Досанова Альбина Маратхановна
КазНУ имени аль-Фараби. Казахстан, Алматы
Әлеуметтік интеграция және
бейімделу ұғымының терминологиялық дефинициясы
Бейімделу (ағыл. аdaptation, орыс. адаптация) – алғашында биологияда пайда болған термин,
құрал мағынасын беріп, қоршаған орта мен
ағза арасындағы байланысты зерттеу кезінде қалыптасты. Кейін
әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдардың жаңа
идеяларымен толығып, жаңа мағынаға ауысты (физиология,
медицина, биология, психология т.б.) [1,
216].
Әлеуметтік бейімделудің теориялық
жақтары А.А. Налчаджян, И.А. Милославованың, Д.А. Андрееваның
зерттеулерінде қарапайым бейімделу
үдерісі көп жағдайда ортаның белсенді реттеуші
үдерісі жағдайында сипатталады. Әлеуметтік бейімделу
үдерісінің басты идеясы – жеке тұлғаның
жаңа әлеуметтік ортамен формалды және формалды емес
әлеуметтік қатынас барысында ондағы қалыптасқан
нормалар мен құндылықтар жүйесін қабылдауы [2,
45].
И.Я. Зимняяның
пікірінше, тұлғаның бейімделу үдерісі обьективті ортаны
өзінің тұрмыстық болмысын саналы түрде сезінуі,
айыра алуына байланысты туындайды, екіншіден, адамның еңбек
қызметі бейімделуші ортада қашанда маңызды, үшіншіден,
адам өзінің өмір сүру салтына қарай бейімделу
үдерісін пассивті түрде қабылдап қана қоймай, мақсатты
түрде өзгерте алады [3, 384].
Ғылыми
әдебиеттерде бейімделу
қашанда жеке тұлғаның әлеуметтік рөлге енуі
мен жаңа режимге көшуімен байланысты екені айтылады. Осы
ұғымды ары қарай қарастыруымыз арқылы бейімделу –
үдеріс пе әлде нәтиже ме деген сұрақ жайлы
әлі нақты көзқарастың жоқ екенін аңғартты.
К.Е. Бекмаханованың
пайымдауынша, бейімделу – жеке
тұлға мен әлеуметтік орта арасындағы белгілі
қарым-қатынас үдерісі және нәтижесі [4, 4].
М.И. Иванова,
А.В. Черемнов бейімделу үдерісі – «қандай да бір
кезеңдегі құбылыстың пайда болуының, оның
уақытқа тәуелді дамуын, өзгеруін, бірте-бірте ретімен
бейімделу элементтерінің жиынтығын қамти тұрып,
жаңа кезеңге өтудің сапалы нәтижесін береді» [5,
73].
Бейімделу
аккультурациялық жағдай барысында да қарастырылады.
Аккультурациялық жағдайдың зерттелуіндегі бейімделу мынадай
ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан: P.S.
Adler, J.A. Berry, T. Brооch, R.D. Lambert, S. Boucher, C.E. Osgood,
W. May, M. Micron, M.H. Klein, A.A. Alexander, K.H. Tseng,
A.T. Church, W.J. Loner т.б. Бұл еңбектерде негізінен
адамның бейімделу стратегиясындағы екі тұжырым
қарастырылады: мәдени
сенделіс пен U – қисық бейімделу. Олар
жаңа мәдени ортаға бейімделудің фазаларын сипаттаушы
белгілер болды.
Аккультурация (ағыл. acculturаtion, орыс. аккультурация) – әртүрлі мәдениеттер
және қоғамдық қатынастар тұрғысымен
дамыған халықтың мәдениеті басымырақ болған
жағдайда мәдениет үлгілерінің өзара
ұқсастырылуы және бір-біріне бейімделуі [6, 17]. Аккультурация жағдайында мәдениеттер
алмасуында жеке адамның жандүниесінде басқа мәдениетке
деген іштей қарсылық сезімі туындап, адамның мәдени
сәйкестілігінің бұзылу қаупі туындайды. Басқа
мәдени ортаға өту сыртқы қажеттілік есебінен
туындайтын болғандықтан, мұндай үдерістің
төрт түрлі шешу кезеңдері қарастырылады (сурет 1):
-
ассимиляциялану –
өз мәдениеті нормалары мен құндылықтарынан
айрылып, басқа мәдени нормалар мен құндылықтар
жүйесін толықтай қабылдау; серапациялану – өз мәдени сейкестілігін сақтап
қалу мақсатында өзге мәдениеттен бас тарту. Яғни,
үшін доминант мәдениет өкілдерінен алыстап, өздері жеке
орта, қауымдастық болып өмір сүруі жатады, егер
мұндай жағдайды мәдениеті басым болып тұрған
жақ мәжбүрлесе, бұл жағдай сегрегация деп аталар еді; маргиналдану
– адам өз мәдениетінің сәйкестігінен айрылып,
оған қоса басқа мәдениет белгілеріне сәйкес
болмауын айтады. Мұндай жағдай көбінесе адамның
өзіне тән мәдени құндылықтарын сақтап
қалуына мүмкіншілігі болмай, келесі мәдени
құндылықтарды қабылдауға
қызығушылығы жоқтығынан болады; интеграциялану –
өз мәдениетіне де, өзге мәдениетке де сәйкес
үйлесімді болуы [7, 84].
Қалай дегенмен де бір адам бойынан аталмыш
белгілердің таза күйінде ешқайсысын кездестіре алмаймыз,
себебі олар бір-бірімен байланыста жалғасып келіп отырады.
Суреттен көріп тұрғанымыздай, бейімделу
үдеріс ретінде бірнеше сатыдан тұрады, осы сатылардан
өткеннен кейін, сол қоғамға толықтай бейімделіп
болды деп айтуға болады. Яғни, сонда бейімделу –
аккультурациялық үдерістің нәтижесі болмақ (сурет
1).
Сурет 1 –
Аккультурациялық үдеріс нәтижесі
Аккультурация үдерісінің жағымды
нәтижесі – ұзақ уақыт барысында тұлғының
жаңа ортаға толықтай бейімделуі. Қоршаған орта
талаптарына қарай жеке тұлғаның немесе топтық
сана-сезімнің психологиялық және
әлеуметтік-мәдени тұрғыда өзгерістердің
пайда болуы. Психологиялық жағынан жаңа мәдени орта
шеңберінде белгілі бір қанағаттанған сезімде болуы,
көңіл-күйінің орнында алғашқы кездегідей
үрей қорқыныштан айрылып тұрақты
жағдайға енуін айтсақ, әлеуметтік-мәдени
жағынан жаңа мәдени ортада нақты бағыт
бағдары бар, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдап,
еркін жүріп-тұратын, ортаға бейімделген күнделікті
қалыпты өмір сүруін айтамыз.
Үдеріс ретіндегі бейімделу –
аккультурациялық жағдайдағы индивидтің үйренісу
стратегиясы болып табылады. Ондай стратегияларға үйренісу, реакция,
бастарту жатады [8, 5]. Бейімделу
өзге мәдениетке өтудегі миграциялық
үдерістің ішінде өте жиі кездеседі. Миграциялық
үдеріс тек тәуекелділік факторын құрайды.
Тәуекелділіктің соңы өте жағымды бейімделу немесе
жағымсыз бейімделуді туғызады [Берри Дж., Ким У.,
Мерфи Х.].
Өзінің
практикалық тұрғысынан интергациялану, сәйкестену,
бейімделу бір-біріне өте жақын терминдер болып саналады. Интеграция – топтың мәдени тұтастығын
сақтап қалу үшін, (өзгерістерге деген реакциялық
әрекет немесе қарсылық) сонымен қатар үлкен
қауымдастықтың айнымас бөлшегі (өзіндік
уйренісуі) болуға деген ұмтылысы [8, 15].
Репатрианттардың
жаңа мәдени ортада интеграциялануы, біріншіден, мемлекет тарапынан берілген
құқықтық жағдайлардың орындалуы,
олардың қоныстануы мен әлеуметтік материалдық
қажеттіліктерінің өтелуі, жұмысқа қамтылуы,
кәсіпкерлікпен айналысу, әлеуметтік қорғалуы мен
жаңа ортада бейімделуі үшін жағдайлардың жасалуымен
байланысты, екіншіден,
институцияналдық, ұйымдық, экономикалық, саяси,
әлеуметтік жүйелердің иммигранттарды қоғамда
қабылдау үшін бірігіп атқаратын шаралардың бірізділігі
мен нақтылығын талап етеді.
Иммиграциялық
үдеріске қатысушы тұлғалардың интеграциялануы мен
бейімделуі өте күрделі құбылыс екенін М.
Жетесованың [11, 13] бұл моделі дәлелдей түскендей
(сурет 2). Ондағы мақсат пен
міндет – Қазақстан
қоғамының репатриант-қазақтардың жаңа
ортаға бірігуі үшін, Қазақстан территориясында
тұрып жатқан басқа да этнос өкілдері, диаспоралар
арасында ортақ тіл табысуы негізінде жағдайлар жасалу.
Сурет 2 − Репатрианттардың интеграциялану моделі
Иммигранттар
мен репатриант-қазақтардың ортаға
интеграциялануының қағидаларына:
заң алдында иммигранттар мен жергілікті халықтың теңдей
болуы; адам құқықтарының қорғалуы;
қабылдаушы елдің заңдары мен дәстүрлерін
бағалау; тілді үйренуге жағдайлар жасау (ауызша және
жазбаша); әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің іске асуы;
білім алу мен медициналық көмектің қол жетімділігі; тұрғын
үй мен жұмысқа орналасу;үрдісіне мемлекет тарапынан
көмек көрсетілуі.
Интеграцияланудың
негізгі нысанына, біріншіден,
иммигранттар мен оралмандардың өздері жатады; екіншіден, жергілікті
халық, яғни Қазақстан Республикасы азаматы немесе
әлі азаматтығы жоқ адамдар; үшіншіден,
Қазақстан қоғамында репатриант-қазақтарға
қатысты әлеуметтік, саяси, мәдени, азаматтық,
қоғамдық бірлестіктер кіреді.
Репатриант-қазақтар
қоғамда интеграциялануының субъектісі ретінде үш негізгі топты көрсетеді:
мемлекеттік институттар, халықаралық ұйымдармен қоса
қоғамдық ұйымдар және жеке меншік
құрылымдар.
Репатриант-қазақтардың
интеграциялануының тиімді жүзеге асырылуына жағдайлар мен іс-әрекеттердің кешенді
жүйесі әсер ететіндігін айтады. Ол географиялық,
этнологиялық, экологиялық, технологиялық,
ұйымдық, ақпараттық, басқарушылық,
құқықтық және өзіндік.
Интеграциялану
құралдары ретінде
репатриант-қазақтардың интеграциялануына өзіндік
ықпал ететін әдіс-тәсілдерді, қызметтерді
жатқызуға болатындығын, оларды
құқықтық-заңнамалық,
ұйымдық, материалдық, қаржылық, техникалық,
ақпараттық, әлеуметтік деп бөліп қарастырады. Иммигранттар
мен репатрианттардың интеграциялануының жүйе ретіндегі
соңғы белгісі оның нәтижесі
болмақ.
Интеграциялану
механизмінің нәтижесіне: Қазақстан Республикасы
егемендігінің нығаюы; елдің ұлттық
құрамының әлеуеті; Қазақстан
Республикасының әлеуметтік-экономикалық, демографиялық
жағдайының тұрақты дамуы, тарихи отанына
оралудағы оралмандырдың сан ғасырлық армандарының
іске асырылуы [9, 15].
Осылайша бейімделу үдеріс
және сол үдерістің нәтижесі бола отырып,
репатриант-қазақтардың жаңа ортаға
интеграцияланумен және ортаның мәдени және тілдік
сәйкестенуімен аяқталады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1
Большая Советская энциклопедия / под ред. А.М. Прохорова. - 3-е здание. – М.:
Советская энциклопедия, 1970. – Т. 1.– 640 с.
2
Налчаджян А.А.
Социально-психическая адаптация личности (формы, механихмы и стратегии). –
Ереван: Из-во АН Армянской СССР, 1988. – 262 с.
3
Зимняя И.А. Педагогическая
психология. – Ростов-на-Дону, 1997. – 384 с.
4
Бекмаханова К.Е. Проблема
психологической адаптации студентов. –Алма-Ата, 1983. – 23 с.
5
Иванова М.И., Черемнов А.В. О профессиональной адаптации студентов
// Проблемы педагогики высшей школы в свете постановления ЦК КПСС и Совета
Министров СССР «О мерах по дальнейшему совершенствованию высшего образования в
стране». – М., 1973. – С. 171-176.
6
Сүлейменова Э.Д., Шәймерденова Н.Ж.,
Смағұлова Ж.С., Ақанова Д.Х. Әлеуметтік-лингвистика
терминдерінің сөздігі. – Астана: Арман ПВ, 2008. – 392 б.
7
Church A.T., Loner W.J. The
cross-cultural perspective in the study of personality: Rational and current
research // J. of Cross-cultural Psychology. – 1998. – Vol. 29, №1. – P. 32-62.
8
Berry J.W. Immigration,
acculturation and adaptation // Applied Psychology: An International Review. – 1997. – Vol. 46, №1. – P. 5-34.
9
Жетесова М. Механизмы
экономической интеграции оралманов в Казахстанское общество: автореф. ... канд. экон. наук: 08.00.05. – Алматы, 2007.
– 32 с.