П.ғ.к., Іргебаева Н.М.

Акмусаева М.И., Абай атындағы ҚазҰПУ магистратура және PhD докторантура институтының  2 курс магистранты

 

АГРЕССИВТІ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ

 

Адамзат тарихы агрессияның тұлға мен қоғам өмірінің бөлінбес бөлігі екендігін сенімді түрде дәлелдейді.  Қазір «агрессия» сөзі кең мағынада қолданылады. Бұл құбылыс жағымсыз эмоциялармен, мотивтермен, жағымсыз нұсқаулармен және бүлдіруші әрекеттермен тығыз байланысты.

Агрессия латын тілінен аударғанда «шабуыл» деген мағынаны береді. «Агрессия » термині жалпы алғанда бейтарап мағынаға ие. Шынында, агрессия өмірлік мүдделер мен тірі қалуға қызмет етіп, жағымды мәнге ие болуы да мүмкін немесе өзінің агрессивті құштарлығын қанағаттандыруға бағытталып, жағымсыз мәнге де ие болуы мүмкін. Агрессия сыртқы нысандарға (адам, зат, жануарлар) және өзіне( денеге, тұлғаға) бағытталуы мүмкін. [1]

 Қазіргі таңда қоғамдағы жеткіншектер ортасындағы агрессивті беталыстың өсуі бізді алаңдатуда. Жастар арасындағы қылмыстық істер, әсіресе жеткіншектер қылсымы ең күрделі де қиын әлеуметтік мәселеге айналады. Сонымен қатар , денеге зиян келтіретін тұлғаға бағытталған қылмыстық әрекеттер санының көбею деректері де күннен күнге артуда. Ал қоғам үшін басқа адамдарға бағытталған агрессия ерекше қауіпті екені мәлім.

Агрессивті мінез-құлықтың сипаты көп жағдайда жас ерекшелігіне байланысты анықталады.

Жеткіншектің тәрбие жұмысындағы кемшілігі ерекше ескеретін маңызды жағдай жанұядағы дұрыс емес қарым-қатынас, ажырасу деңгейінің жоғарылауы. Сонымен қатар қарым-қатынас барысында жеткіншектерді өздеріне бағындыру, үстемдік көрсету, тіл алуды талап ету орын алады да, мұндай көзқарас баланың қырсықтығын туғызып нәижесінде үлкендер мен баланың арасында текетірестік орын алуы мүмкін.

 Мінез-құлқындағы қиыншылықтарды зерттеген шет ел психологтары Л.С.Выгодский, М.Г.Бреслав, Л.И.Божович, А.В. Запарожец т.б. және Қазақстан психологтары Ұ.И.Ауталипова, Х.Т.Шерьязданова, Д.Е.Абдраманова, А.Т. Акажанованың т.б еңбектерінде бұл мәселенің күрделі екендігін байқауға болады.

Жеткіншектік жаста агрессивті мінез-құлықтың спецификалық ерекшелігі оның үлкендердің бедел-абыройының төмендеуі фонында құрдастарының тобына тәуелділігі болып табылады. Осы жаста агрессивті болу құрбы-құрдастарының жалпы қарым-қатынас жасау ортасында «мықты болып көрінуді немесе мықты болуды» білдіреді. [2]

Мінез-құлықтың агрессивті ауытқушылығы мәселесі – педагогикалық психологияның басты әрі маңызды проблемасының бірі болып отыр. 

Ұ.И.Ауталипованың «Жас ерекшелік психологиясы еңбегінде» жеткіншектік жас- адамның дамуындағы өте қиын кезеңдердің бірі. Балалық шақтан өткен бірақ ересектікке әлі жетпеген 11-15 жас аралығында балаларды психологияда жеткіншек жас кезеңдегілер деп атайды.

Бұл жас кезеңі «өтпелі кезең», «қиын жас», «проблемалы» т.б көптеген қосымша белгілері бар. Оның барлығы  осы жас кезеңінде жүретін психофизиологиялық процесстермен байланысты. Бұл жас аралығында бала ағзасы дамудың бір сатысынан екінші сатысына өтіп, ал әлеуметтік статусы бойынша олар әлі балалық шақта жүрген кезең. Психологияда мұндай құбылыс даму дағдарысы деп аталады.[3]

Осы шақта жеткіншектер өздерін отбасының, сыныптың, қоғамның тең құқылы мүшесі, яғни тұлға ретінде сезінеді. Олар өздерін қоғамдық қарым-қатынастар жүйесінде сезінумен бірге, болашақтағы ересек өмірге жоспар құра бастайды және бұл жоспар өздері үшін маңызды болып келеді. Сондықтан ересектердің араласқанын жақтырмайды, қызғанады, себебі олар өз қиялдары жетегінде өмір сүреді. Өкінішке орай, ата-аналар мен ұстаздар, тіпті балалар үшін өзге де беделді адамдар, жеткіншектердің осындай ерекшеліктерін ескермей, ой-пікірлеріне құлақ аспай, олардың қиялдау әлеміне орынсыз араласуы арқылы жасөспірімдердің өздеріне сенімі мен арадағы  достық қарым-қатынасын жоғалтып алады.

Жас ерекшелік психологиясын зерттеген ғалым Л.И.Божович жеткіншек жас  дағдарысын осы жастағы жаңа деңгейдегі өзіндік сана сезімнің туындауымен байланыстырады.[4]

Жесткіншек жастағы балалардың агрессивті мінез-құлқының бірден-бір себебі отбасындағы жағдайға байланысты. Отбасындағы жиі кикілжіңнің орын алуы балаға әсер етеді және көп жағдайда теріс әсер етеді. Мұндай күйдегі балалар ықпалға тез көнеді, өйткені олар ішкі күйзелісінен арылуға тырысады. Жасөспірімдік кезең алуан түрлі қарама-қайшылыққа толы, ата-аналардың көпшілігін алаңдататын, уайымға түсіретін күрделі шақ. Себебі мектепте де, отбасында да балалардың агрессиясы үнемі байқалады. Дау-дамайдың көптігі, олардың көңіл-күйінің тұрақсыздығы, қоғамға ашық наразылық білдіруі, ата-ананың қамқорлығын қабылдамауы және т.б.

Мінез-құлықтың агрессивті формасының көрініс алуы бұқаралық ақпарат құралдары әсіресе теледидар, компьютерлік ойындар, видеофильмдер және қазіргі мульфильмдердің де әсері үлкен. Балалар бір-бірін көрген, естіген кейіпкерлерге еліктеп ойындарында, мектепте кейде өздерінің есімдерімен емес сол видеофильмдегі немесе компьютерлік ойындағы кейіпкерлердің есімдерімен атайды.

Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде, соның ішінде мектептерде жеткіншек жастағы оқушылардың мінез-құлқындағы агрессивті беталысты анықтау, түзету жұмыстары жүргізілуде. Мұнда мектеп психологінің атқаратын қызметі жоғары. Сонымен қатар сынып жетекші және ата-ананың бірлескен жұмыстары ұйымдастырылған.

Балалар агрессиясы мен акцентуациясы бірнеше түрде көрініс береді. Психологиялық қызмет көрсету барысында балалардың мінез-құлқындағы ауытқуларды алдын-алудың маңызы үлкен. Бұл мәселені шешу үшін акцентуацияның түрлерін нақты анықтап алу қажет. Оны анықтау үшін К.Леонгардтың теориясына сүйене отырып жасалған және бұл мәселені зерттеуге кеңінен қолданылып жүрген классификация бар. Ұсынылып отырған классификация бойынша жеткіншектердің акцентуациясы келесі түрлерге бөлінеді:

1.Гипертимдік тип

2.Лабильді тип

3.Сенситивті тип

4.Шизойдтық тип

5.Эпилептоидтық тип

6.Тұрақсыз тип

7.Астено-невротикалық

8.Демонстративтік тип

9.Циклоидтық тип

10. Аффекті-экзальтациялық тип.

А.Басс және А.Дарки агрессияны сипаттағанда оны негізгі екі топқа бөлді. Біріншісі мотивациялық агрессия, осы қүбылысты тудырған себеп сылтаулар. Екіншісі-инструменталдық агрессия , немесе өзін қорғау үшін, басқаларды жәбірлеуге қолданылатын әрекеттер. Бұл қасиеттердің көрініс беруін А.Басс және А.Дарки сегіз формада болуы мүмкін деп қарастырған. Олар:

1.Физикалық агрессия

2.Жанама агрессия

3.Тітіркенушілік

4.Негативизм

5.Өкпелегіштік

6.Күдіктенушілік

7.Вербальді агрессия

8.Кінәні сезіну.

Жеткіншектерде кездесетін акцентуацияның түрлерін анықтау үшін Шмишек, Басса-Дарки, Спилбергер, проективті әдістемелердің нәтижесімен және т.б. әдістерді салыстырып анықтау қажет. Аталған түрлі әдістердің қорытындысы бойынша педагогикалық ұжым, сынып жетекшісі және ата-аналарға таныстырылып, топтық және жеке кеңес берілуі тиіс.

Жеткіншектердің агрессивті мінез-құлықтың орын алуына жанама себептердің бірі мектептегі тұлғааралық қарым-қатынастың дұрыс еместігі болуы мүмкін. Сынып ұжымының психологиялық жағдайын дұрыс қалыптастыруға, педагогтердің оқушылармен қарым-қатынас стилін дұрыс болуына, оқушылардың білім алу қызметін жақсартуға, оқушыларды әлеуметтік маңызы бар қызмет түрлеріне баулуға, мектепте өзін-өзі басқару органын ұйымдастыруға, жеткіншектерді әлеуметтік тұрғыда мақұлданған тіршілік әрекеттеріне  баулу бойынша шаралар ұйымдастырып отырған жөн.

Психолог маман мұғалімдер мен ата-аналарға агрессияның не екендігін, оның көрініс беру факторларын, агрессивті баланың қандай күйде болатындығын жете түсіндіруі қажет. Жеткіншектің агрессивті мінез-құлқының жоғары деңгейін байқаған сәттен мектеп психологі, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог және ата-аналар осы бағытта бірігіп тығыз жұмыс жасауы қажет.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Ұ.И. Ауталипова, Х.Т. Шерьязданова, Д.Е. Абдраманова

«Жас ерекшелік психологиясы» Алматы 2010 жыл

2.А.Т.Акажанова «Девиантология» Алматы 2009 жыл

3.Т.Р.Нұрмұхамбетова «Тәжірибелік психология» Шымкент 2006 жыл

 

Сілтемелер:

1. А.Т.Акажанова «Девиантология» [1]-73 бет

2. А.Т.Акажанова «Девиантология» [2]-74 бет

3. Т.Р.Нұрмұхамбетова «Тәжірибелік психология» [3]-57 бет

4. Ұ.И.Ауталипова, Х.Т. Шерьязданова, Д.Е. Абдраманова

«Жас ерекшелік психологиясы» [4]-110 бет