Балтабаева Г.С.

КазГосЖенПУ. г.Алматы. Казахстан

А. АЛТАЙДЫҢ «КӨЗЖЕНДЕТ» ӘҢГІМЕСІНДЕГІ КӨРКЕМ АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІК

Бүгінгі қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның іздерін Асқар Алтайдың «Көз жендет» әңгімесінен аңғаруға  болады. Әңгіме 70 жасқа келгенше аң мен құсты баудай қырып,  ата-баба  салтында  жоқ іспен айналысу, жемтігін көзін шұқып өлтіретін Сауысқан ұстау арқылы  аңшылық дәстүрдің киесін бұзған шалдың өмірінің соңын суреттеуге  арналған. Дүниеде  жасалған жақсылықтың да жамандықтың да қайтарымы бар философиялық қағида − әңгіме арқауына алынған. Көптен күткен немересінің екі көзі жоқ соқыр  болып туғанына налыған қарттың өткеніне ой жіберіп,  өзін-өзі тексертуі шығарманың шеберлігі. Ұлттық танымдағы ең жаман құс, аярлықтың, залымдықтың бейнесіндегі сауысқанды серік етудің өзі де көп жайтты аңғартады. Автор әңгімесіндегі «Соқыр», «Соқырлық» ұғымдарына терең символика жүктеген. Өз өміріне, айнала табиғатқа соқыр сезіммен қарап, талай азулының көзін ағызып қанжығасына байлаған қанқұмар пиғылдың зауалының ұрпағына тиюі кез-келген оқырманды бей-жай қалдырмайды. Бұл авторлық танымның тереңдік, суреткерлік  шеберлік арқылы бүгінгі  ғана емес  ертеңгі күннің де өзекті мәселесін көтере білген туынды. Асқар Алтайдың «Көзжендет» әңгімесінің ерекшелігі тақырып өзгешелігінде, оқиға сонылығында. Автор шығарманың  бастамасын  осы қара шалдың  ішіне қан  қатқандай,  тома-тұйық күйін психологиялық дәлдікпен беруден бастайды. «Кеше түнде келіннің аман-есен жаны қалып босаныпты. Бірақ сәби көзсіз туыпты. Көзсіз, қассыз туған  нәрестенің  бет-жүзі жып-жылмағай көрінеді. Дәрігерлер мұның ұлына «жүз жылда бір ұшырасатын жұмбақ құбылыс» депті....Бәріне жарық дүние куә! Анау  алшаңдаған ала қанат сумақай  куә! Кінәлі  болса да, күнәлі болса да сол сусыл қанат сауысқан себепкер..» [1, 78 б] деп автор бір әулеттің басына  түскен трагедияны жұдырықтай алақанат сауысқанға апарып тірейді. Ал, ашқарақ  сауысқан болса қос  бірдей жемаяқ болған жұмыр басқа жұтына қарап, шықылықтап отыр. Жазушы  кейіпкерінің  өткеніне көз жіберткізіп, шегініс жасайды. Автор кейіпкерінің тағдырына әсер етіп, өміріне өзгеріс, жарқыраған  жарқын болашағына балта шауып, көрсоқыр тіршілігінің бастамасы қалай басталғанын өткеніне өкіне отырып көз жіберген  кешегі – тепсе  темір үзетін баукеспе барымташы, бүгінгі –  ит қорлықпен  өлген мың сан түз  тағыларының киесі атқан камаукөз ұрпағы бар тәубесіне түскен пайғамбар жасындағы қария. Жетпістің желкесіне шықса да сауысқанмен  саятшылдық құруын тоқтатқан емес. Көзжендет те аң мен жануардың жазықсыз жанарын оюын қойған жоқ.Сумандаған аш сауысқан өз құлқыны үшін, иесі үшін арқар мен түлкі түгілі, бөрі мен  барысқа да түсіп  берді ғой! Сырғақтай  ұшып келіп жұмыр басқа жұтына қонғанда, ешқандай да бір аң   осы бір шөкімдей  ала сауысқаннан қауіп  күтіп  үлгірмейтін. Табиғат-ананың  өзі сияқты  бір  төл  перзенті  деп қабылдап, сескенбей сенетін. Осы өзім деп сенген сенім талай түз  тағыларының түбіне жетті. Жазушының алып  отырған мәселесі ар тазалығы, әркімнің өз-өзіне адалдығы. Түз  тағысы ретінде  мейілі  ол – аң  патшасы  арыстан  болсын, тіпті  қу  түлкі, не  жұдырықтай  шымшық  болса да  табиғи  заңдылықты  бұзбаса,  ал адами  тұрғыдан  келгенде аңшылық,  саяткерліктің  атам  заманнан  сақтап келе  жатқан қағидасын  сақтап,  шектен  шықпаса, әркім  өз  табиғат, болмысына   адалдық  танытса  онда жаратылыста   да  ауытқушылық  болмаған  болар  еді  дейді  авторлық таным. Әу баста алла  тағаланың  жаратқан жаратылысын бұзбай, адамдық бет-пердемізді  сақтасақ, болашағымыз да таза болар еді деп ой  түйдіреді.Суреткер  Қараш  шалдың  немересі ғана емес, шалдың өзі де қамаукөз өмірін сүріпті. Қамаубас тіршілік кешіп, адамнан өткен зомбықшыл жоқ екенін дәлдепті. Мынау  дүниенің  өзі  қамаубас, көкірегі қамаукөз  екен деп аяқтайды  шығармасын. Автордың  шеберлікпен  алып  отырған  психологиялық параллелизмі: соқыр сәби – соқыр  адам. Соқыр адам жарық  дүние  есігін  ашты  дегенше,  қараңғылық  басты  десеңіші. Ал,  көрсоқырлық  не  істетпейді, аздырар адам  баласын... Қараш  шалдың  немересін  соқыр қылып тудырып отырған  тәңірінің    әмірімен...Көзін шел қаптап, танымын тұман тұтып  тұрған ұрпақ  соқыр болса – қоғам да  соқыр. Ал,  соқыр  қоғам мен  соқыр  адам  жайлаған дүниеден  не  күтуге  болады ? - деп автор  оқырманына  сұрақ  қояды да    «Мүгедек  адам да бір мүсәпір. Мүгедек қоғам  да  бір  кісәпір. Кісәпір  қоғам  не  істемейді... не  дегізбейді?! Тек тәңірге бағынышсыз тексіз  қоғам ғана. Ал, тексіз қоғам атаулы пенденің  қолында. Оны  құрған да кесір  адам ғой.. Ал, есір пенде қайда  бұрса, қайда  бұрылса – қоғам да дауыл тиген  қоғадай жапырылады, боранда адасқан  қойдай  ұйлыға ығады. Көзін бір-ақ сәтте  көр  қараңғылық  жауып қалған аңнан айырмасы қанша?! Бүкіл болашағы бұлыңғыр тартып қалды емес пе?!–деп, болашағымыздың жарқын, ұрпағымыздың жолы ашық  болуы біздің – бүгінгінің қолында деп  ой  түйдіреді.

 Қорыта келгенде атап өтеріміз, осы құрлымы да бөлек, сюжеті, оқиға желісі де өзгеше болып келген бұл әңгіменің басын біріктіріп тұрған ол –  авторлық танымның фантастикалық антропологияға құрылуы болса, екіншісі – жоғарыда талданған шығармалардың негізгі өзегі обал, сауап, киеге әкеліп тірелетіні, үшіншіден – суреткер кейіпкерлерінің жан жалғыздығы мен жатсыну мәселесі.

Әдебиет

1.     Алтай А. Казино. – Алматы. Атамұра. 2008.-368 бет

.