Р.А.Шауенова, А.Алтынбекова

 

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік Университетінің студенттері

 

Ғылыми жетекшісі: п.ғ.д., доцент Р.Ш.Сыдықова

 

Қазақстанның вокал өнерінің шебері

Роза Тәжібайқызы Бағланова (1922-2011)

 

         Қазақ әндері өзінің барынша тазалығымен, буырқанған өршілділігімен, сезім тұнықтығымен, сондай – ақ терең көркемдік шыншылдығымен ерекшеленеді. Оларды тыңдай отырып, терең көркемдік талғамды аңғарғандай боласың, әндердің өн бойындағы тамаша бір биік адамгершілік қасиеттерімен қауышқандай жантебірентерлік қуаныш сезіміне бөленесің. Қазақ халық әндерін, қазақ халқының ауыр өмірі мен бейнеленген (өйткені, қазақ музыкасы олардың тұрмыс тіршілігі мен тарихи  кезеңдерімен тығыз байланыста дамып отырған) бастан өткен жағдайларға философиялық ой түю, өте нәзік лирикалық тебіреністер және өмір мәнін бағалап аша білген вокал өнерінің саңлақтары Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Роза, Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, секілді өнер майталмандарын айтуға болады. Табиғат берген таңғажайып даусымен, тамаша орындаушылық шеберлігімен, азаматтық және отансүйгіштік асыл қасиеттерімен халқымыздың ерекше құрметі мен махаббатына бөленген, оның орындауында кез келген әлем халықтарының әндері өзгеше құлпырып, тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын,Ұлы Отан соғысы жылдарында ол майдан даласын аралай жүріп ән шырқап, жауынгерлерді ерлікке жігерлендірген Роза Бағланова Тәжібайқызы болатын.

         Бағланова Роза Тәжібайқызы - Қазақ әншісі (сопрано) және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы. 1922 жылдың 1-қаңтарында Қызылорда облысының Қазалы қаласында туған. Роза Тәжібайқызы Бағланова 1922 жылы қаңтардың 1-і қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Орта мектептен соң, 1941ж Қызылорда педагогикалық институтында білім алған Роза Бағланова өмір жолында әншілік өнерді таңдады. Оның шығармашылық жолы Ұлы Отан соғысы жылдары басталды. Роза Бағланованың есімі 1940- жылдардың басынан дүйім жұртқа танылды. Сирек талантты әнші, әлем халықтары әндерін шебер орындаушы. Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқады. Гастрольдік сапарға шығарда Р. Бағланова міндетті түрде сол баратын елінің тіліндегі әнді үйренеді. Бірақ, қазақтың халық әндерін оның орындауында тыңдау ләззатына ештеңе тең келмейді.

1941-1949 жж. Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші-солистік қызмет атқарды. Сол ансамбльмен Ұлы Отан Соғысы жылдары майданда өнер көрсетті. 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласындағы Жеңіске арналған концертке қатысты. Оның орындауындағы "Кестелі орамал", "Ах, Самара, городок" әндері ел арасында ерекше танымал болды. Мәскеу түбінде шайқасқан панфиловшы жауынгерлер алдында концерт қойды. 1947-1949 жж. Қазақ Опера және балет театрының, 1949 жылдан қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының, 1960 жылдан Қазақконцерттің әнші-солисі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосты, ерекше сазды мектептің қалыптасуына ықпал жасады. Р.Т.Бағланова кейінгі 50 жыл ғұмырында "Қазақконцерт" шығармашылық бірлестігімен байланысын үзбеді. Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, Жамбыл атындағы филармонияда, «Қазақконцерт» мекемесінде еңбек етіп, жарты ғасырдан астам халқын әнге бөледі.

Қашан да сөзін «халқым» деп бастайтын. Роза апамыз сұлулықты сүйетін ерекше жаралған адам. Ол кісі елдің бәрінен ерекше бола­тын. Өзін өнерімен, даралығымен бар елге танытты. Әсіресе, 50-60 жылдары ол кісінің даңқы жер жарып тұрды. Қазақстан, Ресей, бүкіл Кеңес Одағына атағы жа­йылып тарады. Роза Тәжібайқызын Мәскеуде өте жақсы көретін. Көптеген гастрольдік сапарлармен сол жаққа баратын. Ол кісінің киім киісі, кеңпейілділігін, дархандығы, өзін ұстау мәнері, бекзаттығы, сән-салта­наты сол кездің өзінде өте жоғары болатын.

Роза Бағланова эстрада артистерінің Бүкілодақтық II конкурсының дипломанты (1946 ж.), Жастар мен студенттердің Будапештте өткен II Халықаралық фестивалінің лауреаты (1949 ж.). Сонымен Кеңес сазгерлерінің, Кеңес Одағы халықтарының, сондай-ақ әлем халықтарының (моңғол, чех, швед, венгр, қытай, корей, үнді, т.б.) әндерін орындайды. Қазақтың ән өнерін дамытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем халықтарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Австрия, Ауғанстан, Бельгия, Бирма, Венгрия, Герман Демократиялық Республикасында, Қытай Халық Республикасында, Корей Халық Демократиялық Республикасында, Канадада, Үндістанда, Чехословакияда және т.б. елдерде концерттік сапарда болды. Ленин орденімен, медальдармен марапатталған. Одан бергі жарты ғасырдан астам уақыт бойы Р. Бағланова қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің, кәсіби өнерінің өркендеп, әлемдік арнаға шығуына үлкен үлес қосты. Р. Бағлановаға арнап сазгерлер - Ә. Есебаев, Б. Байқадамов, Ш. Қалдаяқов, Б. Жамақаев, Н. Тілендиев ән жазған. Қазақ өнерін шетелдерде таныстырып әрі насихаттай отырып, белсенді гастрольдік қызмет жүргізді. Ол Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің екінші конкурсының дипломанты, Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің II бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты болды. Осы фестивальде халық әндерін орындағаны үшін арнайы сыйлық иеленді. ССРО, Қазақстан және Қырғызстанның халық әртісі атағын иемденген әнші совет үкіметінің, кейіннен тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің көптеген орден-медальдарымен марапатталған. Атап айтқанда, совет өкіметінің Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің, тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы наградасы - «Халық қаһарманы» атағының иегері атанды. тәуелсіз "Тарлан" сыйлығын иеленді. Әншінің орындауындағы әндері Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы, бірнеше рет күйтабаққа жазылған. Оның қандай адам болғанын жұрттың барлығы біле бермейді. Әншінің өмірлік ұстанымдары мен толағай табыстарының тарихын тереңірек тану үшін Роза Бағланованың 2007 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан, әдеби нұсқасын Ұрқия Иманбай жасаған «Айналайын халқымнан еркелеткен» деп аталатын ғұмырнамалық кітабына үңіліп көрдік.

Роза Бағланованың естеліктерінен әншілік өнердің алғашқы баспалдақтары мен совет өкіметі тұсында (яғни соғыс жылдары, соғыстан кейін, тоқырау жылдары), Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде шыққан биіктеріне ненің арқасында қол жеткізгенін бағамдауға болады. Кітапта оның әртүрлі белгілі адамдармен жүздесуі, олардың Роза Бағланова туралы айтқан сөздері, қандай мақтау сөзді үйіп-төккені ерекше сөз болады. Естелік басылымда фотосуреттер көп. Әуелі оның жастық шақтағы, әртүрлі сахналық киімдегі фотосуреттері іріктеліп берілсе, онан кейін атақты адамдармен, танымал саяси тұлғалармен бірге түскен фотолары рет-ретімен қойылған, өзінің естеліктер кітабында елдің бірінші басшылары, лауазымды адамдармен кездесулеріне ерекше назар аудара отырып, әлемнің 54 елінде болғанын, бүкіл Совет одағы мен Қазақстанның әрбір бұрышына дейін аралағанын жазады.

Өмір өзен өз арнасында буырқанып жатыр. Талай тау-тасты жарып өтіп, талай бөгеттерді бұзып, алға ағуда. Дегенмен, уақыт шіркінге еш қайран жоқ. Тас та үгіледі, тау да шағылады екен. Сол секілді екі аяқты пенденің де талқаны таусылары хақ.

Қазақ мәдениеті мен өнерінің жарық жұлдыздары ескі жараны ұмыттыратындай араға уақыт салмай-ақ, бірінен соң бірі сөнуде. Бірақ, табиғаттың заңдылығына қалай қарсы тұрасың? Бәріміз топырақтан жаратылдық, топыраққа қайтамыз… Енді, міне, Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшы­рады. 2011 жылы 8 ақпанда аты аңызға айналған әнші, КСРО және Қазақстанның ха­лық әртісі, Халық қаһарманы Роза Тәжібай­қызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында дүние салды. Жарықтық, тоқсан жасын күтіп отырғанда кете қалды, сол бір арман жасқа жете алмай қалды.

Роза Тәжібайқызы табиғат берген таңғажайып даусымен, тамаша орындаушылық шеберлігімен, азаматтық және отансүйгіштік асыл қасиеттерімен халқымыздың ерекше құрметі мен махаббатына бөленген жан еді. Оның орындауында кез келген әлем халықтарының әндері өзгеше құлпырып, тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын. Оның даңқы әлемді шарлады. Талай елдерде болып, әнімен жұртты тамсандыр­ды. Қазақ дейтін халық барлығын әлемге жайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ол майдан даласын аралай жүріп ән шырқап, жауынгерлерді ерлікке жігерлендірді. Өзі өмірден озғанымен, ол кісінің мол ән мұрасы ғасырлар бойы халқымыздың жүрегін баурап, жанына нұрлы шуақ сыйлай береді деп сенеміз.

Не істейміз, дүниеге келмек бар, кетпек бар. Бірақ жүрегімізде дауысы қалды, үлкен мұрасы қалды. Соған шүкіршілік етеміз.Жақсы ұл өсірді. Халқының алдында сыйлы болды. Қайда барса да, халқы оны әркез құрақ ұшып қарсы алды. Туған халқын алпыс жылдан астам уақыт әнмен тербеген ақмаңдай әншіміздің топырағы торқа, арты кеніш, алды пейіш болсын. Топырағы торқа болсын, жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын. Жаның жәннатта болсын, қазақтың әнші қызы! Әйгілі әншінің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

 

Әдебиеттер мен саиттар

1.     Ұрқия Иманбай «Айналайын халқымнан еркелеткен

2.     Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. Алматы. 32-бет.

3.     www.tarihi-tulgalar.kz/

4.     ardaktylar.kz

5.     http://abai.kz

6.     www.kino-teatr.ru