Филологические науки.3\Теоретические и

методологические проблемы  исследования языка. 

ф.ғ.магистрі Күшегенова И.Т.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан

Изафеттік құрылымның зерттелуі және ескерткіштерде кездесетін изафеттік тіркестер

Изафет мәселесін зерттеген ғалымдар пікіріне сүйенетін болсақ, кез-келген сөздердің тіркесі изафетті құрай алмайды. Изафет болу үшін оған бірнеше белгілер тән. Олардың негізгілері мыналар: 1) зат есімдердің тіркесінен тұрады; 2) бірі екіншісіне бағына, сабақтаса байланысады; 3) лексикалық мағынасы бар кемінде екі сөзден тұрады; 4) толықтауыштық не пысықтауыштық қатынасты емес, тек анықтауыштық қатынасты білдіреді. Демек, 1)қызыл орамал, бірінші үй;  2) малды мәпелеу, ананы сыйлау; 3)төсекте жатыр, орындықта отыр; 4) үй маңы, есік алды, Отан үшін;  5) Арал теңізі; қант қызылшасы тәрізділер изафетке жатпайды. Себебі бірінші топтағылар анықтауыштық қатынасты білдіргенімен, екі зат есімнен емес, сын есім, сан есім және зат есімдерден құралған. Екінші үшінші топтағылар анықтауыштық емес, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынасты білдіреді әрі зат есім мен етістіктің тіркестерінен тұрады. Төртінші топтағылар толық лексикалық мағынасы бар сөздер мен көмекші сөздердің тіркесінен тұрады., ал изафет құрамындағы сөздердің әрқайсысының толық лексикалық мағынасы болады. [1, 25]

Түркі тілдеріндегі изафеттік құрылымның тарихи дамып қалыптасуы жөніндегі пікірлер бірізді емес. Мәселен, А.М.Щербак изафеттің ІІІ түрін кейінгі дәуірдің жемісі деп қарайды. Поссесивті конструкцияларда морфологиялық көрсеткіштердің кейінгі кездерде ғана жалғана бастауын ескере отырып, шығыс Түркістан текстерінде жиі кездесіп отыратын бэг аты (бектің аты), баш ағыры (бас ауруы), ара йағы (араның балы) сияқты тіркестерді көне үлгілер ретінде алуға болады: бэг ат – бэг аты – бэгінің аты.

Бұған қарама-қарсы пікірлер бар. Н.А.Баскаков «Нельзя согласиться также и с установившейся в настоящее время в тюркологии теорией последовательного развития конструкции так называемого изафета, по которой полная конструкция оформленным родительским падежом определением считается более новой по отношению к притяжательным конструкциям с элизией некоторых ее элементов»[2, 150] - дейді. Яғни ол изафеттің бірінші түрінің көне құрылым екенін құптай отырып, бұдан кейінгі дамуда нольдік изафеттің негізінде изафеттің толық грамматикалық формантты түрі (изафет ІІІ) пайда болды деп түсіндіреді.

Көне түркі жазбалар тілінде изафеттің үш түрінің үшеуі де кездеседі. Профессор М.Томанов бұған септік жалғаулары көне дәуірдің өзінде  қалыптасқанын дәлел етеді. В.Д. Aракин изафеттік сөз тіркестерінің түр-  түрінің Орхон жазуындағы статистикалық көрінісін былай көрсетеді.

Орхон ескерткіштерінде

И.І түрі

И.ІІ түрі

И.ІІІ түрі

70%

25%

4%

Ал «Көріпкел кітапшасында» изафеттік құрылыстар сәл өзгешелеу:

Көріпкел кітапшасында

И.І түрі

И.ІІ түрі

И.ІІІ түрі

46%

48%

6%

 Осы деректерге сүйеніп, изафеттік сөз тіркестерінің қалыптасуы мына ретпен жүрген деп есептеуге болады: И І > И ІІ >И ІІІ [3, 14].

Cонымен изафеттің дамуы туралы бір-біріне қарсы екі түрлі пікір бар: бірі – морфологиялық форманың өрістеуін негізге алған пікір де, екіншісі – морфологиялық форманың біртіндеп жоғалуын негізге алған пікір.

Анықтауыштық қатынасты құрайтын зат есімдер бір – бірімен атау тұлғада қабыса байланысады. Екі зат есім атау күйінде қатар айтылып, қабыса қиылысқан, алдыңғысы соңғысына сын болатын изафеттік құрылыстың қабыспалы деп аталатыны жоғарыда айтылды. Изафеттің бірінші түріне мысалдар келтірейік: күміс қасық, тас жол, жер үй, ағаш аяқ, ас бөлме, ат дорба, ата жау, алма бет, алтын сақа, аяқ машина, бақа бас, бауыр ет, бесік құда, ер бала, жан жолдас, киіз байпақ, күнделік дәптер, күрек тіс, кіндік шеше, қазан пеш, қамыс қора, қасқыр ішік, қауырсын қалам т.б. Осы сықылды сөз тіркестеріндегі сөздердің орын тәртібі берік, бір- бірімен қатар жапсарласа айтылып, арасына сөз салмай байланысқанда ғана алдыңғысы анықтауыштың, соңғысы анықталушы мүшенің қызметін атқарады.

Изафеттік құрылым зат есім мен зат есімнің тіркесуінен жасалады деген анықтамаға сүйеніп, осы тектес құрылымдардың барлығын изафетке жатқыза беруге болмайды. Ата-ана, мекен-жай сияқты тіркестердің арасында логикалық байланыс бар. Олардың екі сыңары қосарлана келе бір ұғымды білдіріп тұр.

Екі зат есімнің қабысуы арқылы құралған сөз тіркестері – көнеден келе жатқан, тіліміздің грамматикалық жүйесіне икемділік беретін тіркестер, сондықтан бұлар тілімізде мол жұмсалады.

Изафеттің бірінші және екінші түріндегі ілік септіктердің қолданылмай түсіп қалуын нөлдік форма тұрғысынан келгенде саралай қарау керек сияқты. Атау тұлғада тұрған изафеттің бағыныңқы сыңары атау септіктің нөлдік тұлғасы ма, жоқ әлде ілік септіктің нөлдік тұлғасы ма, осы жағын талдап барып қана анықтауға болады. Ауылдың маңы – ауыл маңы дегенде ілік септіктің жасырын тұрғандығы анық көрініп тұр. Ал қалта сағат десек, ілік септігі жасырын тұр деп, (қалтаның сағаты)  айта алмаймыз. Атау септіктің өзі де жасырын тұлғада тұрып, нөлдік формаға жатады.

Атау тұлғадағы зат есімдер арқылы жасалған изафеттің түрі кейде сөз жасау тәсілі ретінде де пайдаланылады. Қалта сағат, сағат қалта сықылды тіркестердегі сөздердің орындарының алмасуымен жаңа ұғымды сөздер жасалған. Бұл, әрине, толық дәрежедегі сөз жасау тәсілі ретінде қалыптаса қойған жоқ, қолданылу аясы да төрт – бес сөздер шеңберінде ғана, бірақ қалай болғанда да, изафеттік үлгінің бұл түрінде осындай бір бағыттың бары ақиқат.

«Мухаббат – наме» ескерткішінің мәтінінде кездесетін изафеттік тіркестер:

23 – жолда Берур йарым сиңак елкинга сатур «Жарымжан масаның қолына селебе пышақ береді»;

Изафеттің ІІ түрі:

39 – жолда Түн ақшам ким көрүнди байрам айы «Түн. Ақшам. Көрінді мейрам айы»;

40 – жолда Мухаммад – Хожа – бек давлат хумайы «Мұхаммед Хожа – бек – дәулет құмайы»;

43 – жолда Хүсайни пардаси үзра түзүб саз «Хұсайын пернесі саз түзіп»;

56 – жолда Ишикиң топрақы давлати даргах «Есігіңнің топырағы – дәулет сарайы»;

64 – жолда Йүзүң нүри бу дайниниң сарайын «Жүзің нұры бұл жалғанның сарайын»;

71 – жолда Ижазат берсаңиз таң йақтусы тек «Ұлықсат берсеңіз, таң жарығындай етіп»;

110 – жолда Мухаммад – Хожа – бек алам күбанжи «Мұхаммед Хожа – бек – әлем қуанышы»;

 124 – жолда Черикта қан тамыр қамчың учиндин «Ұрыста қан тамады қамшыңның ұшынан»;

Изафеттің ІІІ түрі:

24 – жолда Ким ол Намрудниң мағзын чықарур «Ол Намруд патшаның миын ағызады»;

25 – жолда Қылур йилни Сулайманның пырақы «Желді Сүлейменнің пырағы қылады»;

64 – жолда Йүзүң нүри бу дайниниң сарайын «Жүзің нұры бұл жалғанның сарайын»;

70 – жолда бойуңузға латафатниң буқайын «Бойыңызға лайықтап әсемдіктің киімін»;

91 – жолда Ешиттің ерса Йүсүфниң жамалин «Есітіп пе едің Жүсіптің сұлулығын»;

108 – жолда Кичик йашдин улығларның улығы «Кішік жастан ұлықтардың ұлығы»;

169 – жолда Хоразминің кетиб  ақлы башындин «Хорезмидің ақылы кетіп басынан». [4, 186]

 

«һибат – ул Хақайиқ» ескетркішінде кездесетін изафеттік тіркестер:

44 – жолда, Оқуған кишиниң йарусын жаны «Оқыған кісінің жаны жадырасын»;

48 жолда, Билиг ма'даны һам фазилат кәны «Білім бұлағы және жақсылықтың кені»;

52 жолда, Ва лайкин бушарда шара арсланы «Алайда қаһарланғанда Шара арыстаны сияқты»;

59жолда, Айа шаһым ердамларын санаған «Ей, шаһымның қадір қасиетін санаушы»;

60жолда, Санар му едиз қум ушақ таш саны «Түйір құм мен ұсақ тастың саны есептеуге келе ме?»;

83жолда, Бирлин бирла билинүр са'адат йолы «Бақыт жолы білім арқылы білінді»; [5, 230]

 

 

 

 

         Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Қамзаев К. Изафеттің екінші түрі және оның атаулық тіркеске ұласуы

 // Ізденіс. Гуманитарлық ғылыми сериясы. – 1998.  – № 6:  – 25 – 28 б.

2.Баскаков Н.А. «Историка – типологическая характеристика структуры тюркских языков». – Москва, 1975 – 287 б.

3.Қамзаева К.С. «Қазақ тіліндегі изафеттердің құрылымдық және жұмсалымдық аспектілері». Канд. дисс. Автореф Алматы, 2002. – 27 б.

4.Сағындықұлы Б. «һибатул – ул Хақайик» – ХІІ ғасыр ескерткіші. –Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 186 б.

5. Сағындықұлы Б., Тәшімбай С. «Мухаббат – наме» ескерткішінің (ХІV) мәтіні. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 230 б.