Г.К.Қайдарова

                                                                       Қазақ мемлекеттік қыздар

                                             педагогикалық университеті

                                                                        ф.ғ.к, доцент

 

              Қазақ тіліндегі буын және оның дыбыстық құрамы жайында

                                               

 

Жалпы лингвистикадағы буын теориясы тұрғысынан қараса буынның тілдік табиғаты аса күрделі құбылыстардың бірі болып табылады екен. Ендеше қазақ тіліндегі буын құбылысының артикуляциялық және акустикалық табиғатын ашу, ең бастысы қазақ тіліндегі буынды буын етіп тұрған лингвистикалық пәрмен не деген сұраққа жауап беру керек сықылды. Басқаша айтқанда, қазақ тіліндегі буынның дыбыс құрамы мен оның шегарасының фонетикалық сипаты мен көрінісінің басын ашып алу керек.

А.Байтұрсынов сөйлеу мен сөйлем, сөйлем мен сөз, сөз бен буын, буын мен дыбыс желісін бір-бірінен туындатып, арасын үзбей өзара байланыстырып қарайды. Сөздерді буынға бөлудің жолын қарастыра келіп, "Буыншы әріп басқалардың ортасында қамауда тұрса, ол буынға "бітеу" деп ат қойындар; буын аяғы буыншы әріпке тірелсе, ол буынға "ашық" деп ат қойыңдар; буын буыншыдан басқа әріпке тірелсе, ол буынға "тұйық" деп ат қойыңдар" (1, 344-345  б.) деп, буын түрлерін саралап береді. Сондағы "буыншы" әріптеріміз дауысты дыбыстар болып шығады. Буын кұраудағы дауысты әріптердің мәнін "әлгі әріптер кіріспейтін буын" болмайды деп көрсетеді. "Буындардың бір әріптілерін бір бөлек, екі әріптілерін бір бөлек, үш әріптілерін бір бөлек, төрт әріптілерін бір бөлек шығарып жазындар" (1, 344 б.) деген тапсырма жаттығуынан А.Байтұрсыновтың буынның дыбыс кұрамын да анықтап кеткенін көруге болады. Сөйтіп осы күнгі қазақ тілінде тек дауыстылардың ғана буын құрай алатындығы, буын түрлері, олардың дауысты-дауыссызға қатысты дыбыс құрамы мен буын аттары жайлы алғашқы мәліметтің бастау көзі болып отыр.

Буын мәселесіне арналған келесі лингвистикалық еңбектер осы А.Байтұрсынов ережелерін негізге алып отырады. Айырмашылық тек буын түрлері мен олардың атауларына қатысты болып келеді. Проф. Қ.Жұбанов буынның дыбыс құрамына қарай алты түрін көрсеткен (2, 361 б.). "Фонациялық ауаның қарқынымен кілт үзіліп шыққан бір немесе бірнеше дыбыс тобын буын дейміз. Демек, буын экспирация арқылы (өкпедегі ауаны сыртқа шығару арқылы) жасалады" дей келіп, осы үрдісті проф. І.Кеңесбаев та ұстанады, буын түрлерін ашық, түйық және бітеу деп бөліп, олардың алты түрлі дыбыс құрамын көрсетеді (3, б. 260-261.). Буын сипатын, түрлерін, жігін, дыбыс құрамын кеңінен талдаған С.Мырзабеков "Буын - ... ауаның кілт үзілуінің не кедергіге ұшырауының нәтижесінде пайда болатын жеке (дауысты) дыбыс, не дыбыстар (дауысты, дауыссыз) тобы" (4, 101 б.) деген анықтама береді. Ал буын түрлерін "Құрамындағы дауысты және дауыссыз дыбыстардың орын тәртібіне қарай қазіргі қазақ тіліндегі буынның екі түрі бар: ашық буын және тұйық буын. Бұлай бөлу буынның теориялық та, практикалық та мәніне сай келеді және есте сақтауға ыңғайлы" (4, 103 б.) деп көрсетеді. Буын түрлері мен оның дыбыс құрамының осы іспеттес анықтамасы қазақ тілі оқулықтарында ең кең тараған сипаттамасы болып табылады.Буынның, оның құрамындағы дыбыстардың сандық-сапалық нәтижелері буын жігін ажыратудың акустикалық көрсеткіштері бола алатындығы дәлелденген. Буын құбылысын сингармонизммен тікелей байланыстыра отырып, проф. Ә.Жүнісбеков Қазақ тіліндегі дыбыс түрленімі қазақ сөзінің сингармонизм заңдылығынан туындайды. Сингармонизм әуезі (жуан, жіңішке, еріндік, езулік) көрінетін тірек бірлік буын болып табылады» (5, Б. 24-25) деп, теориялық қорытынды жасайды. Қазақ тіліндегі буын орфоэпиясын (айтылымын) сөз еткенде осы теориялық қисынды басшылыққа алынады. Буын құрамындағы дыбыстар белгілі бір қатаң жүйеге бағынып барып басы бірігетін болса, онда оның артикуляциялық негіздемесі болу керек. Артикуляциялық негіздің акустикалық (естілім) нәтижесі болады. Қазіргі кездегі қондырғы құралдар мен компьютерлік программалар буын және оның құрамындағы дыбыстар тіркесінің акустикасын көрнекі суреттеп бере алады. Ендеше буынның басынан аяғына дейінгі яғни өне бойындағы дыбыстар тізбегінің суретін алып, буын орфоэпиясының артикуляциялық және акустикалық көрінісін байқап-бақылауға болады деп болжам жасауға болады.

Қазақ тіліндегі буын түрлерінің, әсіресе, олардың дауысты немесе дауыссыз дыбысқа бітуінің морфологиялық деңгейге тікелей қатысы бар екендігі белгілі. Себебі келесі жалғанар қосымша дауыстыға басталады ма, әлде, дауыссызға басталады ма, ол — алдыңғы буынның соңғы дыбысына тікелей байланысты кездері болады. Сонымен қатар алдыңғы буынның соңғы дыбысы мен соңғы буынның бастапқы дыбысының арасында да дауыс қатысына тікелей байланысты тұстары бар: буынның дауысты, қатаң, ұяң немесе үнді дыбысқа бітуіне қарай қосымшаның бастапқы дыбысы құбылып отырады. Осы зандылықтар қазақ тілі үшін аса актуал болып табылады. Ендеше қазақ тілінің буын жүйесін буын түрлері мен оның дыбыс құрамын дауысты-дауыссыз тұрғысынан ғана жіктеп қойған жеткіліксіз болады екен. Мұндай жіктелім тасымал талабына сай келіп, тасымал ережелерін ғана құрастыруға ғана жарайды. Лексика (сөз) деңгейінде кемістігі жоқ талдау морфология (қосымша) деңгейінде жарамай қалып жатыр. Лексикалық деңгейде буын түрлері мен оның дыбыс құрамы үшін түбір сөздің де, туынды сөздің де мәртебесі бірдей: бақ та бір сөз, бақташы да бір сөз. Екі жағдайда да бақ - бітеу буын, ал та — ашық буын. Осы жіктелім тасымал үшін жеткілікті. Ал морфологиялық деңгей үшін: бақ бірлігінің бітеу буын екендігі жеткіліксіз, оның қатаң дауыссызға аяқталып отырғанын қоса ескеру керек. Ендеше та ашық буыны, біріншіден, дауысты дыбыстан бастала алмайды, егер дауысты дыбыстан басталатын болса, онда бақ бірлігі бітеу буын бола алмайды. Екіншіден, ол тек дауыссыз дыбыстан басталады, оның үстіне бастапқы дыбыс тек қатаң дыбыс болу керек. Бастапқы дыбыс қатаң дауыссыз болмаса, бақ пен та тіркесе алмайды. Сондықтан буын құбылысының өзін екі деңгей түрғысынан қарастырған жөн сықылды. Ол үшін буынның дыбыс құрамын іштей тағы жіктей түсуге тура келеді.

Буынның дыбыс құрамы іштей екі салаға жіктеледі.

Бірінші, буын құрамындағы дыбыстың дауыс қатысына қарай, мысалы, төмендегі бітеу буындар соңғы дауыссыздың дауыс қатысына қарай жіктеледі: жаз - үнді дауыссызға аяқталып тұр, жас - қатаң дауыссызға аяқталып түр; жан - үнді дауыссызға аяқталып тұр. Сонда, мысалы, ілік септік жалғауының варианттары бұлардың әрқайсысына талғап қана жалғанады: жаздың - ұяң з дауыссызынан кейін тек ұяң д дауыссызы, жастың - қатаң с дауыссызынан кейін тек қатаң т дауыссызы, жанның - үнді н дауыссызынан кейін тек үнді н дауыссызы.

Екінші, буын құрамындағы дыбыстың әуез қатысына қарай, мысалы, төмендегі бітеу буындар соңғы дауыссыздың әуез қатысына қарай жіктеледі: қаз — жуан езулік дауысызға аяқталып тұр; кез жіңішке езулік дауыссызға аяқталып тұр, құз — жуан еріндік дауыссызға аяқталып түр; күз — жіңішке еріндік дауыссызға аяқталып түр. Сонда, мысалы, тағы да ілік септігінің жалғауының варианттары бұлардың әрқайсысына талғап қана жалғанады: қаздың - жуан езулік з дауыссызынан кейін тек жуан езулік д дауыссызы, кездің - жіңішке езулік з дауыссызынан кейін тек жіңішке езулік д дауыссызы, құздұң - жуан еріндік з дауыссызынан кейін тек жуан еріндік з дауыссызы, күздүң - жіңішке еріндік з дауыссызынан кейін тек жіңішке еріндік д дауыссызы.

Әрине бұл зандылықтардың реті бір түбірден бір қосымшаға қарай бірдей бола бермейді: соңғы ұяң дыбыстан кейін келесі буынның бастапқы дыбысы ұяң бола бермей, үнді де бола береді. Алайда басты заңдылық яғни дыбыс талғампаздық әруақытта сақталып отырады.

Сонда қазақ тіліндегі буынның басқы және аяққы дыбыстарының артикуляциялық және акустикалық белгілерінің лингвистикалық мәні бар болып шықгы. Лингвистикалық мәні бар фонетикалық құбылыстың әрқашан да артикуляциялық және акустикалық тірегі болады.

Бұл — іргелес дыбыстардың арасындағы фонетикалық шарт.

Ал буын құрамындағы дыбыстардың бір-біріне икемделуі сингармонизм заңына байланысты екендігі жайлы деректер жеткілікті. Қазақ лингвистикасындағы сингармонизм теориясы көп мәселенің басын ашып берді. Сингармонизмді теориялық тұрғыдан зерттеу жеткілікті. Енді болса буын артикуляциясы мен акустикасын кешенді инструментал зерттеудің нысанына айналдыру кезекте тұр. Мысалы, қи (қый), ки (кій), құй (құй), күй (күй) немесе қиын (қыйын), киін (кійін), құйын (құйұн), күйін (күйүн) деген т.б. сөдердің буын құрамын сингармонизм тұрғысынан сипаттап шығу тек дауысты дыбыстарға байланысты болмау керек. Сингармонизмнің артикуляциялық белгісі ауыз куысындағы тілдің көлденең және еріннің езулік-еріндік қалпына қатысты десек, онда буынды бөліп-жармай, бүтін буынның тіл мен ерін артикуляциясын яғни "буын артикуляциясын" сипаттап шығу керек.

Жалпы лингвистикалық, сондай-ақ түркологиялық ғылыми әдебиеттерге сүйенетін болсақ қазақ тіліндегі буын құбылысын сингармонизмнен тыс зерттеуге болмайды деп жорамал жасаймыз. Себебі буын, оның дыбыс құрамы, дыбыстардың үндесім құрамы, ең бастысы буын жігін табудың әдісі сингармонизм арқылы шешілуге тиіс.

Қазақ тіл біліміндегі буын проблемасы негізінен буынның құрылым түрлері мен олардың дыбыс құрамын анықтауға арналған. Ал оның
фонетика-фонологиялық табиғаты, тілдегі қызметі мен буын жігі мәселелеріне көп көңіл бөлінбей келді.

Жоғарыда айтылғандай, жалпы лингвистика тұрғысынан алғанда буын проблемасы  өте күрделі лингвистикалық құбылыс ретінде әлі күнге дейін пікір-талас объектісі болып келеді. Өзге тілдердегі буын мәселесіне көптеген диссертациялар мен монографиялар арналып жатыр

Қазақ тілі жалғамалы (агглютинатив) тіл болғандықтан кез-келген туынды сөз қосымша жалғану арқылы жасалады. Ендеше қазақ тіліндегі түбір сөздің өзі болсын, немесе одан жасалған туынды сөз болсын көп буынды болып келе беретіні заңды. Сөздің көп буынды болып келгеніне қарамай, қазақ тіліндегі буын жігі оңай табылады. Себебі табиғаты бөлек өзге тілдердегідей, мысалы, орыс тіліндегідей бір буын құрамында бірнеше дауыссыз қосақталып жүрмейді, оның үстіне қазақ тілінде бір сөздің құрамында екі дауысты қатар тұрмайды. Сөйтіп қазақ сөздерінің құрамындағы дауысты-дауыссыздардың кезектесіп келіп отыратын жүйелі реті буынға бөлу мен тасымал жасауды жеңілдетеді. Мысалы, ба-ла-ға, бұл-бұл-дар, а-та-ның, үй-де-мін т.б. қазақ сөздеріндегі буындар жіпке өткізген моншақтай тізіліп тұра қалады.

Мұның бастапқы сауат ашу мен жазып-жаттықтыру әдістемесі үшін үлкен маңызы бар.

Алайда қазіргі қазақ тілінің кейбір емле-ережелеріне сүйенетін болсақ, бір топ қазақ сөзінің қарапайым буын құрамы мен буын жігін қалтқысыз тауып беру өте қиынға түседі. Әсіресе мектеп оқушылары мен ертең сол балаларға мұғалім болып баратын жоғары оқу орындарының студенттеріне қазақ сөзін буынға бөлдіріп жаттықтыру, тасымал жасатып дағдыландыру бастан-аяқ қайшы ережелерге таңылып жүргізіледі.

Сонымен қазақтың бір топ сөздері буынға өзінің әдемі де әуезді ретімен жіктеліп, оп-оңай тасымалданып жатса, екінші бір топ сөздері ешбір ыңғайға көнбей, іркіс-тіркіс шашылып жатады. Ондай бірыңғай ережеге бағынбайтын сөздердің буынға бөлу мен тасымал амалын тек жаттатуға тура келеді. Ал мұндай әрекет әдістемелік тұрғыдан ұтымды болмайды, мұғалімге түсіндіру қиын болса, оқушыға меңгеру ауыр болады.

Осындай буын құрамы мен тасымалы қиын сөздердің қатарына құрамында и, у, я, ю әріптері бар сөздер жатады. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігін ақтарып қарасақ, мұндай үлгідегі сөздердің саны қыруар. Ендеше әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған, айқыш-ұйқыш емле-ережені әлі ой деңгейінде байыптай алмайтын бастауыш сынып баласына түсінедіріп, оларды жадында сақтатудың әдістемелік амалы не болмақ? Сауат ашу мен жазып жаттығу буыннан басталатынын ескерсек, осы бір ережелер тобының төңірегінде қатты ойлану керек болатын тәрізді.

Қазақ тілінің дыбыс құрамын дұрыс анықтап, соған лайық төл әліпбиін түзіп, сөйтіп емле-ережені икемді ету жайлы ғалымдар мен әдіскер мамандардың көптен қозғап келе жатқан әңгімесінен хабардармыз. Бұл соған орай айтылған пікір еді.

 

Қорыта келгенде, буын табиғаты және оның шегара белгілері жайлы негізгі пікірлер осы айтылғандарға келіп саяды. Өзге де пікірлер айтқан ғалымдар бар, бірақ бәрінің негізгі мазмұны осы іспеттес.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

 

1 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.  

2 Жұбанов Қ. Қазақ тілі бойынша зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966.

3 Кеңесбаев I., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ғылым, 1975

4 Мырзабеков С. Ќазаќ тілі фонетикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2004

5 Джунисбеков А. Проблемы тюркской словесной просодии и сингармонизм казахского слова. Автореф. Дис. ... д-ра филол. наук.
– Алма-Ата, 1988.  

 

 

                             Резюме

Данная статья посвящена изучению слогов и их видов, звукогого состава казахского языка.

                                       Summary

This article is meant for studying of syllables and their types, sound structure of Kazak language .