П.ғ.к., доцент Н.С.Әлқожаева,

п.ғ.к., доцент Ұ.Б. Төлешова

 

Жоғары мектептердің тұлғалық құндылықтар ретіндегі білім беру мәселесі

 

Тұлғалық немесе басқа құндылықтарды жүзеге асыру білім берудің әртүрлі типтерінің жұмыс жасауына алып келді. Бірінші тип адаптивті практикалық бағыттылықтар,  адамның тіршілік әрекетін қамтамасыз етуіне байланысты игерген, білім берудегі дайындықтың мазмұнындағы мағлұматтар минимумдық мөлшерде болуын шектейтін ынтаның болуымен сипатталады. Екінші тип мәдени-тарихи бағытта болуға негізделген. Бұл типте білім беру тікелей практикалық іс-әрекетте әдейі талап етілмеген мағұлматтарға ие болуы қарастырылады. Екі типте де аксеологиялық бағыттар орын алып, адамның нақты мүмкіндіктері мен қабілеттері, өндірудегі қажеттіліктер мен білім беру жүйесінің мақсаты өзара қатынастар болады. Білім берудің бірінші және екінші типіндегі жетіспеушіліктерді  жеңу үшін, білім беру жобасын жете зерттеуден  мәдени-тарихи құндылықтардан  хабардар болу шарт. Осы заманғы адам  табиғи және әлеуметтік дамуы процесінің динамикасын, оларға ықпал етуді, әлеуметтік өмірдің барлық сферасына тепе-тең  бағытталуын, жеке өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттерін бағалауды меңгеруін, өзінің мінез-құлығы мен пікірі үшін жауапкершілікте екенін түсіну керек.

Білім беру – жалпы  адамзаттық құндылық. Алайда, білім беру жалпыадамзаттық құндылықтармен қатар индивидуалды-тұлғалық деңгейде әртүрлі дәрежеде танылады. «Адамның білімге қатынасы көбінесе қаншалықты марапаттау, бәрінен бұрын таза материалдық білім беру, қаншалықты өмір образына лайықты болуына байланысты. Барлық елде, қазіргі таңда білім беруде жеке тұлғалық құндылықтар көрініс табады. Басқа сөзбен айтқанда, білім беру – бұл тек «кадрларды дайындау емес, ол әрбір адам үшін қажетті құндылық».  Адамның білім беруге қатынасы жеке тұлғалық құндылыққа және тұлғаның жалпы бағыттылығы, жеке тұлғаның құндылық шкаласы, білім берудің алдыңғы кезеңдерде оның жетістік  тәжірибесіне әсер етеді.

Білім беруде ХХ ғасырдың  90- жылдары  басында жастардың құндылық жүйесі төмендеп, орта шенінде қайтадан жоғарылады, бұл тұрғысында прагматикалық ықпал едәуір тұрақты болды, білім берудің материалдық игілік пен қанағаттану потенциясын қарастыру бақыланып отырды.

            Енді білім мазмұнын беретін жоғары мектептердің тарихына қасқаша көз жүгіртіп өтелік. 

Алдымен университетке дейінгі кезең, яғни пифогорлық одақ (Аристотель лицейі, Александр мұражайы т.б.) деп аталып, білімдендіру ұйымы ретінде көрініс тапқан.

425 жылы Константинопольде –«Аудиториум» деген атпен жоғары мектеп құрылған. Ол ұғым тыңдау дегенді білдіреді. ІХ ғасырдан бастап «Магнавра» (золотая палата- алтын палата)  деп аталды.

Университеттік білім берудің тарихын A. Geuna 5 кезеңге бөліп қарастырған:

-  XI ғ. аяғы және  ХVI ғ. басы. – университетттердің қалыптасу кезеңі, ол Стадиум Дженерале (Studium Generale) немесе Университас Магиструм және  Школариум (Universitas Magustrum et Scholarium) институттарының туындауымен сипатталады.

-  ХVI ғасырдың екінші жартысы және XVIII ғасырдың аяғы – бұл кезең университеттердің қысқаруымен ерекшеленді;

- XIХ ғ. бірінші жартысы және  ХХ ғ. – университетттерді қайта құру, дамыту  кезеңі;

- 2- дүниежүзілік соғыстан кейінгі және ХХ ғасырдың 70-жылдары аралығы университеттердің кеңейтілуі және  диверсификациялануымен сипатталды;

- ХХ ғасырдың 80-жылдарынан қазірге дейінгі кезең – жоғары мектептердің жаппай дамуы, көптүрлілігі, интернационализациялануымен сипатталды.

ХІ ғасырда Болонь университеті (ол Салерно медицина ғылымының орталығы болды),  ХІІ ғасырда Париж университеті, Гарвард және т.б. университеттер пайда болды.

            Азия елдерінде, VІІІ ғасырдың соңында Бағдат қаласында «Даналық үйлері» (Дом мудрости) пайда болды, мұнда ірі ғалымдар өздерінің көзқарастарымен бөлісіп, талқылаулар жасап отырды. Сондай-ақ бағалы қолжазбалар да осында сақталды. Олардың бағдарламаларының негізгі мақсаты сауатты, қайырымды мұсылмандарды даярлау еді және ол бағдарлама: дәстүрлі және рационалды (ақылға қонымды) сынды екі циклдан тұрды.  Алғашқы цикл бойынша Құран, мұсылман шариғаттары, араб филологиясы, риторика  және келесі циклде каллиграфия, логика, математика, астраномия, тәртіп ережелері, медицина және т.б. оқытылды. Бұл пәндерді игергендер  ияз –ғылыми дәрежесіне ие болған [1].

ХІ-ХІІ ғасырларда – жаңа оқу орындары медреселер пайда болды және олар ЖОО рөлін атқарды. 

Қазақ даласындағы мұсылманның дәстүрлі конфессионалдық діни мектептерінің тарихы, тым әріден басталатыны жұртқа мәлім. Еліміздің оңтүстік аймақтарындағы қалаларда VIII-IX ғасырлардан бастап, көптеген діни мектептер, медреселер, мешіттер, кітапханалар ашылған. Ол оқу орындарында мыңдаған қазақ балалары оқып, білім алған. Алайда, араб басқыншылары жергілікті түркі тілдес халықтар балаларының өз ана тілдерінде оқуына жол бермеді.

Қазақстандағы медреселердің ең ескісі әрі ең үлкені Түркістан қаласының күншығысында Қаратау бөктеріне орналасқан айтулы Қарнақ (кейінен Атабай) медресi. Оны бітіргендердің білім дәрежесі кезінде Бұхара, Самарқан, Ташкент қалаларындағы медреселердің шәкірттерінен кем болмаған. Сол сияқты Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулиеата, Ақмешіт, Мерке, Семей, Ақмола, Қарқаралы қалаларындағы мешіт-медіреселермен бірге, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, ауылдық жерлерде де көрікті мешіт-медіреселер ашыла бастады. Мешіт-медіресе – деп қосарлап атап отырған себебіміз, мешіттер тек қана намаз оқитын орын емес, оларды міндетті түрде балалар оқитын мектеп үйі ретінде де пайдаланған. Үлкен әйгілі мешіттердің жанында медреселері де болған.

ХІХ ғ. аяғында Ресей империясының кейбір отарларының экономикалық жағдайы бірсыпыра дұрысталып, ұлттық буржуазияның саны көбейіп, қоғамдық  санасы оянды.  Оларға 1905-1907 жылдардағы орыс буржуазия-демократиялық төңкерісі де зор ықпал жасады. Сөйтіп, Ресейдің шеткі аймақтарындағы бұратана халықтар қазіргі заман мәдениеті мен ғылыми-техникалық өркениетке ұмтылды, жас ұрпақтардың білімі мен тәрбиесін өмір талабына сәйкес қайта құру мәселелерін қолға алды. Бұл салада, әсіресе, еуропаша білім, тәрбие алған буржуазия зиялылары зор белсенділік танытты.

Олар қадими дін мектептерінің, Еуропа педагогикасының ғылыми-әдістемелік жетістіктері негізінде қайта құруды, мектептерде дін сабақтарын тежеп, оның орнына жас ұрпақтарға өмірге қажетті дүниелік ғылымдардың негізін оқыту, үздіксіз дамып отырған ғылыми-техникалық жаңалықтарды, сауда-саттықтың, экономиканың негіздерін меңгеруге баулу заман талабынан туындап отырған басты міндет, маңызды мәселе деп түсінді.Ұлт аймақтарында, ескі халық  ағарту ісі, мәдениет мәселелері жиі талқыланып, ескі мұраларға сын көзімен қарайтын әртүрлі бағыттағы ағымдар мен қозғалыстардың саны көбейді.

Қазақстандағы алғашқы жоғары мектеп  Абай атындағы Қазақ  педагогикалық институт (1928 ж.) қазіргі Абай атындағы педагогикалық университет, ал алғашқы университет (1934 ж.) қазіргі әл- Фараби атындағы ҚазҰУ. Бүгінгі таңда бұл екі оқу орны да алдыңғы қатарлы жоғары мектеп санатында.  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаңашылдық, сапа бойынша көшбасшы болып келеді.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстанда 20 жоғарғы оқу орны, 18 арнаулы орта оқу орындары болды.

Қазақстанның жоғарғы мектептерінің алғашқы профессорлары мен оқытушылары Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), Киев, Саратов, Ташкент және басқа қалаларда білім алған.

           Қазақстанның білім беру жүйесі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім беру, орта білімнен кейінгі кәсіптік білім беру,  жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру деңгейлерінен тұрады. Яғни, үздіксіз білім беру жүйесін құрайды.

           Жоғары білімді дамытудың негізгі процесі  мамандар даярлау сапасын арттыру, қарқынды ғылыми-зерттеу қызметімен ықпалдастырылған инновациялық білімді дамыту, жоғары оқу-орындары зерттеулерінің әлеуметтік сала мен экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысты, білім беру және ақпараттық технологияларды жетілдіру болып табылады.

           Жоғары білім берудің мақсаты - қоғамның, мемлекеттің және тұлғаның сапалы жоғары білім алуға деген мүдделерін қанағаттандыру, әрбір адамға оқытудың мазмұнын, нысанын және мерзімдерін таңдауға кеңінен мүмкіндік беру.

           Міндеттері:

- іргелі білімді кеңінен меңгерген, бастамашыл, еңбек нарығы мен технологиялардың ауысып тұратын талаптарына бейімделген, командада жұмыс істей білетін жаңа тұрпатты маман даярлау;

- білім беру процесін демократияландыру арқылы жоғары білім берудің барлық жүйесінің сапалы білім беру қызметін  ұсынуға деген уәждемелерін күшейту;

- жоғары оқу орындарын халықаралық аккредитацилаудан өтуге дайындау. Бетке ұстар жоғары оқу орындарын дамытуға объективті жағдайлар жасау;

- жоғары оқу орындарын басқарудың жаңа принциптері мен практикасын қалыптастыру, стратегиялық жоспарлау жүйесін енгізу;

- студенттердің сапалы білім алуға деген құқықтарын нығайту, жоғары оқу орын басшыларының сапалы білім беру қызметін ұсыну  жауапкершілігін анықтайтын тетіктерді әзірлеу және енгізу.

            Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің дамуын талдау, онда кредиттік білім беру жүйесіне негізделген, кадрлар даярлаудың үш сатылы: бакалавриат-магистратура- докторантура моделінің кең тарағанын көрсетеді. Бұл модель АҚШ университтетерінде және Еуропаның көптеген елдерінде қолданылады. Ол неғұрлым икемді де тиімді  болып табылады, академиялық ұтқырлықты және еңбек нарығының тез өзгеріп тұрған шағында түлектерге деген сұранысты қамтамассыз етеді.

    Жоғары оқу орындарының мүмкіндіктері педагог кадрлардың біліктілігін арттыруда жан-жақты пайдаланылмайды.  Педагог кадрлардың білікітілігін арттыру және қайта даярлау мәселелерін шешу жөнінде шет елдермен тәжірибе алмасу кеш қолға алынды, шетелден қомақты қаражатқа мамандар шақырғаннан гөрі, өз мамандарын шетелде оқытқан қай жағынан болмасын тиімді. Әрине, бұл мүлде шетелден мамандар тартылмасын дегенді білдірмейді, тепе-теңдікті сақтау қажеттігі білдіреді.  Білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлерінің жаңа білім-білікті игеруін  материалдық және моральдық тұрғыдан көтермелеу тетіктері тиімді түрде жеткілікті деңгейде пайдаланылмайды, практикалық қызметке бағдарланған оқытудың белсенді тренингтік технологиялары да енді ғана қолға алынуда.  Бұл мәселелер болашақта шешімін табады.

      Қазақстандағы Жоғары мектеп  әлемдік тәжірибелермен мемлекеттік практикаға сүйене отырып өзінің жаңару потенциалын дүниежүзілік тәжірибе позициясына сай қалыптастыруы тиіс. Сонымен қатар, әлемдік алдыңғы қатарлы Германия, Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Қытай  және Ресей елдерінің жоғарғы оқу орнының тәжірибесіне сүйеніп оқытуға  және маман даярлауға аса көңіл бөлуі қажет болып отыр.

       Ойлаудың жаңа тұрпаты және қағидалары алға шығуда. Осыған байланысты бүгінгі күннің ойлау бейнесіне  сай келетін біртұтас педагогикалық процесті құрудың және мамандарды дайындаудың жаңа моделін ұсынуға негіз бар.

  Бұл модель жаңа парадигмаға және үш қағидаға негізделген. Олар:

1)                Еуроцентристік және рухани сипатты ойлау бейнелерінің интеграциясы қағидасы, яғни оқыту-тәрбиелеу жүйесінің Батыстық және Шығыстық әдістерінің бірлігі қағидасы;

2)                Шындықты танудағы ғылым дамуының ішкі қарқындары заңдылығын ашу және пайдалану, оны адам табиғатына сәйкестендіру қағидасы;

3)                Бүтіндей педагогикалық процесті ашық динамикалық және өзін-өзі ұйымдастырушы жүйе ретінде қарастыру қағидасы; Яғни, мұны субъектілі-объектілі-субъектілі қатынастағы парадигма.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

1. Джуринский А.Н. Развитие образования в современном мире. – М., 1999.