Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы , гуматинарлық
ғылымдар магистрі.
Көркем мәтіндегі қос сөздердің мағыналық ерекшеліктері
Көркем мәтіндегі қос сөздердің
мағыналық ерекшеліктерін ашу мақсатында
М.Әуезовтың «Абай жолы» романындағы лексикалық
бірліктерге талдау жүргізуді жөн көрдік.
Романдағы қос сөздердің жасалуына тән заңдылықтар сыңарларының мағыналық байланысына қатысты болып келеді. Туындыда ешбір мағыналық байланысы, бір-біріне қатысы жоқ сөздер бір-бірімен қосылып, қосарланбаған. Міне, бұл романдағы қос сөздердің жасалуында қатты сақталған заңдылық. Осыған байланысты қос сөздердің сыңарлары көбіне мағыналас, синоним, антоним сөздерден болған. Мысалы төмендегі сөйлемдерге назар аударайық Қораның ішімен ас үйдің бәрі палау басқан, сарбуға салып, балқытып ет асқан қазан-ошақтарға толды (Абай жолы, 2-кітап, 117-б.). Тіпті ауыл маңында үрген ит те жоқ. Олар да сорпа-сүйек тимеген соң, жүдеу күздің күнінде тышқан аулап, қаңғып кеткен(Абай жолы, 3-кітап, 57-б). Терлетпей аяңдап жүрген семіз сәйгүліктердің жал-құйрықтары қыраулатып, кекілдері шалбастанып тұр(Абай жолы, 3-кітап, 72-б). Осы сөйлемдердегі қазан-ошақ, сорпа-сүйек, жал-құйрық деген қос сөздер өмірде бір-бірімен белгілі байланысы бар заттардың атынан яғни бір-бірімен мағыналық қатысы бар сөздерден жасалған . Мағыналық байланысы бар қос сөздер романда көп қолданылған. Мысалы: қарға-құзғын, тай-құлын, аяқ-қол, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, кедей-кепшік, шаң-тозаң, қатын-бала.
Мұхтар Әуезов
өзінің туындысында мағыналары бір-біріне
қарама-қайшы сөздерден жасалған, яғни, антоним
сөздерден болған қос сөздерді көп қолдана
білген. Мысалы, Қазіргі
күндерде бұлар аш-тоғын
да елемейді(Абай жолы, 3-кітап, 67 –б.). Сондықтан барлық еркек-әйел
сол қалың қойды қоршап алып, айқай салып
қамап тұр (Абай жолы, 3-кітап,81-б.). Солар арқылы әр кеңсенің үлкенді-кішілі чиновниктеріне де осы күнде білікті,
көзтаныс арызшы болып алған(Абай жолы, 3-кітап, 168-б). Осы
сөйлемдердегі қос сөз мағыналары бір-біріне
қарама-қайшы, яғни антоним сөздерден жасалған.
Мұндай сөздер романда көптеп кездеседі. Мысалы:
еркек-әйел, үлкен-кіші, аттылы-жаяу, ұл-қыз,
аш-тоқ, азды-көпті, іші-тысы, ақ-қара т.б.
Сонымен қатар М.Әуезов
романында бір сыңары мағыналы, екінші бір сыңары
мағынасыз сөздерден жасалған қос сөздер де
көптеп кездеседі. Мысалы, Бұншалық өктем,
зорлықты күтпеген момын ауылдар қазір біріне-бірі
жүгірісіп, жалғыз-жәутік,
тай-тулаған мінісіп шапқыласып әбіргерге түсті
(Абай жолы, 3-кітап, 65-б). Қайда
қойшы, сауыншы, күзетші, жылқышы кем-кетік, жоқ-жітік болса солардың ғана басына
арналған апат (Абай жолы,
3-кітап, 121-б). Қазан-аяғына шейін жамап-жасқайтын,
жасқаушысы болдым ғой (Абай жолы, 2-кітап, 176-б).
Осы сөйлемдердегі тай-тулағын, кем-кетік,
жоқ-жітік, қазан-аяқ, жамап-жасқайтын деген
қос сөздердің бір сыңары мағыналы да екінші
сыңары мағынасыз. Мұндай қос сөздер романда
көп кездеседі. Мысалы: әуре-сарсаң, тығыз-таяң,
шапан-шоқпыт, киім-кешек, ойын-сауық, бала-шаға,
ұры-қары, аралас-құралас, тері-терсек,
жүн-жұрқа, көрші-қолаң т.б.
Сонымен қатар романда екі
сыңары да мағынасыз сөздерден жасалған қос
сөздерді кездестіреміз. Мысалы: оқта-текте,
ыңқыл-сыңқыл,
саңғыр-сұңғыр, әлім-берім, быт-шыт,
мең-зең, астаң-кестең, ойран-топан, тас-талқан,
некен-саяқ, іле-шала, алда-жалда, ұмар-жұмар,
бұрқ-сарқ, үшті-күйлі т.б.
Тіл мамандары осындай қос
сөздердің кейде бір сыңары, кейде екі сыңары да
мағынасыз болып келуі, тілдің даму сатысына байланысты; ол
жағдай қос сөздердің жасалған кезіне қатысты
емес, олардың бәрі алғаш мағыналы сөздерден
жасалған деген пікір айтады. Кейін келе бір сыңары, кейде екі
сыңары да тілдік дамудың нәтижесінде лексикалық
мағынасы солғындап, не мағынасынан мүлдем айырылып,
қазіргі дәрежеге жеткен. Оған сөздің
дыбыстық өзгеріске ұшырауы да қосылған деп
тұжырымдайды.
М.Әуезовтің «Абай
жолы» романындағы қос сөздердің өзіне тән
жасалу заңдылықтарымен қатар өзіне тән
мағыналық ерекшеліктері де бар. Романдағы қос сөздердің
мағыналары бірдей емес. Қос сөздердің
тұлғалық түрлері қаншалықты бай болса,
мағыналық ерекшеліктері соншалықты көп.
Туындыдағы кейбір қос сөздер дара мағыналы
сөздерден құралып жинақтық я жалпылық
мағынаны білдіреді. Мысалы, Түнгі
жүрістің сырын іріккен ыңғайлы, ықшам жігіт те
өне бойымен қару-жарақ,
ер-тұрманымен сондай әдемі реңге ауысқан (Абай
жолы, 3-кітап, 224-б). Осылайша өзі
қыз-келіншектерге арнап
істеген жүзік-сырғасын
ұсынған, қазақша кіселі белдік жасап, қыны мен
пышағын түгелдеген қол ісмерлері де кездеседі (Абай жолы,
3-кітап, 49-б). Бірақ ол
тұста Әйгерімнен өздері төмен болса да, оны
қызғанышпен жек көретін абысын-ажын,
келін-кепшік дегендерге басқаша мінез жасауға үйреткендей
(Абай жолы, 3-кітап, 120-б). Отырғандарға
сәлем беріп, Асылбай ел-жұрт,
ауыл-аймақ амандығын сұрап алып, қаланың
хабарын айтуға көшті (Абай жолы, 3-кітап, 220-б).
Осындағы бірінші сөйлемдегі қару-жарақ деген қос сөзі бастапқы қару және жарақ дейтін жеке сөздерден қосарланып, ұрысқа қолданылатын соғыс құралдарының жалпы мағынасын білдіреді. Ал ер-тұрман қос сөзі де жеке-жеке мағынасының жиынтығын қамтитын жалпы бір мағынада, яғни тек атқа байланысты керекті ер, тоқым, жүген, әбзел тағы басқа жабдықтарды білдіру мақсатында ғана қолданылған. Енді, кейінгі сөйлемдердегі қос сөздердің мағынасына назар аударайық. Қыз-келіншек деген қос сөзде қыздар тобы мен келіндер тобын; жүзік-сырға – жалпы әйел затына тән түрлі тақыншақтар.Абысын-ажын, келін-кепшік деген қос сөздер жалпы абысын мен келін атауын білдіреді. Сонымен қоса, ауыл- аймақ, ел-жұрт деген ұғым бүкіл ауыл, ел және оның айналасын; ағайын-туған деген ұғым әке, шеше, апа, аға, іні, қарындас, нағашы, жиен т.б. дегендердің жеке мағынасын қамтитын жалпы бір мағынада қолданып тұр.
Романдағы қос сөздердің келесі бір мағыналық ерекшелігі қимылдың я көріністің бір қалыпты емес, бірде олай, бірде бұлай құбылып отыратындығында. Мысалы, Ойлы көзі үй ішіне, Қаражан, Тәкежан жаққа жалт-жұлт қарай түседі(Абай жолы, 3-кітап, 64-б). Кейбіреулерінің білегіне ілген, үзеңгіге ілген емен сойылдары қақтығысып, сатыр-сұтыр етіседі(Абай жолы, 3-кітап,71-б). Бәріміздің жиылып, тауықша шөкімдеп тауып, тергеніміз тек қана сол ішкен тамақ пен осы үстіміздегі бір-бір қабат лыпаға тақ-тұқ жетіп отырады (Абай жолы, 4- кітап, 9-б). Жаяу базардың оқшау бір белгісі: ең әуелі, тынымсыз балдыр-бұлдыр, дабыр-дұбыр, саңғыр-сұңғыр, үздіксіз, сөйленіп жатқан үндер, сөздер естіледі. (Абай жолы, 4- кітап, 47-б). Осы мысалдардағы жалт-жұлт, сатыр-сұтыр, тақ-тұқ, балдыр-бұлдыр, дабыр- дұбыр,саңғыр-сұңғыр деген қос сөздер қимылдың бір қалыпты емес, құбылып өзгеріп тұратынын білдіріп, амал кезектеніп отырады. Бұл сөздердің осындай мағыналық ерекшеліктері сөздің бірінші сыңарындағы ашық дауысты дыбысының екінші сыңарда еріндік қысаң дауысты дыбысқа ауысуы арқылы жасалған.
Туындыдағы келесі бір қос сөздер екі субьектінің арасындағы әрекеттің немесе қарым-қатынастың тікелей байланысы болатынын білдіреді. Мысалы; Жаңағы тазы ит иесінің сол қызға көзі түсіп сұрағанда, Педот баспа-бас айырбасқа салады(Абай жолы, 3-кітап, 67-б). Жүзбе-жүз бет алдында ақсиған жауы ажалдай көрінсе де әлі түк те шіміріккен жоқ(Абай жолы, 3-кітап, 83-б). Тайдай арлан бөрімен шаппа-шап ұстасып өлердей жағаласқаны, табжылтпай ұстап өлтірткені – бәрі де бұл өңірде, бұл заманда болмаған балғын азамат қасиеті боп тарады(Абай жолы, 3-кітап, 84-б). Осы сөйлемдердегі баспа-бас, жүзбе-жүз, шаппа-шап деген қос сөздер амал мен істің біреу арқылы емес екі субьектінің арасындағы әрекеттің тікелей болатынын білдіріп тұр.
М. Әуезов туындысында
мезгілдік мағынаны беретін қос сөздер де жиі кездесіп
отырады. Мысалы, Жаман үйінде,
жыртық шоқпыт төсекте қатын-бала
қасында тыныштық алып жату деген Алтыбайдың қысы-жазы
қолына түспейтін арманы тәрізді(Абай жолы, 4-кітап,
291-б). Өздері әнін үйретіп,
сыйластық, құрметтестікке жеткен соң, көп
ауылдардың жастары Біржан мен Абайды өз ауылдарына шақырып,
үзілмеген ұзақ сауық күн-түндерін өткізген(Абай жолы, 2-кітап, 52-б). Бұл келтірілген
мысалдардағы қысы-жазы, күндіз-түні,
күнбе-күн, таңды-таңға дегендер мезгілді білдіріп
тұр.
Романда бір затты қомсыну,
кемсіну мағынасын білдіретін қос сөздер де
қолданылған және сөйлемге эмоциялық реңк
үстеген. Мысалы, мына сөйлемдерге назар аударайық: Бұларды ат-матымен осы жатқан алақандай қарлы жерімен де
түгел үйіріп, құйындағы
қаңбақтай шырқ айналдырған сияқты( Абай
жолы, 2-кітап, 205-б]. Осылардың әрқайсысы асырап
отырған қызыл қарын жас бала, айналасында қолдарына
қараған кәрі-құртаң,
ақсақ-тоқсақ бар екен(Абай жолы, 2-кітап,196-б]. Тек шай-пай ауыз тисек болды (Абай жолы, 3-кітап, 177-б).
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1 М. Әуезов «Абай жолы»
2-кітап А. Жазушы 2002 ж. 117-б
2 М.
Әуезов «Абай жолы» 3-кітап А.
Жазушы 2002 ж. 215-б
3 М.
Әуезов «Абай жолы» 4-кітап А.
Жазушы 2002 ж. 215-б