Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің тәрбиелік әлеуетін тәжірибеде пайдалану жүйесі.

 

ДуйсенбаеваН.Т. магистрант Абай атындағы ҚазҰПУ,

Маршалхан А. аға оқытушы С.Асфендияров атынд.ҚазҰМУ

 

        Қазақстан Республикасы рәміздерінің тәрбиелік әлеуетін мемлекет тарапынан қабылданған құжаттардан - ақ байқауға болады. Ендігі басты мәселе осы мүмкіндікті жас ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалану.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-тарауы, 9-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді» және 2-тарау, 34-бапта «Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» [1] делінген.

        Мемлекет тарапынан қабылданған құжаттарда бұл мәселеге ерекше назар аударылған,  «Қазақстан-2050» [2] стратегиясында «жаңа қазақстандық патриотизм - біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» екенін баса көрсетіп «Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл - біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты.Қазақстан патриотизмінің іргетасы - барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» - екені белгіленсе, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам бағдарламасында[3] бұл пікір негізгі қағидаттардын орын алып, ондаға ортақ жауапкершілік қағидатында «Жаңғыртудың табыстылығы үшін әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуы өте маңызды. Жаңғырту барлық қазақстандықтарға қажет. Осындай түсіністік жағдайында ғана кең көлемді қоғамдық консенсус пен табысқа қол жеткізуге болады» - деган пікірлер назар аударуға тұрарлық. 

Тәрбиенің барлық түрлері секілді Отаншылдық сана мен сезім және Отан үшін істелетін істердің барлығы кіші жастағы кезден басталса ғана орнықты болатыны белгілі.

Бұл мақалада мектеп жасына дейінгі мекемелерде балаларды Отаншылдыққа  тәрбиелеуде Мемлекеттік рәміздердің мүмкіндігін пайдалану қарастырылмақ. Ол үшін  қазіргі кезде еліміздің балабақшаларында қолданылып жүрген бағдарламаларды талдадық. Мысалы, 1-3 жас аралығындағы балаларға арналған «Алғашқы қадам» бағдарламасы.( Астана, 2010. - 126 б.) [4] Мұнда мемлекеттік рәміздер туралы ұғымдар келтірілмеген, себебі осы жастағы балалар үшін ол күрделі. Десекте отбасы және Отан туралы шағын сөз тіркестерін айтуға  болатын секілді. Бұл енді өзалдына зерттеу жұмыстарын талап етеді.

Одан кейінгі талданған  бағдарлама  Біз зерттеген екінші бағдарлама  мектепке дейінгі кіші жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Зерек бала» бағдарламасы. «ЗЕРЕК БАЛА» [5] бағдарламасы мектепке дейінгі кіші жастағы балаларды дамыту және тәрбиелеу мақсаттары мен міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру мазмұнын таңдау және шарттарын анықтау негізінде «АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ» және «БІЗ МЕКТЕПКЕ БАРАМЫЗ»  бағдарламаларының арасындағы сабақтастық міндетін шешуді қарастырады. Бағдарламаның  «Таным» білім беру саласының қоршаған ортамен таныстыру бөлімінде балаларды мыналармен таныстыру  ендірілген:

Менің елім - Қазақстан.

Отанына, оның өткені мен бүгініне қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру.

Мемлекеттік рәміздермен таныстыру (Әнұран, Ту, Елтаңба).

Елордасы - Астанамен таныстыру.

Жыл соңында қоршаған ортаны таныстыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін (ту мен елтаңба) танып білуді;

- Қазақстан Республикасының әнұранына рәсім жасауды;

- өз мекен - жайы мен тұрғылықты қаласының атын атауды;

 Бұл 3-5 жастағы балалар үшін қонымды десек те болады. Дегенмен, осы жастағы баралардың ішінде 4,5 жастағылдарды мемлекеттік рәміздердің кейбір тарихи тұстарымен таныстыруға, қысқаша деректерден мәлімет беруге болады деген пікірдеміз.

 Осы тұрғыда біз талдаған тағы бір бағдарлдама осы күндері мектепке дейінгі мекемелерде кең қолданыстағы «Біз мектепке барамыз»  бағдарламасы. Құрастырушы - авторлар Н.Л. Татаурова, И.А. Тирская,           Т.А. Дрыгина, Г.Г. Корчевская, С.И. Шелипова, С.Г Шақабаева, И.И. Митрофанова.

  Мектепке дейінгі ересек жастағы (5 жастан бастап 6 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Біз мектепке барамыз» бағдарламаcы.( Астана, 2010. - 121б.) [6] Мемелкеттік рәміздерге қатысты материалдармен таныстыру бағдарламаның әлеуметтік орта бөлімінде төмендегіше берілген:

Менің Отаным - Қазақстан. Еліміздің рәміздері.

Отан туралы, мемлекеттік және халықтық мерекелер туралы білімдерін кеңейту. Елбасы мен оның қызметі туралы түсінігін қалыптастыру.

Мемлекеттік рәміздер (Елтаңба, Ту, Әнұран) туралы білімдерін кеңейту. Оларды танып, құрметтеуге тәрбиелеу. Маңыздылығын түсіндіру. Әнұранды орындау барысында ережені (әнұранды орындарынан тұрып, сол қолды жүректің тұсына қойып, ер кісілер бас киімін шешіп) сақтауға үйрету.

Өз елінің рәміздерін қадірлеуге тәрбелеу.

Мемлекеттік және қоғамдық мерекелерге (Қазақстан Республикасы күні, Тәуелсіздік күні, 8 Наурыз, Наурыз мейрамы, Отан қорғаушылар күні, Балаларды қорғау күні) ертеңгіліктер мен ойын - сауықтарда өлең - тақпақтар жаттату, би билеу арқылы белсенді араластыру.

 Қазақстан халықтарының салт - дәстүрлерімен, әдет - ғұрыптарымен таныстыру. Туған елінің, қазақ (орыс, татар т.б.) халқының тарихы, мәдениеті, тұрмысы туралы алған білімдерін байыту, тереңдету. Қазақтан Республикасында тұратын басқа ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Елордамыз Астана қаласы, Бәйтерек, Ақорда, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Океанариум т.б. сияқты негізгі мәдени орындары туралы ұғымдарын қалыптастыру. Қазақстанның ірі қалаларының бірі Алматымен таныстыру.

Өзі тұратын қала, елді мекен, аймақтарындағы мәдени орындар мен ескерткіштерді таныстыра отырып, туған жеріне деген мақтаныш сезімін ояту.

Қазақстанмен шекаралас жатқан мемлекеттермен, халқымен, олардың мәдениеті, әдет - ғұрпы, дәстүрімен таныстыру.

Республикамыздың табиғат байлықтары мен жеткен жетістіктері (тыңайған жерлерді игеру, табиғи тас көмір мен мұнай, темір кенінің көздері, Байқоңыр ғарыш аймағы және т.б.) туралы ұғымдарын қалыптастыру.

Өз еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру.

Қазақстан Республикасының әскері. Ел қорғаудың қиын да, ардақты міндет екендігін түсіндіру арқылы Қазақстан Республикасы әскері туралы түсініктерін кеңейту. Әскер өмірінен, қызметінен түсінік беретін суреттер, альбомдар, басқа да материалдар көрсету. Әскер сарбаздарының ержүрек, тапқыр, күшті, ақылды болатындығы туралы ұғым беру.

 Сарбаздың, басқа да әскери адамдардың сырт бейнесі, киім үлгілері мен әскери техника туралы түсінік беру. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғаған қазақстандық қаhарман батырларымыз - Б. Момышұлы, Ә. Молдағұлова,  М. Мәметованың жасаған ерліктері жайлы түсінік беру. Ұлттық әскердің маңызын (Отан қорғау) түсіндіру, әскерлерге айбынды ерлігіне құрметпен қарау қызығушылықтарын дамыту қарастырылған.

Бұлардың барлығы балалардың санасында қандайда бір ұғым қалыптастырып, сезіміне әсер ететіні анық. Десек те сана, сезім, іс - әрекет арасындағы байланысты нығайту үшін бұл жұмыс бірізділікпен жүйелі түрде жүргізілуі керек.

Біз зерттеу жұмысымызда осыған орай мынадай жүйені ұсынамыз.

       Мемлекеттік рәміздер арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеудің  мақсаты- баланың өзіндік «мені» мен «менің елім, менің Отаным» - деген ұғымдарды кіші жастан бастап санасына сіңіру арқылы сезімен әсер ету және отан үшін пайдалы іс - әрекетке бағыттау.

 

Балабақшадағы ересек топ балаларын рәміздер арқылы Отаншылдыққа тәрбиелеу жүйесі

 

 Жүйе

Мазмұны

1

Рәміздер арқылы Отаншылдыққа  тәрбиелеу мақсаты

Баланың өзіндік «мені» мен «менің елім, менің Отаным» - деген ұғымдарды кіші жастан бастап санасына сіңіру арқылы сезімен әсер ету және пайдалы іс - әрекетке бағыттау. (Рәміздердің  суреті, бейнесі топта үнемі балалардың көзалдында тұруы тиіс;)

2

Рәміздер арқылы  Отаншылдыққа тәрбиелеу міндеттері

- «мен» және «менің елім», «менің Отаным» ұғымдарын санаға сіңру;

- Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту;

- «Отанға пайдалы істер істеу керек»деген ұғымды сіңіру;

- балалардың шамасына сәйкес пайдалы істерді ұйымдастырып дағдыландыру; 

3

Рәміздер арқылы Отаншылдыққа тәрбиелеу мазмұны

Рәміздердің шығу тарихын балаларға түсінікті жатық тілде жазылған ертек, әңгіме, тақпақ айтқызу; рәміздердің (титімдерін, бөлшектерін көрсету және талдау); Қазақ жерінің көркемдігімен таныстыру - сурет, слайд, кино т.б. пайдалану; Балалардың шығармашылық іс-әрекетін ұйымдастыру - сурет салдыру, ермексазды прайдалану, т.б. материалдар арқылы мемлекеттік рәміздер т.б. бейнесін жасату; пайдалы іс - әрекетін ұйымдастырып, оның мемлекетке, елге қай тұсынан пайда келетінін  түсіндіру;

4

Рәміздер арқылы  Отаншылдыққа тәрбиелеу  пішімдері

Оқу үрдісі, ойын әрекеттері; қойылымдар ұйымдастыру; шығармашылық әрекеттер; тұрмыстан нақты мысалдар арқылы үлгі, өнеге көрсету; (рәміздерді  құрметтеуді үйрету)

5

Рәміздер арқылы Отаншылдыққа тәрбиелеу құралдары

Рәміздердің өзі, оларға қатысты басқа  да метериалдар - сурет, мүсін, бейне т.б.

6

Рәміздер арқылы Отаншылдыққа тәрбиелеу әдістері

Сөз, көрінекілік, іс - әрекет, ойнату, т.б.

7

Рәміздер арқылы Отаншылдыққа тәрбиелеу ұстанымдары

Тәрбиелеу және оқыту ұстанымдарын негізге алу;

     

Рәміздер арқылы отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатын бұлайша белгілеуімізддегі басты мәселе, мемлекеттік рәміздердің тарихы мен жасалу технологиясы, түр - түсі жайлы балалардың түсінігіне сәйкес жеткізу арқылы «өз Отаным» деген ұғым қалыптастыру. Осы жерде айтатын тағы бір мәселе мемлекеттіліктің белгісі ретінде  Отанымыздың шекарасы мен табиғат ерекшеліктерін таныстыру арқылы баланың оны танып - білуге қызығуына түрткі беру.

      Сол себепті рәміздер арқылы отаншылдыққа тәрбиелеу міндеттерін төмендегіше белгіледік:

-         рәміздер арқылы «мен» және «менің елім», «менің Отаным» ұғымдарын санаға сіңіру;

-          рәміздер арқылы отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту;

-         рәміздер арқылы  «Отанға пайдалы істер істеу керек»деген ұғымды  санасына сіңіру;

-         балалардың шамасына сәйкес пайдалы істерді ұйымдастырып дағдыландыру;

Міндеттерде көрсетілгендей, сана тәрбиесін іске асыру бұл танып - білу арқылы келетіні белгілі. Осыған орай Отан, ел, жер, жұрт, елім, жерім деген ұғымдарды санасына сіңіру арқылы «менің елім, менің жерімді мен болмасам кім қорғайды, мен болмасам кім көркейтеді, еліме жақсылықты мен болмасам кім істейді» - деген ұғымдарды санасына сіңіру көзделді.

        Рәміздер арқылы отаншылдыққ тәрбиелеу мазмұны -         рәміздердің шығу тарихын балаларға түсінікті жатық тілде жазылған ертегі, әңгіме, тақпақ айтқызу; рәміздердің (титімдерін бөлшектерін көрсету және талдау). Мұнда рәміздерге қатысты көркемөнер, мысалы, сурет, бейне көрсетулер, кионфильмдер көрсету, адамдардың ерлік үлгілеріне қатысты әдеби материалдарды пайдалану арқылы іске асырылмақшы.

        Қазақ жерінің көркемдігімен таныстыру - сурет, слайд, кино т.б. пайдалану; балалардың шығармашылық іс - әрекетін ұйымдастыру - сурет салдыру, ермексазды пайдалану, т.б. материалдар арқылы мемлекеттік рәміздер т.б. бейнесін жасату; пайдалы іс - әрекетін ұйымдастырып, оның мемлекетке, елге қай тұсынан пайда келетінін  түсіндіру;

         Рәміздер арқылы отаншылдыққа  тәрбиелеу  пішімдері (формалары) -Оқу үрдісі, ойын  әрекеттері; қойылымдар ұйымдастыру; шығармашылық әрекеттер; тұрмыстан нақты мысалдар арқылы үлгі, өнеге көрсету; (рәміздердіқұрметтеуді үйрету). Мұнда ойын, оқу  - танымдық іс - әрекеттері, балалардың жас ерекшеліктеріне тән еңбек әрекеттерін пайдалану. Мысалы, ауладағы, топтағы бұйымдарды, керек заттарды бұзбай, сындырмай ұстау, гүлдерді суару, секілді шағын еңбек әрекеттерді істеуде «отанымды көркейтуге өз үлесімді қосамын» - деген пікірді санасына сіңіру.

         Нақтылап айтсақ, баланың санасына «қандай істі болмасын  өзің үшін істесең де оны жақсы орындасаң, соның өзі отан үшін қосқан үлесің болады» дегенді орнықтыру. Сонда олардың өзімшілдік сезімі (осы жастағы балалардың өзімшілік сезімінің күштілігін ескерсек) отаншылдық сезімімен саналы ұштасады.

        

Пайдаланылған әдебиеттер.

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. - Алматы, 1995

2. «Қазақстан - 2050»  даму  стратегиясы. - Астана, 2012

3. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам бағдарламасы. - Астана, 2012

4. «Алғашқы қадам» бағдарламасы. - Астана, 2010

5. «Зерек бала» бағдарламасы. - Астана, 2010

6. «Біз мектепке барамыз»  бағдарламасы.  - Астана, 2010