Ибраева К.И.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

 

СЫҚАҚ МӘН-МАҒЫНА ТУҒЫЗУ МАҚСАТЫНДА ҚОЛДАНЫЛҒАН АНТРОПОНИМДЕР

 

Көркем шығармалардағы жалқы есімдер әдеби ономастиканың нысаны болып табылатыны мәлім. Көркем мәтін кеңістігіне ономастикалық лексиканы сұрыптау және қосу - автор ойының айтылуымен деңгейлес мақсатты үрдіс. Кез келген антропонимдердің таңдалу уәжділігі бар болғандықтан, көркем мәтіндегі, оның ішінде сықақ шығармаларда кейіпкер есімдерінің экспрессивтілігі дау тудырмаса керек. Сондай-ақ көркем шығармада «сөйлемейтін есім» жоқ деген пікір кең тараған. Белгілі ғалым Т.Жанұзақов: «Көркем әдебиет кейіпкерлерінің есімдері жалпы типтік, жиынтық бейне жасауда үлкен рөл атқарады. Көркем әдебиеттегі басты кейіпкерлер есімдерінің жалқы, төл есімдік мағыналарынан ауытқып, жалпы мағынаға ие болатындары да бар» [1], - деп біледі. Бұған кейіпкерлердің көптеген есімдері  мен фамилияларының жалпы есімге ауысып отыратындығы куә. Сықақталатын сабаздың атын, фамилиясын, ойната, құбылта атау сатиралық туындыға ерекше әсер береді. Өйткені, ол сатириктің кімді айтып, кімді нысанаға алып отырғанын білдіре қояды [2]. 

Сықақшы Қ. Әшірбекұлының шығармасынан сықақ туғызу мақсатында қолданылған жалқы есімдерге мысалдар келтірейік: «Ешнәрседен үрікпейік, кадрларды іріктейік. Алыпсатаровты аластап,Таныстаровты түртпейік»; «Құрдасов пен Жолдасовтар, беретінін қайымдасын»; «Көпбалаева тұр көкіректе, кетеді ертең декретке»; «Тумасоваларды таңдау керек! Екіқабатоваларды алмау керек!»;Тырмабаев Кетпенбек, жүзі жүдеп кеткен тек. Қасықбаев Табақтай, бет-аузы табақтай; «Барлыбайдың бабын тауып, Жарлыбай да байып кетті»; «Құрылысбектер коттедж салып, кең сарайға кіріп алды»; «Жүрісбаев Жылтыңбай, көше кезіп сабылды»; «Шарапбаев Сырабай, Арақбаев Сұлабай, Нашабаев Наркоман, Өсекбаев Сумаңбай, Жымқырбаев Жебірбек, Жалмауызов Ұрыбай, Қаулағанов Қылмысбек». Шығармадағы әрбір сөз, сөйлемнің контексте өзіндік мән-маңызы бар десек, кейіпкерге ат қоюдың да сыры айрықша екені сөзсіз. Автор ойына негізделген жалқы есімдер мазмұндық және мәтіннің формальды ұйымдастырылуы бойынша маңызды болып табылады.

К.Әмірбек шығармаларынан жалқы есімдердің қолданысы: «Сөз Ауыз Жаппасовқа беріледі. ....Ауыз Жаппасов аузын ашпай, мінбеде тұр сілейіп»; «Оқырмандарыңыз Талғампазов, Көргеншиевтерғой бұл». Келтірілген есімдердің қай-қайсысы да оқырманға езу тартқызып, жағымсыз эмоция тудыратыны айқын. Бұл есімдердің семантикасы қоғамға жат мінез-құлық үлгілерін байқауға болады. Авторлардың алған антропонимдердің жағымсыз семантикасы бірде түбір сөздер арқылы көрінсе, бірде морфологиялық жолмен үстелген, ал кейде жай ғана дыбыстық кешен ретінде ұғынылады. Шығармалардың мазмұнына сай, кейіпкер бейнесін ашып көрсетуге қызмет ететін есімдер сықақшылардың жиі қолданатын тәсілі екенін байқауға болады.

М. Рәштің шығармасында кейіпкерлердің мынадай аты-жөндері кездеседі: Жылмысқы Жыбырлақов, Жымқырбай Сыбырлақов, Кірпияз Күршекбайқызы, Керілген Ерінгенқызы, Маубас Аумасұлы, Мыйғұла Дәубасұлы, Мөңірек Шөңірекшин, Көбірек Төңірекшин, Ойылхан Қодыраң-тегі, Тәуіп Шодыраң-тегі.

Сықақ шығармалардағы әдеби жалқы есімдерді лексика-семантикалық, грамматикалық тұрғыдан зерттеу, көркем мәтіндегі қызметін айқындау автор тудырған туындыны жан-жақты, толық түсінуде маңызы зор.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы. - Алматы: Ғылым, 1971. – 128 б.

2. Қожакеев Т. Сатира негіздері. – Алматы: Санат, 1996. – 464 б.