ӘОЖ 378

Байжуманова Н.С., педагогика магистры

Самашова Г.Е., пед. ғыл. канд., доцент

Нұрмағанбетова М.С., хим. ғыл. канд., доцент

 

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қарағанды қ.

 

Кәсіби-педагогикалық білім беру жүйесінде кәсіби оқыту педагогын даярлау

 

Қоғамдық өзгерістерге және оның қарқындылығына байланысты кәсіби-педагогикалық білім беру жүйесі жаңа сипаттағы мамандардың қажеттігін туғызды. Мұндай мамандар жан-жақты дамыған, әр уақытта өзгеріп отыратын әлеуметтік-экономикалық процестерді талдай білуге, нарық заманында бәсекеге қабілетті және оған сәйкес шешімдерді қабылдап, оны әрі қарай жетілдіріп, жүзеге асыруға ықпал жасауы тиіс. Осыған байланысты жоғары оқу орындарындағы оқытушылар алдында тұрған басты міндет – кәсіби жағынан білімдар және құзыретті мамандарды даярлау болып отыр.

Кәсіби-педагогикалық білім беру өзімен мемлекеттің әлеуметтік саласына бағытталған бастауыш кәсіби білім беру ретінде арнайы құрылған жүйе түрін көрсетеді. Осыған байланысты кәсіби-педагогикалық білім берудің мақсаты, мазмұны мен білім беру технологиялары бойынша бірқатар ерекшеліктері бар. Кәсіби-педагогикалық білім беру түлектерді бейімдеуді жеке бір оқу пәніне емес, ал туыстас жұмыс мамандығына жақын болатын кәсіби оқыту мазмұнына бағыттайды.

«Кәсіби-педагогикалық білім беру» ұғымы «инженерлік-педагогикалық білім беру» ұғымының негізінде қалыптасты. Ол кәсіби оқыту бойынша мамандарды даярлауда мамандану аймағының кеңеюімен байланысты және дәстүрлі кәсіби-техникалық білімді қазіргі кәсіби білімге өзгертудің шынайы процесімен келісіледі.

Кәсіби-педагогикалық білім беру мен педагогикалық білім берудің өзара байланысында кейінгісі неғұрлым жалпы мағынада қарастырылады. Алайда, педагогикалық білім беру әр түрлі оқу мекемелерінде жалпы білім беру бағдарламаларын кадрлық қамтамасыз етуге бейімделген, ал кәсіби-педагогикалық білім беру бастауыш және орта кәсіби білім беру мекемелерінде кәсіби білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін кадрларды даярлауға бағытталған. Бұдан, дәстүрлі педагогикалық пен кәсіби-педагогикалық білім беру бір мағына ретінде қолданылмайды, олар тек бірін-бірі толықтырады деген қорытынды жасауға болады.

Кәсіби-педагогикалық білім беру – бұл кәсіби білім беру қызметін толығымен орындауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыра отырып, бастауыш және орта кәсіби білім беру аймағын да сипаттайды. Білім берудің бұл түрі мазмұны, әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жағынан сәйкес мемлекеттік стандарттармен анықталатын оқу мекемелерінде жүзеге асырылады.

Кәсіби-педагогикалық білім беру күрделі жүйеге жатады және өзара байланысты бірнеше компоненттерден тұрады: мақсаты, міндеті, мазмұны, қағидалары, әдістері, формалары, құралдары мен функциялары. Кәсіби-педагогикалық білім берудің тиімді даму мәселесін шешу барысында жүйенің аталған компоненттерін, сонымен қатар оны ұйымдастыру мен басқару қағидаларын оқып-зерттеу қажеттігін анықтайды.

Кәсіби-педагогикалық білім беру берілген жүйеде мамандарды даярлау процесінің логикасы мен технологиясын қамтитын негіз ретінде алға шығады. Талқыланған идеялар, қағидалар, мазмұн, әдістер мен технологиялар бір жағынан, кәсіби-педагогикалық білім беру жүйесін ұйымдастыру сұрақтарына қатысты, ал екінші жағынан, оны педагогикалық қамту сұрағына да қатысты. Сондықтан да, бұл мәселеге жеке тұлғаның, қоғамның, мемлекет пен экономиканың сұранысын басты және негізгі жағдай ретінде қарап, кәсіби-педагогикалық білім берудің ұйымдастыру-әдістемелік мәні ретінде қарау заңды.

Кәсіби-педагогикалық білім берудің ұйымдастыру-педагогикалық негізі материалдық-техникалық, әлеуметтік, құқықтық қамтамасыз етумен қатар, білім беру мекемелерінің және оқытушы кадрларының, ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстың, кәсіби бағдар беру мен оқу мекемелеріне қабылдау, кәсіби-педагогикалық жұмыскерлер біліктілігін жоғарылатудың қажеттігін анықтайды. Осыған байланысты «кәсіби-педагогикалық білім беруді дамытудың ұйымдастыру-педагогикалық негізі» түсінігін кәсіби-педагогикалық білім беру теориясының негізгі кілті ретінде санауға болады.

Кәсіби-педагогикалық білім беруді дамытудың ұйымдастыру-педагогикалық негізі – бұл өзара байланысқан кәсіби-педагогикалық білім берудің тиімділігі мен сапасын арттыруда жеке тұлға мен қоғам қажеттіліктерін жүзеге асыру және білім беру мақсатына қол жеткізуін қамтамасыз ететін құрылымдық-басқару және мазмұндық-технологиялық идеялардың, қағидалардың және шарттардың жиынтығы. Ұйымдастыру-педагогикалық негізі кәсіби-педагогикалық білім беру жүйесінің әлеуметтік ортамен байланысын қамтамасыз етеді; ұйымдастыру жоспарында басқару жүйесін (кадрларды, қаржыны, материалдық-техникалық базаны және т.б.) тәртіпке келтіреді; педагогикалық басқару әрекетін жүзеге асыру үшін шарттар құрайды; студенттердің сұранысы мен жеке қажеттіліктерін ескеріп, оқыту мазмұны, формасы мен әдістері, теория мен практиканың үйлесімді арақатынасын және оқыту мазмұнын ғылыми тұрғыдан қамтиды.

Кәсіби-педагогикалық білім беру жүйесінде даярланған маманның педагогикалық әрекет мазмұны тұрақты еңбек әрекеті ретіндегі мамандық болып табылады және ол арнайы біліммен, білікпен, қабілетпен, адам немесе технологиялармен өзара әрекеттесуімен сипатталады. Әрине, мұндай еңбек әрекетінің табысты болуы үшін адамға белгілі бір даярлаудан өтуін талап етеді. Кәсіби-педагогикалық білім беру жүйесіндегі оқу-тәрбие процесінде әр түрлі білімдерді меңгереді және келесідей біліктер қалыптасады: психологиялық-педагогикалық, арнайы, салалық, өндірістік-технологиялық. Өндірістік-технологиялық компонент кәсіби оқыту педагогын даярлауда – міндетті түрде жұмыс мамандығын алу ерекшелігін анықтайды.

Кәсіби-педагогикалық білім беру жүйесінде кәсіби оқыту педагогын даярлаудың маңызды нәтижесі тек қалыптасқан білім, білік және кәсіби қызметтерді орындау қабілеттері ғана емес, сонымен бірге өздігінен жетілуге қабілетті, кәсіби бейімделген жеке тұлға болып саналады.

Сонымен, кәсіби-педагогикалық білім беру бір жағынан, нақты мамандық бойынша адамды әрекет етуге даярлауын қамтамасыз ететін маманның қалыптасу процесі болса; ал екінші жағынан өзіндік жүйе ретінде кәсіби білім, білік, дағды және тәжірибе – яғни нәтиже.

Кәсіби оқыту мәселесі әр кезеңде түрлі бағыттарда қарастырылады, мысалы инженер-педагог, кәсіби оқыту педагогы, кәсіптік білім мамандығының студенттері, ал қазіргі уақытта кәсіби оқыту бакалавры. «Кәсіби оқыту педагогы» ұғымы 2000 жылы бекітілген, ол жоғары кәсіби-педагогикалық білім алған тұлғалар үшін берілген біліктілік. Сонымен қатар ол жалпытехникалық, арнайы және жалпы білім беру пәндерін оқытушы, өндірістік оқыту шебері ретінде немесе кәсіби білім беру оқу мекемелеріндегі әкімшілік қызметтерде еңбек ету мүмкіндігі бар.

Бұл міндет Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «5В012000 – Кәсіби оқыту» мамандығы бойынша кәсіби оқыту бакалаврларын даярлау 2007 жылдан бастап жүзеге асырылады. Осыған байланысты университет бойынша профессор-оқытушылар құрамымен дәрістік өңдеулер мен практикалық тапсырмалар, өзіндік жұмыс шарттары және басқа да жұмыстар жоспарланып, көптеген оқу-әдістемелік кешендер, әдістемелік нұсқаулар, оқу құралдары өңделді.

Қорыта айтқанда, «кәсіби-педагогикалық білім беру» түсінігін келесідей сипаттауға болады: адамды нақты мамандық бойынша әрекет етуге даярлау мен оны тиімді жүзеге асыруға, кәсіби-педагогикалық қызметті толығымен орындауға, кәсіби әрекетінде өздігінен жетілуге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру процесі. Кәсіби-педагогикалық білім беруді нәтиже ретінде қарастырсақ, бұл түсінік адамның меңгерген арнайы білімі, іскерлігі мен дағды жиынтығын, кәсіби білім беру аймағында табысты жұмыс етуге мүмкіндік беретін әлеуметтік және кәсіби маңызды қасиеттерін білдіреді.

 

әдебиеттер:

1.    Моминбаев Б.К., Егоров В.В., Нартя В.И. Совершенствование подготовки инженерно-педагогических кадров профтехшколы Казахстана. – Алма-Ата: Казахстан, 1992. 179 с.

2.    Егоров В.В., Готтинг В.В., Самашова Г.Е., Нурмаганбетова М.С. Педагогическая система формирования информационно-технологической компетентности педагога профессионального обучения // Совет ректоров. – 2011. - № 2. – С. 87-95

3.    Байжуманова Н.С., Тәжібаев С.Қ. Жоғарғы оқу орнындағы «оқытушы – студент» қарым-қатынас жүйесі // Валихановские чтения – 12: Материалы международной научно-практической конференции (20-22 апреля 2007 г). Том 1. – Көкшетау, 2007. – С.94-98.

4.    Егоров В.В., Смирнова Г.М., Готтинг В.В. Роль компетентностного подхода в подготовке педагога профессионального обучения // Дистанционные технологии в образовании: материалы междунар. научно-практ. конф. – Караганда: Карагандинский экономический университет Казпотребсоюза, 2009. – С. 210-213.