Ағаш текті өсімдіктердегі саңырауқұлақтардың биологиялық ерекшеліктері

 

Г.Т.Қуандықова.,Оспанова Р.О.

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Тараз қ.

 

Мәдени өсімдіктер мен ағаштектес өсімдіктердің зақымдануы экономикаға көп әсерін тигізуде. Тарихтан белгілі өсімдіктердің оның ішінда ауылшаруашылық дақылдарының жаппай ауруға ұшырауынан миллиондаған адамдардың қаза болғаны. Мысалы, Оңтүстік Шығыс Азияда кофеин ағашының тат эпифитоттормен зақымдануынан плантацияның жабылып қалуы. Жақында тат эпифитоттарының кең таралуынан Бразилияда кофеин ағашының өспей қалуына қауіп төнді. Болашақ, қазіргі жағдайда төзімді сорттарды ашып өсірудің өзінде өсімдіктерге, орман және ауылшаруашылығында көптеген шығындарға әкеп соғуда.

Көбіне өте кең таралған өсімдіктердің ауруларына саңырауқұлақтармен, бактериямен, вируспен және тағы басқа микроорганизмдермен берілетін ауру қоздырғыштарын айтуға болады. Қоздырғыштардың биологиялық қасиеті, даму ерекшелігі және таралуы өсімдіктің ауруына байланысты болады.

Патогенді саңырауқұлақтар өсімдіктердің көптеген түрлерін әртүрлі ботаникалық тұқымдастарды зақымдауда. Мысалы, Sclerotinia graminearum Elen және Nyphula graminearum Tul, астық тұқымдастарын, кейбір шөптесін өсімдіктерді, қылқан жапырақтыларды бүлдіруде. Паразиттердің кең таралған түрлері бір тұқымдастылық өсімдіктердің әртүрлі түрлерін зақымдайды. Мысалы, Plasmodiophora brasscae Woron крестгүлділердің қоздырғыштары. Көптеген фитопатогенді саңырауқұлақтарда систематикалық топтарға жататын әртүрлілікті көруге болады. Патогеннің бір туысқа жеке түрлерін зақымдауы, Мысалы Lophodermium pinastri Chev,  қарағайдың кәдімгі шютте қоздырғышы, Pinus туысына жататын әртүрлі түрдің қылқандарын зақымдайды.

Үйеңкінің қара теңбілді қоздырғышы Rhytisma acerinum (Pers) Fr., Acer туысының әртүрлі түрлерінде паразитті түрде өмір сүреді.

Облигатты паразиттердің ішінде (ақ ұнтақ, тат саңырауқұлақтары) түрлері (оларды кейде жинақталған деп те атайды). Олардың пішінінде барлық жағынан айырмашылығы бар, бірақ морфологиялық жағынан бірінен бірін айыра алмайсың. саңырауқұлақтардың бір түріндегі осындай формаларды арнаулы формалар деп атайды.  Мысалы, ақ ұнтақ саңырауқұлағының түрі Phyllactinia saffulta Sacc., қайыңда, лещинада, букта кездеседі.  Ph. saffulta f.coryli., P.saffuita f. fraxini, Ph. sufulta f. Betulae, Ph. sufulta f. carpini және тағы басқалар.

Melampsora pinitorgua Rostr., қарағайдың вертуны, қарағайды 10-12 жасында зақымдайды. Microsphaera alphitoides Cr. et Maubl., еменнің ақ ұнтақ қоздырғышы. Ол тек жас отырғызылған көшеттерді бүлдіреді. Phacidum infestans Karst., қарағайдың қорлы шюттесінің қоздырғышы, жас қылқандарды зақымдайды. Lophodermium pinastri Chev., кәдімгі шюттенің қоздырғышы, керісінше ескі қылқандарды бүлдіреді.

Қарастырылған арнаулы типтердің практикалык ерекшелігі өте зор. Өйткені ол өсімдіктің жұқпалы ауруларға төзімділігімен байланысты. Олар селекция жұмысына, ағаш тектерді дұрыс пайдалануға, орман шаруашылығында химиялық әдіс жолымен орманды қорғау үшін жасалынатын шаралар қолданылады.

Тірі организмдер дүниесінің ішінде саңырауқұлақтар ерекше орын алады. Қазіргі уақытта микологтардың алдында тұрған ірі мәселенің бірі саңырауқұлақтардың органикалық дүние систематикасында алатын орнын анықтау. Көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша саңырауқұлақтар жеке әлем ретінде қарастырылады. Оған басты себеп саңырауқұлақтарға ғана тән морфологиялық, анатомиялық, биохимиялық, физиологиялық ерекшеліктердің болуымен қатар өздеріне ғана тән дамуларында парасексуальды болуы, қор затын бүкіл дүниесімен абсорбциялы жолмен қабылдануында. Сонымен қатар митоз және мейоз процестерінде жануарлар мен өсімдіктерден айырмашылық ерекшеліктерінің болуында. Өсуі үздіксіз апикальды. Осы сияқты белгілері бұларды жеке әлем ретінде қарастыруға тура келеді.

Саңырауқұлақтар эволюциялық даму нәтижесінде алғашқы эукариотты организмдерден ерте уақытта бөлініп шыққан полифилетті организмдер. Тірі организмнің табиғи классификациялық негізіне, оның филогенетикалық жағдайы, яғни организмнің белгілі бір жағдайда дамуы, туыстық қатынасы, бір-бірімен қарым-қатынасы, есепке алынумен бірге, екінші жағынан организмнің онтогенетикалық ерекшелігімен ұқсастығы есе алынады. Бұл екі жағдай бірін-бірі толықтырады. саңырауқұлақ өсімдік және жануар әлемінен бөлек көптеген дискретті (үзілмелі) жеке бір баған.

Қазіргі уақытта саңырауқұлақтар әлемін: кілегейлі саңырауқұлақтар немесе миксомицеттер (Myxomycetes – Myxomycota) және нағыз саңырауқұлақтар (Eumycota – Eumycophyta) деп екі бөлімге бөледі.

Миксомицеттер немесе кілегейлі саңырауқұлақтар – Myxomycetes бөлімі. Миксомицеттер жануарлар мен өсімдіктер әлемінің арасында тұрған ерекше құрылысы бар төменгі сатыдағы организмдердің бір тобы. Бұл бөлімге тіршілік жағдайы көпшілік уақытта өсімдіктер қалдықтарында сапрофитті аздаған түрі өсімдіктерде паразитті тіршілік ететін табиғатта кең кең тараған 100-ден (500) астам түрлер жатады. Миксомицеттер хлорофилінің болмауы мен спора түзуі жағынан саңырауқұлақтарға ұқсайды. Саңырауқұлақтан негізгі ерекшелігі – вегетативтік денесі жалаңаш, торлы, формасыз плазмодий деп аталатын жалаңаш диплоидты кілегейлі массадан тұруында. Осы бөлімге жататын кейбір миксомицеттер жеке қасиеттері бар жалған плазмодий (агрегация –амебалар жиынтығы) құрады. Бұның кәдімгі плазмодийден айырмашылығы амебоидты қасиетін сақтайтын клеткалар жиынтығының болуында. Плазмодийдің мөлшері микроскопиялы құрылыстан, ондаған сантиметрге дейі барады, салмағы кейде 20-30 гр. Кейбір миксомицеттерде нағыз плазмодий дамымай, тұтас организм сияқты, жеке қасиеттері сақталатын амебалардың жиынтығы құралады, оны жалған плазмодий деп атайды. Плазмодийдің өсуі ылғалға байланысты, ылғал жеткілікті болса өсе береді. Ылғал жеткіліксіз болған жағдайда миграцияға ұшырап, ұсақ бөлшектерге бөлінеді. Әрбір бөлшектен спорангий құралады. Мейоз процесі жас диплоидты спораларда жүреді. Миксомицеттердің споралары экстремалды жағдайға берік келеді, кейде 60 жылға дейін тіршілік қасиетін сақтай алады.

Плазмодий қор заттарына қарай жылжитын трофотаксисты қасиеті бар организм, және ылғалды сулы жаққа қарай жылжитын да гидротаксисты қасиеті де болады. осы қасиетіне қарай оны сорғыш қағазды сулап ағаш түбірінен шығарып алуға болады. Кілегейлер ескі шіріген ағаш түбінде, өсімдік қалдықтарында, көңде жиі кездеседі.

Миксомицеттер бөлімі 3-4 класқа бөлінеді. Бұлардың ішінде Myxogasteromycetes жәнеPlasmodiophoromycetesкластарының өкілдері табиғатта көп таралған. Бірінші кластың өкілдеріне спора тұратын ерекше орны бар сапрофиттер жатса, екінші класқа спора тұратын орны болмайтын паразиттер жатады.

Миксогастериялылар-Myxogasteromycetidae класы. Бұл класқа бөлімнің негізгі белгілермен сипатталатын түрлер жатады. Олардың спора түзуші органдардың ішініне, түсіне, спораның сипатына және «капиляция» деп аталатын спираль тәрізді талшықтарының бар, не жоқ болуларына қарай 15 тұқымдасқа бөлінеді. Бұлардың вегетативтік денесі – плазмодий, ол тіршілігін жойған өсімдікте, жерге түскен жапырақта, ағаштың қабығында, шіріген ағаш дінінде мекен етеді.Плазмодий–көлемі бір миллиметрден бастап бірнеше сантиметрге дейін баратын жалаңаш тор тәрізді көп ядролы дене. Көпшілік уақытта түссіз, кейде әр түрдің ерекшеліктеріне қарай сары, ақ, қоңыр, қызғылт және басқа да түсті болып келеді. Плазмодий қозғалысына байланысты формасын өзгертіп отырады. Вегетативтік күйінде плазмодий субстраттың жарық аз түсетін, ылғалды қалың қабатында болып, теріс фототаксисті жарық аз түсетін, ылғалды қалың қабатында болып, теріс фототаксисті көрсетеді. Вегетативтік күйінде шіріген тамырлардың арасында, жапырақтың астында болатындықтан олар байқалмайды. Қолайсыз жағдайларда плазмодий қабыққа оранып, склероцийге айналады да, қолайлы жағдай болғанда, одан қайтадан плазмодий пайда болады.

Плазмодиофоралылар – Plasmodiophoromycetidae класы. Бұл класқа паразитті тіршілік ететін миксомицеттер жатады. Вегетатитвік денесі жалаңаш, ол иесінің клеткасының ішін толтырып тұрады. Цитоплазмалық денесі спорангия құрамай-ақ көптеген спораларға бөлінеді. Спора иесінің клетка қабығының жыртылуы арқылы сыртқа шығады. Паразиттік тіршілігіне байланысты, спораларының қабығы иесінің клетка затынан құралады. Бұл кластың өкіліне капустаның тамырында және басқа капуста тұқымдас өсімдіктерде «кил» ауруын туғызатын плазмодиофора жатады.

Мұнымен ауырған өсімдік тамырларының үстін түйе жаңғағының үлкендігіндей буылтық ісіктер басып кетеді. Бұл ісіктер біртіндеп үлкейеді. Алғашқы кезде қатты болады, кейіннен қопсып шіріп, жаман иіс шығарады. Бұл уақытта капуста тамырының ішінде миксоамебалар түзіледі. Олар клеткалардың ішінде өсіп дамып, өзімен барлық клеткаларды толтырады. Ауру клеткаларға органикалық заттар көп ағып келуіне байланысты, амебалардың өоректенуінің мол болуынан, капустаның өсіп дамуына нұсқан келтіреді. Амебалар әрбір клтканың ішінде бір кілегейлі плазмодий құрайды. Бұл кезде иесінің клеткасының ішіндегі заты жойылады. Плазмодий соңынан қабыққа оранып, спораларға айнала бастайтын ұсақ бөлшектерге бөлінеді. Капуста тамыры шірігеннен кейін споралар босайды. Олар су және жерді өңдеу кезінде топыраққа таралады. Споаралар көктемде өне бастайды, одан шыққа амебалар жалған аяқтарының көмегімен жаңадан отырғызған капустаның тамыр түгіне немесе тамырдың эпиблема клеткаларына өтеді. Онда буылтықтар құрап, тез өсіп көбейе бастайды. Өсімдікке плазмодиофора егістікке ғана жұқпай, сонымен қатар оның спорасы парникте де жұғады. Бұл аурумен ауырған капуста бас бермейді және ерте солып қалады. Олармен күресудің басты шарты – ауруға тұрақты сорттарды таңдап алу, парниктерді желдетіп отыру, ауру жұққан көшеттерді өртеп жіберу, арам шөптерді құрту, топыраққа ізбес шашу, не 4% карбатан ерітінділерімен дәрілеу шараларын қолдану арқылы аурудың таралмауын қамтамасыз етуге болады.

Нағыз саңырауқұлақтар – Eumycophyta бөлімі. Қазіргі уақытта нағыз саңырауқұлақтар бөлімін мицелийлерінің морфологиясына, жемісті денесінің құрылысына, спора түзуші мүшесінің сипатына қарай негізінен 6 классқа бөледі:

1) Хитридиомицеттер – Chytridiomycetes. Мицелиі жоқ, болған күнде нашар дамыған ризомицелий. Клетка қабығының құрамында хитин, глюкан болады. Бір талшықты зооспора арқылы жыныссыз көбейеді. Жынысты көбеюі хологамия, изогамия, гетерогамия, оогамия;

Хитридиялықтар – Chytridiales қатарына мицелийлері жоқ вегетатитвтік денесі өсімдіктер клеткасының ішінде жалаңаш протоплазмалық дене түрінде кездеседі, клетка қабықшасы болмайды. Тек көбею мүшесі құрылғанда ғана клетка қабықшаға оранады. Мұның барлық вегетативтік денесі бір ғана зооспорангий құруға жұмсалады. Сондықтан, дарақтың тіршілігі тоқталады, оны холокарпиялық форма деп атайды. Ал басқа дарақтардың зооспорангия құрауға вегетатитвтік денесінің бір бөлігі ғана жұмсалады, оны эукарпиялық форма деп атайды. Бұл қатарға жататын түрлердің барлығы құрлықта, көпшілігі тұщы жіне теңіз суында тіршілікі ететін өсімдіктер мен жануарлардың клетка ішілік паразиттері.

2) Оомицеттер – Oomycetes, мицелиі біршама жақсы жетілген, көп ядролы, клеткаланбаған. Бұл класс көлденең перделерге бөлінбеген, көп ядролы мицелийлерінің болуымен сипатталады. Кейбіреулерінде вегетативтік денесі плазмодий түрінде болады. Гифаларының қабығы целлюлозалы және глюканды келеді, хитиндер болмайды. Басым көпшілігі сулы ортада, өсімдіктердің қалдығында, жануарлардың өлексесінде сапрофитті және балдырларда, су саңырауқұлақтарында, омыртқасыздарда, қосмекенділерде, балықтарда паразитті тіршілік етеді. Екі талшықты зооспора арқылы жыныссыз көбейеді. Зооспора талшығының бірі қауырсынды, екіншісі жай құрылысты. Оомицеттер класында эволюция судан құрлыққа қарай тіршілік етуге көшуіне байланысты біртіндеп конидиялар арқылы жыныссыз көбеюге ауыса бастағандығы байқалады. Жынысты көбеюі – оогамия;

3) Зигомицеттер – Zygomycetes. Мицелийі жақсы жетілген, көпшілік жағдайда клеткаланбаған. Клетка қабықшасының құрамында хитин мен хитозан болады. Хитозан глюкозаминнің полимері. Жыныссыз көбеюі қозғалмайтын спорангияларда түзілетін спора, сирек конидийлері арқылы болады. Жынысты көбеюі зигогамия;

Зигомицеттер ерекше зигогамиялы жыныс процесінің болуымен сипатталады. Мұнда жыныс процесі гаметаларға бөлінбеген екі гифтың көп ядролы гаметангия деп аталатын клеткаларының бір-біріне құйылуы арқылы болады. Мицелийлері жақсы жетілген, тарамдалған клеткаға бөлінбеген көп ядролы, тек кейбіреулерінің мицелийлері көп клеткалы. Талшықты қозғалыс стадиясы болмайды. Зооспора құрмайды. Қозғалмайын эндогенді жолмен түзілген споралар немесе конидиялар арқылы жыныссыз көбейеді. Клетка қабықшалары целлюлозды болмай хитинді келеді. Барлық зигомицеттер құрлықта тіршілік етеді. Бұл класқа 80-нен (500-дей) астам түр жатады, оларды 4 қатарға (Mucorales, Entomophthorales, Endogonales, Zoopagales).

4) Қалталы саңырауқұлақтар (аскомицеттер) – Ascomycetes. Мицелийлері көпшілік жағдайда жақсы жетілген, клеткаланған клетка қабығының құрамында хитин, глюкан, маннандар болады. Жынысты көбеюі гаметангамия. Жыныс процесінің нәтижесінде қалта түзіледі. Көпшілік жағдайда қалталы және конидиялы стадиясы болады, жыныс процесінің нәтижесі – қалта;

Аскомицеттердің көбі өсімдік қалдықтарында, топырақта, тағамдарда сапрофитті тіршілік етеді. Біраз түрлері өсімідктердің, адам мен жануарлардың паразиттері. аскомицеттердің көпшілігі вегетативтік сатысында өсімдікте паразиттік тіршілік етіп конидиялар арқылы көбейсе, иесі тіршілігін жойғаннан кейін, оның шіріндісінде сапрофитті тіршілік етуге көшеді де, көктемде одан жынысты көбеюдің ақырғы сатысы қалталы аскоспора дамиды.

Қалталы саңырауқұлақтарға 500-дей түр жатады, оны жеміс денелерінің бар-жоғына, қалтаның құрылысына және стромалардың даму ерекшеліктеріне қарай жалаңаш қалталылар – Hemiascomycetidae, жеміс қалталылар – Euascomycetidae, локулоаскомицеттер –  Loculoascomytidae деп үш клас тармағына бөледі.

5) Базидиомицеттер – Basidiomycetes. Мицелийі жақсы жетілген, клеткаланған. Клетка қабықшасының құрамында хитин мен глюкан болады. Конидия арқылы жыныссыз көбейеді. Жынысты көбеюі – соматогамия, жыныс процесінің нәтижесінде базидий түзіледі;

Үй саңырауқұлағы тұқымдасына 13 түр жатады. Бұлар әртүрлі ағаштардың түбірінде, діңінде, бұтақтарында паразитті және сапрофитті тіршілік етеді. Үй саңырауқұлағы споралар мен мицелийдің бөліктері арқылы таралады. Саңырауқұлақ дымқылдығы 19-20 пайызға дейін баратын ағаштарда жақсы өседі. Бұл саңырауқұлақтан қорғанудың басты шарты – құрылыстың санитарлық ережелерін толық сақтау, саңырауқұлақпен зақымданған ағаштарды өртеп жібері, сонымен қатар, құрылысқа қолданатын зақымдалмаған ағаштарды фторлы натрий, смола және басқа химикаттармен өңдеу. Ағашқұлақ – Polyporaceae тұқымдасының жемісті денесі резупинатты, көпшілік жағдайда тұяқ пішінді, бүйірлері арқылы төсемікке бекінеді. Гименофоры түтікті, шытырман бөлшекті не пластинкалы. Гименофор жыл сайын жаңадан өсіп отырады, оның қабатының санына қарай жасын айыруға болады.

6) Дейтеромицеттер – Deuteromycetes немесе Fungi imperfecti – жетілмеген саңырауқұлақтар. Мицелийі жақсы жетілген. Клетка қабықшасының құрамында хитин және глюкан болады. Жыныссыз көбеюі – конидия. Жынысты көбеюі белгісіз. Табиғатта аса көп тараған, бұлар тек өсімдіктер қалдықтарында, әртүрлі құрамы бар топырақта да сапрофитті тіршілік етеді. Сонымен қатар, жоғарғы сатыдағы мәдени және жабайы өсімдіктердің паразиттері. Жалпы Қазақстанда кездесетін саңырауқұлақтардың 45%-дайы, 1650-ден астам түрі жетілмеген саңырауқұлақтарға тән.

Бұл кластардан басқа систематикалық орны әлі толық анықталмаған кейбір оқымыстылар класс деңгейінде қарастыратын гифохитриомицеттер – Hyhpochytriomycetes деп аталатын кішкентай топ бар. Вегетатитвік денесі цитоплазмалық дене, кейде ризомицелий түрінде болады. Көпшілігі ризомицелийлі келеді. Жыныссыз көбеюі арт жағында орналасқан қауырсын құрылысты бір талшықты зооспора арқылы жүзеге асады. Зооспораларының кірпікшелері болады. Ол суда тіршілік ететін балдыр мен саңырауқұлақтарда, омыртқасыз жануарларда паразиттік, аздаған түрлері өсімдік пен жануар қалдықтарында сапрофитті тіршілік ететін организмдер. Бұл эволюциялық дамудың тұйық бұтағы.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.  Дементьева М.И. Фитопатология. ─ М. : Колос, 1977. ─ 367 с.

2. Казенас Л.Д. Болезни сельскохозяйственных растений Казахстана. ─ Алматы: Кайнар, 1965. ─ 348 с.

3.  Наумов Н.А. Методы микологических и фитопатологических исследований. ─  Л., 1937. ─ 270 с.

4. Абдрахманұлы О. Өсімдіктер систематикасы.Төменгі сатыдағы өсімдіктер Алматы: -«Ғалым»ғылыми баспа орталығы, 2003.-440б.