Абильбекова Б.Т.

     А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

                        Гуманитарлық-әлеуметтік факультеті

                       практикалық лингвистика кафедрасының

                                      аға оқытушысы

 

                  Тілдегі   фразеологизмдердің мағыналық сипаты

   Тіл арқылы қатынас жасау процесінде сөздер, әдетте, жеке дара күйінде емес, бір-бірімен тіркесіп қолданылады. Сөздердің тілдің грамматикалық заңдарына орайласып, емін-еркін тіркесуінен синтаксистік единицалар – еркін сөз тіркесі мен сөйлемдер жасалады. Сөздердің жалпы тіркесі және синтаксистік сөз тіркесі сөздердің бір-бірімен емін-еркін тіркесуінен жасалады. Бірақ, сөздер бір-бірімен жапатармағай тіркесе бермейді, мағыналарының үйлесімділігі болғанда ғана тіркесіп жұмсалады. Мағыналық үйлесімділік сөздердің бір-бірімен семантикалық жақтан үйлесуге бейімділігі дегенді білдіреді. Еркін сөз тіркесінде оны құрастырушы сыңарлар мағыналық үйлесімділік шеңберінде басқа сыңарлармен ауыса алады. Мысалы, оқушымен сөйлесу – мұғаліммен сөйлесу, оқушымен әңгімелесу – мұғаліммен әңгімелесу.

  Сөздердің еркін тіркесіне сырттай ұқсас, бірақ іштей, яғни тілдік табиғаты жағынан, оған қарама-қарсы қойылатын оймақ ауыз, жүрек жұтқан, жүрегі тас төбесіне шығу, ат-тонын ала қашу, ер қашты болу тәрізді тіркестер бар. Бұлар құрамы жағынан тұрақты болып келеді де, бүтіндей оралым бұрыннан тіркескен дағдылы қалпын сақтайды, сыңарлары «ешкімнің еркіне көнбей», «өзінен-өзі тіркесіп қойған» тәрізді болып ұғынылады. Мұндай тіркестер сөздердің еркін тіркесіне қарсы қойылып, сөздердің еріксіз тіркесі немесе фразеологиялық оралым деп аталады.

   Фразеология термині (грек. pһrasіs сөйлемше және logos сөз, ілім сөздерінен шыққан) қазіргі тіл білімінде екі мағынада қолданылады. Бірінші, тілдің фразеологиялық құрамын зерттейтін саласы, екінші, белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы дегенді білдіреді. Осы күнгі тіл білімінде фразеологизм деген ұғым кең мағынада қолданылады. 1990 жылы шыққан «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» фразеологизмге мынадай анықтама берілген: «Фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын, семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркесі мен сөйлемшелер». Осы анықтамаға қарағанда фразеологизмдерге кең мағынада тілдегі мағына бірлігін сақтаған тұрақты сөз тіркестерінің барлық түрі де жатады. Олар тұрақты сөз тіркестерінің түрлері номинативтік бірліктер, ресми іс құжаттарындағы даяр сөз орамдары түрінде болуы мүмкін.

     Кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалған, мағынасы біртұтас, құрамы мен құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік единица, әдетте, фразеологизмдік оралым деп аталады. Олардың қатарына, мысалы, орыс тілінде глубокая осень, глубокая печаль, волчий аппетит, перемывать косточки, сдержать слово, медвежья услуга  тәрізді тұрақты сөз тіркестері, қазақ тілінде қас қаққанша, көзді ашып жұмғанша, қас пен көздің арасында, ит өлген жер, су жүрек тәрізді тұрақты сөз тіркестері енеді.

   Фразеология туралы еңбектерде фразеологизмдердің негізгі үш белгісі болатыны  көрсетіліп жүр: мағына тұтастығы, құрылымының  тұрақтылығы және қолданылу тиянақтылығы. Сөйтіп, фразеологизмдер басқа тіл бірліктерінен  төрт түрлі белгі -  қасиетімен ерекшеленеді :

1.Құрылым тұрақтылығы;

2.Мағына тұтастығы;

3.Даяр қалпында қолданылу тиянақтылығы;

4.Бейнелілігі, мәнерлілігі;

 Фразеологизмдердің жоғарында көрсетілген белгілерін құрылымы немесе  мағынасы  жағынан оларға  ұқсас басқа тіл бірліктерімен салыстарғанда  айқын көруге болады.

  Фразеологиялық оралымдардың түрлері бір-біріне әрқашан ашық айқын ажыратыла бермейді, осыған орай,  оларды  классификациялау тіл білімінде өте-мөте күрделі мәселе болып  саналады. Тіл білімінде фразеологиялық оралымдар әр түрлі жағынан қарастырылап, осыған сәйкес, олар  түрліше топтастырылып жүр.

  Фразеологиялық  тұтастық. Семантикалық жағынан бөлініп ажыратылмайтын, біртұтас мағынасы сыңарларының мағынасымен жуыспайтын фразеологиялық оралым  фразеологиялық тұтастық деп аталады. Фразеологиялық тұтастықтың  құрамындағы сыңарлар  бір-бірімен біте қайнасып, өз ара  тұтасып, бітісіп кетеді де бүтіндей тіркес семантикалық жақтан  бөлінбейтін, біртұтас единица ретінде ұғынылады. Мысалы, қазақ тілінде: жүрек жалғау, жүрек жұтқан, қол құсырып деген фразеологиялық тұтастықтардың  білдіретін мағыналары осы тіркестерді құрастырушы  сынарлардың  мағыналарынан келіп тумайды, олармен мүлдем жанаспайды, байланыспайды.

 Фразеологиялық бірлік. Фразеологиялық оралымдардың бұл түрі де – фразеологиялық тұтастық сияқты, семантикалық жақтан бөлінбейтің, біртұтас  единица. Фразеологиялық бірліктің бөлінбейтін мағынасы  құрастырушы сыңарлардың мағыналарының бүтіннің біртұтас келтірінді мағынасына ұласуы нәтижесінде пайда болады. Фразеологиялық бірліктің мағынасы – біртұтас образды мағына, бірақ туынды мағына. Фразеологиялық бірліктің бір бүтін мағынасы  сыңарлардың лексикалық мағыналарына таралып бөлшектенбей, тұтас күйінде ұғынылады, образды туынды мағына ретінде танылады. Мысалы: ауырдың үсті, жеңілдің астымен, ауыз жаласу, тілі қышу, түймедейді түйедей ету, тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай, екі езуі екі құлағына жеткендей, тамырына балта шабу және т.б. Орыс тілінде мынадай фразеологиялық оралымдар фразеологиялық бірлік деп саналады: выносить сор из избы (жақын адамдардың немесе шағын топтың өз арасындағы керісті, таласты жария ету), стреляный воробей («қу мүйіз, тіс қаққан, ала аяқ»), семь пятниц на неделе («өз ьшешімін, көңіл-күйін өзгерте беру, құбыла беру»), плясатьпод чужую дудку (біреудің айтқанына көніп, айдағанына жүру).

 Фразеологиялық тізбек. Фразеологиялық оралымның бұл түрі ерікті мағынасындағы сөз бен фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөздің тіркесінен жасалып, өзінің даяр  қалпында, тіркескен күйінде жұмсалады. Фразеологиялық тізбектің қатарына орыс тіліндегі щекотливый вопрос, закадычный друг, тәрізді  тұрақты сөз тіркестері мен қазақ тіліндегі мидай дала, асқар тау,шалқар көл, тас қараңғы (немесетастай қараңғы), ата мекен, ата жау, аталы сөз, бел сала, су жаңа (судай жаңа), қыпша бел  тәрізді тұрақты  сөз тіркестері енеді. Фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөздің басқа сөздермен тіркесіп жұмсалу мүмкіндігі шектеулі (шағын, аз).

   Фразеологиялық тізбектің құрамындағы фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөз өзімен синонимдес сөзбен ауыстырылуы мүмкін. Мысалы: асқар тау – биік тау, мидай дала – жазық дала, қыпша бел – жіңішке бел, тас қараңғы - өте қараңғы т.б. Фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөз өзімен мәндес (синонимдес) сөзбен ауыстырылғанда, еркін сөз тіркесі жасалады да, ондай тіркес фразеологиялық тізбекпен бір синонимдік қатарға енеді.    

   Фразеологиялық сөйлемше. Фразеологиялық оралымның бұл түрі мағынасы ерікті сөздердің тіркесінен құралады, бірақ құрамы мен қолданылуы  тұрақты болып келеді. Мысалы: Айдағаның екі ешкі, ысқырығың жер жарады; шегірткеден қорыққан егін екпес; Көрпеңе қарап көсіл; Бас білген өгізге өк деген - өлім және т.б. Фразеологиялық сөйлемше фразеологиялық тізбектен құрамында байлаулы мағыналы сөздің болмауы жағынан ажыратылады.

Сөз соңында тіліміздегі фразеологизмдердің, яғни, тұрақты сөз тіркестерінің әлі де болса, зерттеуді талап ететіні байқалады. Дегенмен, сөздің нәрлілігін, әуезділігін, көркемдігін, ұшқырлығын, тереңдігін, маңыздылығын осы тұрақты сөз тіркестері барлық жағынан үстемелеп, байытып, аша түседі. Тілдегі сөз тіркестерін оңтайлы, орынды, өз ісімізге, қызметімізге қолдана білсек, нұр үстіне-нұр болары анық.

Қолданылған әдебиеттер:

Ә.Болғанбаев «Қазақ тілінің лексикографиясы мен фразеологиясы»

К. Аханов  «Тіл білімнің негіздері»

І.Кеңесбаев  «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі»