К.Т. Төлеубаева

Алматы энергетика және байланыс университеті, аға оқытушы

                                                                            Б. Р. Оспанова

                                                              Абай атындағы ҚазҰПУ ф.ғ.к.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ РӨЛІ

Мемлекеттік тіл – қай елдің болсын даму құрылымын қалыптастыруда және оның әлемдік қауымдастықтағы өзіндік орнын анықтап, нақтылау үдерісінде саяси-экономикалық, саяси-идеологиялық әрі қоғамдық-әлеуметтік маңызды қызмет атқарады. Қоғам мүшелеріне білім мен ғылым тіл арқылы беріліп, халыққа қызмет етеді.

Әлемдік ғылым, білім жетістіктері жекелеген ұлтқа қызмет етуі үшін, кез келген ғылым-білімнің бастапқы негізі ұлттық тілде, яғни білім алушының өз ана тілінде қалануы керек. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялап, өз алдына дербес егемен ел болғаннан бері мемлекттік тілді дамытуға аса мән беріліп келеді.  Әсіресе, еіміздің білім беру жүйесін ұлттық негізде қалыптастыруда қазақ тілінің орны мен рөлі ерекше. Сол себептен, ел тәуелсіздігінің бастапқы жылдарынан бастап отандық білім ошақтарын қазақ тілінде дамыту басты мәселеге айналды. Ол үшін сан жылдар бойы Қазақстан қоғамының басым көпшілігінің жіті назарында болып келген әрі мемлекеттік маңызды мәселелердің біріне айналған қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесін шешіп алу қажет болды.

Қазақстан тарихында орыс халқы мен оның тілінің рөлі айрықша. Осы мәселені еліміздің тұңғыш Президенті  Н.Ә. Назарбаев  назарда мұқият ұстап, орыс тілінің өзіндік саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік мәнін сақтап қалуды үнемі ескертіп келеді. «Қазақтардың жаппай қос тілді болуы – оларға осы заманғы ақпарат тасқынына жол ашатын ғажайып құбылыс» [1], деп  бағалады.  Сондықтан  да ол тәуелсіз Қазақстан Республикасының 1993 жылғы алғашқы Конституциясында қазақ тілінің 1989 жылдан бергі мемлекеттік мәртебесін сақтай отырып, орыс тілінің Қазақстан халқының ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі өзіндік қоғамдық қызметін қорғап қалды. Осы ретте баса көңіл бөліп айта кететін бір мәселе, еліміздің білім беру саясаты мен жүйесіне көп өзгерістер әкеліп, тың серпілістердің туындауына себепші болған қазақ тілінің тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болғандығы екені анық.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына  байланысты дүр сілкініп оянған қазақ қоғамы 1991 жылдан бастап өз балаларын қазақ мектептеріне жаппай бере бастады.

Қазақ мектептерінің және қазақ-орыс аралас мектептердегі қазақ сыныптарының көбеюі ұлттық тілде сабақ беретін педагог мамандарға деген қоғам сұранысын арттырды. Сол жылдардан бастап еліміздегі орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытып-үйретуге арналған  сағат  көлемі ұлғайтылды. Бұрынғыдай бұл пәнді кез келген пәннің мұғалімі емес, еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарында сол жылдарда жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиетін орыс тілді сыныптар мен дәрісханаларда оқытып-үйрететін (Казахский язык и литература в школах с русским языком обучения) мамандық бойынша білім алып, арнайы дайындақтан өткен мамандар оқытатын болды.

Жоғары оқу орындарының көптеген факультетінің құрамынан түрлі мамандық бойынша қазақ тілінде маман дайындайтын, бұрын, яғни еліміз тәуелсіздік алғанға дейін болмай келген қазақ бөлімдері ашылды. Сөйтіп, ел тәуелсіздігінің, ел егемендігінің арқасында көптеген мамандық бойынша қазақ жастары тұңғыш рет өз ана тілінде кәсіби орта, кәсіби жоғары білім алып мамандануға қол жеткізді. Дегенмен, мемлекеттік тілде дәріс оқып, сабақ жүргізетін оқытушы-профессорлар мен қазақ тіліндегі оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың, сөздіктердің тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы тым аздығы мен тапшылығы және  оларға деген қоғам сұранысының барған сайын арта түсуі біраз қиын жағдайға қалдырғанын еді. Осының өзі де еліміздің жалпы білім беру ісі мен кәсіби орта және кәсіби жоғары білім беру жүйесін қайта құрып, жетілдіруді қажет еткен еді. Содан бері қазақ тілі Қазақстан Республикасы «Тіл туралы заңына» және «Тілдерді қолдану мен дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаға» сәйкес еліміздің бүкіл аймағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданыла бастады. Ол – егемен еліміздің  мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін, іс қағаздарын жүргізу тіліне айналды.

Алайда «Тіл туралы Заңда» айқын көрсетілген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі нақты өмірде ойдағыдай жүзеге аспай келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан да қазіргі кезде еліміздің әлемдік бәсекеге қабілетті ел болып  қалыптасып дамуымен тығыз байланысты маңызды мәселелелердің бірі – мемлекеттік  тілдің жай-күйі, болашағы болып отыр.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран, Ата заң секілді қасиетті рәміздердің қатарына жатады. Оны егемен еліміздің барлық азаматы оқып-үйреніп, жетік меңгеріп, құрметтеуі тиіс. Осы ретте Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылдың 24 қазанында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында ел жастарына қаратып айтқан мына бір сөзінде үлкен мән жатыр: «Қазақстандағы жастар мынаны білуге тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол тілде жауап беруге тура келеді. Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар – өз функцияларыңды қажетті деңгейде жүзеге асыру үшін тілді үйрену керек. Бұл – әбден қалыпты және өркениетті шарт» [2]. Елбасының осы ой-толғамынын кейін еліміздегі мемлекеттік тілге қатысты қоғамдық пікір, көзқарас бірізге түсе бастады деп айтуымызға болады.

Кеңес үкіметі кезінде А. Байтұрсынұлы, Х. Досмағанбетұлы,                      Қ. Кемеңгерұлы, М.  Дулатов, М. Жұмабаев, С. Қожанов, С. Сейфуллин,      М. Әуезов секілді т.б. ұлт зиялыларын қатты толғандырған да тіл мәселесі еді. Кез келген халықтың ұлт ретінде жойылып кетуі – тілдің жойылуымен тығыз байланысты. А. Байтұрсынұлы сөзімен айтсақ, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» [3:138]. Мұны кезінде Алаш азаматтары, жақсы түсініп, ұлттық тілдің қамын әріден ойлап, ерен еңбек еткен болатын.

Тіл мәселесіне қатысты өзінің өзекжарды ойын Ахмет Байтұрсынұлы былай білдірген еді: «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халіміз оңша емес. Осы күні орыс пен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса, өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек» [3:150].

1924 жылы 12-18 маусым аралығында өткен білімпаздар съезі туралы      М. Дулатов: «Бұл біздің қазақ-қырғыз жұртында болған жиылыстардың тұңғышы. Бұл жиылыстардың мәні де басқа. Мұнда қайткенде мәдениет майданында артта қалған қазақ-қырғыз жұртын қатарға қосу, мәдениетін өркендету үшін төте жол, қолайлы құрал табу. Бұрынғы өктем өкімет біз секілді өгей жұрттардың тілін де жоғалтпақ болған, өнер-білімнен де «аман» алып қалу үшін бар күшін жұмсаған. Енді ондай озбырлықтан құтылып, білімпаздарымыз қазақ-қырғыз жұрты үшін жөн-жоба көрсетіп отыр. Біздің ендігі міндетіміз – солардың шығарған қаулыларын жүзеге асыру, пайдалану» [4:104], – деген еді.

Ал М. Әуезов рухани тәуелсіздіктің негізі тіл екенін ерте түсініп, өзінің алдындағы ағаларының игілікті істерін әрі қарай жалғастырды. Өзінің «жасқа жас» кезінің өзінде-ақ ана тілінің қамын жеп, оның болашағына алаң болып, «ойға кәрінің» сөзін айтты. Сол заманның тынысын, қазақ ұлтының тұрмысы мен тіршілігін, мәдениеті мен әдебиетін жандүниесімен терең сезінген  ол – жиырма  жасының өзінде-ақ, 1917 жылы қазақ тілінің тағдырына алаң болып, сол кездегі араб пен орыс жазуының қатар қолданылып жүруіне байланысты «Қайсысын қолданамыз» деген мақала жазса, 1918 жылы өзінің редакторлығымен Семейде шығып тұрған «Абай» журналының № 7-ші санында «Ғылым тілі» атты мазмұнды да көлемді тағы бір мақала жариялап, қазақ зиялыларын ашық пікір-таласқа шақырған еді [5].

Қазақстанның қарқынды дамып әлем көшінен қалмай, қазіргі заманға лайық болуы,  Елбасы атап көрсеткендей, ұлттық білім беру жүйесінің сапалық деңгейі мен сол білімнің қай тілде берілуіне де байланысты. Елдің ертеңі – жастар қолында. Оларды дүниетанымы кең, ой-өресі биік, кемел ойлы парасатты азамат етіп өсіріп шығару үшін сапалы білім берумен қатар оларға тағылымды тәлім-тәрбие берілуі керек. Ал өскелең ұрпаққа сапалы білім мен отаншылдық тәрбие беру тіл арқылы жүзеге асатыны баршаға аян.

Білім мен тәрбиені мемлекеттік тіл  арқылы беру үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.  Оны жан-жақты дамытпайынша, қазақстандық жас ұрпақты өз Отанын қадірлеп-қастерлеп сүйетін парасатты азамат етіп шығару қиын шаруа екені анық. Сондықтан да тілдерді, әсіресе, еліміздің мемлекеттік тілі мәртебесін иеленіп отырған қазақ тілін оқытып-үйрету мәселесі қашанда басты назарда болып келеді. Осы мақсат-мүддеге сәйкес еліміздің жас ұрпағы алдына мемлекеттік тіл – қазақ  тілін, орыс тілін және шетел тілдерін білу міндеті қойылып,  ел егемендігінің басты рухани өзегі ретінде қаралып келеді.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мен бүгінге дейінгі уақыт аралығында қазақстандық азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылығы арта түскенін байқауға болады. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді біліп, қолдануларына аса мән беріліп, ересектерге мемлекеттік тілді тегін оқытып-үйрететін орталықтар, арнайы курстар еліміздің барлық мемлекеттік мекемелерінде ашылып, қызмет көрсетуде.

Қазір мемлекеттік тілдің қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынас қызметін кеңейту, оны оқытып-үйретудің бағдарламаларын жетілдіру мақсатында дайындалған оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, сөздіктер, бағдарламалар еліміз бойынша жеткілікті мөлшерде бар десек артық айтқандық емес. Оларды қазіргі заман талабы мен қоғам сұранысына лайықтап  әзірлеу және қайтадан өңдеп шығару жұмыстары әлі де жалғасуда.

Елбасының тапсырмасы бойынша дайындалған «Қазақстандағы тілдерді дамытудың 2000-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай мыңға тарта қазақ мектебінің ашылуы,  тіліміздің қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында қолданыс табуы, қазақстандық өзге тілді ұлт өкілдеріне және орыс тілді білім ошақтарында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытылып-үйретілуі, еліміздің бас ордасы Астана мен Алматыда және  облыс орталықтарында мемлекеттік тілді оқытып-үйрететін оқу-әдістемелік орталықтардың ашылуы мемлекеттік тілді дамытуға айтарлықтай серпін әкелді. Бұның бәрі – Елбасының көреген саясатының арқасында іске асырылып жатқан стратегиялық маңызы бар саясат екені барша бұқараға мәлім. Дегенмен, еліміздің мемлекеттік тілі бойынша қордаланып қалған көптеген мәселелерді республикамыздың ішкі-сыртқы саясатына сәйкес дұрыс шешу үшін әлі де ауқымды да маңызды біраз жұмыс атқарылуы тиіс.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Назарбаев Н.Ә. Тоталитарлықтан – саяси тұрақтылыққа және демократиялық Қазақстанға. Егемен Қазақстан, 1997 жыл 14 желтоқсан.

2.       Назарбаев Н.Ә. Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзі. http://www.akorda.kz.

3.    Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. -Алматы: Ана тілі, 1992 жыл.

4.    Дулатов М. Таңдамалы шығ. жинағы. -Алматы, 1998 жыл.

5.       Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы, ХІХ том. - Алматы: Жазушы, 1985 жыл.