ӘДЕБИЕТТІҢ КӨМЕГІМЕН ОҚУШЫЛАРДЫ

ІЗГІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ МӘСЕЛЕСІ

 

ЖҰМАЖАНОВА ДАНА СОВЕТОВНА

(Қарағанды қаласы, № 10 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі)

 

«Халықтың игі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз», - деген екен Бауыржан Момышұлы. Ұлттық ділдің, ұлттық психология мен ұлттық құндылықтарымыздың жас ұрпақ бойында қалыптасуына әдебиет сабағының елеулі ықпалы бар. Бағдарлама бойынша әр сыныпта түрлі әдеби шығармалар өтіліп, талданады. Оқушылар жаңа есімдерді танып, мазмұнды шығармаларын оқып-біледі. Ауыз әдебиетінің мұралары да мектеп бағдарламасында жеткілікті деңгейде ескерілген. Сабақ мақсатына сай осының бәрінің тәрбиелік мәні ерекше екені белгілі. Ұлттық рухани байлығымыз бен мәдениетіміздің ұрпақты ізгілікке тәрбиелеудегі мүмкіндігі зор екендігі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында да нақтыланған.

Әдебиеттің ең басты қызметі – тәрбиелік қызмет. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор, талапты, еңбекқор, білімді тағы басқа адами құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақтың әдеби шығармадан алары мол. Ол жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелейді. Жақсы қасиеттерді біртіндеп оқушы бойына сіңіре береді. Ұлтымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – әдеби шығарма. Сыныпта талданған шығарма арқылы оқушының аталмыш құндылықтар төңірегіндегі білім қоры молайып, өз ұлтын тани түседі. Ал, ауыз әдебиетінде қамтылатын қазақ халқының салт-дәстүрлері бастауыш сынып оқушыларын әдепке тәрбиелейді.

Баланың болашағы үшін балалық шақтың мәні зор. Себебі, оның негізгі қасиеттері осы кезеңде қалыптасады. Олай болса, қазіргі уақытта бастауыш сыныпта берілетін білімнің тәрбиелік жағы басты назарда болуға тиіс. Өйткені, тәрбиесіз берілген білім – білімнің қас жауы. Жалпы, оқушы бойынан табылуға тиісті ұлттық қасиеттер:

ü     адамгершілік;

ü     ізгіліктің;

ü     қонақжайлық;

ü     сыйласымдылық;

ü     кішіпейілділік:

ü     кеңпейілділік;

ü     сөзге шешендік;

ü     жанашырлық;

ü     қайырымдылық;

ü     кешірімділік  т.б.

Еліміз егемендігін алғаннан бері ұлттық тәрбиенің тағлымдарына деген қызығушылық молайып келеді. Себебі, ұлттық тәрбие – ұлттығымыздың қалыптасуы үшін нағыз қажетті алғышарт.

Ұлттық тәрбие - бүгінгі күннің қажеттілігі. Оның қайнар көзі қазақтың бай ауыз әдебиетінде, идеялық мәні жоғары шығармаларда жатыр.

Бастауышта бағдарлама негізінде ауыз әдебиетінің жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, мақал-мәтел, ертегі, аңыз, тұрмыс-салт жырлары тәрізді негізгі түрлері қамтылады. Әр сыныпта жүйелі өтілетіні – мақал-мәтелдер. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Осы себепті де оқушы бойына жастайынан адами қасиеттерді сіңіріп өсіруде мақал-мәтелдер үлкен қызмет атқарады. Кісіліктің өзі, ең алдымен, дұрыс, мәдениетті сөйлеуден басталады. Бастауыш сынып оқушыларында, әдетте, байыбына барып мән бермей бірдеңені айта салу жиі кездеседі. Сөйтіп, кейде сыныптасын ренжітіп, көңілін қалдырып жатады. Осындайда «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Жақсы сөз жан семіртеді», «Тіл тас жарады; тас жармаса, бас жарады» тәрізді мақалдардың мәнін түсіндіру, өмірден мысалдар келтіру арқылы сөз өнері, сөздің күші, қасиеті, сөздің адамға әсері туралы оқушыға түсінік берудің, пікірлесудің артықтығы болмайды. Оқушының шыдамдылық қасиетін ұштап, байыпты, салмақты, сабырлы болуға тәрбиелеуде «Сабыр түбі – сары алтын», «Үндемеген үйдей пәледен құтылады», «Сыпайлық жоқ жерде, сыйласу да жоқ» деп келетін мақалдардың қажеттілігі сезіледі.

Адамгершілік – жеке тұлғаның ең басты рухани байлығы. Ол тұлғаның бағалы қасиеттері мен сапалары, өзгелермен өзара қарым-қатынасы арқылы қалыптасады. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық тәрізді құнды қасиеттерді сіңіре отырып тәрбиелеуде мақал-мәтелдердің атқаратын қызметі ұшан-теңіз. Оқушы мәнін түсініп, қабылдай алатындай бірнеше мақалға тоқтала кетейік. Қазақта «Іздеген жетер мұратқа» деген мақал бар. Мұның өзі қазіргі заман талабына сай мақал деуге болады. Бүгінгі заман – жастардың заманы, онда да білімімен ел алдына шыққан жастардың заманы. Мұғалімнің міндеті – сабақ үстінде талданатын әр мақалдың мәнін өткенмен сабақтастыра, бүгінгі күнмен байланыстыра отырып түсіндіру екені белгілі. Жоғарыдағы мақал осы орайда бала санасына сіңірілсе, ұғындырылса дұрыс болғаны. Адам бойындағы кешірімділік пен кеңпейілділік тәрізді қасиеттердің артықшылығын сезіндіруде «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Болатын жігіт епшіл, болмайтын жігіт кекшіл» тәрізді мақалдар қажет. Бала табиғатына сай шекісіп, сөзге келісіп қалатын оқушыларды дұрыс жолға салу үшін мұндай мақалдар аса қажет.

Адам бойындағы ізгі қасиеттердің қалыптасуы оның айналасына, қоршаған ортасына байланысты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа» деп кей оқушының жақсы қадамын қолпаштап, мадақтап отырудың берері мол. Неғұрлым жақсы ісіңмен көзге түсіп, адамдарға қайырымдылық жасасаң, ел алғысына бөленсең, соғұрлым еңсең көтеріліп, жұмысың алға басатынын «Жаңбырменен жер көгерер, алғыспенен ер көгерер» мақалы мысалында ұғындыруға болады.

Әдеби шығармалардың барлық түрі: мақал-мәтелдер, жұмбақтар, бата, ертегілер, өлең-әңгімелер – адамгершілік тәрбиесінің арқауы. Адами құндылықтар бала бойына осылар арқылы таралып, оның адамгершілік қасиеті жетіледі, нығаяды, бойында тұрақтап орнығады.

Ұлттық мақтанышымыз – ұлы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көрсетілетін адамгершілік ұстанымдар мен адамды орға жығатын қасиеттер әр оқушының аса терең мән беретін, заңға бергісіз құжаты болуға тиіс.

Халқымыз батаға терең мән берген. Бастауыш сыныптан бастап балаға мұғалімнің көмегімен батаның мәні терең түсіндіріледі. Батаның түрлері туралы айта келіп, нақтылы мысалдар келтіріледі, кейбіреуін жаттап алуға кеңес беріледі (көбіне дастарқан батасы). Мысалы, Төле бидің тоғыз жасар Жетеске берген батасына назар аударайық:

                      Бір үйдің баласы болма,

                             Көп үйдің санасы бол!

                      Бір елдің атасы болма,

                      Бар елдің данасы бол!

                      Бір тонның жағасы болма,

                      Көп қолдың ағасы бол!

                      Ақты ақ деп бағала,

                      Қараны қара деп қарала!

                      Өзегің талса, өзен бойын жағала,

                      Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала!

                      Өзіңе өзі кәміл бол,

                      Халқыңа әділ бол,

                      Жауыңа қатал бол,

                      Досыңа адал бол!

  Жас ұрпақтың өсіп азамат болуы жолындағы тәрбиеде бата сөздердің алатын орны ерекше. Жас балаға жақсы тілек тілеу, алғыс айту арқылы  педагогикалық ой-пікір мен сыншылдық көзқарас білдіріп отырса, бата беруде «бата алғанға бақ қонар», «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген өсиет-нақыл тұрғысынан келген. Жас ұрпаққа берілетін батада баланың өмірден өз орнын адаспай таба алатын келешегі зор, білімді, абыройлы азамат болып шығуына деген ақ жүректен берілетін ниет, мақсатты пікір жатады. Міне, әдебиет сабағында осы тектес баталар талданып, мән-мазмұны санаға сіңірілгенде, баланың жүрегіне жетіп, ой салары даусыз.

 Бастауыш сыныпта тоқсан сайын диктант, мазмұндама сияқты жазба жұмыстары жүргізіледі.

Мазмұндама мәтінін таңдағанда мәтін мазмұнының қызықтылығы, тәрбиелік мәні, бала ұғымына сай келуі ескеріледі. Мәселен, төмендегідей мәтіндер осы талапқа сай деуге болады:

Мейірім

Көктем. Мамыр айы маужырап, қырат пен сай-саланы қыс мекендеген қар еріп, сылдырап жылға-жылғамен ағады. Төңірек тегіс түрленіп, көк шөп қаулап өсуде. Ақ, сары, қызыл гүлдері көздің жауын алған тау бөктері түкті кілемдей құлпыра түскен.

Терең көлдің маңайы жыл құстарының ызу-қиқу шуылына толы. Әртүрлі құстардың әсем дауыстары көл ажарын тіптен көріктендіріп тұр. Бір күні ескі шопан қыстауының қорасына зып беріп ана үйрек ұшып кірді. Мұны Жасұлан байқап қалды да, дереу әжесіне келіп хабарлады. Бұған Жасұлан әжесі екеуі қатты таң қалды. Әжесі екеуі күні бойы аңдыды: ана үйрек қораға ұя салыпты. Балапан басып алмақшы.

Жайлауға көшетін мезгіл де жетті. Ана үйрек әлі қозғалмастан  ұясында жатыр. Әжесі немересінің  меселін қайтармай, құстың амандығын сақтап қалу үшін қыстауда қалып қойды.

Сабақта мәтінмен жүргізілетін жұмыс түрлері оқушыны шығармашылыққа жетелейтіндей деңгейде ұйымдастырылуы шарт. Сонда ғана мәтіннің негізгі ойы айқындалып, балаға ой салады. Мәтінді мәнерлеп оқыту, әңгімелеп айтқызу, мәтін бойынша берілген сұрақтарға жауап бергізу, негізгі идеясын тапқызу, кейіпкерлер бейнесіне талдау жасатқызу, тақырып төңірегінде пікірлерін ортаға салғызу, баланың іс-әрекетіне баға бергізу арқылы көздеген мақсатқа жетуге болады. Мұндай мазмұнды мәтіндер оқушы бойындағы мейірімділік, жанашырлық тәрізді қасиеттерді ұштайды. 

Бүгінгі рухани байлықтан гөрі материалдық байлыққа ұмтылып, қатаңданып, қатыгезденіп бара жатқан қоғамда баланың жан-дүниесіне әсер етіп, жүрегіне ізгілік нұрын себетін әдебиет пәнінің рөлі қашан да маңызды болып қала береді.

 

 Пайдаланған әдебиеттер:

1. Н.Төреқұлов «Қанатты сөздер» жазушы баспасы. Алматы 1977ж.

2. А.Құнанбаев «шығармаларының толық жинағы»- Қазақстан біріккен мемлекеттік  баспасы. Алматы-1948ж.

3. Әбуова А. (Бастауыш мектеп №7,2007,бет 16-18)

4. «Білім туралы» заңы

5. Ақылдың кені (Ұлағатты сөздер)

Ана тілі баспасы ЖШС 2008