ТӘРТІБІ  ҚИЫН БАЛАЛАР  ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ТОПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Өтеген Қадиша Оралқызы

п.ғ.к., доцент м.а., ХГТУ,  Шымкент қ., Қазақстан

 

Біздің қоғам дамуының күрделі әлеуметтік–экономикалық жағдайларға және нақты қоғамдық тығырыққа тірелуі, адам ағзасына қауіпті экологиялық орта, дәрігерлік қызметтің нашарлығы, т.б. балалардың денсаулығына, мінез- құлқына, оқу үшін әлеуметтік психологиялық бейімделуге қатысты қиын мәселелерді тудырып отыр.

Кеңестік психология ғылымы жеке адамның адамгершілік өрісін қалыптастырудың ерекшеліктерін терең зерттеу негізінде әлеуметтік жат мінез-құлықтың құрамы да, өзіне тән ерекше қасиетінің фактісі де «туа біткен механизмдермен» анықталмайтынын нанымды көрсетіп берді. «Қиын» аталатын балалар – педагогикалық назардан тыс қалған балалар.

Олардың жеке басының адамгершілік жағынан өзгеруі – педагогикалық қателіктердің салдары (әңгіме нерв жүйелері қажыған, ақыл-ойлары артта қалған балалар туралы емес, психикалық және дене жағынан сау балалар туралы болып отыр.

Қазақ тілі терминдерінің педагогика және психология бойынша түсіндірме сөздігінде «қиын балалар» ұғымының мәні былай ашып көрсетіледі: «қиын балалар – тұлғалық дамуында көрінеу ауытқулары бар екенін көрсететін балалар санаты. Әдетте, балаларды бұл санатқа қосқанда олардың оқу-тәрбие процесінің дұрыс өтуіне кедергі болатын даралық-психологиялық ерекшеліктерінің сыртқы көріністері негізге алынады.баланың мінез-құлқындағы кәнәраттардың себептері алуан түрлі болады, оның «қиын» деп бағалануы көбіне нақты психофизиологиялық сипаттамасын көрсетпейді, ол туралы ата-аналар мен педагогтардың пікірін білдіреді. Қазіргі әдебиетте «қиын балалар» деп, әдетте, мінез-құлықтары жалпы қабылданған нормалардан көп ауытқитын және дұрыс тәрбиелеуге кедергі жасайтын балалар аталады. Сондықтан оларға қатысты «тәрбиеленуі қиын балалар» дене термин синонимі қолданылады, осы арқылы олардың педагогикалық қағидалар бойынша тәрбиеленуге мүлдем бейімсіздігі және дәстүрлі педагогикалық ықпалдарды әсте қабылдамайтыны білдіріледі.  Тәрбие процесінде қиындық келтіретін негізгі себептердің бірі психикалық аурулар болуы мүмкін. Мыс., психопатияға не жастайынан бала аутизміне душар болған баланы тәрбиелеу қиын болады. Алайда бұған қарап, оны қиын балалар санатына жатқызу жөн бола қоймайды, өйткені мұндай ауытқушылықтармен көбіне медицина шұғылдануы тиіс. Балаларды қиын балалар қатарына қосуға апарып соғатын әр алуан мінез-құлық ауытқулары не жүйке-психикалық ауытқулардың салдарынан, не тұлғалық дамудың қолайсыз жағдайлары мен факторларының салдарынан болады...» [1].

Қазіргі заманғы ғылыми-теориялық әдебиеттерді (С.А.Бадмаев [2], В.Г.Степанов [3], Е.И.Рогов [4], С.В.Кудрина [5], т.б.) талдаудың негізінде «қиын балалар» ұғымының мазмұнын ашатын үш белгіні бөліп көрсетуге болады.

Бірінші белгіге мінез-құлық нормаларынан ауытқыған балаларды жатқызуға болады. Ауытқу деңгейі мен дәрежесі ең алдымен тестік және экспериментальды белгілермен анықталады. Бірақ мінез-құлық белгілерінің барлық белгілерін психолог пен педагогтар зерттеп, теориялық қорытынды жасай алмайды. Керек жағдайда симптомдық бақылау жасалынады. Сонымен бірге, мінез-құлық ауытқуын сипаттау үшін арнайы терминдер қолданылады- делинквенттік және девианттылық. Делинквенттілік дегеніміз - заңмен жазаланатын, күрделі қылмыстар мен заң бұзушылық. Девианттылық дегеніміз - қабылданған қоғамдық нормалардан ауытқу.

Екіншіден, қиын балалар категориясына мінез-құлқы бұзылған және оңай түзетілмейтіндер жатады. Осыған байланысты «қиын» және «педагогикалық қараусыз қалған» балалар терминдерінің мағынасын айыру керек. Әрине барлық қиын балалар педагогикалық қараусыз қалғандар болып табылады. Бірақ барлық қараусыз қалғандар қиын балалар болып табылмайды, кейбіреулері қайта тәрбиелеуге оңай көнеді.

үшіншіден, қиын балалар – тәрбиешісінің  және достарының тарапынан жеке қарым-қатынасты ерекше қажет ететіндер. Бұлар кейбір үлкендердің пікірінше өте жаман, бұзылған балалар емес, керісінше тек қоршаған ортаның  ерекше назарын талап ететін балалар.

Көптеген ғалымдардың пікірінше, бала мінез-құлқының қиындығы 6–8  сыныптарда, әсіресе ұл балаларда байқалады. Бірақ соңғы жылдары мінез-құлқы қиын оқушылардың арасында «жасару» тенденциясы байқалады, олардың қатарын енді бастауыш сынып оқушылары толықтырып отыр.

Ұзақ уақыт бойы оқу үрдісі балалардың екі категориясының есебінде құралып келген, бірінші категория - «қалыпты балалар» категориясы, яғни баланың дамуы өз жасына сәйкес және аномалды балалар - дене және психологиялық дамуында айқын ауытқулары бар балалар. Соңғы он жылдардағы ғылыми зерттеулер балалардың осы екі категориясы арасында аралық буын бар екенін дәлелдеді, осы аралық буынға оқудағы қиыншылықтары және мінез-құлқындағы ауытқулары бар балалар жатады, оларды көбнесе «қауіп-қатер балалары» деп атайды. Олардың бойында дене және психологиялық дамуында көзге көрінетін аномалиялары жоқ. Алайда жағымсыз отбасылық және әлеуметтік жағдайлар салдарынан бұл балалардың мектеп жасына жеткен кезде мектепте жақсы оқу үшін қажетті қасиеттері мен дағдылары қалыптаспаған. Денсаулығының әлсіздігі, жұмыс қабілетінің төмен болуы, өз құрдастарынан психикалық дамуы жағынан артта қалуы қауіп-қатер факторы - үлгермеушілік, мектепке үйрене алмаушылық, тәртібінің нашарлығының туындауына себепші болып табылады. Сонымен ғалымдардың ой-пікірлеріне жүгінетін болсақ, девианттық мінез-құлықты балаларда ортаның келеңсіз ықпалынан және педагогикалық үрдістің жеткіліксіздігінен рухани көзқарасының дұрыс қалыптаспағандығы, сезімінің дәрменсіздігі, қоғамдық мінез-құлық дағдысының жоқтығы айқын, әрі үнемі байқалып тұрады. Мінез-құлқы қиын балалар арасында жүргізілген көптеген зерттеулер қорытындысы бойынша үлгермеушілер қатарын бастауыш сынып оқушылары толықтырып отыратын көрінеді.

Біз өз зерттеуімізде мектеп тәжірибесіне сүйене отырып, «тәртібі қиын оқушылар» ұғымын былайша топтастыру арқылы анықтадық:

1.     Отбасындағы әлеуметтік және психологиялық жағдайдың дұрыс болмауы салдарынан ата-ананың қадағалауынан тыс қалған оқушылар.

2.     Санаткерлік (интеллектуальдық) процестердің (ойлау операциялары, әрекет етудің ішкі жоспары, сөйлеу, қиял, қабылдау, есте сақтау, зейін) даму көрсеткіштерінің төмен болуына байланысты бағдарлама материалындағы теориялық білімді қабылдауы мен меңгеруі қиын, яғни үлгерімі төмен оқушылар.

3.     Мінез-құлқында адамгершілікке жат қылықтар бар қиын оқушылар (өтірік айтушылық, арамдық, өзімшілдік, мақтаншақтық, тәкаппарлық, даңғойлық, жалқаулық, т.б.)

4.     Эмоциялық дамуында кемшіліктер бар қиын оқушылар (эмоциялық децентрацияның жоқтығы, эмоциялық көңіл күйдің шектеулігі, эмоциялық болжап қоюдың болмауы, синтонияның, яғни басқа адамның, ең алдымен жақын адамның эмоциялық көңіл-күйіне назар аудару қабілетінің жоқтығы, эмоциялық өздігінен басқарылуға тән құбылыс ретінде өз кінәсін сезінудің болмауы, жағымсыз эмоциялардың болуы, қорқақтық, тұйықтық, агрессиялық, гипербелсенділік, «гипердинамикалық синдром» - эмоциялық басқарылу жүйесінің бұзылуы);

5.     Қоршаған ортаның күткен үмітіне сәйкес келмеуден қорыққаннан, өзгелер оңай орындап жатқан істің, өзіне қиын соғатынын түсінгеннен өзін өзгеден төмен сезінетін, яғни өзін-өзі бағалауы төмен қиын оқушылар.

Сонымен осы айтылғандар негізінде біз мынадай анықтама шығардық: тәртібі қиын оқушылар деп психикалық және тұлғалық дамуындағы кемістіктері, мінез-құлқындағы ерекшеліктері мен адамгершілікке жат  кейбір жағымсыз қасиеттері, педагогтар мен ата-аналардың тәрбие беруде жіберген ағаттықтары салдарынан пайда болып, мақсатқа бағытталған педагогикалық ықпалға саналы және санасыз түрде қарсылық тудыратын балаларды айтамыз.     

         Ғалымдардың (В.А.Сухомлинский [6], В.И.Чередниченко [7], Г.П.Медведов [8], Л.М.Зюбин [9], А.М.Прихожан, Н.Н.Толстых [10], Г.А.Уманов [11], Л.К.Керімов [12], т.б.)  зерттеу жұмыстарының дәлелдеуінше, қиын оқушылардың пайда болуына үш фактор себепші болатыны анықталған:

1)  отбасы тәрбиесінің дұрыс ұйымдастырылмауы, яғни тұрмыстағы ұрыс-талас, дау-жанжал, маскүнемдік, т.б.;

2)  мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда кеткен кемшіліктер, яғни жекеленген оқушылардың мінез-құлық ерекшеліктерін, ынта-ықыласын, қызығушылығы мен талап-тілегін ескермеу;

3)  жұртшылықтың тәрбие үрдісіне толық көңіл аудармауы салдарынан бос уақыттың ұтымды ұйымдастырылмауы.

Зерттеу барысында біз психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік педагогика саласында орындалған соңғы жылдардағы зерттеулерге сүйене отырып, мектеп тәжірибесінде тәрбиесі қиын оқушылардың пайда болу себептерін және оларды топтастыру мәселелерін анықтауға талпыныс жасадық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Педагогика және психология // Жалпы ред. басқ.- А.Қ.Құсайынов- Алматы: Мектеп, 2002.

2. Бадмаев С.А. Психологическая коррекция отклоняющегося поведения школьников. – М.: Изд.центр «Академия», 1993.

3.Степанов В.Г. Психология трудных школьников. – М.: Школьная пресса, 1997.

4.Рогов Е.И. Настольная книга практического психолога. – М.: Гуманит.изд.центр ВЛАДОС, 2001. – Кн.1: система работы психолога с детьми разного возраста.

5.Кудрина С.В. Учебная деятельность младших школьников. Диагностика. Формирование – СПб.: КАРО, 2004.

6. Сухомлинский В.А. Балаға жүрек жылуы. - Алматы. Мектеп, 1976.

7.Чередниченко В.И. Трудные дети и трудные взрослые. – М.: Просвещение, 1991.

8.Медведов Г.П. Некоторые вопросы работы с педагогически запущенными подростками // Воспитание в семье и школе: Кемерево, 1978.

9.Зюбин Л.М. О природе асоциального поведения несовершеннолетних // Вопросы психологии. 1973. - №4.

10.Рабочая книга школьного психолога // Под ред. И.В. Дубровиной. – М.: Просвещение, 1991.

11.Уманов Г.А. Проблемы воспитательной работы с педагогически запущенными учащимся.- Алма-Ата –1970.

12. Керимов Л.К. Қиын жасөспірімдерді жеке дара қайта тәрбиелеу теориясы мен практикасы: Пед.ғыл.докт. ...дисс.автореф.– Алматы, 1992.