Б.Қуантқан, э.ғ.к.
Шәкәрім
атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қазақстан
Қазақстан Республикасындағы шетелдік
инвестициялардың алатын орны
Қазіргі
кезеңдегі ұлттық шаруашылықты қайта
қалыптастырудың басты мәселелерінің бірі –
экономикаға шетел инвестицияларын тартуға үлкен мән
беру болып табылады. Шетелдік инвестициялар – елдің макроэкономикасы мен
жаңа индустриялық саясатын жүзеге асырудың ең
негізгі аспектісі. Индустриялық бағдарлама жүзеге асырыла
бастаған алғашқы жылдың өзінде-ақ еліміз
бойынша 150 жаңа өндіріс орны ашылып, он мыңнан астам
жұмыс орындары құрылған-ды. Жаһандық
экономикалық дағдарыс инвестиция салуға болатын тиімді
нысандар тапшылығы мәселесі мен инвестиция көздерінің
тапшы екенін көрсетті. Бұл тұрғыда саяси тұрақтылығымен
танылған Қазақстанның басымдықтары көп.
Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған біздің ел
логистика тұрғысынан, географиялық орналасуы жағынан
ыңғайлы. Білікті еңбек, табиғи ресурстарымен,
қолайлы инвестициялық заңнамаларымен, тағы да
бірқатар артықшылықтарының арқасында
Қазақстан Орталық Азиядағы көршілес елдермен
салыстырғанда өзінің тиімділігімен ерекшеленеді.
1993 жылдан бері елімізге
шамамен 130 миллиард долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция
тартылды, әрі инвестициялар көлемі жылдан-жылға
ұлғайып отырды. Қайта өңдеу
өнеркәсібіне тартылған инвестициялардың көлемі де
өсіп отыр. Әлемдік қаржы нарықтарында
қалыптасқан тұрақсыз жағдайға
қарамастан, 2010 жылдың қорытындысы бойынша қайта
өңдеу саласына 2,1 миллиард доллар тартылды. Бұл өткен
2009 жылдың көрсеткіштерінен 17 пайызға артық.
Қазір қайта өңдеу саласына тартылған тікелей
шетелдік инвестициялардың үлесі 12 пайыздан асып отыр.
Мұның барлығы – экономикадағы ілгерілеушіліктің
белгісі. Ұлттық экономика шикізаттық бағыттан тартынып,
қосымша құны жоғары өндірістерге қарай
бетбұрыс жасай бастады. Ал инвестор-мемлекеттер арасынан
Қазақстанға ең көп көлемде инвестиция
салған мемлекеттер қатарына Нидерланды, АҚШ,
Ұлыбритания, Франция, Қытай, Ресей және Канада сияқты
елдерді атауға болады.
БҰҰ-ының
сауда және экономикалық даму жөніндегі Конференциясы
жариялайтын жыл сайынғы «Әлемдік инвестицияның есебі» -
бүкіл дүние жүзіндегі шетелдік тікелей инвестициялардың
бағыты мен көлемін жан-жақты қамтып көрсете
алған бірден-бір құжат болып саналады. Кезекті жарық
көрген есептің ең маңызды ерекшелігі – егер 2003 жылы
шетелдік тікелей инвестициялардың (FDI) басым бөлігін
әлемнің дамыған елдері алған болса, 2004-інші жылы
тікелей инвестциялардың денін дамушы елдер тартқан.
БҰҰ-ының бүкіл әлемнің
қоғамдарындағы азаматтық және еңбек топтары
мен компаниялардың жұмысын үйлестіруші Ғаламдық
байланыс тобының жетекшісі Джордж Келлдің (George Kell) атап
көрсетуінше, экономистердің көбі тікелей шетелдік
инвестицияны немесе FDI-ды әлемдік нарықты интеграциялау мен
ғаламдастырудың «ең үздік агенті» деп
қарастырады. FDI-дың бағыт-бағдары, оның
пікірінше, әлемнің қаншалық өзгергенін
аңғартады [1].
Қазақстан
Республикасының экономикасының дамуы отандық және
шетелдік инвестициялаудың тартылуымен тығыз байланысты болып
келеді. Шетел инвестициялары Қазақстан Республикасының
территориясындағы кәсіпкерлік қызметтің объектісіне
шетел инвесторына тиісті азаматтық
құқықтардың, соның ішінде ақша,
бағалы қағаздар, интеллектуалды қызметті және
тағы басқа мүліктерді, сонымен қатар қызмет пен
ақпарат нәтижелеріндегі ақшалай бағасына ие
мүліктік құқықтар түрінде шетел капиталын
салу болып табылады.
Инвестицияларды әр
түрлі қаржы құралдарын шығара отырып тарту
бүгінгі күні кең көлемде қолға алынады.
Оған елдегі қолайлы инвестициялық климат өз
әсерін тигізуде. Қай елде болмасын инвестицияның келуі
инвестициялық климат дәрежесіне және оны анықтайтын
факторларға тікелей байланысты. Инвестициялық климатты
анықтау шетел инвесторларын тарту мен пайдалану саясатының негізгі
міндеті болып табылады. Себебі, біріншіден, инвестициялық климат шетел
инвесторларына әсер ететін факторларды анықтауға, екіншіден
мемлекеттегі жағдайды тереңірек бағалауға,
үшіншіден шетел субъектілерінің мінез-құлықтарын
анықтауға мүмкіндік береді.
Инвестициялық
климат мемлекетте, аймақта және қалада инвестицияның
қызмет жағын анықтайтын заңдық, нормативтік,
ұйымдастырушылық, экономикалық, әлеуметтік, саяси
және мәдени және тағы басқалары бір-бірімен
байланысты факторлардың әсерінен қалыптасады. Яғни,
инвестициялық климатты бірнеше көрсеткіштер (факторлар)
арқылы бағалауға болады. Оларға: экономикалық
реформаның жағдайы; банк жүйесінің
тұрақтылығы; саяси реформаның
тұрақтылығы; табиғи және еңбек
ресурстарымен қамтамасыз етілуі; инвестициялық
қызметтің құқықтық реттелу
дәрежесі және халықаралық стандартқа сай
жасалған заңдылықтар мен нормативтік актілердің болуы;
инфляция қарқыны; сыртқы экономикалық байланыстар
дәрежесі; білікті жұмыс күшінің болуы; мемлекеттік
нарық потенцалының сипаты (ЖІӨ, халық саны);
нарық инфрақұрылымының және валюта
нарығының дамуы және тағы басқалар жатады [2].
Қазақстанның
экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвесторлардың жалпы
түсімінің өсулері 60-65 пайыз көлемін
құрайды. Егер 2006 жылы Қазақстандағы тікелей
шетелдік инвестициялардың жалпы түсімдері 10,6 млрд. долларды
құраса (2005 жылмен салыстырғанда 60 пайызға
өскенін көрсетеді), ал 2007 жылы Қазақстандағы
тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімдері 17,5 млрд.
долларды құрады (2006 жылмен салыстырғанда 65 пайызға
өскенін көрсетеді).
2008 жылдың бірінші
тоқсанында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімдері
3,3 млрд. долларды, ал екінші тоқсанында 3,972 млрд. долларды
құрады. Яғни, мұндай жағдайда әлемдік
қаржы нарығындағы болып жатқан жағдайларға
қарамастан тікелей шетелдік инвестициялардың
түсімдерінің тұрақтылығын көруге болады.
Астанада ЕХРО-2017-ні
өткізу елорданың, жалпы, бүкіл Қазақстанның
экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына
жаңа серпін беретіндігі сөзсіз. Басқасын былай
қойғанда, ЕХРО-2017 көрмесін өткізу нәтижесінде
еліміз энергетика саласында озық технологияларды өндіріске енгізу
идеяларын қабылдап, бұл саланы дамытуға жаңа тиімді
инвестициялар тарту үшін қолайлы мүмкіндіктерге ие болады.
Сондықтан да, шетел
фирмаларының тікелей инвестициялары тек ішкі капитал салымдарының
қосымша көзі ретінде ғана емес, сонымен қатар
жаңа жетілдірілген технологияларға, сыртқы
нарықтағы өткізу жүйесіне, қаржыландырудың
жаңа көздеріне қол жеткізу тәсілі ретінде
қарастырылуы мүмкін. Шетел инвесторлары жаңа өндірістерді
тез құруға көмектесуі мүмкін. Инвестициялар
нәтижесінде мемлекеттік табыстардың артуы мемлекеттің жалпы
экономикалық-әлеуметтік өсуіне,
тұрғындардың өмір сапасының артуына,
жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін
құруға жағдай туғызады.
Шетелдік инвестицияларды
тарту жаңа технологияларды ендіруге, сонымен қатар менеджмент пен
маркетингтің қазіргі кездегі әдістерін ендіруге,
инвестициялық салаға жаңа жұмыс орындарын
құруға, жергілікті мамандарды үздіксіз
оқытуға жәнеде нарық жағдайына байланысты олардың
біліктіліктерін көтеруге алып келеді. Нәтижесінде, алынған
техникалар мен технологиялар отандық тауар өндірушілердің
өндірісін қолдауға және ынталандыруға өз
әсерін тигізеді. Демек, Қазақстан экономикасына шетелдік
инвестицияларды тарту стратегиялық және тактикалық
мәселелерді шешуге бағытталған объективтік қажет
процесс болып табылады [3].
Сайып келгенде,
елдің саяси тұрақтылығы шетел инвестициялардың
келуіне зор ықпалын тигізеді. Ол дегеніміз елдің экономикалық
дамуына, әлеуметтік тұрмыс жағдайының жақсаруына,
жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
www.azattyq.org
2. Алжанова Н.Ш.
«Инвестициялық жоба» / Қазақ Университеті. А. 2006ж.
3. А.С.Жарқынбаева
«Привлечение иностранных инвестиций в экономику Казахстана: современное
состояние и перспективы» // ҚазЭУ Хабаршысы №4. 2005 г.