Қазақстан Республикасы, Астана қаласы «Тұран-Астана» университетінің

аға оқытушысы  Демесінова Ләйлә Мұратқызы

ЛИРИКО-ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ ПОЭМАЛАР ТАБИҒАТЫ

(М.Айтхожина поэмалары негізінде)

Қазақ әдебиетінде сюжетті, эпикалық поэмалармен қатар нақты сюжеті жоқ, лирикалық, публицистикалық поэмалар да кездеседі. Лирико-публицистикалық поэмалардың алғашқы нұсқалары ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде дами бастады. С. Торайғыровтың «Адасқан өмір», «Кедей» шығармалары лирико-публицистикалық поэма үлгісіндегі туындылар. Лирико-публицистикалық поэмаларда автордың лирикалық ой толғанысы, публицистикалық шалқулары анық танылады, белгілі бір сюжетке құрылмайды. Автордың, ақының өзінің сезім дүниесі, сырлары, жанын толқытқан өмір көріністері жинақталып алдыңғы орынға шығады. Мұнда лирикалық шегіністер, лирикалық шалқулар кең орын алады. Ал, эпикалық кейіпкер бола қалған күнде де олардың өмірі тікелей баяндала суреттелмейді. Лирико-публицистикалық поэмалардың бір ерекшелігі мұнда жекелеген адамдардан гөрі көбіне бүкіл қоғам өмірі және тұтас бір дәуір сөз болып отырады. Ақын поэмаларында кішігірім жайларды емес, өмірдегі үлкен, ауқымды, маңызды мәселелерді қозғайды. Қоғамның, халықтың тарихи өсу жолын кең түрде алып, эпикалық поэзияда жинақтап көрсетеді. Қазіргі қазақ поэзиясындағы лирико-публицистикалық поэманың жасқы үлгілерін тудырған Ж.Молдағалиевтің «Мен – қазақпын», Х.Ерғалиевтің «Жылдар, жылдар» шығармаларының ізімен жанрдың көркемдік дәстүрін М. Айтхожинаның «Алатаудың Ақбатасы», «Абылайхан даңғылы», «Сағыныш», «Жетісу суреттері» поэмалары жалғастырды. Өзінің эпикалық құлашымен, терең лирикалық тебіренісімен берілген толғау-сырлары арқылы туған елдің, тұтас бір ұрпақтың, дәуірдің бет-бейнесін танытудағы бұрынғы көркемдік дәстүрді жалғастырған автор өзіндік, соны шығармашылық ізденісін көрсетті. Лирико-публицистикалық поэманың шарттарына сай келетін бұл поэмалардың тақырыбы ортақ. Ол – қазақ халқы ертеден аңсаған Тәуелсіздік. Тәуелсіздікке жету  жолында еңбек сіңірген тұлғаларды үш поэмаға да өзек етіп алған. «Алатаудың Ақбатасы» поэмасында:

...Жүреді жұрт аузында талапты адам,

Тәуелсіз күндерімнен – Тағат табам.

Сен жүрсең. Ел-жұртыңның қамын ойлап,

Бар әлем отыр бүгін қарап саған... [1, 168 б.] – деп Елбасына деген сенімін жырласа, «Абылай хан даңғылы» пoэмасында:

... Ерлікті ұмытпайды ел, жанкешерлік,

Өшкен жоқ, өршімесе, Жалғас ерлік!

Тәуелсіз қазағыңның Нұрсұлтанын,

Ел болып, Абылайлап, хан көтердік!... [1, 190 б.] – деп ақындық шабытпен шаттана жырлайды.

Лирико-публицистикалық поэмаға тән лирикалық шалқулар, лирикалық шегіністер де бұл шығармаларда жиі кездеседі. «Алатаудың Ақбатасы» поэмасында Жаңа дәуір-Тәуелсіздік таңын жырлай келіп, Кенесары жайлы сөз қозғайды. Жалпы жеке адамның өмірі емес, тұтас бір халық туралы ой толғайды. Елордамызды көшіруі, Ақмоланың Астана атануын тебірене жырлайды:

...Тербетіп сезімдерді сергек үнің,

Барады көшің тартып өрге бүгін.

Айналды Ақмоламыз – Астанаға,

Аспанның қондырғандай жерге Күнін! [1, 168 б.] – деп ақын жыл емес, күн сайын дамып, құлпырып келе жатқан Астананың кереметтілігін жердегі Күнге балау арқылы шабыттана суреттейді.

«Абылай хан даңғылында» да Тәуелсіз мемлекеттің әрбір таңын қуанышпен атыратын лирикалық кейіпкер бейнесін көреміз.

... Ширығып, қазақ десе, нағыз жаның,

Қазақтың кім екенін уағыздадың.

Өзіңе соқтыққанды аямадың,

Ешкімнің текке қанын ағызбадың!...[2, 90 б.] – деген жолдарда Марфуға  Абылайдың әділдігін көрсетіп, ел басқарудағы мықты саясаткер екендігіне баса назар аударады.

 «Поэзия өкілі өзі өмір сүрген дәуірдегі қазақ халқының өміріне қатысты жайларды ғана жырлайды. Ақындық поэзия сол кезең тірлігін ғана емес, ілгері дәуірдегі ел басынан өткен жағдайларды да,  тіптен ерте  дүниедегі ежелгі тарихи тұлғалардың тегі мен тындырған істерін де жырлайды. Бұл ерекшелік – негізінен оның жазба әдебиетпен байланысты, өткенді тарихи деректермен танысу арқылы жырлайтын мүмкіншілігінде жатыр», – дейді профессор Ж. Тілепов [3, 6 б.]. Яғни, ақын тарихи адамдардың тағдырын суреттеу, олардың ұлт азаттығы, бостандық жолындағы күресін еске алу арқылы халық санасына әсер етіп, ел тарихының өткеніне арнайы тоқталуы аталмыш поэмаларында  айқын көрініс тапқан.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, туған елінен, жерінен өз еркімен ешкім де көшпесі анық. Кеңес өкіметі заманында қуғын-сүргін мен аштықтан, зорлық-зомбылықтан қорыққан жұрт түрлі жағдайлармен сыртқа кетті. М. Айтхожинаның «Сағыныш» поэмасы тура осы тақырыпты қозғайды. Немересі дүниеге келгенде жазылған поэмада:

... Өз жеріңде туылдың, өз жеріңде өс,

Тауларын тамашалап, көлдерін кеш.

Анаңа мұндай бақыт бұйырмаған,

Жан балам, жалғандық жоқ сөздерімде еш [1, 211 б.], –  деп келетін шығармада дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қым-қуыт тағдыры мен жер-жерде тамаша өмір сүріп жатса да, атажұртын аңсаған жандардың арманы суреттеледі. Бұл ақынның елден естігені емес, өзінің сол алапат сезімді басынан кешірген елдің ортасында өскен тағдыры.

Көз қуанышы немересіне арнаған поэмада ақын Ермұрат немересінің дүниеге келуін Тәуесіздікпен ұштастырады.

... Біліп өс, кімге ұрпақ екеніңді,

Бастырма сен де жауға мекеніңді.

Болғанда атың шыққан ел адамы,

Ұмытпа, екі тау мен, Екі елімді!...[2, 207 б.] – деп немересіне үлкен үміт артады.  Поэманың өн бойынан өскен ортаға деген сағыныш лебі есіп тұрғандай. Ақын сарғайған сағынышты сөз ете келе, ұрпақ тағдыры, тастанды бала туралы күрделі мәселе көтереді:

...Қайда кеткен бұл кезде қандағы өрлік,

Салтымызды аттадық, шаңға көмдік...

«Тастанды» балалар да шырқыраған,

Жатқан жоқ па сүйекке –

Таңба болып...[2, 212 б.] –  деген өлең жолдарынада Марфуға аналық сезіммен наздана өзегін өртеген бүгінгі күндегі ащы шындықты осылай жырлайды.

«Қазақ халқының санасына қатты әсер еткен саяси-әлеуметтік жағдайлардың бірі, әрі ірісі де жер саясаты, сондықтан халық күн көрісіне, шаруашылығына соншама өзгеріс әкелген уақиғаның халықтың қоғамдық санасының бір түрі – әдебиет пен өмірде ізсіз кетуі мүмкін емес.  Ендеше, оның көрінісі көркем әдебиетте сақталуы керек» [4, 35 б.] – дейді әдебиет зерттеушісі З. Бисенғали.  Өзіндік өмірлік ұстанымы болып келген туған жер мәселесі М. Айтхожинаның «Жетісу суреттері» поэмасында жалғастық тапқан.

 «Жетісу суреттері» лирико-публицистикалық поэмасында тартысты оқиғадан гөрі публицистикалық сарын, лирикалық толғаныс басым. «Құсбегі», «Тау қызы», «Талдықорған» атты бөлімдерден тұратын поэмада ақын атақонысы Жетісудың табиғаты мен сол елден түлеп ұшқан қырандары жайлы жырлайды. Сағыныштан туған шығармада М. Айтхожина елдің төл тумаларын бос мадақтаудан аумақ, ол жыр жолдары арқылы тарихи шындықты негізге ала отырып суреттейді. Автор қоғам өміріне деген көзқарасын жинақтап, ой түйіндейді. Сезім дүниесі, сырлары, жанын толқытқан өмір көріністері жинақталып жырланғандықтан да, поэмада лирикалық шегініс, толғаныстар кең орын алған. Поэманың лирикалық қаһарманы – Жетісу. Табиғат көріністері, барлық оқиға-жағдайлар, көркем образдар Жетісудың құдіретін айқындай түсетін тұлғалар. Абай, Ілиястарды оқып өскен ақын табиғатты образды, шынайы бейнелеуімен де ерекшеленеді:

Сеңгір таулар! Аспанмен үндесіп  кіл,

Басынан небір ғажап. Күй кешіп тұр!

Тәкаппар, соншалықты сұлулықтың,

Тауларым, құпиясын бізге де ұқтыр!.. [5, 273 б.] – деп ақын туған жердің заңғар тауларын кейіптеу тәсілімен аспанмен үндестіріп, адамға тән сезіммен күй кештіріп, жарасымды тәкаппарлықты теліп қойған.

Пейзажы оқиғаның дамуына, қаһарманның көңіл-күйіне байланысты құрылған. Бұл да ақынның өзіндік өлең өріміндегі дәстүрлі амалы:

Көкшенің көлдеріне ұқсаттың ба,

Жеті өзен, Жетісудың Алакөлін!

Қараймын көк шыңдарға мұнар бұққан,

Бұл дағы – Сұлулыққа құмарлықтан!

Сұлу шың. Сұлу көлдер.Сұлу жерде,

Әсерлі, асқақтаған, туар мықты ән!.. [5, 258 б.]

Психологиялық параллелизм тәсілін шебер қолдана білген ақын қыз лирикалық образ бен объективті қаһарманды жинақтап, Жетісуды ел азаматтарының асқақ бейнесін жасаудың көмекші компоненті түрінде дамыта суреттейді:

Жүретін биігінде самғап қыран,

Таулар да. Тұрған сынды

Толғап бір ән!..

Тауда өскен, Тау тұлғалы ұлдары бар,

Толғауды солар жайлы жалғастырам! [5, 256 б.]

М. Айтхожина поэмалары кез келген тақырыпты жырлағанда, оқиға болған жердің табиғатын толық игеріп, өз ойын жеткізу тәсіліне айналдырып отырады. «Жетісу суреттері» поэмасында алып тұлғалы ел азаматтарының образын жасауда сол жердің биік тауларының суреттерін қолданған.

...Өрілген қарағаймен өрі де ерек,

Көк майса, Көкшалғынды, жері бөлек!

Ақынның жүрегіне жыр орайды,

Есілген қоңыр самал,

Елі демеп!.. Айтатын көріскенде бірден атын,

Бақытты-ау! Өз елінде жүрген ақын... [5, 258 б.] – деген жолдардан бұндай табиғаты әсем, шөбі шүйгін, суы нәрлі жерден өнерлі, дарынды тұлғалардың шығуы заңды құбылыс дегенге саяды. Ақын өзінің сезімдеріне ерік беріп, жырларымен жан дүниесін ақтарады. Ертеде Жетісу жерінде дүниеге келген өнер иелері мен бүгінгі күн дарындыларын өзінше сабақтастыра отырып, ақын сол топырақтың қасиеттілігін, ата-баба салтын  осы күнге дейін сақтаған елдің құдіретін мақтанышпен жырлайды.  Арғы-бергі тарихты көркемсөзбен шебер суреттеген ақын жас ұрпақ жүрегіне намыс отын жағу мақсатында «Аңырақай» шайқасы мен жоңғарлармен болған соғысты тілге тиек етсе, сол жолда жеңіске жеткен ерлердің қасиетін туған жер топырағының құдіреттілігімен сабақтастырады. Поэманың соңғы шумақтары Тәуелсіз Қазақстан даласын, бүгінгі күн саңлақтарын, ақын-жазушыларын, өнер қайраткерлері мен ғалымдарын жырға қосып, гүлденген еліне сүйсіне қараған ақын толғауымен аяқталады.

М. Айтхожина жырында халықтың салт-дәстүрі берік сақталған ауыл көрінісі, «елі мен ерлерін жүдетпеген» аналар образы, «қажымас қарт емендей болған» қарттар бейнесі, сұлу табиғат картинасы – барлығы қамтылып, көркем кестеге түскен.  Халықтық шығармашылықты бойына сіңіре білген ақын поэмада жаңа ізденістерін танытқан. Жаңа бағытта мазмұнды қолданыстар жасай отырып, халықтық, саяси-әлеуметтік, философиялық мәселелерді әр қырынан қозғаған.

Лирикалық толғанысқа құрылған поэмада тарихи тұлғалар образы өз деңгейінде ашылмаған. Шығармада ақын олардың тарихи бейнесін сомдауды мақсат етпеген де сияқты. Поэмадағы ақындық мақсат – жеке адамдар тағдырын емес, жалпы халықты негізгі қаһарман етіп, ел өмірінің елеулі кезеңдерін көрсету, туған жер тынысын таныту.

Әдебиеттер

1.                 Айтхожина М., Таңдамалы. Алматы. Жазушы. –1986. 6б.

2.                 Айтхожина М., Аққу –жүрек. Алматы. Үш қыран. –2003. 98б.

3.                 Тілепов Ж. Елім деп еңіреген ерлер жыры. – Алматы: Білім. – 1995. – 192 б.

4.                 Дүйсенов М. Қазақ әдебиетінің арихы. ІІІ томдық. – Алматы. Жазушы, – 1967.

5.                  Айтхожина М., Алатаудың Ақбатасы. Алматы. Мұрагер. – 2005. 153б.