Нұрсұлтанқызы Жазира

«Болашақ» университеті

Жеткергенова Эльмира

«Болашақ» университетінің магистранты

 

Әйел тіліндегі қаратпа сөздер

 

Тіл білімінде жыныстарға қатысты сөйлеу үлгілерін гендерлік лингвистика зерттейді. Тіл арнаулы «еркектік» және «әйелдік» болып бөлінбесе де, олардың сөйлеу әрекетіндегі мінез-құлқына қарай айырмашылықтар байқалады. Антропоцентристік парадигмадағы гендерлік лингвистика қоғамдағы гендерлік рөлдермен астасып, ұлттық-мәдени ерекшеліктермен, халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, наным-сенімдерімен тығыз байланыста қарастырылуды қажет етеді. Гендерлік лингвистика немесе лингвистикалық гендерология әйел адам мен ер кісінің биоәлеуметтік субъект ретіндегі тілдік қолданыс ерекшеліктерін, айырмашылықтарын анықтайтын, осы айырым белгілерді мақсатты түрде зерттейтін ғылым саласы. Адам жөніндегі ғылымдардың тоғысқан жерінде орын алған тіл ғылымының ерекше саласы – гендерлік лингвистика.

Алғашқы гендерлік зерттеулер АҚШ, Англия, Франция және Германияда пайда бола бастады. XX ғасырдың 70-ші жылдары американдық университеттерде әйелдердің тәжірибесін зерттеп, талдайтын әйелдік зерттеулер жүргізілді.

ТМД елдерінде гендерлік топшылаулар, ой-тұжырымдар 1990 жылдарда қалыптасты. Ресейде М.Арутюнян, Т.Рурко, А.Клецин, О.Воронина, Т.Клименкова, В.Бодрова т.б. зерттеушілер гендерлік бағытты дамытты. А.В.Кириллина мен  Р.Лаккоф гендерді тілмен өзара байланыста қарастырды. Гендерлік зерттеуді орыс ғалымдары негізінен әлеуметтік-мәдени деңгейде қарастырады. И.А.Гусейнова мен М.В.Томская өздерінің «Гендерный аспект в текстах современной рекламы» деген мақаласында гендерлік зерттеулерге психолингвистика, когнитивті лингвистика, этнолингвистика, әлеуметтік лингвистика және басқа ғылым салалары тілдік талдаулар үшін деректер бере алатынын жазады [1,81].

XX ғасырдың 80-шы жылдарынан бастап гендерлік зерттеулерге арналған еңбектер көбейе түсті. Тіл білімінде жыныстарға қатысты сөйлеу үлгілерін зерттейтін ғылым – гендерлік лингвистика пайда болды. Гендерлік лингвистика теориясын, әдістемесін талдап-түсіндіруде батыс лингвистері Дж.Лакофф, Д.Спендер, О.Есперсен, орыс лингвистері А.В.Кирилина, М.А.Китайгородская, Н.Н.Розанова елеулі үлестерін қосты. Батыс елдерінің лингвистиері мен орыс лингвист-ғалымдары жалпы тіл біліміндегі гендер мәселесін, гендерлік лингвистика теориясын, әдістемесін, феминистік теорияның себеп-салдарын т.б. гендорология ғылымының басын ашуда үлкен еңбек сіңірді. Дж.Лакофф, Д.Спенсер, М.Блок, Д.Камерон, О.Есперсен т.б. батыс лингвистерінің жалпы тіл біліміндегі гендер мәселесіне, балалар мен ересектердің сөйлеуіндегі гендерлік айырмашылықтарға, гендерлік стереотиптер мен ассиметрияларға, әйел мен ердің тілдік бейнесіне, гендерлік лингвистика теориясына, феминистік теорияның себеп-салдарына т.б. қатысты зерттеулерін  басшылыққа алған.

 «Қазақ тілі энциклопедиясында» әйел тіліне мынадай қысқаша түсінік беріледі: «Әйел тілі – әйелдердің тілдік қарым-қатынастарында шартты түрде болатын өзіне тән сөз қолданысы. Әйел тілінің ерекшелігі әлеуметтік, діни және басқа да көптеген факторларға байланысты болады, бірақ бұл факторлардың әсері болмаған жағдайда да әйел тілі мен тілдің басқа түрлері арасындағы ерекшелік сақталып қалуы мүмкін. Кейбір тілдерде (мысалы: чукот тілінде) мұндай құбылыс дыбыстық жүйені де жанап өткенімен, көбінесе тіл байлығында (лексикасында) байқалады» [2, 47].

Қазақ тіліндегі гендерлік факторды зерттеу тарихи сипатқа ие. Гендер факторы қазақ ағартушы, зиялыларының еңбектерінде де жиі ескеріліп отырған. Атап айтқанда, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов еңбектерінде әйел тілі, өзіндік ерекшелігі сөз болады. Ш.Уәлихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегінде әйелдерге қатысты салт-дәстүрлер талданады: «Қазақтарда от – үйдің киесі, шамшырағы, сондықтан да жаңа түскен жас келін әуелі өз отауына кірмес бұрын, атасының үйіне кіріп, тағзым етуі тиіс, содан соң қалыңдық атасының отына бір қасық май тамызуы керек. Бұл ырым-кәдені «отқа май құю» дейді. Жас келін сәлем еткенде, «аруақ риза болсын» деп тізе бүгіп, еңкейіп «От ана, май ана, шапағатыңды тигізе көр»- дейді. Отқа тамызған май жанып жатқанда жас келіннің жанындағы әйелдердің бірі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды. Үлкен үйдің отының құрметіне деп, қалыңдық атасының иығына шапан жабады, осы кезде отағасы ошақ жақтағы тулақты нұсқап, жас келінге отыр деген белгі беріп «иін қандырып илеген тулақтай, мінезің жұмсақ болсын, қарағым» деп батасын береді» [3, 88]. Ы.Алтынсарин «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі» атты еңбегінде әйел адамдарға тән бейвербалды амалдар сөз болады: «Сүйекті үйден шығарарда өлген адамның әйелдері ойбай салып дауыс шығарады, оған ауылдағы басқа әйелдер де қосылады; беттерін тырнап, қан қылады; бастарына түскен қайғы-қасіретін жұрт алдында қаншалық күштірек көрсеткісі келсе, беттеріне де жара соншалық көп түседі»- дейді [4,169]. Қазақ гендерлік лингвистикасының негізін қалаушы көрнекті ғалым, тұңғыш профессор Қ.Жұбанов әртүрлі халықта әйелдер тіліне тән ерекшеліктер болатынын көрсеткен. Қ.Жұбановтың еңбектерінде әйел тілінің спецификалық ерекшеліктеріне баса назар аударылған. Қ.Жұбанов «Күншығыстағы әйелдер тұрмысы ерекше жағдайда болғандықтан, әйелдерге арнаулы түрлі әдет-ғұрып өзгешеліктері мұнда жиі ұшырайды. Сол әдет-ғұрып өзгешеліктерінің бірі – осы күнге шейін Кавказда армян, грузин, түріктер арасында сақталған әйелдердің ым тілі. Жаңа түскен келіншек қай жерде бір айға, қай жерде бір жылға шейін ата-енесімен дыбыстап сөйлеспейді, ымдап сөйлеседі. Бұл тілді армяндар «нашнауар» дейді. Нашнауар сондай бай, сондай дыбыс тілінен еш кемдігі жоқ сияқты. Мұндай, әйелдерге ғана арнаулы, жүйелі болмаса да, әйел тілінің өзгешелігі қазақта да жоқ емес. Сол өзгешеліктердің бірі – әйелдерде ғана болатын «ернін шығару» (кеміткенде), «бетін шымшу» (ұятсынғанда), «аузын шылп еткізу» (таңданғанда), «аузын быртылдату» (кекеткенде). Бұлар әйелдердің специфик тілі болып табылады»,- дейді [5,41]. Ғалым сол кездің өзінде баспаға «Элементы кинетической сигнализации в женской речи казахов» деп аталатын зерттеуін дайындаған. Бірақ, өкінішке орай, аталмыш зерттеу бізге жеткен жоқ.

 Қазақ тіл білімінде соңғы жылдары антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің арасында тіл мәселелерін гендерлік лингвистика аясында қарастырған зерттеу еңбектер көбейіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Олардың қатарына Б.Хасанұлы, Қ.Жанатаев, Г.Шоқым, Г.Мамаева, М.Ешимовтің, А.Смайлов, А.Байғұтова, А.Әлімжанова т.б. зерттеушілердің еңбектерін жатқызуға болады.

   Қазақ тілінде ағайын-туыс арасында, коммуникативтік акті барысында  қолданылатын, туыстық атаулардан жасалған қаратпалар өте көп. Мысалы, ата, апа, құда, құдағи, шеше, әже, көке, әке, әпке, аға, іні, тәте, бауыр, нағашы, жиен, жезде, жеңге, балдыз, күйеу бала, келін, қарындас, қызым, балам, құдаша, қайын аға, қайын әпке, қайын бике, қайын апа, абысын т.б.

Ғалым А.Қобыланова: «Адамдар арасында жүретін қаратпалар сөз этикетімен тығыз байланысты. Сөз этикетінің арнаулы функцияларының бірі – реттеуіш қызметі (регулятивная функция) адресат пен адресант арасындағы қарым-қатынастың типтерін (үлкен-кіші, ресми-бейресми т.б.) айқындайды. Бұл орайда қазақ тілі – ең бір қаратпа жүйесі дамыған, әр алуандығымен көзге түсетін тілдердің бірі. Олар туыстық қарым-қатынасқа, таныс-бейтанысқа түрлі әлеуметтік жікпен ресми-биресмилік жағдайларға байланысты құбылып отырады. Қаратпалар арқылы адресат пен адресанттың арасындағы қарым-қатынас реттеліп отырады»,- деп тұжырымдайды  [6, 12].

          Әйел адам қарым-қатынасындағы қаратпалар сан түрлі. Мысалы, балам, ұлым, қызым, балақай, көкетай, балапаным, жарқыным, қарашығым, қарағым, қалқам, қалқашым,  шырақ,  шырағым,  көкем, көкетай, құлыным, құлыншағым, ботам, боташым, ботақаным, қозым, қоңыр қозым, қошақаным  т.б. қаратпа сөздер әйел сөздік қорында жиі кездесіп отырады.

Қарағым, бұл қайда кетті?… Күйеуге апарады деп тығылып қалды ма?…(Ғ.Мүсірепов «Тулаған толқында»). Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп едішешесі анадай жерде тұрып:

-Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер!- деді (М.Әуезов «Абай жолы»).

Шүкір, шырақтарым... Айналып кетейіндерім-ай. (Ғ.Мүсірепов «Жер үйде»). Шынар шырағым, орамалың мойнымда дедім ғой кеше. Қалауың     болса өзің айтшы, - деді (Ғ.Мүсірепов «Ұлпан»).

         -Жарықтығым, ендігәрі Абайды бұндай жерге бастай көрме!- деді (М.Әуезов «Абай жолы»).

         -Тоқтат, жаным! Бар! Айтқаныңды қумаймын. Тек ашуыңды аулақ әкет! Болды! Бар!...- деп, жай ғана бітірді (М.Әуезов «Абай жолы»).

         -Айналдым, қарашығым, қоңыр қозым!- деп алып: -Аямайды, аямайды ол!- деп келіп, көзін жұмыңқырап, басын жоғары көтере берді (М.Әуезов «Абай жолы»).

Қарым-қатынас актісінде «қоңыр қозым» тіркесі әйел тілінде жиі қолданылды.

-Қарашығым, қоңыр қозым... Абай жаным...- деп  кемсеңдеп, жылауға айналып кетті  (М.Әуезов «Абай жолы»). Осындай тұтқиылдап Абай кеп кіргенде Жидебайдағы үлкен үйдің іші қатты қуанып, шу етіп:

-Абай!

-Қарағым!

-Қоңыр қозым!.. Абайжан!- деп дабырлай сөйлеп, ерекше шат боп қарсы алды (М.Әуезов «Абай жолы»).

Халқымыздың келе жатқан дәстүрі бойынша келін түскен ауылының үлкен-кішісінің атын атамай, оларға лайық ат қойған. Шаңыраққа түскен жас келін ата-енесінің ғана емес, ат тергеу салты бойынша күйеуінің жасы үлкен туған-тусқандарының да атын атамайтын болған. Күйеуінің іні-қарындастарына да ат қойған. Этнограф Х.Арғынбаев өзінің этнографиялық зерттеулерінде ат тергеу салтына байланысты мынадай пікір айтады: «Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, оған арнайы ат қойып, оны өле-өлгенше есінде сақтаулы үлкен әдептілік, көргенділік деп есептейтін де, ондай адамдарға барша жұртшылық дән ризалықпен қарайтын. Өйткені кіші үлкенді сыйласа, үлкен өз тарапынан кішінің кішілігін сыйлау – халқымыздың қанына сіңісті болған абзал әдет» [7]. Әйел тілінде кездесетін ат тергеу дәстүрі бойынша жеңгелер қайынсіңлілерін пішінін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын дәл бейнелейтін Еркекшем, Телғара, Қызтөре, Көзжақсым, Кенжетай тәрізді қызғылықты да тартымды ат қоя білген.

         Серғазы деген сөзді қатыны жаратпай: -Өзің алжиын деп жүрсің білем! Мырза жігітте не бар? Өз басың аман ғой,- деді (С.Көбеев «Қалың мал»).  Ғайша мен Қожаш кеткесін, Балкүміс Серғазыға: -Осы Үкілім, жиен дегенде ішкен асын жерге қояды. «Бір сағат көрмей отырсам, тұтқында болғандай боламын»,- дейді (С.Көбеев «Қалың мал»). Сол кеткеннен бұлар: -Еркежанды малға қызығып өлердей шалға бергені несі?- деп, ойын-тойға келген де жоқ (С.Көбеев «Қалың мал»). 

         Балаларға қарата сөйлегенде аппелятив қызмет атқаратын қаратпа сөздердің өзі бір топты құрайды.

        Ана балаларын жақсы көргенде, еркелеткенде малдың төлдеріне теңеуі де қарам-қатынаста жиі кездеседі.

- Күнім, құлыным! Өкпем, жүрегім!… Шәйзанның аң-таң қалғаны сонша,  әуелі шешесін тани алмай қалды (Ғ.Мүсірепов «Тулаған толқында»).

- Апа мен тонып қалдым, - деді. Бұл оның күндегі әдеті. Қорқамын дейді, тоңдым дейді, әйтеуір бір сылтау тауып шешесінің қасына біраз еркелеп жатып кетеді.

- Келе ғой, ботам – дейді Ұлпан. Біжікен келген бойы бет аузын шешесінің кеудесіне көміп жіберіп, аймалай берді (Ғ.Мүсірепов «Ұлпан»).

Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында күн, ай планеталары киелі мәнге ие. Осыған байланысты әйел тілінде балаларына айым, күнім, жарығым, сәулем деген қаратпалар жиі кездеседі.

Мысалы:

Қолымен жерге сүйеніп отырып:

         - Мынаны қарашы, сәулем қалай әдемі ұйықтайды, - деді  (Ғ.Мүсірепов “Ұлпан”).

         -Жарықтығым, ендігәрі Абайды бұндай жерге бастай көрем! Тіпті басың жас, үлкеннің ондай бәлесінен өзің де аулақ жұр?-деді (М.Әуезов «Абай жол»).

         Қорыта келгенде, гендерлік лингвистика – қазіргі тіл білімінде қарқынды дамып келе жатқан лингвистикалық бағыттардың бірі. Тілдегі гендерлік ерекшеліктер мәселесі соңғы жылдары Қазақстандағы тілші, әдебиетші, социолог, психолог мамандарын қызықтырып жүрген, еркектік және әйелдік  қасиеттердің қоғамда қалыптасуы, олардың қайнар көздері, олардың қалыптасуындағы әлеуметтік үдерістерді сипаттайтын аса күрделі үрдіс болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.        Гусейнова И.А., Томская М.В. Гендерный аспект в текстах современной рекламы //  Филологические науки . – 2000. -№3, с.81-91.

2.        Қазақ тілі энциклопедиясы. –Алматы, 1998. -508 б.

3.        Уәлиханов Ш. Қазақтардағы шамандықтың қалдығы // Қазақ бақсы  балгерлері: Құрастырған Ж.Дәуренбеков, Е.Тұрсынов. -Алматы: Ана тілі, 1993. -8-36 бб.

4.        Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. -Алматы: Жазушы, 1988. -320 б.

5.        Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. -Алматы: Ғылым, 1999. –581 б.

6.        Қобланова А. Қазақ сөз этикеті. -Алматы, 1991. -103 б.

7.        Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы семья мен неке. -Алматы, 1973.