Тұлғалық бағдарлы технологиялар негізінде студенттердің коммуникативтік құзыреттілікті дамыту

 

Танирбергенова А.Ш.,

педагогика ғылымдарының

кандидаты, доцент.

Баймаханова К.Қ.,

«Тұран - Астана» университетінің магистранты

                           Қазақстан, Астана қаласы

 

Еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалып жатқан талпыныстар жағдайында әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлғаны қалыптастыру маңызды міндет болып отыр. Осы тұрғыда тұлғалық бағдарлы технологиялар негізінде студенттердің коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі.

Жеке тұлғаны дамыту мәселелері   Л.С.Выготскийдің, М.Б.Блонскийдің, С.Л.Рубинштейннің, Л.В.Занковтың, Д.В.Элькониннің еңбектерінің негізгі арқауы. Қазіргі    кезде    Д.Н. Богоявленскийдің, П.Я. Гальпериннің, Б.В. Давыдовтың, Л.В. Занковтың, Е.Н.Кабанова-Меллердің, С.Л.Рубинштейннің, Н.Ф.Талызинаның т.б. жеке тұлғаға бағытталған және дамыта оқытудың психологиялық теориялары жасалып, оқу үрдісіне енгізілген. Білім берудің жеке тұлғаға бағытталған технологиясына Л.И. Аниферованың, Е.В. Бондаревскаяның, В.С. Ильиннің, М.В. Клариннің, Т.Н. Мальковскаяның, В.В. Сериковтың, И.С. Якиманскаяның, Д.В. Дорофеевтің зерттеулері арналған. Білімнің түрлі салаларындағы ғалымдардың, философтардың, психологтардың, педагогтардың тұлғалық бағдарлы оқыту мәселелеріне деген терең және үздіксіз қызығушылығы да қозғалып отырған мәселенің маңыздылығын дәлелдей түседі. Ол үшін алдымен «тұлғалық бағдарлы оқыту» дегеніміздің не екенін түсініп алғанымыз жөн.

И.С.Якиманскаяның пайымдауынша, жеке тұлғаға бағдарланған оқытуда даралау тәсілі барлық білім беру процесінің негізгі қағидасы болып табылады, оның мақсаты-әрбір жеке тұлғаның мүмкіндіктерін танып, дамыту.

Е.В.Бондоревская жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың мазмұнында жеке  тұлғаны дамытуға және қалыптастыруға қажетті мынадай 4 компонент міндетті түрде болуы қажет деп атап көрсеткен. Олар: аксеологиялық, когнитивті, шығармашылық-әрекеттік және жеке тұлғалық. Осы жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың мазмұнының төрт компоненті де негізінен сөйлесу, шығармашылық іс-әрекет арқылы әрбір жеке тұлғаның жекелеген дамытуға жағдай жасауға, өз бетінше шешім қабылдауға және шығармашылығына, оқу әдістері мен мазмұнын таңдауға толық мүмкіндік береді деп тұжырымдайды.

Біздің ойымызша, жеке тұлғаға бағдарланған оқыту материалды шығармашылықпен меңгеру аясын кеңейтеді және жеке тұлғадан бағдарланған оқытушыдан төмендегідей іс-әрекетті талап етеді:

1) жеке тұлғаның  темпераменті, мінезі-құлқы, көзқарасы, талғамы мен әдеп-дағдыларының жеке ерекшеліктерін үнемі зерделеп, жақсы білуі;

2) жеке тұлғаның ойлау ерекшелігі, қызығушылығы, мүддесі, ұстанымы, бағытталуы, өмірге, еңбекке көзқарасы, құндылық бағыттары, өмірлік жоспары және т.б. сияқты аса маңызды тұлғалық қасиеттерінің нақты қалыптасу деңгейін қадағалап, білуі;

 3) әрбір  жеке тұлғаның өз шамасына сай және біртіндеп күрделене беретін әрі жеке тұлға дамуын қамтамасыз ететін тәрбиелік әрекетке үнемі тартып отыруы;

4) мақсатқа жетуге кедергі келтіретін себептерді уақытылы айқындап, жойып отыруы, ал егер мұны уақтылы істей алмаса, жаңа жағдайларға сай тәрбие тактикасын жедел түрде өзгертуі;

5) жеке тұлғаның өз белсенділігіне неғұрлым көбірек сүйенуі;

6) тәрбие ісін жеке тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуімен ұштастырып, өзін-өзі тәрбиелеу мақсаттарын, әдістерін, формаларын таңдауға көмек беруі;

В.В.Сериков ұсынған жеке тұлғаға бағдарланған білім беру тұжырымдамасының мәні төмендегідей:

1. Жеке тұлға дегеніміз - адамның арнайы білім алу және даму аясын білдіретін педагогикалық категория. 

2. Адам "жеке тұлға болу” тәжірибесін, яғни жеке тұлға функцияларын атқара білу тәжірибесін меңгеруі тиіс.

3. В.В.Сериков жеке тұлғаға бағдарланған білім беруге тән заңдылықтарды атап көрсетеді:

    жобалау элементі - "тұлға өміріндегі оқиға”, ол кейіннен біртұтас өмірлік нәтижеге айналады. Ал білім тек оның бір бөлігі ғана болып табылады; 

– оқыту адамның табиғи өмір сүру жағдайына жақын бола түседі;

– оқытушы мен студенттің өзара бірлескен әрекеті тұлғааралық, субьект аралық  қарым-қатынас сипатын алады;

– тұлғалық-бағдарлы білім беру әрбір студенттің даралығына, жеке ерекшіліктеріне бағыттала отырып, студенттің жеке даму траекториясын жасауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі қазақстандық білім беру сипатындағы айрықша өзгерістер оны «адамның еркін дамуына»  оның жоғары мәдениетін, шығармашылық белсенділігін, дербестігін, бәсекеге қабілеттілігін, бейімделгіштігін дамытуға бағыт береді. Бұл бағыт өз алдына оқушы тұлғасын қалыптастыруда жаңа тұрғыдан келуді қажет етеді. Тұлғалық–бағдарлы білім беруді педогогикалық қауымның меңгеруі нәтижесінде туындайтын педогогикалық мақсаттардың өзгерісі толық, тұлғалық және әлеуметтік–интеграцияланған  нәтижені анықтау мәселесін алға қойды. Осындай интеграцияланған әлеуметтік –тұлғалық-іс-әрекеттік ұғымның білім берудің нәтижесі ретіндегі жалпы анықтамасы болып мотивациялық–құндылықты, когнитивті, дүниетанымдық,     коммуникативтік «құзырет/құзыреттілік» ұғымы танылады. Бұнда бірінші анықтама, әдетте, белгілі бір аядағы процестер, нормативті міндеттер мен құқықтармен белгіленетін тұлғаның сапаларымен байланыстырылса, екіншісі құзыреттердің практика жүзінде жүзеге асуы, оның нақты іс–әрекетке қатынасынан туындайтын нәрсе болып табылады. Демек, тұлғаға – бағдарлы технологиялар негізінде студенттердің коммуникативтік құзыреттілігін дамытуда негізгі ұғым «құзыреттілік» ұғымына тоқталған дұрыс болады.

 «Құзыреттілік» ұғымы еңбек әлемінде және өнеркәсіп мекемелерінде пайда болды. «Негізгі құзыреттілік» термині алғаш рет 1992 жылы Еуропа Кеңесінің «Еуропадағы орта білім» жобасында пайда болды. Бұл жобаның міндеті – Еуропа одағының құрамындағы елдерде білім берудің мақсаты мен  мазмұнын, оқушылардың оқу жетістіктерінің деңгейің бағалау механизмдерін талдау болды.

 «Құзырет», «Құзыреттілік» ұғымның мәнін ашу үшін философиялық, педагогикалық, психологиялық әдебиеттерге талдау жасалды.

Құзыретті философиялық тұрғыдан түсіндіру адамның танымы мен практикасына байланысты жаңалықтар мен жаңа енгізулерге жол ашады., сонымен қатар әрбір сыныпта педогогикалық ситуацияға қойылатын білімділік талаптарын анықтауға мүмкіндік береді.

Құзырет (латын сөзі –сәйкесті, қабілеті) –орындалатын жұмыстың мәнін, қойылған мақсатқа жетудің тәсілдері мен құралдарын терең және түп-түбіріне дейін білу, сонымен қатар сол жұмысқа сәйкес келетін іскерліктер мен дағдыларын болуы

 «Құзырет»- өзінің бойындағы белгілі бір білімі мен дағдысы арқылы шешім қабылдауға қатысуға немесе өз бетімен мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін лауазым иесінің жеке мүмкіншіліктері, оның біліктілігі (білім мен тәжірибесі).

«Құзырет»  ұғымның тұлғаның жетілуімен және оның еңбек міндеттерін орындауда өнімді әрекет жасауға және жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін күйге жетуімен байланыстырады.

Осылайша «құзырет» - бұл оқу барысында жинақталған білімге, тәжірибеге, құндылықтарға, бейімділіктерге негізделген жалпы қабілет. Құзырет білімге де, дағдыға да жатпайды. Құзырет - бұл іс –әрекетті, іскерлікті тудыратын нәрсе. Құзырет саналы іс-әрекет барысында қалыптасады. Құзыретті меңгеру оқушының белсенділігіне тәуелді. Жұмыс жасауды үйрену үшін қарым-қатынас жөніндегі ғылыми баяндамаларды тындаудың пайдасы жоқ. Ағылшын не орыс тілінде сөйлемейінше, оларды меңгеру мүмкін емес. Тек практика жүзінде ғана компьютерде жұмыс жасауды үйренуге болады.

Құзыреттің көрінуіне белгілі бір жағдайлардың әсері зор. Құзыретке ие болу дегеніміз сол ситуацияға өзінің бар білімі мен тәжірибесін бейімдеу. Білімді адамдардың нақты ситуацияларда қажет болған жағдайда сол білімін қолдана алмайтындығын күнделікті өмірде кездестіруге болады. Осылайша,  құзыретті дамыту және қалыптастыру үшін олар көрінетіндей нақты жағдайлар тудыру қажет.       

Құзыреттіліктер - адамның  белгілі бір салада беделге, танымға, тәжірибеге ие сұрақтар мен құбылыстар шеңбері.  Әлеуметтік құзыреттілік –қоғамдағы өмір сүрудің нормалары мен ережелерін дұрыс орындауға мүмкіндік беретін әлеуметтік дағдылар (міндеттер). Әлеуметтік педогогиканың термині.  Коммуникативтік құзыреттілік төмендегідей компоненттерден тұрады:

-  коммуникативтік тәртіп аймағындағы білімі (қажетті тілдерді білуі, педогогика және психология, конфликтология, логика, риторика, мәдениет және сөйлеу аймағындағы білімі).

-  коммуникативтілік және ұйымдастырушылық қабілеті (іскерлік қатынастарды нақты және жедел орнату, белсенділік таныту, тұлғаны дұрыс қабылдау және түсіну негізінде психологиялық әсер ету, қоршаған ортамен және оқшауланған адамдармен біріккен іс-әрекет кезінде белсенді әрекет жасау);

-  эмпатияға қабілетті болу (түсіне білу іскерлігі, өзгені сезіне білу, психотерапияны сөзбен орындай алу).

-  өзіндік бақылауға қабілеттілігі (көршісінің және өзінің мінез-құлқын реттеу алу іскерлігі, әңгімелесушіні модельдей алу, дау-жанжал ситуацияларында өнімді жауап беру тәсілдерін табу, жағымды психологиялық климатты тудыру, субъектаралық қарым-қатынасты болжай алу);

-  вербальды және вербальды емес қарым –қатынас мәдениеті (сөйлеу техникасы, риторикалық амалдар, аргументация техникасын және шарттасуды жүргізу, кәсіби педоггогикалық әдеп ережелерін сақтау, ұғымдық категориялық ақпаратты мақсатты түрде қолдану, сөйлеу мәдениетін меңгеру, вербальды емес құралдарды қолдану).

Қорыта келгенде коммуникативтік  құзыреттілік студенттерді бақылаудан өзіндік бақылауға, әлеуметтік дамытудан өзіндік дамуға, монологтан диалогқа, түсіндіруден түсінуге ауысудың негізін құрайын тұлғалық-бағдарлы педогогикалық технология шеңберінде білім беру парадигмасының өзгеруімен байланысты жүзеге асырылады.

Жалпы құзырет – өз бетімен білім алуға, оның барысында пайда болатын танымдық проблемаларды өз бетімен шешуге, өзінің позициясын белгілеуге жеткілікті білімділік деңгейі.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.   Библер В.С. Школа диалога культур:   введение  в  программу

// Прогнозное социальное проектирование. – М., 1989.

2.     Тубельский  А.Н.   Для  чего  и  как  мы  учим:   необходимо           изменить содержание   общего  образования  //  Школьные  технологии. – 2001. - №5. – 123 – 135 б.

3.    Ямбург   Е.А.    Единое образовательное   пространство    //    Народное  образование. – 1994. - №1.

4.Якиманская И.С. Развивающее обучение.- М.,1979-78б.