Ф.ғ.к. Аман
Маделханұлы Абасилов
Қорқыт ата
атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан
ТІЛ МЕҢГЕРУДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙЛЕРІ
Өткен ғасырдың
басында Алаш зиялылары қазақ тілінің тағдырына
алаңдап, қайткен
күнде қазақ тілін ұлттың өмір
сүруінің тірегі, кепілі болуын армандап, оны оқытып
үйретудің негізін қалады. Қалағанда да
құламастай етіп берік етті. Алайда жетпіс жылдан асатын мерзімде
сол үлгі-нұсқалардың ешбірі еленбей, сол зиялы
аталарымызбен бірге құмға көміліп, топырақ
астында қалды. Олардың айтқан сөздері мен ұлт,
оның тілі туралы ой-пікірлері, аңсаған армандары ескерусіз
қалды. Тәуелсіз ел болып, еңсемізді көтерген
бүгінгі күні де олардың қазақ тілін дамыту,
оқытып-үйретудегі көрсеткен сара жолы әлі де
назарға алынбай, үздік-үздік ой ұшқындары
ғана қазақ тілін оқыту, меңгерту
тақырыбындағы бүгінгі ғалымдар мен
әдіскерлердің өз ойын, өз пікірін дәлелдеуде ғана
дәйек түрінде айтылып қалады. Біздіңше, әсіресе,
А.Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту,
үйрету, дамыту тұрғысындағы «Тіл –құрал»,
«Методика мәселелері», «Баяншы», «Тіл жұмсар», «Қай
әдіс жақсы» т.б. толып жатқан мұрасын бүгінгі
күн талабына сай да толығынан пайдалануға әбден болады.
Мысалы, А.Байтұрсынұлы «Тіл жұмсар» атты сөйлеу,
оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын
бірінші кітабында: «Тіл –
құрал. Құрал
болғанда толып жатқан есепсіз бөлшектері бар, ол
бөлшектері түрлі жағымен қиысатын толып жатқан
қырлы, тетіктері есепсіз көп бір өте үлкен машина
секілді құрал.
Қандай құрал болса да, оның жұмсаушысы екі
түрлі болмақ. Біреуі – құралдың ішкі-тысқы
бөлшектерінің бәрін біліп, олар қалай бір-біріне
үйлесіп, үйлескенінен шығатын тетіктер бір-біріне қалай
жалғасып, қалай қызмет ететіндігін біліп отырып
жұмсаушы. Екіншісі – олардың бәрін білмей-ақ
құралдың жұмсауға керегі бар тысқы
бөлшектері мен тетіктерін көріп, жұмсау әдісін
үйреніп алып жұмсаушы. Ішкі бөлшектері мен тетіктерін
бұл таныс құралды жұмсап жүріп, онымен көп
істес болып барып, тәжірибе арқылы таниды.
Солай танығаннан кейін ананың да, мынаның да
құрал жұмсауы, оны тануы бірдей сияқты болып
шығады. Бірақ асылында олай болмайды. Мәселен, машина
бөлшектері жасалған заттардың қасиеттерін, олар
үйлесумен шығатын тетік заңдарын жайын жақсы білетін
жұмсаушының машина тануы мен тек өз тәжірибесі
арқылы машынамен танысқан адамның машина тануы – екеуі бірдей
болмайды. Машина жүрісінде кемшілік біліне бастаса, оның неден
екенін анау бірден білгенде, мынау тіпті білмеуі мүмкін.
Жалпақ жұрттың құрал тұтынуы
көбінесе екінші жолды болады. Тігін машиналарын, пішен, егін машиналарын
қолданушылар солардың ішкі, сыртқы бөлшектерін,
тетіктерін біліп отырып жұмсамайды, жүргізетін, тоқтататын
сияқты жұмсауға керегі бар тек тысқы бөлшектері
мен тетіктерін біліп қана жұмасайды. Бұлардың да машина біліп алатындары болады,
бірақ оны құрал жұмсау жүзінде көп
тәжірибе көргеннен кейін біледі.
Бұл күнде бала үйретудің табиғи жолы –
тәжірибе арқылы білім алатын осы айтылған соңғы
жол деп танылады. Жаңа ел мектебі – білімді түптеп білдіріп,
мамандар шығаратын мектеп емес. Жалпы тұрмысқа
жұмсалатын жалпақ түрдегі білім беретін мектеп.
Сондықтан үйрету жүзіндегі қазіргі
жаңалықтың негізі – үйрету, әсіресе бастауыш
мектепте үйрету тәжірибе жолымен білу»[1. 335-336-бб.].
Міне, А.Байтұрсынұлы тілді қалай үйрету,
қалай меңгерту керектігін тайға таңба басқандай
етіп, қарапайым мысалмен түсіндіреді. Тіл меңгертудің
екі түрлі жолын көрсетіп, жалпақ жұртқа, басым
көпшілікке тілді меңгертудің табиғи жолын
нұсқайды. Бірақ тіл үйретуде біз бұл жолды
таңдамай, барлық тіл үйренушіні филолог, тіл маманы етіп
шығаратындай грамматиканы үйретуді, яғни екінші жолды
таңдадық. Содан мектепке тақпақтатып өлең
оқып, ән айтып сайрап келген балаға тілдің ішкі жүйесі мен құрылымын
оқытып, тіл меңгеру деңгейін оның дұрыс
сөйлеу, сауатты жазу дағдысымен емес, таза грамматикалық анықтамалар мен теориялық қағидаларды
білуімен бағалап, мектеп бітіргенде бір ауыз сөзді дұрыс айта
алмайтындай дәрежеге апардық. Бұл - ащы болса да
шындық.
Жалпы тіл білу, тіл меңгеру
дегенге белгілі бір тілдің грамматикасы мен сөздік қорын
игеруді ғана жатқызу жеткіліксіз. Өйткені сол сөз,
сөйлемдердің немесе грамматикалық
құрылыстың сөйлеу жағдаятының қай
түріне қолдана білу туралы анық түсінігі болуы
қажет.
Баланың әлеуметтану процесінде, яғни
қоғамның толық құқылы азаматы болу
процесінде ол тілдің грамматикалық құрылысын,
қарым-қатынасына қарай қай жерде, қандай
мақсатта және қай коммуникативтік тәсілде
қолданудың жүйесін
үйренеді. Мұның бәрі әлеуметтік
лингвистикалық немесе барынша кең коммуникативтік
құзіретті құрайды. Бұл адамға тек
сөйлеуші ғана емес, әлеуметтік қарым-қатынас
жүйесінің толыққанды мүшесі болуына
көмектеседі. Сондықтан «тіл меңгеру» ұғымы
әлеуметтік лингвистикалық категория болып табылады.
Белгілі социолингвист-ғалым Л.П.Крысин «Социолингвистические аспекты
изучение современного русского языка» атты еңбегінде тіл
меңгерудің төмендегідей деңгейлерін көрсетіп,
оларға түсініктеме береді [2. 120-133-бб.].
1.Таза лингвисткалық
деңгей. Бұл деңгей адамзат қызметінің
қай саласындағы қолданылу сипатына қарамастан сөйлеушінің
ойын еркін бейнелеп, құбылтып айта алу икемдігін,
қабілеттілігін қамтиды. Тілді құбылта қолдана
білу қабілеттілігі сөйлеушінің бір ойды әртүрлі
айта алуынан көрінеді. Ойды неғұрлым көп түрлі
ете айта білсе, соғұрлым тілді меңгеру дәрежесі
жоғары болады.
2.Ұлттық-мәдени
деңгей. Бұл – тілдік құралдарды пайдалануда
ұлттық нақыштағы ерекшеліктерді меңгеру. Ана тілі
немесе өзге тілде сөйлеуші жас кезінен сол тілдің
сөздік қорын,
грамматикасын, интонациялық жүйесін біртіндеп қабылдай
келе дағдыға айналдырады, ұлттық, мәдени
материалдар мен рухани формаларды бойына сіңдіреді. Осыдан келіп,
өзіндік ұлттық сөз саптау ерекшелігі пайда болып
қалыптасады. Мысалы, Венгрияда шайды қайнатады (варить) деп
айтқан дұрыс болса, Ресейде шайды демдейді (заваривают) деп айту
ұлттық сипатты көрсетеді. Сондықтан орыс тілінде шай
қайнату (варить чай) деген тіркес грамматикалық жағынан
дұрыс болғанымен, сөйлеу дәстүріне жат
көрінеді. Айталық қазақтарға
қонаққа бару және қонақты үйге
шақыру деген дағдылы нәрсе, ал французда бұл
тәртіп бойынша қонақпен үйден тысқары кездеседі.
Соған байланысты оларда мұндай оралымдар қазақ
тіліндегідей кездеспейді.
Финляндияда жұмыртқаны біздергегідей емес, салмағын
өлшеп сатады, соған байланысты олардағы «Маған 1 кг
жұмыртқа беріңізші» деген сөйлем бізге біртүрлі
жат естіледі. Біздегі сөз саптауда бұл: «Маған 10 дана
жұмыртқа беріңізші» түрінде айтылады. Ал бұл
сөйлем оларға жат естіледі.
3.Энциклопедиялық деңгей.
Бұл – тек сөздің
өзін ғана игеріп қана қоймай, сонымен қатар
«сөз әлемін», яғни сөз астарындағы шындық
болмысты және осы шындық болмыс пен сөз арасындағы
байланыстарды игеру. Мысалы, орыс тілінде сағат сөзін меңгеру
тек оның беретін лексикалық және грамматикалық (часы
идут, стоят, спешат, остановились, тикают, бьют, точные часы) мағыналарын
ғана емес, сондай-ақ сол сөздің фразеологиялық
мағынасын да (точен как часы) және
оның түрлі құрал аттары болуын, яғни уақыт
өлшемін білдіруге (часы электронные, наручные, будильники т.б.) қатысты ұғымдарын да
қамтиды.
4.Жағдаятты
(әлеуметтік лингвистикалық) деңгей.
Бұл – тілдік білімі мен
қабілеттілігін таза лингвистикалық тұрғыдан,
сондай-ақ ұлттық-мәдени және
энциклопедиялық деңгейлерге қатысты әр алуан
жағдаятқа сәйкес қолдана білу. Жағдаятты
қарым-қатынаста болу бірнеше компоненттен тұрады:
1) сөйлеуші және оның әлеуметтік рөлі;
2) тыңдаушы және оның әлеуметтік рөлі;
3) сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы байланысты
қатынас;
4) қарым-қатынастың түрі (ресими, бейресми,
достық);
5) мақсаты;
6) қарым-қатынас құралы (тілдің ішкі кіші
жүйелері:әдеби тіл, диалекті, жаргон т.б.) немесе тіл стилі, тілдік
емес құралдар: мимика, жестілер т.б.);
7) қарым-қатынас тәсілі (ауызша-жазбаша);
8)
қарым-қатынас орны.
Осы айтылғандарды жинақтай
келсек, тілді қолдану мен оны игеруде адам әлеуметтік
әрекеттегі субъект ретінде жалпы және коммуникативтік
құзіретін дамытады.
Жалпы құзірет тілдік
болып табылмайды, бірақ ол коммуникативтік құзіретпен
қоса кез келген әрекетті қамтамасыз етеді. Жалпы құзіретке
белгілі ғалым Т.М.Балыхина мыналарды жатқызады:
1.Ғалам туралы
түсінік. Бұл түсінік адамның
өмірлік тәжіребесі мен түрлі көздерден алған
білім арқылы алынады.
2.Әлеуметтік-мәдени
білім. Бұл белгілі бір тілдік
қауымдастықтың төмендегідей мәдени салаларын
қамтиды: күнделікті өмір (мерекелер, жұмыс
күндері, демалыс уақыты, тұрмыс), өмір жағдайы
(өмір сүру деңгейлері, тірлік жағдайы, әлеуметтік
көмек жүйелері), жеке тұлғалар арасындағы
қатынастар (қоғамның жіктік құрылысы,
отбасылық қатынастар, түрлі ұрпақ өкілдері
арасындағы қатынастар, қызметтік қатынастар, саяси
және діни топтар арасындағы қатынастар т.б.), мынадай
құбылыстар мен түсініктерге қатысты
құндылықтар, сенімдер (мемлекеттік қызмет, білім беру
саласы, басқару, қауіпсіздік, дәстүр, өнер, дін,
қалжың), жест тілі (ұлттың осы саладағы
өзіндік дәстүрлері), этикеттік ережелер (сыйлықтар,
киім, танысу этикеті, т.б.), ритуалдарды орындау (қоғамдық
орындарда әртүрлі
қойылымдар мен ресми салтанаттарда адамдардың өзін-өзі
ұстауы, көрсете алуы т.б.).
3.Жалпы
құзіреттің үшінші компонентіне мәдениетаралық білім жатады. Бұған
өзінің туған елі мен тілін үйренуші елдің
мәдениеттеріндегі ұқсастықтар мен
айырмашылықтарды ажырата алу
түсінігі енеді. Өзге тілді үйренушінің
коммуникативтік әрекеті оның алған білімінен,
қалыптастырған дағдысынан ғана көрінбейді. Ол
әрдайым адамның жекелік қызметімен анықталатын
тұлғалық фактордың әсерінде болады. адамның
жекелік (тұлғаның) қасиеті оның
көзқарасымен (мысалы, жаңа адамдарды, жаңа
мәдениетті қабылдаудағы ашық-жақындығы,
оларға қызығушылығы), оның әрекет
қылығындағы мотивациялар (мотивацияға шешім
қабылдаудағы интуициясын,
шешімнің ойлылығын, қатынастағы қажеттілігін
жатқызуға болады); құндылықтарымен
(этикалық және өнегелік); сенімдерімен (мысалы, идеологиялық,
философиялық, діни) танымдық қабілеттерімен (конвергентті,
дивергентті, бүтіндік, аналитикалық, синтетикалық), жекелік
сапасымен өлшенеді.
Сонымен қалыптасқан,
қисынға келген, жетілген коммуникативтік құзіреттің
деңгейі негізіне тұжырымдалған, қалыптасқан жалпы
құзіреттің деңгейі мен
сапасы жатады.
«Коммуникативтік құзірет» түсінігі туралы бірер сөз
айтар болсақ, ол жөнінде ғылыми қауым біршама көп
түрде қарастырып, оған жалпы құзіретті қоса
жатқызып жүр. Шындығында, коммуникативтік құзірет
тіл үйренушінің ана тілінде қалыптасып жүйеленеді. Сондықтан
коммуникативтік міндеттерді тіл үйренуші жоғарыда санамаланып
көрсетілген жалпы қабілеттерін тілдік құзіреттілікпен
бірлікте қолдана отырып орындайды. Тілдік құзіретке мыналарды
қамтиды:
-лингвистикалық құзірет;
-әлеуметтік лингвистикалық құзірет;
-прагматикалық құзірет.
Лингвистикалық құзірет. Бұған
ғалымдар: лексикалық хабардарлық, семантикалық
хабардарлық, грамматикалық хабардарлық, фонологиялық
хабардарлықты жатқызады. Сондықтан бүгінгі таңда
ғалымдар лингвистикалық хабардарлық құрамына
орфографиялық және орфояпиялық хабардарлықты
қосып жүр.
Әлеуметтік лингвистикалық құзірет.
Бұл хабардарлыққа әлеуметтік контексте тілді тиімді
қолдану үшін қажетті білім мен дағды енеді. Бұл
хабардарлықтың өзіндік жүйесі бар. Оған амандасу,
сәлемдесу түрлері, қаратпа, сөзге тарту түрлері,
әдептілік ережелері, халық даналығы, халық
мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылатын
көп ғасырлық тәжірибесі (мақалдар, қанатты
сөздер, ырымдар, нанымдар) қарым-қатынас тізбегі (салтанатты,
ресми, бейтарап, бейресми, әңгімелесушілік т.б.) жатады.
Әлеуметтік
лингвистикалық хабардарлық сондай-ақ адамның тілдік
қабілеттігін, оның шығу тегі, өмір сүру орны,
әлеуметтік ортасы қызмет түрі жағынан да
анықтауға мүмкіндік береді.
Прагматикалық құзірет. Оның
құрамы күрделі және ол дискурстық
қабілеттілікті, яғни дұрыс сөз саптай алуды, оларды
мәтінге біріктіре алу ережесін білуді; функционалдық
қабілеттілікті (түрлі коммуникативтік қызметтерді орындау
үшін сөз саптай білуді: өз пікірін айта алу, сендіре білу,
қатені түзете алу, нұсқау, айта алу, дәлелдеме, түсініктеме айта алу т.б.)
қамтиды.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.Байтұрсынов А. Тіл тағылымы (Қазақ тілі мен
оқу-ағартуға қатысты еңбектері). – Алматы: Ана
тілі, 1992. -448 бет.
2.Крысин Л.П. Социолингвистические аспекты изучения современного русского языка.- Москва: Наука, 1989. -188 с.
3.Балыхина
Т.М. Уровни владения русским языком в системе общеевропейских компетенций.
Сайт: www. testor. ry/files/Conferens/test
kompet/Balihina.doc.
4.Аврорин В.А.
Проблемы изучение функциональной стороны языка: к вопросу о предмете
социолингвистики. –Ленинград.: Наука, 1975.
Резюме
В данной статье понятие «владение языком» расматривается как
социолингвистическая категория. Автор в своем исследовании основывается на
взглядах Ахмет Байтурсынулы по вопросам изучения, преподпвания казахского
языка. Дале в статье рассматриваются уровни владения языком с точки зрения социолингвистического аспекта и дается анализ общеязыковой и
коммуникативной компетенции.