Арал өңірі күріш ауыспалы егісінде арпаның зиянкестері, арамшөптермен зақымдануы

 

Әбілдаева Ж – биология ғылымдарының кандидаты, профессор

Асанова З.Б – магистрант

(Қорқыт Ата атындағы ҚМУ)

 

         Егіншілік мәдениетін арттыру өсірілетін дақылдардан мол өнім алудың негізгі кепілі болып саналады. Осы күрделі істің оңтайлы шешімін табу ауыспалы егіс жүйелерін кеңінен игерудің арқасында іске асырылмақ. Нәтижесінде біз егістік жерлерді тиімді пайдаланып, топырақтың құндылығын сақтап әрі қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға толық мүмкіндік аламыз.

         Қызылорда облысында егін шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасының аясында су тапшылығы мен топырақтың жырту қабатында тұз мөлшерінің жоғары болуы жағдайында тұзға шыдамды дәстүрлі емес дәнді дақылдар егісінің көлемін көбейту аймақтың ауыл шаруашылығы өндірісін арттырудың негізгі көзі болып саналады. Осы тұрғыда арпа дақылы бірден бір қолайлы дақыл қатарына жатады.

         Арпа азық-түлік ретінде де аса құнды жармалық дақыл. Арпа дәні сыра өндірісінің негізгі шикізаты болып саналады. Арпа дәнін өңдеу өндірісінің құндылықтарын сабан шөптерді сүрлеу және ашытқылар ретінде пайдаланылады.

         Арпаның агротехникалық роліде ерекше зор. Арпа егісі дала фитосанитары ретінде арамшөптердің жойылуына жағдай туғызады. Сонымен қатар көпжылдық бұршақ тұқымдас дақылдарға бүркеме дақыл ретінде аса қолайлы. Ол тұзға шыдамды болғандықтан бидайға қарағанда суды аз пайдаланады. Дақыл өнімін арттыру үшін егіншілік мәдениетін көтерумен қатар, сапалы сорттар егудің маңызы да орасан зор. Ал экологиялық қолайсыз аймақ үшін жергілікті селекция сортын өсіру бірден бір қолайлы шара екені белгілі, әлемдік тәжірибеде де бұл шараны қуаттайды.

         Қызылорда облысының шаруашылықтарында арпа дақылы егілмеген. Күріш шаруашылығы ҒЗИ Қарауылтөбе тірек пункітінің 8-танапты ауыспалы егісінде 2006 жылдан бастап арпаның аудандастырылған сорттары егіліп тәжірибе жүргізілуде.

         Қазіргі кезде арпаның аудандастырылған сорттарына Асем, Сауле, Арна, Жұлдыз сорттары жатады.

         Зерттеудің мақсаты – Қазақстандық Арал өңірі жағдайында өнімділігі мен сапасы бойынша аудандастырылған сорттарын жергілікті қоршаған ортаның тұзды топыраққа, қуаңшылыққа шыдамды арпа сорттарының өсіру технологиясын зерттеу болып табылады. Арпаның аудандастырылған сорттарының морфологиялық, биологиялық ерекшеліктерін, вегетация кезінде суару, арамшөптер, зиянкестер мен аурулардан қорғау шараларын жасау көзделуде. Тәжірибе Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының Қарауылтөбе тірек пункітінде жүргізілуде (1-сурет).

 

1-сурет. Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының Қарауылтөбе тірек пункітінде жүргізілген тәжірибе.

 

         2006-2011 жылдары зерттелген Ж.Әбілдаеваның[1] мәліметінде арпаның негізгі ауруларына фузариозды тамыр шірік, қаракүйе ауруларының, тозаңды қара күйе және тасты қара күйе ауруы белгілі болды. Арпаның Асем, Арна, Рассава сорттары көктеу кезінде зиянкестерден кеміргіш және сорғыш зиянкестер түрлері зиян келтіргені байқалды. Олардың ішінде көпқоректі зиянкестерден: шегіртке, бұзаубас, шыртылдақ қоңыз, қараденелілер, сабақ көбелегі, ал маманданған зиянкестерден: швед шыбыны, сабақ бүргесі, цикада және астық биттері зақымдайды.

Ересек биттер тең қанатты жәндіктер отрядының (Нomoptera) биттер (Aphidoidae) отряд тармағына тармағына арпа биті жатады. Brachycotis noxius mordny арпа битінің ұзындығы 3мм, денесі созылыңқы, жіңішке, түсі сарғылт- жасыл ақшыл тозаң басқан, шырын түтікшелері ұсақ, мұртшалары дене ұзындығынан қысқа, басы, көкірегі, аяқтары және шырын түтікшелері ақшыл-қоңыр түсті.   

Шведтік шыбынның ұзындығы 1,5-2,0мм. Негізгі түсі қара, құрсағының астыңғы жағы ақшыл сары, басы және мұртшалары қара. Қанаттары металдық жарқылы бар мөлдір. Алдыңғы және ортаңғы сирақтары тұтасымен, ал артқы сирақтарының ұштары сары. Бүйір жағынан қарағанда қонып отырған шыбынның жотасы дөңес, бүкір сияқты көрінеді. Дернәсілдері өсімдіктің жұмсақ ұлпаларымен қоректеніп жапырақта қатпарланған іздер пайда болды.

Шведтік шыбынның дернәсілінің зақымдауы мамыр айының бас кезінде 4-5 жапырақ пайда болған кезде байқалады. Шведтік шыбын – Oscinella pusilla Mg. қос қанаттылар Diptera отрядның астық шыбындары Chloropidae тұқымдасына жатады.

Астық сабағының бүргесі – Chaetocnema aridula Gyll., Ch.hortensis Geofr. Қатты қанаттылар отрядның (Coleoptera) жапырақ жемірлер (Chrysomelidae) тұқымдасына жататын қоңыздар. Қоңыздар қола түстес немесе жасыл реңді жылтыр қара. Денесінің үстіңгі жағы дөңестеу, сандары жуан, жақсы секіреді, денесінің ұзындығы 2,5-3 мм. Дернәсілінің пішіні цилиндр тәрізді, жалпы түстері бозғылт, денелерінің ұзындығы 5 мм-ге жетеді. Қоңыздар өсімдіктің сола бастаған төменгі жапырақтарының паренхимасын кеміріп жейді. Көктем жылы және ылғалды кезең сабақ бүргелерінің дамуына қолайлы жағдай туғызатындықтан, Арал өңірінде күннің ыстық болуы олардың дамуын шектеді. Зиянкестермен зақымдану арпаның түптену кезеңінде аздап байқалады, олардың саны және егістікте кездесу тығыздығы экономикалық шектелуден асқан жоқ.

Арамшөптерден алабұта, қоға, қамыс кездеседі. Нәтижесі 1-кестеде.

 

Кесте 1 – Арпаның зиянкестермен және арамшөптермен кешенді зақымдалуы

Сорт атауы

Өсімдік саны дана/ш.м

Зиянкестер

Арам шөптер, дана/ш.м

Орташа өнімділік, ц/га

Зақымдалған өсімдіктер, %

Зақымдану дәрежесі, %

Алабұта

Қоға

Арна

Асем

Рассава

167,1

166,9

175,3

12,4

15,5

16,0

6,5

8,1

9,4

19,3

22,3

16,4

3,27

3,15

3,9

8,7

8,9

9,6

 

Кестеде корсетілгендей арпа өсімдігінің зиянкестерімен кешенді зақымдалуы Арна сортында – 12,4%, Асем – 15,5%, ал Рассава сорты – 16,0% зақымдалу дәрежесі тиісінше: 6,5; 8,1 және 9,4 %. Арпа егісінің арамшөптерінің алабұта және қоға арамшөптері саны Арна сортында 19,3 дана 1 ш.м., Асемде – 22,3 дана 1 ш.м., Рассавада – 16,4 дана 1 ш.м.

 

                          Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Абилдаева Ж.А., Тохетова Л.А Болезни, вридетели, сорные растения ячменя и меры борьбы с ними в условиях засоленных почв рисовых систем Казахстанского Приаралья.- Кызылорда:тұмар,2007-с.14-21

2. Тохетова Л.А., Сариев Б.С., Шермагамбетов К., Қожабаев Ж. «Диверсифиционные культуры в условиях рисовых систем Казахстанского Приаралья».-алматы,2008-с.93-94

3. Тохетова Л.А., Сариев Б.С., Шермағамбетов к. «Қазақстандық арал өңірі күріш жүйесінің тұзданған топырағында арпа өсірудің ғылыми негізі»-//Жаршы.-Алматы.-2008.-6маусым 29-31 бет

 

 

Резюме

В сатье приводится результаты полевых исследований по изучению технология выращивание ячменя в рисовом севообороте.

 

Summary

In the article gives the results of the field studies on cultivation technology of barley in raice crop rotation.