Филол. ғыл. докт., профессор
Ғ.Қ. Хасанов
М.
Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік
университеті, Қазақстан
Қазақ
тілін латын графикасына көшірудің тиімділігі
Еліміздің президенті
Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиялық жоспарында
қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесін
қозғады. Президенттің ойынша, 2025 жылға дейін
қазақ тілін латын графикасына көшірудің әзірлік
жұмыстары жүргізілуі тиіс. Алайда, Ә. Жүнісбек
бастаған қазақ тілшілері бұл мәселені жақын
арада бастау қажеттілігін айтты [1]. Біз де проф. Ә.
Жүнісбекке қосыла отырып, қазақ тілін латын графикасына
«EXPO-2017» көрмесіне дейін көшіру дұрыс болар еді деп
ойлаймыз.
Тарихқа көз
жүгіртсек, Анкара конференцияның өкімінің ықпалы
негізінде, Өзбекстан 1993 жылдың 2 қыркүйегінде
латынға көшті. Алайда, бұл елде латынға көшу
ұзаққа созылып кетті. 2002 жылы латынға көшуді ел
басшылығы тағы да он жылға ұзартты. Бүгінде
Өзбекстанда екі әліпби қатар қолдануда. Латын
әліпбиімен оқыған оқушылар мектеп бітірсе де, латын
әліпбиі кең көлемде қолданысқа ие бола алмай
келеді. Латын жазуы көшеде, әртүрлі атауларда кең
қолданылады. Ал іс жүргізуде екі әліпбиден гөрі
кириллица көбірек қолданылады. Көп жерлерде екі әліпби қатар
қолданылатын болғандықтан, елдің
мәдени-ағарту жүйесі, бұқаралық
ақпарат құралдары кириллицаға көбірек
жүгінеді. Латынмен жазылған кітаптарды сату қиын
болғандықтан, кітаптар кириллицамен жарыққа
шығуда. Ал үкімет қаржыландыратын жағдайда, яғни
оқу құралдары және өзбек классиктерінің
туындылары латынша жарыққа шығуда. Өзбек телекөрсету
жүйесі де латынға толық көше алмай отыр. Оған да
басты себеп, коммерциялық жағдайлар екені бәріне мәлім.
Ал ғаламтор жүйесінде екі әліпби де қатар жүруде.
Үкіметтің көптеген сайттары латынша да, жекелей веб-сайттар
кириллицаны қолдануда. Тіпті, өзбек валютасы да, екі әліпбиде
басылады. Жақын арада қай әліпби қайсысын
ығыстырып шығаратыны байқалмайды. Бүгінгі жағдай
латынды қолдану көлемі 40-55% пайызға артқаны
байқалады. Бұл, әрине, көптеген сәйкесті
шығындардың артуы дегенді білдіреді. Біздің ойымызша,
бұл үдерістің ұзаққа созылуының
бірнеше мынадай себептері бар.
1) Ел басшылығы халық
әбден төселсін, дағдылансын деп бұл үдерісті
созып отыр;
2) Қабылданған
әліпбидің кемшін тұстары көптеу;
3) Ең басты,
материалдық шығындардың көптігінен ел басшылығы
бұл мәселені жеделдетуге асығар емес.
Осы тектес
қиындықтарға тап болған Әзербайжан бұл
мәселені Өзбекстан сияқты көпке созбады. Алдымен, 1993
жылы, сосын 2001 жылы Әзербайжан латын әліпбиіне көшкеннен
кейін, ел басшысы Гейдар Алиев елге кириллицаны қолдануға
бұрық бойынша тыйым салды. Қазір елде 2002 жылдың 1
тамызынан бастап, кириллицаны қолданған жағдайда
әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Бұл, бір жағынан,
криллицаға үйренген ел аудиториясының
бұқаралық ақпарат құралдарын,
әсіресе, кириллицада
шығатын газет-жорналдарды оқуға ауысқанын
байқатты. Ел үкіметі арнайы веб-сайт ашса да, латынға ел
бірден төселе алмады. Әзербайжанда екі графиканы қатар
жүргізіп, біраз уақыт елді үйретуге уақыт аз
берілді.Телехабарлар, әсіресе, коммерциялық ақпараттар ,
көбіне, кириллица бойынша берілуде, себебі, орыс тіліне әзербайжан
тіліндегі графиканың ауысқаны әсер етпейді. Осыған
орай, қазақ графикасының ауысуы біздің елдегі орыс
тілді аудиторияға соншалық үркетіндей әсер етпейді.
Дегенмен, Әзербайжандағы жастар латынға тез үйреніп,
өз тілдерінің жоғалтып жатқан үндестік
заңдарына қайта бой ұсынуда.
Біздің елдің
алдыңғы қатарлы жастары да қарап жатқан
жоқ. Сонау 1999 жылы ABCnet атты латын
әліпбиінің 26 және 33 әріптер аралығындағы
әріптерден тұратын жобасы көпшілікке Астанада
ұсынылған болатын. Осы жоба өкілдерінің бірі – Жанат
Аймағанов латынға көшу материалдық шығынға
батырмайтынына толық сенімді. Оның айтуынша, компьютердегі
әріптеріңді ағылшын әріптеріне көшір де,
қазақ тілінде мәтіндеріңді тере беруіңе болады.
Латынға көшу жоба авторларының ойынша, компьютерлік
бағдарламаларды бала жастан игеруге толық жол ашады. Латынға
көшу ағылшын тілін қазақтарға бала кезден тез
меңгеруге өз септігін тигізетіні айдан анық. Cонымен
қатар, көптеген ұялы телефон операторларына қазақ
тілін латын әліпбиіне көшірген тиімді. Олар бұл туралы
өздерінің баспасөз конференцияларында жиі айтып жүр.
Оның үстіне, біздің елімізде өздерінің
шығарған ұялы телефондарын сатуға экспорттайтын
компанияларға да қазақ тілі латынша болғаны тиімді.
Қазақ
тілін латын әліпбиіне көшкенде өз тілдерін кириллица бойынша
жазып жүрген өзге ұлт өкілдеріне қазақ
тілін үйренуде қиындық тууы мүмкін деп уәж
айтушылар болатыны сөзсіз. Алайда, соңғы 15 жылда
кириллицадағы мемлекеттік тілді меңгеруге
құлықсыз болғандар сол күйінде тілді
меңгергісі келмейтіні айдан анық емес пе?
Бүгінде
біздің елімізде дайындалған латын әліпбиінің 11 жобасы
бар еді, ол төртеуге дейін қысқартылды. Бұлардың
ішінде ең саны аз әліпби 22 әріптен, ал ең саны
көп әліпби 28 әріптен тұрады. Ал қазақ
елінің белгілі мамандары, тілші ғалымдар, дайындаған латын
әліпбиінің төрт жобасы белгілі. А. Байтұрсынұлы
атындағы Тіл білімі институты бұл жобаларды сараптап, ең дұрыс
деген баламасын ұсынуға дайын деп те ойлаймыз. Ә.
Жүнісбек бастаған ғалымдар латын әліпбиі
жобасының қазақ тілінің үндестік заңдарына
сай әзірлегенін көптеген тілшілер жақсы біледі. Оның
үстіне, Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен
белгілі мамандар жазған «Қазақ әліпбиінің тарихы,
дәстүрлері және болашағы» атты зерттеуі жарыққа
шыққанынан көпшілік хабардар.
Латын әліпбиінде
қанша әріп болу керек дегенге келсек, жеке менің өзім
фонематикалық ұстаным жағындамын. Латынға
көшкендегі мен үшін ең басты мақсат – кириллицамен
сөйлеп кеткен қазақтарды қайтадан қазақ
үндестігімен сөйлету. Мәселен, «фото» емес, «пото», «вокзал»
емес, «бағзал», «вагон» емес, «бәгөн», «Асель» емес,
«Әсел». Барлық қазақ тілі жанашырлары үшін
бірінші кезектегі ұлы міндет – қазақ тілінің шынайы
орфоэпиясын қайтадан қалпына келтіру. Ең алдымен,
қазақтарда акцент қалыптастыру, таза қазақ
тілінің төл дыбыстарын табиғи күйінде
жарыққа шығару. Оның жалғыз бірден-бір жолы латын
графикасына көшу болып тұр, басқа жол жоқ. Сол себепті,
кезінде А. Байтұрсынов Баку түркологиялық конференциясында
ұсынғандай 9 дауысты, 17 дауыссыз дыбыстан тұратын тек
латынға негізделген әліпбиді ұсынамын. Бұны Ә.
Жүнісбек өз еңбегінде дәлелдейді: «Қазақ
тілінің төл дауысты дыбыстарының жүйесі 9 дауысты
дыбыстан құралады. Олар: А, Ә, Ы, І, Е, Ұ, Ү, О,
Ө». «Қазақ тілінің төл дауыссыз дыбыстарының
жүйесі 17 дыбыстан құралады. Олар: Б, Д, Ғ-Г, Ж, З, Й,
Қ-К, Л, М, Н, Ң, П, Р, Т, У(w), Ш. Дәстүр бойынша
Қ-К, Ғ-Г дыбыстарының жасалым айырмашылықтарын ескеріп,
жеке-жеке дауыссыздар деп есептеп келеді. Бұл жерде олардың бір
дауыссыздың үндесім варианты екендігі ескеріліп, керісінше, бір
дауыссыз деп қарастырылып отыр» [2, 14-21 бб.]. Көптеген
қазақ тілшілері «тш» -ны, яғни қазіргі «ч»-ны «ch»,
«кс» дыбыстар тізбегін «х» (икс), таңбасымен таңбалауды
ұсынады. Бұл жерде ойлану керек сияқты, себебі «тс», қазіргі
«ц», «тш», қазіргі «ч» таңбаларымен таңбалануда.
Мәселен, түрік тілінде «taksi» деп таңбаланса, ағылшын
тілінде «taxi» деп таңбаланады. Ал қазақ тілінде кириллицамен
таңбаласақ, «таксый» болу керек, себебі қазақ тілінде
«и» дыбысы тек қана дауыссыз дыбыс. Ал латынға көшкенде
қалай болатынын ақылдасып барып, шешкен жөн.
Қазақ
тілін латын графикасына көшірсек, қандай плюстерге жетеміз деген
сұрау туатыны заңды. Біздіңше, мынадай жетістіктерге жетеміз:
1) На-на технология,
медицина, ақпараттық жүйелер, компьютерлік технология т.б. ғылымдарға
қазақ жастарын бала жастан дағдыландырып, төселдіруге
жол ашылады.
2) Қазақ
тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі статусы мен түркі мемлекеттері
арасындағы қарым-қатынасқа қажетті тіл ретіндегі
мәртебесі көтеріледі.
3) Қазақ
тілді жастарға халықаралық ақпараттар алуға,
ғаламторлық жүйелерді пайдалануға, шетелдерге
шыққанда графиканы тануда жеңілдіктер туады. Ұялы
байланыс желісіне одан әрі дамуға жеңілдіктер туады.
4) Мектеп
табалдырығын аттаған балғындар бұрынғыдай бір
қазақтың сөзінде жоқ саны көп
әріптерді оқымайды. Олардың тілінде үндестік
заңдары бұзылмайды.
5) Орфоэпиялық
нормалар қайтадан қалпына келе бастайды, себебі орфографиялық
нормалар өзгеріп, орфографиялық сөздік жаңадан
халыққа ұсынылады.
Латынға
көшкенде енді қандай минустарға тап боламыз соған
тоқталайық.
1) Бұрынғы
қалыптасқан орфографиялық жүйені тастап, оны
қайтадан жасауға тура келеді. Осыған орай, көптеген
оқулықтарды қайтадан шығаруға тура келеді, ал
бұл жағдай өз кезегінде көп қаржыны талап ететіні
сөзсіз.
2) Орфографиялық
жүйе ауысқан себепті үгіт-насихат дұрыс
жүргізілмеген жағдайда қалың
жұртшылықтың көпшілігінің наразылығы
туындауы мүмкін
3) Коммерциялық
тұрғыдан алғанда латын жазулы газет-жорналдардың
таралымы азайып, латын жазуындағы кітаптардың сатылуы
төмендеуі мүмкін.
4) Елімізде
тұратын кириллицаны қолданатын басқа ұлт
өкілдеріне қазақ тілін меңгеру қиындық
тудыруы мүмкін.
Қорыта
айтқанда, қандай жағдайға қарамастан жақын
арада қазақ жазуын латынға көшірудің
қажеттілігі туды деуге толық негіз бар. Бұл шарадан
бұзылып бара жатқан қазақ тілінің дыбыстық
жүйесі толықтай орнына келіп, қазақ тілінің
мемлекеттік мәртебесі арта түседі.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Ана
тілі. №53, 4 қаңтар. 2013 ж.
2. Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002.