Тулегенова
Ш.И.
аға
оқытушы, филология магистрі
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Қазақстан,
Қостанай қ.
Биыл өткен ғасырдың бас кезінде
қазақ даласына тарап, әрбір қазақтың бойына
мемлекетшіл рух қалыптастыруға атсалысып, ұлттық
мәселелерді көтеруде табандылық танытып, нағыз
халықтың газеті бола білген «Қазақ» газетінің
шыққан ына 100 жыл толды. Тарихи деректерге
қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ
газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет
Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы
берілген. Ал апталық «Қазақ» газетінің
алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде
жарық көрді. «Қазақ» газеті қоғамдық,
саяси және әдеби газет. 1913-1918 жылдары Орынборда аптасына бір
рет, 3000 данамен шыққан. Барлығы 265 саны жарық
көрген. Алғаш жарық көрген
күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ
даласының қоғамдық-саяси және мәдени
өміріне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті.
Тұңғыш редакторы әрі ұйымдастырушысы,
белгілі ғалым, публицист, жазушы Ахмет Байтұрсынов (екінші редактор
М.Дулатов) болды. 1910 жылы Қазақстанда тұру
құқығынан айырылған А.Байтұрсыновты патша
үкіметі Орынборға жер аударады. Орынборда оның аты иісі
қазаққа кең тарады, өзі ұйымдастырған
«Қазақ» газеті арқылы қалың
жұртшылыққа жайылды [1.13].
Қазақ
халқының жазушысы М.Әуезов: «Ахаң ашқан
қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі,
өнер-білім, саясат жолындағы қайраты» -
қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып
кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш –
мәңгілік ескерткіш», - деді [2.17].
«Қазақтың»
екінші редакторы М.Дулатов болды. Газетті шығаруда Ахаңның,
Әлиханның серігі болды. Фольклорлық мұраларды жинап
бастыруда, ғалым Ш.Уәлихановтың қызметін туған
халқына таныстыру, насихаттау ісіне үлес қосты.
Г.Потаниннің, Ә.Диваевтың қазақ халқы
үшін атқарған істерінің маңызын көрсеткен
мақалалар жариялады.
Дулатов, Байтұрсынов,
Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің
айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па
еді,
Бірі – Күн, бірі – Шолпан, бірі –
Айым - ,
деп кезінде ақын
С.Торайғыров дөп айтқандай, бұл Алаш зиялыларының
«қаламынан туған өсиеті, үлгісі» (М.Әуезов) еш
кеткен жоқ.
«Қазақ»
газетін ұйымдастыру мәселесін сөз еткенде, алдымен ХХ
ғасырдың басындағы қазақ
қоғамының ірі саясаткері, Алаштың көсемі,
энциклопедиялық білім игерген ғалым, үлкен тұлға
Әлихан Бөкейхановтың еңбегі ерекше атаған абзал.
Сол ғасырлар арман болған азаттықты жетудің бір жолы
халықтың білімін көтеріп, санасын жетілдіру деп
ұғынған Ә.Бөкейхан қазақтың
рухани байлығының қайнар көзі әдебиетті
насихаттау, баспа сөзді дамыту істеріне көп үлес қосты.
Ол өз маңына қазақтың озық ойлы зиялылары
мен ақындарын-А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев,
Х.Досмұхамедов, С.Торайғыров т.б. өз жанына топтастыра білді,
олармен тығыз шығармашылық байланыста болып,
«Қазақ» газетін ұйымдастыруға көп күш
жұмсайды. Ол туралы «Қазақ газетінің» өзі де:
«Бөкейханов
«Қазақтың» басты жетекшісі болды, оның
платформасын анықтауға атсалысты»,- деп жазды.
«Қазақ»
Хұсайынов-Кәрімов баспасында басылып тұрған. Газетте ХХ
ғасырдың басындағы қазақ елінің
саяси-әлеуметтік, өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ
шаруашылығының жағдайына, жер, басқа елдермен
қарым-қатынас мәселеріне, оқу-ағарту,
әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып,
салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған мақалалар жариялады.
Солардың бірі Ә.Бөкейхановтың қазақ елінің тарихына арналған
мақалаларында Ш.Уәлиханов, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Г.Н.Потонин,
Ә.Диваев туралы мол мағлұматтар берілді.
Ш.Құдайбердиевтің
«Би һәм билік туралы» (1914, №65) деген мақаласында сонау
ерте заманнан бері халық пен бірге жасасып келе жатқан
әдет-ғұрып, салт-санасы,
мақал-мәтелмен
айналысатын билердің дуалы сөзі, әрбір бітімін,
келісім кезіндегі елді
тоқтамға келтірген аталы уәж атадан балаға мирас болып,
ауыздан-ауызға көшетіні сөз болады.
Абайдың
өмірі мен ақындығы туралы алғашқы мақала
(«Қазақтың бас ақыны») осында басылған.
Қазақ тілі мен әдебиеті жайындағы
А.Байтұрсыновтың, Ә.Бөкейхановтың,
М.Дулатовтың, Ш.Құдайбердиевтің мақалалары
жарияланған. М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың,
С.Дөнентаевтың, Б.Майлиннің, С.Торайғыровтың,
Ғ.Қарашевтің, К.Серкебаевтың, Ә.Қоңыратбаевтың
өлеңдері, әңгімелері әдебиет туралы сын
мақалалары басылып тұрды. Аударма саласында Л.Толстойдың,
А.Чеховтың, М.Лермонтовтың, В.Короленконың, И.Крыловтың
шығармалары жарық көрді. Барлық мақалаларды
саралау мүмкін
болмағандықтан, біз бірлі-жарым дүниелерге
тоқталдық. Ал жалпы «Қазақ» газетінің қамтыған тақырып аясы
кең де ауқымды екенін бәріміз білеміз.
Сондықтан
да «Қараңғыда жүрген халқын» тура жолға
қаратуды ойлаған газеттің руханиятындағы салмағын
дәл бағамдай білген М.Әуезов сонау 1923 жылдың ішінде-ақ
«Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын- «Қазақ»
газеті», -деп газеттің орнын әдебиет тарихының төрінен белгіледі, атқарған
қызметіне толымды баға береді. «Жазылған ұсақ
өлеңдер, әңгімелер, барлық мақалалардың
бәрі де қазақша ояту, сергіту, күшін біріктіру,
оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу,
қазақ ісіне көз-құлаң болуға арналған.
Бұл тұтанған жолда «Қазақ» газеті өз
міндетін атқарды». [3.232]. Сонымен бірге «Ахаңның елу
жылдық тойы» атты осы мақаласында ғалым: «Қазақ»
газетінің сол заманнан бері қарай талай өмір өткен
сияқты. Бұл уақыт саусақпен санағандай аз жыл
болса да, болып өткен уақиғаларына қарағанда
көп заманға жауап болатын толқынды заманның бірі.
Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына
түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып,
жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның
салқын желіндей ширатылған, етек-жеңін жиғызған
«Қазақ» газеті болатын деп жазды.
«Қазақ»
газетінің халқы үшін рухани қазына боларын сеніп, одан
көп үміт күткен Абайдың ақын інісі,
оқымысты Шәкәрім болды. Газеттің шығуына
қуанған ол:
Дүние келді бізден бір
талапты ұл,
Ержетсе бар
қазақтың басшысы бұл.
Бөгеттен, ауру-сырқау
аман сақтап,
А, құдай!
Құтты, өмірлі, бақытты қыл!
Үмітті Орынборда бала туды,
Қолына жарық
сәуле ала туды.
Мақсаты:
қараңғыда жүрген халқын,
Ойлайды тура жолға
қаратуды.... деп жазды. [1.27].
Шәкәрім
сияқты қазақ зиялыларының, өз
оқырмандарының бұл күткен үмітін өз
уақытында «Қазақ»
газеті ақтады. Сол кезеңде, отарлық езгідегі елде,
отаршылдардың көз алдында, жария түрде тәуелсіздік
идеясын насихаттайтын газеттің бес жыл бойы шығып тұруы
үлкен ерлік болатын. «Қазақ» газеті осы ғұмырында
барша қазақ зиялыларын ортақ мақсат жолында топтастыра
алды, тынымсыз соғылған қоңырау сынды
халықтың қалғи бастаған рухын оятып,
мыңдаған зерделі жасты тәуелсіздік туының астына жинай
білді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Әбсадықов А. Исина Н. Ахмет
Байтұрсынұлының
әдеби мұралары. Литературное наследие А.Байтурсынова.
Қостанай, 2003.
2.
Байтұрсынов А. Шығармалары. А., 1991.
3.
«Қазақ». Энциклопедия.
Қазақ энциклопедиясы. Бас редакциясы. А., 1998.
4.
Кенжалин Д. Ұлт жаршысы. «Егемен Қазақстан» газеті 2013 ж.