Б.С. Бегманова

Доцент кафедры казахской литературы

КазГосЖенПУ

 

                                    Ақындық поэзиядағы табиғат көріністері

 

Табиғат лирикасы қазақ поэзиясында ерекше жырланатын тақырыптардың бірі. Табмғатпен астаса байланысқан жыл мезгілдері қазақ әдебиетінде, оның ішінде әсіресе, поэзия жанрында  ерекше пафоспен жырланады.

М. Мақатаевтың қуаныш сезіміне бөленген көңіл күйін «Біздің көктем» өлеңінен де көруге болады. Көктем мезгілі жер-дүниенің жасарып, тіршілік атаулының басталар тұсы. Табиғат ананың бусанып, айнала әр түрлі гүлдермен жайқалып, жасыл желекке бөленер сәті. Басқа мезгілдерге қарағанда көктем осы қасиетімен ерекше. Сондықтан да ақындар көктемді – өмірдің, жаңа тіршіліктің басы ретінде жырлайды. Бұл көріністі Мұқағали:

                          Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт,

                          Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт.

 

                          Көктем келді. Өмірдің келешегі,

                          Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.

                          Сағым қыздың ап қашып орамалын,

                         Асыр сап тентек жігіт – жел еседі [2, 200 б.]

деп жырлайды. 

Көктемнің келуі бүкіл тіршіліктің басы. Тіршілік атаулыға жан бітіп, жер бусанады. Адамдар да көктемгі  жұмысын «дабырлап» бастауда. Дүркірей өскен көкпен төлдің де өсуі заңды. Ақын бұл көріністі «Көкпен бірге дүркіреп төл өседі» деп әдемі өрнектеген. Тіпті, көктемгі желді тентек жігітке теңеуі де әсерлі. Сағым қызбен ойнаған тентек жігіт – желдің ауылға мамырлаған бұлтты айдап келуі де көктемгі көрініс. Ақын бұл көріністерді өлең жолдарында көктемгі тіршілікпен өте әдемі байланыстыра білген. Алғашқы екі тармақтың соңғы буындары егіз ұйқаспен аяқталған. Тармақ соңындағы «мамырлап бұлт», «дабырлап жұрт» бунақтары көктемнің белгілері. Көктемнің бұлтты, жауынды болатынын ақын екі-ақ ауыз сөзбен суреттеп отыр. Сол сияқты, көктемгі тіршіліктің де іс-әрекетін, атқарылар қыруар жұмысын «Дабырлап жұрт» деп қысқа әрі нақты көрсетіп бейнелейді. «Мамырлап бұлт», «дабырлап жұрт» тіркестерімен тармақ соңын әдемі ырғақпен аяқтай білген. Белгілі ғалым С. Негимов: «Поэзияның әрі мен ажары болып табылатын поэтикалық тәсілдердің бірі – ырғақ. Ол – адам санасының нәтижесінде пайда болған аса мәнді құбылыс. Ырғақ еңбек қимылынан, ой жүйелілігінен, сөздердің дұрыс орналасу ретінен туады, дамып жетіледі, сөйтіп сан алуан көркемдік құбылыстармен қарға тамырлы қатынасқа түсіп, берік байланысып, күрделілікке көшеді» [3, 14 б.] деп түсінік береді. М. Мақатаев жырларындағы ырғақты ұйқастар өлеңнің мағынасымен байланысып астасып жатыр.

Қазақ поэзиясында табиғат лирикасына қалам тербеген ақындар 60-70жылдары жыр әлемінде соны соқпағымен, өзіндік қолтаңбаларымен таныла білді. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Жүнісбекова К. Ә. Абайділданов поэзиясындағы көркемдік ізденістер: Филол. ғыл. канд. дис. – Алматы, 2004. – 140 б.

2. Мақатаев М. Аққудың қанатына жазылған жыр. – Алматы: Шартарап, 2001. – 352 б.