық заңдары осы ақыл-ойға
қосымша жекелеген оқиғалар ретінде ғана болуы тиіс...».
Д.Локктың айтқаны: «Адам, бұрын дәлелдегендей,
толық бостандық пен табиғи заңның барлық
құқықтары мен артықшылықтарын барлық
басқа адамдар сияқты шексіз пайдалануға
құқылы болып туады».
Мемлекеттің басты
байлығы адам деп негізге алынғандықтан да
Конституцияның құқық қорғаудағы
күш-қуаты өте жоғары болады. Қабылданған
заң актілерінің барлығы дерлік осы қағиданы
ұстанып, осы ережеден бастау алатынын мақтанышпен айтуға
болады.
1995 жылғы Конституция
ең алдымен, Қазақстан қоғамының ерікті
нормативі негізінде жүзеге асырылған елдің егемендігі мен
мемлекеттік биліктің бірыңғай организмі, адам және
азаматтың құқығы мен бостандығының
тұтас жүйесі мен Қазақстан қоғамының
болашаққа бастаған өз жолы. Оның
конституциялық негіздемелері мен нормаларының бірлігі
құрамында бір мезгілде объективті және оң
құқықтарды ұстай отырып, Қазақстан
Республикасының барлық территориясында Конституция мен оның
жоғарғы заңдылық күшінің тура әрекет
етуін көрсетуімен олардың синтезін күшейте түседі.
Ата Заңның басты
мақсаты – адам құқығын қорғау десек,
аса маңызды бұл міндетті қамтамасыз ету Конституцияның
13-бабында «әркім өзінің құқықтары
мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына
құқығы бар» - деп көрсетілген.
Конституциялық ереженің мұндай ерекшелігін барлық адам
бағалай білуі керек. Бұл құқықтық
мемлекет құруды мақсат еткен елімізді одан әрі дамыту
барысында күшті де тәуелсіз сот билігін қалыптастырды.
Оған шынайы негіз қалайтын және азаматтық
қоғам мен мемлекет арасындағы үйлесімдікке бірден-бір
кепілдік беруді азаматтардың конституциялық
құқығын қорғаудың басты
құралы болып табылады. Дәлірек айтсам, мемлекет адам
құқығын қорғау функциясын орындаудағы
еліміздегі қоғамдық құрылыстың арқауы
– азаматтардың негізгі ұстанымы еркіндік пен бостандығын
заңдылықпен сенімді түрде қорғай білуді
басшылыққа алып, бүгінде өзіне жүктелген
бұл функцияны тыңғылықты атқаруда. Азаматтар мен
заңды тұлғалардың құқығы мен
бостандығына қатысты сот қорғауының тиімділігін
арттыруда конституциялық құқық ережелерін
бұдан әрі де бұлжытпай жүзеге асыра беруі қажет. Қазақстан
Республикасының конституциялық даму тәжірибесі
көрсеткендей, қоғамдағы
мемлекеттік-құқықтық режим ретінде
конституциялық заңдылық өзінің қалыптасу
кезеңінде тұр және Конституцияның нақты
қолданылуы нығайған сайын, ол елдегі
қоғамдық-саяси тұрақтылықты,
азаматтық келісімді қамтамасыз ететін билік институттары мен
мекемелері жүйесінде ерекше мәртебеге ие болады.