Ақкөзов Ә.Ә. ф.ғ.к.

ОҚПУ доценті

Ақкөзова А.Ә. әл-Фараби

атындағы ҚазҰУ магистранты

 

Мүмкіндік модалділік өрісін білдірудің лексика-грамматикалық тәсілдері

 

Мүмкінділік модалділігін білдірудің лексикалық құралдарына семантикалық мағынасы «мүмкіндік» ұғымымен астас болып келетін             модаль сөздерді, сөз тіркестерін, фразеологиялық тұтасымдарды жатқызуға болады. Модаль сөздерге сөйлеушінің сөйлем мазмұнының шындыққа қатынасын білдіретін арнаулы сөздер жатады. Модаль сөздер                              өздерінің құрамы жағынан әр түрлі болып келеді. Себебі олар әр түрлі                 сөз таптарынан грамматикалану барысында жасалады. Модаль сөздер, көбінесе, етістіктің әр түрлі тұлғаларымен тіркесе келіп, баяндауыш қызметін атқара отырып қолданылады. Осы сипатына қатысты қазіргі                өзбек тіліндегі модаль сөздерді зерттеген Р.А.Камильджанова оларды құрамдасқан модаль сөздер (компонируемые модальные слова) деп атайды [1, 17-18 бб.].

Аталған тілдік құралдар мүмкінділік модалділігінің өзек мағынасын құрайды, себебі олар жеке тұрғанда да, олардың бойынан мүмкінділік мағынасын аңғару қиын емес. Мүмкінділік мағынасын білдіретін бұл лексикалық бірліктер осы мағынаны эксплицитті түрде, яғни дискретті түрде, ашық білдіреді. Мүмкінділік модалділігін білдіретін лексика-грамматикалық тәсілдерді бір қатар модельдерге жіктеп көрсетуге болады. Келесі кезекте осы модельдерге жеке-жеке тоқталып өтейік.

-у -(і) мүмкін (ғой): Мысалы, Ата-аналары қаладан келуі мүмкін (ауызекі). Айтылымда сөйлеуші субъектілердің қаладан келу мүмкіндігіне      ие екендігін көрсетіп отыр. Алайда айтылымда мүмкінділікпен                  қатар болжалдық мағына да үстемеленеді. Бұл мүмкінділік пен       болжалдық мағыналардың бір-бірімен байланысып жататынын         көрсетеді.

-у + қиын, азап, қиямет-қайым: Шырпы тауып шам, тамызық тұтатып от жағу, одан кейін қара судың дыз етіп буы көтерілгенше көз талдыру... әй, қиямет-қайым (М.Қабанбаев). Сөйлемде от жағу, буы көтерілгенше көз талдыру, қиямет-қайым құрылымдары арқылы іс-әрекет мүмкіндігінің шектеулі екендігі көрсетілген. Сөйлемдегі қиямет-қайым тілдік бірлігін қиын, азап лексикалық бірліктерімен ауыстырғанмен, сөйлем мағынасы өзгермейді. Себебі көрсетілген тілдік бірліктердің айтылымда беретін мағынасы мен атқаратын қызметі бірдей. Тағы бір мысал келтірейік: Әрбір жауынгер жанталаса жағаласып, ұрыстың  нағыз қызған шағында шашау кету қиын, сонда да болса, әлгі иесін сүйреткен аттың алдын кес-кестеп ұстап алмақ болып, екі ағайын тұра ұмтылған (Ш. Айтматов).

-уға қақылы: Мысалы, Әрбір азамат өз ойын анық айтуға, өз құқығын қорғауға қақылы (Жас Алаш). Айтылымда әрбір азаматтың өз ойын                    айта алатын, өз құқығын қорғай алатын мүмкіндігі бар екендігі                        туралы сөйлеушінің көзқарасы берілген. Егер қақылы сөзінің орнына аталмыш сөзбен мағыналас құқылы сөзін ауыстырып қолдансақ та, айтылым мазмұны өзгермейді. Бұл мүмкіндік модалділігін білдіретін -уға                     қақылы құрылымы мен -уға құқылы құрылымының синонимдес екендігін көрсетеді.

-у қайда: Мысалы, Осы тым-тым ақ пейілділігі үшін ұлы – Аманжан талай рет ұрысты да, өкпеледі де, бәрібір қол қусырып қарап отыру            қайда (О.Бөкей). Айтылымда қол қусырып қарап отыру қайда                құрылымы арқылы қол қусырып отыра алмау іс-әрекеті имплицитті түрде берілген.

-уге жағдай қайда: Мысалы, Күнде дастарханын осылай жайнатып, қонақ күтуге жағдай қайда (Қазақ әдебиеті). Күтуге жағдай қайда құрылымы арқылы субект айтылымдағы іс-әрекет мүмкіндігінің шектеулі екендігіне өз көзқарасын бідіреді. Бұл айтылымды -уға жағдай (мүмкіндік, мүмкіншілік, икем, ыңғай) көмекші етістік құрылымдарында да                 өзгертіп айтуға болады. Мысалы, Күнде дастарханын осылай               жайнатып, қонақ күтуге жағдай (мүмкіндік, мүмкіншілік,                икем, ыңғай) керек (қажет, жоқ) деп қолдансақ та, айтылым мазмұны өзгермейді.

қолынан (тілі, шамасы) келу. Бұл құрылым қолынан (шамасы) келмейтіні жоқ, қолынан (шамасы) келеді, шамасы жетеді деп те қолданылып жасай алады мүмкіндік мағынасын білдіреді. Бұл үлгілер болымсыз тұлғада да қолданылып, мүмкін еместік модалділігін білдіреді.

Құрылымдардан көріп отырғанымыздай, шама лексикалық бірлігі мүмкінділік мағынасын білдіреді. Сол себепті, осы лексикалық бірлікпен мағыналас күш, әл, әмір, билік сөздері де көмекші сөздермен тіркесіп, баяндауыш қызметінде мүмкіндік модалділігін білдіреді.

Көрсетілген құрылымдар болымсыздық мағынада мынандай парадигмаларда жұмсалады:

Мысалы, Қолынан келмеу, шамасы келмеу, тілі келмеу; Қолынан келетін емес, шамасы келетін емес, тілі келетін емес; Қолынан не келсін; Қолынан келер(етін)і жоқ; Тілі жетпеді; Аузы бармады; Тілі күрмелу; Оның үстіне тілім күрмеле береді (Ш.Айтматов). Тілі шықпаған; Қолы ұзын; Қарымы шолақ; Тіл жоқ.

Ақылы (миы, санасы, дарыны, өресі, парқы) жетпеу: Мысалы, Дәнеңені пайымдауға парқы жетпеді, жіті басып шиден шығып кетті де, қуана күрсініп – қуаныштан да күрсінеді екен – жиналып үлгерген қыртыс-қыртыс қорқынышын аузынан аһ атты, тереңнен тарта дем алды (М.Қабанбаев). Айтылымдағы Дәнеңені пайымдауға парқы жетпеді тілдік бірліктері субъектінің ештеңені пайымдауға мүмкіндігі болмағанын білдіреді.

Қолы тимеу: Мысалы, Жұмыс ұзаққа созылды, ешкімнің тіпті су ішуге қолы тимеді (О.Бөкей). Айтылымдағы қолы тимеу тіркесі мүмкін еместік модалділігін білдіреді.

Бар, жоқ модаль сөздері қатысу арқылы мүмкіндік модалділігі жасалады. Мысалы, Шалқақ отырып, саусақ сыртылдатсаң, аяқ ұшынан жорғалап билеген даяшы сан түрлі тағамды дастарқанға жайып тастап,                     жер шарының қақ жартысы ас дегенде аңқасы кеуіп, аш отырса да, қалған бөлегінің тоқ та мәйекті ғұмыр кешіп жатқанын дереу дәлелдеуге                      бар (М.Қабанбаев) – дәлелдеуге бар тілдік бірліктері дәлелдей алатындықты, яғни дәлелдеу іс-әрекетін жасауға субъектінің мүмкіндігі жететінін білдіріп тұр. Дәлелдеуге бар тіркесінің орнына дәлелдей алады деп қолдансақ та, айтылым мазмұнынан еш өзгеріс байқалмайды. Себебі екеуі де мүмкінділік модалділігін білдіру қызметін атқарады. Ал суретші мұны қаперіне де алған жоқ (М.Қабанбаев). Қыз үндеген жоқ (М.Қабанбаев) – қыз үндей алмады. Қалай дегенмен ол шақта институтты жаңа аяқтаған жас мүсіншінің ту заманнан соғылып, қалыптасып қалған академиялық салқынқандылықты мойындаған ыңғайы бар екен (М.Қабанбаев) – салқын қанды қабылдай алу мүмкіндігін білдіреді. Қолынан кесенің түсіп кеткенін Арғын көрмеді. Көргені не байқаған жоқ (М.Қабанбаев) – байқай алмады. Дәл алдындағы сексеуілден қапелімде шап беріп ұстауға шамасы әрең келіп, көзін жұма етпетінен құлаған Бархан бұдан әрі не болғанын білген жоқ (О.Бөкей) – не болғанын біле алмады, білуге мүмкіндігі жетпеді деген мағынада қолданылып мүмкін еместік модалділігін білдіреді. Па де дені Рақымнан оралымды жасады. Жалт-жұлт қимылында сыртқа саңылау тауып  шыға алмай бұлқынған қуаттың дүмпуі бар (М.Қабанбаев). Міне бұл сөйленімде мүмкінділік идеясы, яғни «жасай алады» модалдік мағынасы бірінші сөйлемнен белгілі бола бастайды да, әрі қарай бірте – бірте нақтылана түседі. Сөйтіп мүмкіндік модалділігі, яғни «Па де дені Рақымнан оралымды жасай алады» мағынасы айтылымның соңғы «Жалт-жұлт қимылында сыртқа саңылау тауып шыға алмай бұлқынған қуаттың дүмпуі бар» деген пресуппозициялық бөлігінде имплицитті түрде білдірілген, яғни бұл субъектінің оралымды биді жасауға күші            жетеді, субъектінің қуатының көп болуы оның па де дені жасауына мүмкіндік береді.

Мүмкіндік өрісін білдіретін зат есім + жоқ (бар) тіркестерінің алдыңғы бөлігі ретінде әр түрлі отызға жуық зат есім қолданылады да,  ал оның екінші жоқ (бар) бөлігі мұндай түрленімді болып келмейді. Оның тек сырт тұлғасының кейде аздап өзгеретіні немесе шылауында                         ара-тұра е көмекші етістігі немесе сондай өзге бір сөздің жұмсалып келетіні болмаса, сандық жағынан сол тұрақты қалпын сақтайды. Екеуі                          бірігіп айтылымның модальдық бөлігі болып табылады. Ал бұл модалділік пропозицияда белгілі бір жағдайда ақиқат / бейақиқат тұрғысынан сипатталады.

Сонымен қатар мүмкін еместік модалділігі бір алла білсін, ит біліп пе, кім білсін тілдік бірліктер арқылы да білдіріледі. Мысалы, Қайдан ұйықтасын, заманның мұндай боларын кім біліпті (Ш.Айтматов). Әлде бұлыңғыр түннің көз алдауы ма, кім білсін (М.Қабанбаев). Сөйлемдегі кім білсін тіркесі білуге мүмкіндіктің жоқтығын көрсетеді. Кім білсін тіркесін ит біліп пе, бір алла білсін құрылымдарымен де ауыстырып, мүмкін еместік модалділігін жасауға болады.   

қайдан + етістік+сін Мысалы, Сейдеге бұл сөздердің қандай ауыр тиетінін бала қайдан білсін (Ш.Айтматов) – қайдан білсін тіркесі бала      біле алмайды мағынасын білдіріп, мүмкін еместік модалділігін                  жасайды.

Кей жағдайда мүмкіндік модалділігін немесе мүмкін еместікті білдіруде модалділікті білдірудің екі тәсілі де қолданылады. Мысалы, Осы                    уақыт ішінде ескерткіш жаққа батылы жетіп, бір рет те қарай алмады – әманда жоқ жерде бойын буа қалатын жасқаншақтыққа ызалы да                     (М.Қабанбаев). Сөйлемде мүмкін еместік модалділігі, біріншіден,                           –й алмау аналитикалық форманты арқылы білдірілсе, екіншіден,  субъектінің бойындағы «жоқ жерде бойын буа қалатын жасқаншақтықтың» бар болуы, оның белгілі бір іс-әрекетті орындауға мүмкіндігін азайтады. Сөйлемде мүмкін еместік модалділігін білдіріп                            тұрған –й алмау аналитикалық форманты эксплицитті түрде ашық берілсе, субъектінің белгілі бір іс-әрекетті орындауға мүмкіндігін азайтатын «жоқ жерде бойын буа қалатын жасқаншақтықтың» бар болуын көрсететін сөйлемде мүмкін еместік модалділігі имплицитті жасырын түрде берілген. Алайда мүмкін еместік мағынаны білідретін екі тәсіл де бір мағыналық қызмет атқаруға бағытталған. Бірінші құрылым тілімізде өте жиі қолданылып, мүмкін еместік модалділігінің өзегін құраса, екінші тәсіл имплицитті түрде беріліп, мүмкін еместік модалділігінің перифериясын құрайды, яғни ол мүмкін еместік модалділігін білдірудің қосымша тәсіліне жатады.

Соынмен қатар жиналған тілдік материалдар негізінде мүмкіндік және мүмкін еместік тұтас сөйлем арқылы да берілетіні анықталды. Мысалы, Өйткені, он екі мүшенің ең нәзігі, сергегі – көкірек көзі сол сәтте мүсінді жоққа шығарып тұрса, көкірек көзінен де асқан құралай мерген сыншы сезімі мына ескерткішті қалай тұшынып қабылдасын (М.Қабанбаев). Сөйлемде мерген сыншы қабылдай алмайды, қабылдауға мүмкіндігі жоқ мағынасы берілген.

Шыбынды қағып тастайтын ол пысықтықтың соғыс алдындағы тоқтық заманмен – шала мүжілген сүйек-саяққа толы табақпен қоса көзден бұлбұл ұшқаны қашан (М.Қабанбаев).

Ақ сәулесіз алау гүлдер өсер ме (Ә.Нұрпейісов) – ақ сәулесіз алау гүлдер өсе алмайды, өсуге мүмкіндігі жоқ мағыналарын білдіреді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Камильджанова Р.А. Модальные слова в современном узбекском языке: Автореф. дис. канд. филол. наук: 10.02.02. – Ташкент, 1975. – 24 с.