МӘТІНДІ ОҚЫЛЫМ АРҚЫЛЫ МЕҢГЕРТУДІҢ лИНГВИСТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Ныязбекова Кулянда Сарсенкуловна

Кандидат педагогических наук

КазНПУ им.Абая

 

Егеменді еліміздің әлемдегі өркениет пен ғаламдану үрдісіндегі мәдениетті игеруі барлық ғылым салаларында болашақ ұрпақты сапалы дайындау ісімен тығыз байланысты. Осыған орай Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту тұжырымдамасында: «Қазір педагогикалық қоғамдастықтың алдында білім берудің жаңа моделін құрудың, сынақтан өткізу мен енгізудің ауқымды міндеттері тұр. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды-машыққа қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады», - деп көрсетілген.  

Сөйлеген сөзді, оқылған мәтінді дұрыс қабылдау тіл үйренушінің өзіне де қатысты. Тыңдау барысында тіл үйренуші пауза, ой екпініне, дауыс қарқынына қарай хабарды қабылдайды, ал оқу барысында тыныс белгілеріне, сөздердің грамматикалық белгілеріне, мағыналық бөліктерге, ерекше жазылған сөздерге, схемаларға, кестелерге қарай отырып, өзіне қажетті ақпаратты алады. Естігенін және оқығанын қабылдау лингвистикалық ерекшеліктерге, яғни тілдік белгілерге; тіл үйренушінің біліміне және сөйлеу тәжірибесінің сәйкестігіне сай жүзеге асады.

Лингвистикалық қиындықтар тыңдалым барысында тыңдаушының сұхбатқа қатысуынан және қатыспай сырт тыңдап тұруынан туындайды. Бұндай жағдайларға айтушының сөйлеу мәнері, қарқыны, дикциясы, интонациясы жатады.

Оқылым мәтіндер арқылы іске асатындықтан, оқылымды меңгертуге арналған мәтіндер  белгілі бір талаптарға сай сұрыпталып берледі. Тілді үйретуде оқылымды хабарды жеткізудің негізі, ал мәтінді хабардың көзі ретінде қарастыра отырып, жеткізілетін хабардың ақпараттылығына мән беру маңыздылығы алға қойылды. Мәтінде қамтылатын ақпараттар оқылымды үйретуге қойылатын талаптарға сай негізделеді. Тіл үйренушілер мамандықтарына сай келетін материал арқылы әр түрлі функционалды стильде жазылған мәтіндерді оқып қабылдайды. Сонымен бірге мәтіндік материалды қамтитын ақпараттар елтанымдық тұрғыдан белгіленеді.

Оқуды игертудің алғашқы кезеңдерінде тіл үйренушілердің меңгерген шектеулі сөздік қорларын қолдану арқылы еліміздегі түрлі саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық проблемалар туралы мағлұматтар беруге болады. Ол үшін  дидактиканың «жеңілден ауырға қарай» ұстанымын бағытқа ала отырып, тіл үйренушілерге шағын мәтіндер беріліп,ол мәтіндер күн сайын күрделеніп отыруы тиіс. Лингвистикалық қиындықтардың ішінде лексика оқылы үдерісіне әсер етеді. Тіл үйренуші тілдік қатынас кезінде сөздік қорындағы санаулы сөздерді қолданатыны белгілі. Кейбір сөздердің ауыспалы мағынада кездесуі, тұрақты сөз тіркестерін, антоним, омоним, синоним сөздердің қолданылуы лексикалық қиындықтарды тудырады.

Грамматика саласында туындайтын қиындықтар синтаксиспен де морфологиямен де байланысты. Айтылған сөйлемді қабылдай отырып, сөйлемдегі негізгі ойдв білдіретін сөздерді анықтай алуы және айтылатын ойды жеткізудегі олардың атқаратын рөлін, жасалу жолдарын айқындай алуы қажет. Ол үшін оқылымды үш кезеңге бөліп қарастырудың маңызы зор.

Оқылым үдерісін бастапқы кезеңінің негізгі міндеті – дауыстап және іштей оқу механизмдерін қалыптастыру. Тіл үйренушілер (егер орыс бөлімінің студенттері болса, І семестрде; шетелдіктер болса, алғашқы екі айда) күнделікті тұрмыста  қолдаылатын белсенді сөздерді тез қабылдап, дұрыс айта білуге міндетті. Сонымен қоса сөйлемдердің синтагмалық мүшеленуін, берілген сөздермен тіркестер құрастыруды меңгеру, сөйлемдердің арасында мағыналық байланыс орнату, лексика-грамматикалық материалдар негізінде игерілген мәтіндерді түсіну алға қойылады.

Оқылым үдерісін меңгертудің алғашқы сатыларында тіл үйренушілерден дыбыстық-әріптік және әріптік-дыбыстық қатынастарды игеру, қазақша дыбыстарды өз мәнерімен айтып, жаза білу талап етіледі.

Оқылымды игертудің ортаңғы кезеңінде тіл үйренушілер танымдық мазмұндағы құрылымы, мазмұны жағынан күрделі мәтіндерді дауыстап не іштей оқиды. Берілетін мәтіндер студенттер меңгерген тілдік материалдар негізіне құрылады. Мәтінде жаңа сөздер кездессе, сол сөздерді сөзжасамдық элементтерге қарап, контекст бойынша болжауы қажет. Кейбір сөздердің мағынасын түсінуде мағыналық-құрылымдық және морфологиялық талдауды қолдануға болады. Мәтін бір рет оқылуы тиіс. Егер мәтінді қайталап оқуы керек болса, оқытушы жаңа тапсырмалар беру арқылы дамытады. Мысалы, мәтінді жылдамоқып шығу немесе мәтіннен нақты ақпаратты табу сияқты тапсрымалар арқылы қайталатып оқытуға болады.

Мәтіндегі тілдік материалдардың, мәтін мазмұнының күрделенуіне байланысты  мәтіндегі сөйлемдердің грамматикалық құрылысы да күрделенеді. Сондықтан оқытушы әр сабақта берілетін мәтіндердің мазмұнын тіл үйренушілердің түсінуін қадағалап, арнайы тапсырмалар жүргізуі қажет.

Оқылымды игертудің ортаңғы кезеңдерінің негізгі міндеті мынадай: іштей оқуды жетілдіру, соның ішінде оқығанын қабылдауы мен түсінуін ұлғайту; оқылым түрлерін игеру, сөздіктермен жұмыс жасауды дамыту, мәтіндерді өз бетімен оқуды меңгерту.

Оқылымды меңгертудің жоғары кезеңдері қалыптасқан оқу дағдыларын игерумен тығыз байланысты. Бұл кезеңде тіл үйренушілер мәтінді толы меңгереді.  Олар мәтінде кездесетін тілдік және мағыналық қиындықтарды жеңе алатындай дәрежеге жетеді. Оқылымның алдына қойған мақсатына байланысты және мәтін мазмұнының күрделілігіне сай мәтіндегі негізгі ақпараттарды сөздіктің көмегімен және сөздіктің көмегінсіз 60%  жаңа сөздерді игерту алға қойылады. Бұл кезеңде оқылымынң барлық түрлері, соның ішінде зерделі оқуды игерту басты бағытқа алынады.

Қазіргі кезде ғылыми-техникалық прогресстің дамуына байланысты қазақ тілін оқыту әдістеріне қойылатын талаптар да күннен күнге өсуде. Оқылымды меңгертудің мазмұны туралы қысқаша мағлұматтарды іздестіру, оқылымның лингвистикалық, психологиялық және дидактикалық ерекшеліктеріне байланысты.

Оқылымның лингвистикалық компоненттерін қарастыру фонема, тұрақты тіркестер, сөйлемдер мәтінге байланысты болады. Оқылым тілідік тұлғалар мен қатысымдық тұлғалар арқылы жүзеге асады.