Техника және технология магистрі - Сагилаева Г.А., Сейтпахиева А.Т.

         М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті, Тараз қаласы

 

Қазақтың  ұлттық  киімі – көненің көзі

 

Қазақтың  ұлттық  киімі – көненің көзі, бізге  жеткен  материалдық  мәдениеттің  жетістігі. Киімді  әшекейлеу, жағасына, өңіріне, етек, жеңіне, кесте  тігіп  оқа  бастыру, зерлі  жиектер  жүгірту  киімді  безендіруге  қымбат  металдар  мен  асыл  тастардан  түзілген  әткеншектерді  пайдалану-көбінесе  әсемдікке құштарлықтан  емес, дала  қауымында  жеке  меншіктің  пайда  болуымен  байланысты  үстемдік  етушілердің байлығын, әлеуметтік  өмірдегі  алатын  орнын  баса  көрсету  қажеттігінен  туған  болуы  ықтимал.

Киім  кешекті  әшекейлеу  бірте-бірте  ғасырлар  өткен  сайын  қалыптасқан  дәстүрге  айналады  да  әрбір  ұрпақтың  талғамына  лайық  өмір  талқысынан  өтіп, ұлттық  киімнің  бөліп  қарауға  болмайтын  және  оның  өзіндік  ерекшеліктерін  баса  көрсететін  ыңғайластығы  болып  қала  берген.

Қазақтың киімінің тарихы қазақ елінің тарихымен тығыз байланысты. Киім ерекшелігі жасқа, әлеуметтік жағдайға, өмірге деген көз қарасқа, қуанышты немесе қайғылы оқиғаға, күнделікті тұрмысқа байланысты анықталған. Бұл нормалармен талаптар қолданылған матаға, сурет бейнесіне, түсіне, көлеміне, пішініне және киім бөліктеріне әсер етеді. Ендігі  міндет-ұлттық  дүниетаным  ерекшелігін  танытатын  осы  өнер  саласын  заман  талабына  сай  жетілдіріп  көркем  рухани  қазына  ретінде  пайдалана  білу.

Ұлттық костюм халықтардың қарым-қатынастарын, ырымдарын, әдеп-ғұрыптарын, жораларын, дәстүрлерін бір-бірінен айырып көрсетеді. Айырмашылықтары киімнің пішінінде, өңдеуде, ою-өрнек әшекейлерінде және кестеленген бұйымдарда байқауға болады. Қазақтың ұлттық киімдері өзінің сипаты мен сырымен, сұлулығымен, санымен осындай сан ғасырлы тарихының иісін сақтап, бедерін жеткізген. Қазақтың ұлттық киімдеріне қарап  қазақтардың қандай халық болғанын айтқызбай немесе өзін көрмей білуге болады.

Киім тақырыбына қалам тартқан этнограф С.Қасиманов қазақтың киімін сипатына қарай iштiк, сырттық, сулық, бiр киер, сәндiк және кейбiрiнде салтанат ғұрып киiмi деп бөледі. Бiр киер киiм деп қымбат маталардан әшекейлеп тiгiлген, той-думандарға, жиын-топтарға барғанда, өзге елге сапарға шыққанда киетiн сәндi киiмдердi атаған. Қазақ салтында ер жiгiт егеске түсерде, соғысқа барарда киiмдердiң ең жақсы көрнектiсiн киген. Iштiк киiмдерi – көйлек, дамбал, желетке, қамзол, кәзекей, сырттық киiмдерге – шапан, күпi, кеудеше, тон, шидем, сулық киiмдерге— шекпен, қаптал шапан, кебенек, кенеп, сырттық жатады.

Қазақтың ұлттық киiм үлгiлерiнiң көшпелi тұрмыс пен құбылмалы ауа райына бейiмделе дамуына көршi халықтармен арадағы мәдени-экономикалық байланыс, шаруашылық-мәдени тип, тiршiлiк қамы мәдениетi әсер еткендiгi сөзсiз. Жас қыздар бүрмелі етекті көйлек, бешпет, камзол, қынама бел киімдер киеді. Бастарына үкі кепеш, аяқтарына мәсі, оюлы кебістер киген. Бойжеткен қыздар кәмшат бөрік киеді, сәндеп өрнектеген ақ шыт тартады.

Тұрмысқа шыққан қыздар алғашқы жылы сәукеле, күнделікті өмірде желек киеді де, балалы болған соң сәукелесін тастап, шылауыш орамал жамылады. Жас келін деп үлкен кісілерді көрген кезде бетін желегімен көлегейлеп жүреді, бұл иба көрсеткені. Әлеуметтік мәртебесі бекіп, бірнеше балалы болған соң кимешек шылауыш киеді. Кимешекті қызыл жіппен шым кестелеп кисе күйеуі барлығын, ал ақ жіппен жай ғана су тартып кисе жесір әйел екендігін көрсетеді. Шылауышты кимешектің үстінен тартады. Әйелдер тері былғары мәсі-кебіс, қыста қозы елтірісінен ішік киеді. Елтірі ішік ақ, қара, күрең болады.

Әйел киiмдерiнiң қазақ елiнiң бәрiне мәлiм ортақ түрлерi: көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, қамзол, кәзекей, кебiс-мәсi, көкiрекше сияқты заттар. Әшекей, ажар жағынан қыз бен келiншек киiмдерi, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбiшелердiң киiмдерi деп төрт топқа арналып тiгiледi. Әйелдердің бас киімдері: сәукеле, бөрiк, қарқара, кимешек, жаулық, күндiк, желек, шәлi (жiбек, шiлтер, оюлы түрi бар), бүркенiш, бергек, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық.

Қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, жасыл, тағы басқа бір түсті шұға, барқыт, мауыты сияқты кездемелерден өңдi маталардан қабатталып сырылып тігіледі. Тақия төбесі, әлбетте, төрт сай немесе дөңгелек келеді. «Таңдай», «ирек», «қабырға» тігістермен сырылып, жібек, алтын, күміс, зер жіптермен кестеленiп, моншақ асыл тастармен безендiрiледi. Түрлі-түсті моншақ-маржан, алтын, күміс теңгелер және асыл тастармен безендіріледі. Үкінің үлпілдек қауырсынын әсемдік үшін тақияның төбесіне қадайды. Үкілі қадалған тақия қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін бас киімі болған. Қыздардың киетiн тақиялары жiбек, зер жiптермен тігіліп, Маңғыстауда “телпек”, шығыс Қазақстанда “кепеш” деп аталады.

1302611784_18

1281429099_113109752_3-----1281429099

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

           «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сипат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау  құрметтеудің көрінісі деп бағаланған. Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы әр түрлі киім үлгілерін жасаған.

Жаңа үлгілерді жасау үшін, жобалап отырған үлгілердің өткен және бүгінгі дәрежелерін емес, осы үлгіні жасап отырған халықтың бүкіл мәдениетінің, тұрмысын, қолданбалы өнерін білу керек. Біздің бүгінгі киіп жүрген костюміміз, бұрынғы және қазіргі мәнерлерін бойына сиғызады. Халық дәстүрлерін терең шыңдап ұғынып, мағынасына жетіп қараған арқылы киімде және қолданбалы өнерде едәуір табыстарға жеткендікті байқауға болады. Халық мотивтері композициялық, бейнелік және үйлесімділік идеялардың қайнар бұлағы. Халық өнерінің негізгі сапалығының бірі жоғары дәрежедегі мәдениеттің ырғақтығы, терең қисыны және материалды қолданудағы тапқырлық, композициялық көркемдік айқындылығы.

Ұлттық ою – өрнекпен сәнделген етек, жеңі желбіршектерден құралған бұл көйлек өзінің тартылым мен бірге қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Ұлттық үлгісіндегі көйлектің негізгі мәнісі, маңызы материалы болып келеді. Ұлттық стиліндегі кешкі көйлектері нәзік және көрікті, әсем болады. Бұл әсерді көйлекті жауып тұрған шілтер береді. Жұмсақ жібек және шифон матасы үлгінің тұлғасын бірқалыпты жауып, оның тұлғаның мінін жасырады. Мұның бәрі сәнге байланысты. Тек қана қол және иық ашық қалады. Кеуде тұсы жұқа шифонмен бүрмеленеді. Ұзын шлейфі бар үлгілер айбынды, асқақ қөрінеді. Бастысы әшекей бұйымдарды тағудың шамасын білу және осымен көйлекті ауырлатпау.

Қазіргі уақыттағы костюм мен тұрмыстық бұйымдарының көркемдік жобалауының дамуы, заттардың функционалдық және эстетикалық сапаларын халық мотивтер арқылы жоғарылатып, өндіріс ассортиментін жақсартып және көбейтіп, сонымен бірге ұлттық салт-дәстүрін сақтай отырады.  Қазіргі уақытта әлеуметтік бағдарламаны іске асыру үшін, ең үлкен негізгі сұрақ болып халықты қалай өндіріс тауарларымен, сәнді киімімен, мәдени тұрмыстық зат-бұйымдарымен, шаруашылыққа арналған және т.б. көпшіліктің талап ететін заттарымен қамтамасыз ету.

Қазақ халық костюмі мен элементтерінің композициялық көрінісі, эстетикалық идеясы, көркемдік образы, геометриялық түрімен оюдың өзара байланысын айқындайды, қазақ халық киімінің структурасында оюдың түрлі комбинацияларын қолдануға болады. Қазіргі уақыттағы киімде оюлардың элементтерін қолдана отырып, сәндік тенденцияларға сәйкес түрлі үлгілерді ұсынуға болады. Ою – өрнектердің түрлерін костюмде, бас және аяқ киімдерінде, тұрмыстық заттарда қолдануы бұйымдардың көркемдік образды маңызын сапаландырып және олардың жалпы эмоционалдық айқындылығының шешімдерін анықтайды. Бұйымдардағы қолданған халық мотивтері белгілі заңдылықтар арқылы, жалпы композициялық шешімге байланысты орналасады. Бұйымның пішіні мен оюдың композициялық айқындығы бір – бірімен байланысты болып бүтіндік сезім тудырады, соның негізінде көркемдік сапа және композициялық шешімнің біртұтастығы пайда болуда.

 

 

 

 

Қолданылған  әдебиеттер  тізімі.

 

1. Ө.Жәнібеков  “Қазақ  киімі”,  Алматы,  “Өнер”  баспасы,  2005ж.

М.Ш.Өмірбекова  энциклопедия  “Қазақтың  ою-өрнектері”,  Алматы кітап,  2003ж.

2. Т.О.Бердник  “Основы  художественного  проектирования  костюма  и  эскизной  графики”,  Ростов-на-Дону,  “Феникс”,  2001г.

3. Е.И.Рачицкая,  В.И.Сидоренко  “Моделирование  и  художественное  оформление  одежды”,  Ростов-на-Дону,  “Феникс”,  2002г.

4. А.Б.Жубанышева  “Қазақтың  көркемдік  қолөнері”, Алматы, “Өнер” баспасы,  1988ж.