“Право”/8.Конституционное право

Магистрант- Сахарбаев А.А.

Мангистауский гуманитарно-технический университет

Қазақстан Республикасындағы жеке тұлға құқықтарының кейбір мәселелері

Адам құқықтары дегеніміз – жеке тұлғаның қоғамның барлық салаларындағы өмірін, қадір-қасиетін және бостандығын қамтамасыз ететін табиғи мүмкіндіктер.

Жеке тұлға институтының даму динамикасындағы жалпы әлеуметтік сипаты, оның заңдылық формаларына баға бере отырып қаралған құқықтық мәртебе түрлері – бұл жұмыстың өзегі болғандықтан, оларды жан-жақты қараған жөн. Тұлға ұғымының әлеуметтік, саяси, экономикалық негіздері бар. Олар құқықтар мен бостандықтардың және міндеттердің жаңа түрге енуіне әсер ететін алғы шарттар десе де болады. Ал бұл құбылыстар ғылымның басқа салаларының да нысандары болып табылады. Сондықтан, оларды талдау барысында біз саясаттану, әлеуметтану, психология және басқа қоғамдық ғылым салаларымен байланыста қарастырамыз.

Жеке тұлғаны зерттеу, оған негізді анықтама беру тек заң ғылымдарында жүзеге асырылмаған. Бұл мәселе әлеуметтану, саясаттану, психология және басқа ғылым салаларында да қамтылған, оған осы салалардағы дәйекті зерттеулер мысал бола алады. Адамзат тарихында бұл ұғым қалай пайда болды, оның даму жолдары қандай кедергілерге кездесті деген сұрақтар көптеген ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Тұлға ұғымының табиғатын түсіну үшін осы зерттеулердің бірқатарына тоқталып қарастырайық. Сондықтан, жұмыстың бұл бөлімінде біз тұлға ұғымын әлеуметтану, саясаттану, психология салаларымен тығыз байланыста қарастырамыз.

Қай әлеуметтік жүйе болмасын, оның негізгі құраушы элементі болып, адам табылады. Адамдарды қоғамға біріктіру әр қилы әлеуметтік бірлестіктер арқылы жүзеге асырылады. Ал, оларды таңдау кезінде әр адам ерік-жігерге ие. Әлеуметтік жүйе әлеуметтік топтардан, институттардан, ұйымдардан және қабылданған қоғамдық нормалар мен құндылықтардан тұрады. Осыған орай, адам көптеген әлеуметтік жүйелерге енеді және олар тұлғаға жүйелі түрде әсер етіп отырады. Адам ендігі жерде тек жүйе бөлшегі ғана емес, ол жүйені басқарушы болып табылады [1, 20 б.].

Жеке дара ұғымы әдетте белгілі бір әлеуметтік қоғамды танытатын өкіл ретінде қарастырылған. Тұлға ұғымы әрбір адамға қатысты қолданылады, өйткені ол қоғамның маңызды белгілерін білдіреді. Жеке тұлғаны сипаттайтын бірден бір белгілер ретінде өзіндік сананы, құнды бағыттылықты, әлеуметтік қатынастарды, қоғамға қатысты салыстырмалы түрдегі дербестікті, өз әрекеті үшін жауаптылықты айтуға болады. Ал, оның ерекшелігі ретінде әр адамға тән белгілерін айтуға болады. Мысалы, биологиялық айырмашылық немесе мұра ретінде қалдырылған немесе кейіннен пайда болған әлеуметтік ерекшеліктер.

Тұлға әлеуметтік ортадағы этникалық әрекеттердің салдары ғана емес, оның себебі де болып табылады. Әр тарихи типті қоғамдағы экономикалық, саяси, идеологиялық және әлеуметтік қатынастар әр түрлі болып келеді және әр адамның жеке әлеуметтік қасиеттерін, оның қызметінің мазмұнын және сипатын білдіреді. Осы үрдісте адам сыртқы ортаның әлеуметтік қатыстылығын жоққа шығарып, екінші бір жақтан өзінің сыртқы әлемге деген ерекше қатынасын білдіреді. Адамның әлеуметтік сипатының құрамдас элементтері оның қызметтік мақсаты, әлеуметтік рөлі және алатын әлеуметтік мәртебесі, қызмет барысында қолданатын нормалар мен құндылықтар, белгілер жүйесі, білім деңгейі, арнайы дайындығы, әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері, белсенділігі және шешім қабылдаудағы дербестігі болып табылады. Тұлға ұғымы қоғамдық қатынастар жүйесінде маңызды. Адам индивид ретінде жемісті әрекет арқылы өзін-өзі көрсете алады.

М.М. Бахтиннің ойынша, адам өмірі бірінен соң бірі келетін өмірлік оқиғалардан тұрады және осы жағдайда адам әрекет субъектісі, адамның артықшылығы оның қол жеткізген жетістіктерімен өлшенеді [2, 35 б.].

Жеке тұлғаны философиялық тұрғыдан қарастырған ойшыл И. Кант жеке тұлғаны автономия ұғымымен байланыстырып, бұл сөздің екі мағыналы екендігін айта отырып, біріншісі, бір нәрсеге қатысты тәуелсіздікті білдірсе, екіншісі, өзіндік заңдылық деп түсіндіреді. Яғни, әр адам өз бойында адамзатқа зиянды емес әрекеттілікті қалыптастыру керек, оның іс-қимылы адамгершіліктің жоғарғы құндылықтарына негізделуі тиіс, «алдама», «ұрлама», «зорлық-зомбылық жасама» деген қағидаларға негізделуі қажет және бұл оның мінез-құлық императивіне айналуы керек. Осы адамгершілік базисінде жеке тұлғаның тәуелсіздігі қалыптасады және ол тәуелсіздік қоғамнан нигилистік және аморальдық түрдегі тәуелсіздікке айналмау үшін тұлғаның бойында өзін-өзі шектеу қасиеттері болуы шарт. Ал, оның негізі – адамның принципті болуы, өмірде белгілі бір стратегия ұстануы. Бұл қасиеттердің болмауы адамның тұтастығын тұлға ретінде қалыптасуын жоққа шығарады. Осы жерде жеке тұлғаның құрылымдық компоненттерін атап айтуға болады. Олар: сенім, дүниетаным, қызығушылық, білім, әдет, икем, сезім, эмоция, қозу және тағы басқалар [3, 50 б.].

Ал, К.К. Платоновтың пікірі бойынша жеке тұлғаның маңызды құрылымдық компоненттері – ес, мәдениет және қызмет. Ес – жеке тұлғаның өмір жолында интеграцияланған білім жүйесі. Жеке тұлғаның мәдениеті дегеніміз – жеке тұлғаның тәжірибелік өмірінде қолданылатын әлеуметтік нормалар және құндылықтар жиынтығы. Әрекет дегеніміз – субъектінің      мақсатты түрде объектіге әсер етуі. Бұл арқылы жеке тұлға өзінің қажеттіктері мен қызығушылықтарын жүзеге асырады. Әрекет тұлғаның белсенділігіне байланысты. Бұл элементтердің әсерлесу нәтижесінде сенім пайда болады.

Жеке тұлғаның сенімі дегеніміз – адамның әлеуметтік қасиеттерін білдіретін стандарт, яғни жеке тұлғаның, әлеуметтік топтың, әлеуметтік бірлестіктердің, институттардың ұйымдардың тұрақты және қайталана отырып көрінетін әлеуметтік құндылықтарға деген көзқарасы. Оларды стереотиптер деп те атайды.

Қазіргі кезде жеке тұлғаны зерттеудің екі концепциясы бар:

- жеке тұлғаны функционалдық тұрғыдан қарау;

- жеке тұлғаны адам болмысына байланысты қарау.

Бірінші концепция, адамның әлеуметтік функцияларына, оның әлеуметтік рөліне негізделген. Бұл концепцияның маңыздылығы ол негізінде адамның тұлғалық қасиеттері, оның сыртқы белгілері немесе, дәлірек айтсақ, оның әлеуметтік қоғамдағы орны мен әрекет белсенділігіне байланысты анықталады. Бірақ, бұл жерде адамның ішкі билік резервтері, оның мінезі, зерттеу нысанына деген айна болмыстық белгілері, ішкі дүниесі ескерусіз қалады. Міне, бұл қасиеттер екінші концепция негізінде ашылады. Яғни, адамның рухани әлеуеті, субъектінің әрекет еркіндігі, өзіндік болады. Адам болмысына негізделген бұл концепция жеке тұлғаны зерттеуде маңызды болып табылады. Міне, сондықтан әлеуметтану ғылымдарында жеке тұлғаны адам қызметін, таным субъектісін, құқықтар мен міндеттер, этикалық және эстетикалық, сондай-ақ, барлық басқа әлеуметтік нормаларды білдіретін қоғамдық қатынастардың бірігуін бойына сіңірген адам деп анықтама беріледі [4, 35-37 бб.].

Адам болмысынан жеке тұлға, сондықтан ол қоғамға сіңіп жоғалып кетпейді, ол сол қоғамның дамуына әсер етеді және өз үлесін қосып отырады. Бұл жеке тұлғаға әлеуметтік тұрғыдан берілген ұғым.

Жеке тұлға ұғымы психология ғылымында да қарастырылады. Мысалы, Чарлз Кули: «Жеке тұлға адамның сыртқы орта байланысы негізінде қалыптасады» – деген пікір айтады. Осы процесс барысында адам өзінің айна бетіндегі «Мен»-ін қалыптастырады және ол келесі элементтерден тұратындығын айтады:

- басқалар бізді қалай қабылдайды, яғни басқалардың біз жөніндегі пікірі қандай;

- біздің ойымызша басқаларға ол қалай әсер етеді;

- басқалардың бізге деген реакциясына біздің жауабымыз [5, 37 б.].

Жоғарыда көрсетілгендерді қорытындылай келе, біздің тарапымыздан айтарымыз Қазақстан Республикасының Конституциясы негізгі – Ата заң болғандықтан басқа заңдар осы Конституция қағидаларына қайшы келмеуі тиіс. Себебі, Қазақстан Республикасының Конституциясында адам мен азаматтардың негізгі құқықтары бекітілген және олардың бұзылмауына кепілдік берілген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының заңдарының барлығы Конституцияда көрсетілген құқықтар мен міндеттермен сәйкестенуі қажет.

Біз жоғарыда жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін идеялық түрінен теория деңгейіне дейінгі жету жолдарын тарихи тұрғыдан қысқаша қарастырдық. Әлемдік саяси-құқықтық ілімдер тарихындағы ұлы ойшылдардың құқық және мемлекет аясындағы идеялары, көзқарастары мен теорияларын талдай отырып мынадай қорытынды жасаймыз:

- адам мен азаматтардың құқықтық мәртебесі туралы теориялық тұжырымдамалар көне дәуірлерде жалпы философия, теологиялық, өнегелік көзқарас пен теория тұрғысынан қарастырылды;

- орта ғасыр ойшылдарының жеке тұлғаның мәртебесі жөніндегі тұжырым-дамалары діни сипатта болып, жеке бостандығы мен құқықтары барынша шектелді;

- қайта өрлеу дәуірінен бастап ойшылдар мемлекеттік құрылыс, құқық, заң мәселелеріне назар аударып, құқықтық мемлекет идеяларын ұсыну;

- неміс философтарының идеялары саяси-құқықтық тұжырымның әрі қарай дамуына, мемелекеттің мемлекеттік-құқықтық болып саналуына игі әсерін тигізді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1     Тощенко Ж.Т. Лекции по социологии. – М.: Издательский центр «МарТ», 1998. с. 20.

2     Спиркин А.Г. Основы философии. М.: Издательство политическая литература, 1988. 35 б.

3     Фролов И.Т. Введение в философию. – М.: Издательство политическая литература 1989. – с. 50.

4     Осипов Г.В. Социология. –М.: Издательство мысль, 1990. – с. 35.

5     Дмитриева Ю. А. Общая теория права. – М.: «Наука», 1994. – с. 37.