Сөз тіркестерінің статолингвистика әдісімен зерттелуі
Ермекбаев М.А.- п.ғ.к., Дүйсенбекова
М.Л. - ф.ғ.к. - Аймақтық
әлеуметтік-инновациялық университеті (Қазақстан)
Синтаксис-
грамматиканың саласының
негізгі бір бөлімі. Қазіргі уақытта қазақ
тілінің синтаксис саласы сөз тіркесі синтаксисі, жай сөйлем
синтаксисі, құрмалас сөйлем синтаксисі болып жеке-жеке
өз алдына зерттеліп,олардың іштей байланысу жолдары,түрлері
анықталып келеді.
Тілдің синтаксистік
құрылымын зерттеу – олардың құрылуы,ішкі
құрылымы,байланысу жолдарын қарастыруды
айтамыз.Синтаксистің ең маңызды бөлігі –сөз
тіркесі деп білсек, соның ішінде сөз тіркесінің түрлері
мен ерекшеліктерінің зерттелуі – өз алдына бір ғылым.
Қай
ғылымның даму тарихына көз жүгіртсек оның пайда
болу, басталу, даму кезеңдері болады. Олардың іштей әр
салаға бөлініп, сараланып, зерттеліп, тармақталып өз
алдына ғылымның бір
бөлшегі болып
қалыптасатыны даусыз.
Сөз тіркестері жайында
ең алғаш рет он тоғызыншы ғасырдың 50
жылдарынан бастап айтыла бастады.
70-жылдары орыс әдеби тілінде
И.А. Бодуэн де Куртенэ алғаш рет
аналитикалық элементтер жайында пікір білдірген. Сонымен қатар
лингвист ғалым М.А. Казем-Бек «Общая грамматика турецко-татарского языка»
атты еңбегінің синтаксиске арналған бөлімін «Сөз
тіркестері» деген атпен бастап, онда сөздердің байланысу, тіркесу
амалдарына тоқталып өткен. 1894-97 жылдар аралығында орыс
тілінде жарық көрген «Қазақ-қырғыз
тілдерінің қысқаша грамматикасы» атты еңбекте П.М.
Мелиоранский де синтаксистің біраз мәселелерін сөз етеді.
Лингвист – ғалым А.Н.
Кононов, сөз тіркесінің байланыстары туралы да бірқатар
тұжырымдамалар жасаған. Ол «Түрік тілінің синтаксисі»
жөнінде жазған еңбегінде сөз тіркестерінің
байланысу түрлерін меңгеру, қиысу және қабысу деп
бөледі және олардың сөз таптарына қатысы туралы
айтылады. Тілдегі зат есім, сын есім, үстеу сөздер ешқандай
морфологиялық көрсеткіштердің қатысынсыз-ақ
синтаксистік байланысқа түседі және бұл өте жиі
қолданылатын тәсіл ретінде қарастырылады. «Синтаксическая
связь в таких словосочетаниях основывается на местоположении этого, по
существу, аморфного слова, а потому любой определитель (определение,
обстоятельство, придаточное предложение) и в определенных случаях дополнение
занимает строго определенное место перед определяемым или, соответственно дополняемым»
[1, 374б]. Ғалымның бұл еңбегінде сын есімдердің
анықтауыштық қызмет атқаруы арқылы өзі
анықтайтын сөздің алдында тұрып, орын тәртібі,
яғни аналитикалық тәсіл арқылы байланысуы
көрсетілсе, кей жағдайларда септік жалғауларының,
нақтырақ айтқанда, табыс септігінің түсірілуі
арқылы аналитикалық жолмен байланысады делінеді. «Имена, служащие
для обозначения объекта, в функции прямого дополнения выражаются формами
основного падежа (синтаксические отношения выражаются способом примыкания) или
винительного падежа (синтаксические отношения выражаются способом управления)»
[1, 377б].
Түркі тілдеріндегі
сөз тіркесінің байланысын жан-жақты қарастырып,
зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі – Е.И. Убрятова.
Е.И. Убрятова сөйлем құрылымына кіретін сөздер арасындағы
байланыстар түрлі амалдар арқылы жүзеге асады дей келіп,
«Форма словосочетания образуется с помощью показателей синтаксических
отношений: аффиксов принадлежности, аффиксов сказуемости, падежных аффиксов,
некоторых словооброзовательных аффиксов и служебных слов. Отсутствие
специальных оформителей синтаксических отношений также может служить признаком
формы словосочетания» [2,27б], – деп сөз тіркестерін
байланыстырудағы әртүрлі тәсілдердің
қатысатынын саралайды.
Аталған еңбекте
сөз тіркесінің байланысу тәсіліне сәйкес якут тіліндегі
келесі түрлері ажыратылады: қабысуға
құралған сөз тіркестері; изафеттке
құрылған сөз тіркестері; меңгеруге
құрылған сөз тіркестері; қиысуға
құрылған сөз тіркестері; басқа тәсілдермен
байланысқан бірыңғай мүшелер сөз тіркесі.
Қабысудағы сөз тіркестерінде негізгі байланыс түрі
олардың орын тәртібі делінсе, изафеттік
құрылыстағы сөз тіркестері меншіктілік мәнді
аффикстер көмегімен жасалатынын атап өтеді. «Этот особый
синтаксический способ связи слов играет очень важную роль в тюркских,
монгольских, тунгусо-маньчжурских и некоторых других языках. Уже одно такое
широкое распространение требует выделения изафета как особого способа связи
слов в предложении» [2,38б].
Қазақ
тіліндегі сөз тіркестерінің зерттелуі туралы айтқанда, оны
зерттеушілердің қатарында Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н.
Сауранбаев,
С. Жиенбаев, М. Балақаев, Т.
Қордабаев, С. Исаев, К. Аханов, Т. Сайрамбаев, Ә. Аблақов, Е.
Ағманов, Р. Әміров, М. Серғалиев, А. Айғабылов,
О. Күлкенова т.б. атаған болар едік.
Қ.
Жұбанов 1930-40 жылдар аралығында «Ауыл мұғалімі»
журналында қазақ тілінің грамматикасына қатысты бірнеше
мақала және ғылыми еңбектер жазды. Ол өз
еңбектерінде көмекші етістіктер, сөйлем
мүшелерінің орналасу тәртібі мәселелерін
қарастырған. Онда айтылған ғылыми болжамдар мен
деректердің сөз тіркесіне де қатысы бар. Сондай-ақ
Қ. Жұбанов өзінің
қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінде сөз тіркестеріндегі
байланыстар туралы сөз қозғай отырып, сөздің орын
тәртібі арқылы байланысы өзге тәсілдерден гөрі
ертерек пайда болғанын тілге тиек екен.
Қ.
Жұбановтың «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер»
еңбегінің маңызы бұл еңбектен қазақ
тіліндегі сөздердің орын тәртібі арқылы
байланысының көптүрлілігін мына бір мысалдан да
байқаймыз: « ... наличие сочетания күн
ұзаққа позволяет пологать, что в казахском языке некогда
имел место чуждый теперешним нормам порядок слов, по которому определение не
предшествовало определяемому, как это делается теперь, а следовало за
определяемым, пережитком чего и является данное сочетание» [3, 414б]. Зерттеуші
осы тәріздес «Елден безіп, адам тағы болып кетіпті, таң
жарық» т.б. мысалдарын келтіреді. Профессор
Қ.Қ.Жұбановтың (1930 жылдары) сөйлем
құрылымына қатысты зерттеулерінде сөйлем ішіндегі
әрбір сөзтұлғалар мен сөз тіркестеріне араб
сандарымен нөмір беріп, олардың арасындағы байланысты
түзу сызық ретінде таңбаланған. Ғалымның «Қазақ
тілі жөніндегі зерттеулер» атты мақаласынан келесі мысалды
келтіруге болады. «Біздер мектепке келдік»
деген сөйлемді: «...бұл үш сөз матастырылмаған. Біздер деген мен мектепке деген екеуі жиналып келдік
деген бір сөзге арқандалған. Мысалы:
1 2
3
Біздер→ мектепке → келдік.
Мұның
арқандалу ретін сызықпен көрсетсек, мынандай болады:
Сөйлем
ішіндегі сөздер бір-біріне ере де байланысады.
Біздер келдік.
↓ ↓
ертуші еруші
↓ ↓
мектепке келдік
↓ ↓
ертуші еруші».
Еруші
сөзді жетек сөз, ерітуші сөзді жетекші сөз дейміз. Енді
қай сөз, қай сөзді жетектеп тұрғанын да
сызықпен таңбаласақ, мынандай болады [3, 160-161 бб.]
Сөз тіркестері
жөнінде алғашқылардың бірі болып келелі пікір
айтқан ғалым С. Аманжолов болатын. Ол «Қазақ тілі
ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы» атты
еңбегінде сөз тіркестері, олардың арасындағы байланыс
туралы келесі тұжырымдарды білдіреді. «Кейбір сөз басқа
сөзді я сөз тізбегін анықтап, толықтап, пысықтап
немесе түрліше қиюласып, бірін-бірі керек ету жолымен байланысады.
Мұндай байланыстарды сөйлемдегі сөздердің тіркесі
дейміз» [4, 54б], – дей келіп, тіркес құратын сөздер белгілі бір
заңдылықтарға бағынатынын, сонымен қатар сөйлем мүшелерінің
өзара қарым-қатынасы ретінде жанасу, қабысу,
меңгеру-меңгерілу және сөйлем мүшелерінің
орын тәртібі қарастырылады. «..., бастауыш пен баяндауыш ара
қатынасы – қиысу, толықтауыш пен толықтанатын сөз
ара қатынасы – меңгерілу, меңгеру, анықтауыш пен
анықталатын сөз ара қатысы – қабысу, пысықтауыш
пен пысықталатын сөз ара қатысы – жанасу деуіміздің
бәрі тілдің ішкі, сыртқы құрылысын талдап білуге
қажет болғандықтан алынған шартты категориялар» [4,
56б].
Жоғарыда көрсетілген
байланысу формаларын С. Аманжолов сөз тіркестерінің емес,
сөйлем мүшелерінің байланысы ретінде қарастырады.
Алайда бұл қазақ тілінің синтаксисін зерттеудегі
алғашқы қадамдар еді.
Бүгінгі
күнгі қазақ тіліндегі сөз тіркестері ерекшеліктері мен
заңдылықтарын тануда елеулі еңбек еткен ғалымның
бірі – профессор
Т. Сайрамбаев: «Сөз тіркесіндегі
сөздердің көмекші етістіктер арқылы байланысуы дегенде
көмекші етістіктер тілімізде көп емес екені белгілі. Бірақ
саны аз болса да олардың сөз бен сөзді байланыстыруда
өзіндік орны бар. Әрине, сөз бен сөзді байланыстыру
көмекші есімдер сияқты актив құбылыс емес. Дегенмен
тілімізде кездесетін бұл да бір құбылыс екені даусыз» – дей
келіп, дәлел ретінде келесі мысалды алға тартады. «Мысалы, Оның не екенін жүрегің сезіп тұр. Ә.
Нұрпейісов» [5, 60б].
Т. Сайрамбаев өзінің
«Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі» атты еңбегінде ілік
жалғаулы сөз тіркестерінің ерекшеліктерін айта келіп, «Кейде
ілік жалғаулы сөздер үнемі өзі басыңқы
сөзімен сөз тіркесін құрауға қатыса
бермейді. Мысалы: Бір елдің ішінде
жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп,
жақсы көріп тұрып елге келсе, әрберден соң
қайта қашқандай қылатұғыны қалай.
(Лениншіл жас) деген сөйлемдегі ілік жалғаулы ел зат есімі іші көмекші есімімен байланысып сөз тіркесін
құрай алмайды. Ондай кездегі ілік жалғауы көмекші
сөздермен түйдектік тіркес құрауға қатысты» [5, 51б], – дейді.
Ғалымның бұл пікірі орынды. Сөз тіркестеріне берілген
ережеге сүйенетін болсақ олар сөз тіркесінің бір
сыңарында қызмет атқарады. Сондықтан бүгінгі
күні қазақ тіл білімінде сөз тіркестеріне қатысты
негізгі ұғымдар мен заңдылықтар, сөз
тіркестерінің түрлері мен ерекшеліктері Т. Сайрамбаевтың
атымен тығыз байланысты.
Кез –келген тілдік единица
мен оның элементтері сан жағынан шектеулі және белгілі
шамаға тең деуге болады. Белгілі бір сөйлемдегі сөз
тіркестерінің саны оның
сапасына ықпал етсе, сапа өзгерісі де оның санына әсер
етеді. Лингвистикалық статистика – тіл біліміндегі сан мен сапаны
біріктіретін және сандық тұрғысынан сапалық
заңдылықтарды нақты дәлелдеутін математика мен
лингвистиканың арасынан туындаған ғылым.
Математикалық лингвистика
жөнінде алғашқы пікір білдірген Бодуэн де Куртенэ. Ол 1904 ж. Брокгауз бен Ефронның
«Энциклопедиялық сөздікке» арнап жазған мақаласында:
«Тіл білімінде мөлшерлік ұғымдар болғандықтан,
математиканы, соның ішінде элементар математиканы ғана емес,
жоғары математиканы да білген жақсы болар еді», – деген пікір
берген болатын. Сонымен бірге ол: «Ғылымда сипаттайтын фактілерді
қысқа, әрі дәл жеткізу үшін ерекше таңбалар
қажет», – деген ой білдірген. Бодуэн өзінің
лингвистикалық еңбектерінде де шағын белгілер мен
формулаларды қажеттілікке орай жиі қолданып отырған [6, 40
б.].
Қазіргі кезде.
ғалымдардың пікірлерінше, математикалық лингвистика тілді
талдау (анализдеу), жинақтау (синтездеу) әдістерін қолданатын
келесі бөлімдерге жіктеледі:
а) сөйленісті жинақтау және
оны туындату;
ә) синтаксистік талдау және генерация – бұл кез келген
сөйлемді «бөлшектеу» немесе кез келген сөйлемді «жинау»
қабілеті;
б) машиналық
аударма.
Тілді математикалық
тұрғыда сипаттау барысында Ф. де Соссюр табиғи тілді механизм
ретінде қарастыруды, ал оның қызметін тек сөйленісте
ғана байқауға болатындығын айта келе, математикалық лингвистикаға
қатысты ойлары Бодуэннің көзқарастарымен жанасып жатыр
[7, 40 б.]. Белгілі ғалым Й.Йордан: «Соссюрден басқа тіл фактілерін
терең әрі тура зерттеген адамды атаудың өзі қиын.
Оның пайымдаулары негізінен математикалық тұрғыда
дәл және дәлелді», – деген пікір айтқан [8, 413 б.]. Мысалы, Ф. де Соссюр өз
лекцияларында тіл жүйесі образдар саны түрінде ұжымның әрбір
мүшесінің ойында қалып, барлық уақытта
спецификалы тілде оны іске асыру
тәсілдерімен байланысты емес, өйткені жеке адамның еркімен
және жағдаят түрімен анықталатынын айтқан. Сөйтіпр тіл
жүйе ретінде және оның көмегімен іске асырылатын тіл қабілеті Ф.де
Соссюр Langue деп атаған тіл қызметін қамтамасыз етеді
Алғашқы болып
синтаксисті математикалық тұрғыдан таңбалаған
американ ғалымы У. Сепир болды. Оның «Тіл» атты кітабы 1921 ж.
жарық көрді. Онда автор: «Тіл
– ойын, көңіл күйін, қалауын түйсіксіз,
арнайы шығаратын таңбалар жүйесінің көмегімен
жеткізетін, тек адамға тән тәсіл», – деген еді [9, 31 б.].
Ғалымның
пікірінше, жеке сөз біз қарастырып отырған қарапайым
мәнді элемент болуы не болмауы мүмкін. Енді біз мына айт, айтыс,
айтпа, айтасың, айтамыз, айтса деген сөздерге назар
аударсақ, олар белгілі бір мағына мен идеяға ие болып
тұр. Бұл идея еш нәрсемен байланыссыз, сондықтан
оның функционалды практикалық құндылығы
жоқ. Аталған сөздердің екіұшты мағынада
екенін аңғаруға болады. Бірінші айт етістігі – арнайы
белгілі іс-әрекет туралы түсінікке сәйкес келетін
біртұтас дыбыстық бірлік, ал басқаларында осы негізгі мағына
сақталған. Дегенмен, ол сөздерге әртүрлі
дыбыстық элементтердің жалғануынан кейбір өзгерістер
пайда болған. Бұл сөздер негізгі мағынадан
дамыған күрделі мағынаға ие болып тұр.
Сондықтан аталған сөздерді құрамында негізгі
немесе мазмұндық (айт) және басқа
мағыналары бар, екі мүшелі қалыптасқан сөз
ретінде талдауымызға болады [9, 44 б.].Егер айт сөзін «A» деген,
ал қосымшаларды «Ь» деген алгебралық
таңбамен белгілесек онда айтыс, айтпа, айтасың, айтамыз, айтса сияқты
сөздерді «А+Ь» формуласы арқылы өрнектеуіміз керек. «A»
элементі не тұтас, не жеке сөз (айт) болуы, басқаша
«түбірлік элемент» деп аталатын не түбір, не негіз сөзі
базалық бірлік (айт-) болуы мүмкін. «Ь» элементінің (-ыс,
-па, -асың, -амыз,-са) қызметі қосымша абстрактілік
түсініктің көрсеткіші болады. Егер «Ь» кең
мағынасында «тұлға» терминін қабылдаса, онда бұл
термин негізгі мағынаға формальді шектеу қояды деп
айтуға болады. Ал «Ь» элементін «грамматикалық
элемент» немесе қосымша ретінде қабылдауымыз қажет [10, 44
б.].
Сөз тіркесінің синтаксистік
единица екендігіне ешкім талас туғызбайды, дегенмен сөз тіркесі мен
сөйлемнің арасында қандай айырмашылық бар деген
сұрақ - әлі де шешімін таппай, талас туғызып
жүрген мәселенің бірі. Мысалы, В.В.Бабайцева, В.В.Виноградов,
А.С.Смирницкий, К.Аханов Н.А.Баскаков сөз тіркесіне номинативті
қасиет тән десе, Ю.В.Фоменко, А.Моисеев, М.Балақаев сөз
тіркесінің номинативтілігін жоққа шығарады.
Көптеген
ғалымдар өз зерттеулерінде сөз тіркестерінің ең
өзекті, маңызды жақтарына көңіл бөліп,
соларды ашуға талпынуда. Бұл сөз тіркестерінің
күрделі де сан қилы синтаксистік құбылыс екендігін
танытады.
Л.Теньер «Основы структурного
синтаксиса» еңбегіндегі мысалмен өрнектесек, онда келесі
жағдайды көруге болады [11, 40 б.]. Сөйлемнің
құрылымын (синтаксистік құрылымын) талдау үшін
біртұтас синтаксистік бірлік ретінде қызмет атқаратын сөз
тіркестері тобын немесе тікелей бағыныңқы
сөздердің әрқайсысын көрсету керек.
«Лошади кушают овес» сөйлемінде бірінші тәсіл бойынша
сөйлемді құраушы: тұтас сөйлем І, әр жеке
сөз және сөз тіркесі С= «кушают
овес»:
І → С
↓ ↓ ↓
Лошади кушают овес;
Екінші тәсіл бойынша келесі
сызбаны береді:
Лошади → кушают, кушают → овес.
Сөйлем құрылымы
мұндай талдауға математикалық объектілер құраушы
қада (1-тәсіл) және синтаксистік бағыну қадасы (2-тәсіл)
деп аталады.
Жоғарыдағы
ғалымдардың еңбектері сөз тіркестерін
математикалық жолмен танудағы алғашқы еңбектер
еді. Сонымен қатар ғалымдардың еңбектерінен сөз
тіркестері белгілі бір заңдылықтарға бағына
байланысатынын аңғаруға болады.
Кеңестер Одағында
және егемен елімізде математикалық лингвостатистика әдісін
жетілдіруде Р.Г.Пиотровский, П.М.Алексеев, А.В.Зубов, А.И.Цапля, Р.М.Фрумкина,
Қ.Бектаев, М.Р.Львов, А.Жұбанов, Ж.Аралбаев, Қ.Молдабек,
С.Мырзабеков, Ә.Ахабаев, Д.Байтанаева, А.Зекенова, М.Ермекбаев, А.Белботаев, Б.Қалыбеков,
Н.Нұрлыбаев т.б. өз үлестерін қосты және
қосуда.
Қ.Бектаев - қазақ тілінде ғана емес,
бүкіл түркі тілінде алғаш рет математикалық лингвистика
әдісінің ғылыми негізін қалаған ғалым.
Қ.Бектаевтың лингвистикадағы математикалық әдіс
жөнінде «Математичес-кие методы в языкознаний», «Қазақ
тілінің кері алфавитті сөздігі», «Статистика и лингвистика» т.б.
көптеген еңбектері жарық көрді [11].
А.Жұбанов «Статистическое исследование казахского текста с приме
нением ЭЕМ». На материале романа
М. Ауезова « Абай жолы» тақырыбында
кандидаттық,
«Основные принципы формализации содержания казахского текста» тақырыбында
докторлық диссертацияларын қорғады.Бұл
еңбектерінде
ғалым мәтіндерді ЭЕМ-не
салу жолдары мен мәтіндегі сын есімдерді және олардың
шырайларын анықтады [12].
Қазақ тіл білімінде сөз
тіркестерінің сандық тұрғысын алғашқы болып
таныған ғалым – Қ. Молдабек. Ғалым мәтіндердегі
сөз тіркестерін санауды әдістемелік тұрғыдан пайдалы
жағын ғана қарастырған. Дей тұрсақта
ғалымның еңбегіндегі мәліметтер қазақ тілі
мәтіндеріндегі сөз тіркестерінің қолданылуы
жөнінде толықтай мағлұмат береді [13, 40 б.]. Ғалымның
«Бастауыш мектеп оқушыларына қазақ тілін қатысым
әдісі арқылы оқытудың әдістемесі» атты
монографиялық еңбегінде бастауыш мектеп оқулықтарын
негізге алып, оқулықтарда қолданылған сөз
тіркестері жөнінде мынадай мағлұмат береді. «Зерттеу
көрсеткендей анықтаушы мағынадағы есім сөз+есім
сөз А+N моделі «Әліппеде» (І сынып) 37,15%; ІІ, ІІІ, IV
сыныптардың «Қазақ тілі» оқулығында, тиісінше
48,53%; 38,02%; 37,21% қамтылған.
Сын есім+зат есім (Ad L +S)
формасындағы сөз тіркестері «Математика» оқулығында
тиісінше 52,25%; 46%; 26,04%; 35,68%
кездессе, сан есім+зат
есім (NUM+S) формасындағы есімді сөз тіркестері де «Математика»
оқулығында көп қолданылған (65,76%; 69,79%;
46,17%; 69,51%).
Есімдік+зат есім (PRON+S)
формасындағы есімді сөз тіркестері «Әліппеде» 21,34%;
«Математикада» (ІІ сынып) 43,42%; (ІІІ
сынып) 14,55%; «Қазақ тілі» (IV сынып) 9,41% оқулықтарында
жиі кездессе, үстеу+зат есім (ADV+S) формасындағы сөз
тіркестері «Әліппе» (37,15%); «Математика» (ІІ сынып – 43,75%);ІІІ сынып
– 14,08%; IV сынып-14,86%) оқулықтарында көп
қолданылған.
Есімше + зат есім (V+S)
формасындағы сөз тіркестері «Әліппе» және «Математика» (ІІ, ІІІ, IV
сыныптар) 23,95%; 10,79%; 9,66% көбірек кездесті. Мұның
себебі анықтаушы мағынадағы сөз тіркестерінің
«Әліппе» және «Математика» оқулықтарының
мазмұндық құрылымына,
оқулықтардың
өздеріне тән ерекшеліктеріне байланысты. Оған бұл
форманың тек IV сыныпта ғана «Қазақ тілі»
оқулығында басқалардан сәл көбірек (9,41%)
қолданылғандығы дәлел.
Ал, етістікті
тіркестердің оқулықта кездесу жиілігі төмендегідей:
1. Толықтауыштық
қатынастағы меңгеріле байланысқан етістікті сөз
тіркестері (O+V) «Математика» (І с.)
(4,41%), «Қазақ тілі» мен «Математика» (ІІ с.) теңдей шамада
(7,87%; 7,04%), «Математика» (ІІІ с.)
17,70%, «Қазақ тілі» (IV с.)
7,85%.
2. Қабыса,
меңгеріле байланысқан
етістікті сөз тіркестері (C+V) І сыныпта «Дүниетану» 58,47%, ІІ
сыныпта 70,30%; «Математика» (ІІІ с.)
58,33%, IV сыныптың «Дүниетануында» 65,32% қолданылған. Байқалғанындай
толықтауыштық қатынастағы меңгеріле
байланысқан етістікті сөз тіркестері, қабыса және
меңгеріле байланысқан сөз тіркестеріне қарағанда
өте аз қолданылған. Қабыса және меңгеріле
байланысқан етістікті сөз тіркестері «Дүниетану» оқулығында өте көп
кездесті, қолданылымның жартысынан астам.
Анықтауыштық
қатынастағы шылаулар арқылы байланысқан есімді
сөз тіркестері І, ІІІ сыныптарда «Математика» (12,61 және 17,70%) , ІІ, IV сыныптарда «Қазақ
тілі» (7,69 және 9,55%) жиірек қолданылыпты. Аталған үш
түрлі сөз тіркестерінің барлығы да «Ана тілі»
оқулығында аз және ала-құла (әр
оқулықта әр түрлі) кездеседі. Демек, ғылыми стиль
мен көркем стильде сөз тіркестерінің қолданылу жиілігі
әр қилы. Бұл олардың стильдік ерекшеліктерін
көрсетеді»
Жоғарыда
аталған еңбектерді қорытындылай келсек,
ғалымдардың еңбектерінде сөз тіркестерінің
негізгі ұғымдары мен ерекшеліктері айқындалып, бүгінгі
күнде оның сандық тұрғыдан қарастырылып ,яғни
қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің құрылымдық-статистикалық
моделін құруда статистикалық мәліметтерді тиісті
жүйеге келтіруде өз рөлін атқарады деп ойлаймыз. Сондықтан сөз
тіркестерінің қандай
компоненттерден тұратыны, олардың ұзындығы, қолдану
жиілігі, қалай құрылғаны біздің келесі жұмыстарымызда
сөз тіркестерінің моделін құрастыруға
итермелейді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1
Кононов А.Н. Грамматика современного турецкого литературного языка. – М-Л:
Издательство Академии наук СССР, 1956. – 59 с.
2
Убрятова Е.И. Исследования по синтаксису якутского языка. – М-Л: изд.
Академии наук СССР, 1950. – І т. – 200 с.
3
Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –
Алматы: «Ғылым», 1999. – 581 б.
4
Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің
қысқаша курсы. – Алматы, 1950. –
І т. – 120 б.
5
Сайрамбаев Т. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. – Алматы:
«Рауан», 1991. – 200 бет.
6
Бодуэн
де Куртенэ И.А. Избранные труды по общему
языкознанию. – М.: Академия наук, 1963. – Т. І. – 384 с.
7
Соссюр
Ф. де «Курс общей лингвистики» под. редакцией и с примечаниями Шор Р.И. – М.: УРСС, 2004. − 272 с.
8
Йордан
Й. Романское языкознание. Историческое
развитие, течения, методы. – М.; − 1971. – 334 с.
9
Сепир
Э. Избранные труды по языкознанию и
культурологи. Язык. Введение в изучение речи. Перевод А.М.Сухотина
(исправленный и дополненный А.Е.Кибриком) – М.: Прогресс, 1993. − 655 с.
10
Теньер Л. Основы
структурного синтаксиса. – М.: Прогресс,
1988.
− 250 с.
11. Бектаев Қ., Жұбанов А.Қ., Мырзабеков С.,
Белботаев А. М.О.Әуезовтің 20 томдық шығармалар
текстерінің жиілік сөздіктері. І том. Алфавитті-жиілік
сөздік. – Алматы-Түркістан, 1995. − 128 б.
12. Жұбанов А.Қ.
Қолданбалы лингвистика: қазақ тілінің статистикасы. –
Алматы: Қазақ университеті, 2004. − 209 б.
13. Молдабек Қ. Бастауыш мектеп оқушыларына
қазақ тілін қатысым әдісі арқылы
оқытудың әдістемесі– Шымкент: “Жебе” баспасы, 2008. – 153 бет.