Турсунова Мархаба Ахметкалиевна

КарГУ им. Е.А.Букетова, к.ф.н., доцент, Караганда, Казахстан

ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ БАРЫС СЕПТІК ЖАЛҒАУЫНЫҢ КӨРІНІСІ

 

Тіл білімінде грамматикалық категория болып есептелетін септеу категориясының түркі тілдеріндегі сипаты ұқсастықтармен қоса айырмашылықтардың да бар екенін көрсетеді. Бұл ерекшеліктер түркі тілдерінің тарихымен, қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты, себебі қазіргі түркі тілдерінде септеу категориясының тарихи дамын қарастырғанда негізгі сүйенетін тірек – көне түркі тілі.

Ескі түркі жазбаларында барыс септігі бет алысты, мекенді білдіріп, мына жалғаулар жалғану арқылы жасалады:

–А, -е. Барыс септігінің бұл көрсеткіштері жіктеу есімдіктері мен тәуелдік жалғаулы сөздерге жалғанады. Ебін йулып бармыс ебіме түсміс – Үйін бұзып, үйіме әкелдім. Сондай-ақ: оғлыма-ұлыма, түркіме-түркіме, қағаныма-қағаныма, ініме-ініме, қызыма-қызыма.

-Ға, -ге, -қа, -ке. Шантуқ балыққа талуй үгүзке тегміс –  Шаңтуқ қаласына және өзенге дейін жеткен. Сондай-ақ: йерке-жерге, будунқа-халыққа, тағқа-тауға, бегімке-бегіме, оғлумқа-ұлыма, йірімке-жеріме.

-Ғары, -гері, -ғару, -геру, -қару, -керү, -ңару, -ңерү. Барыс септігінің осы жалғаулары көне ескерткіш жазбаларында жиі қолданылған: Ол сабығ есідіп, қағанғару ол сабығ ытым – ол сөзді естісімен сөзді хабарладым. Ол сабығ есідіп, қағаным: «бен ебгерү түсейін» - тіді – ол сөзді естіп қағаным: «мен үйге барайын», - деді [1,121-б].

Кейбір ғалымдар барыс септіктің бұл тұлғасын құранды және -ру аффиксінен тараған деп біледі де, -ру қосымшасына кейбір сөздердің құрамында ертеден келе жатқан өлі тұлға ретінде қарайды. Шынында да –ру, -рү қосымшалары жалғанып, істің бағытын, бет алысын көрсететін кейбір сөздер де кездеседі. Мысалы: баңару (маған қарай), ебгерү (үйге қарай) [2,101-б].

-Ра, -ре, -ру, -рү: ташра, ічре, баңару, асра (төменде); -ғары, -гері, -керү, -ңару, -ңерү құранды қосымша деген пікір бар. Екі сыңары да барыс септігінің -ға, -ге, -қа, -ке (тағқа, йерке) және -ра, -ре, -ру, -рү ( ташра, ічре) қосымшаларының бірігуінен жасалып тұр.   -Ғару бағыттың алшақтығын білдірсе, -ра, -ре, -ру, -рү қосымшасы баратын жердің алшақ еместігін білдіреді. Ал тілімізде екеуі де барыс септігінің миағынасын толық береді. Сондай-ақ –ғары қосымшасының қызметі мен мағынасын беретін –йа, -йе жалғауы да кездеседі: қурыйа (батыстан), бірійе (оңтүстіктен); Көне жазбадағы барыс септігінің –ғары (варианттарымен), -йа, -йе жалғауларын қарай шылауы меңгереді: оғузғару (оғызға қарай), тарқанғару (тарқанға қарай), қурыйа (артқа қарай), бірійе (оңға қарай), йырайа (солға қарай) т.б. [1,122-б]. 

Көне ұйғыр жазбаларында –қа, -ке, -ға, -ге (улуғқа, йірке, сөзке), -ғару, -геру, -қару, керу (йіркерү-жерге қарай, біргерү-бері қарай, йоқару-жоғары) ғана кездескен. «Кодекс Куманикуста» да жиі қолданылатын барыс септігі жалғаулары: -қа, -ке, -ға, -ге (атқа, білімге). Тәуелдік жалғауынан кейін барыс септігі –а, -е болып келеді: балама, балаңа, балаларыма. Үшінші жақ тәуелдік жалғауынан кейін барыс жалғауы түбірмен –н дәнекері арқылы байланысады. Тәуелдік жалғауының І-ІІ жақтағы көпше түрінен кейін –а, -е жалғауы емес, -ға, -ге жалғанады: балаларымызға, балаларыңызға. -А, -е жалғауы, кейде тәуелдік жалғауынсыз түбір сөзге тікелей жалғана береді. Ондай реттерде негізгі форма -қа, -ке, -ға, -ге-лермен кейде жарыса жүреді: бармаққа-бармаға (баруға), атқа-ата (атқа). Ерте кезден белгілі –ра, -ре, -ры, -рі және кейбір сөздермен кірігіп кеткен -қа, -ке, -ға, -ге формалары ташқары-тысқары, сонра-соңыра, йоғары-жоғары сияқты сөздердің құрамында кездескенімен, қыпшақ тілінде жалғаулық қызмет атқармайды [2].

Көне түркі жазбалары тілінде жиі қолданылатын барыс септік жалғауы -қа, -ке, -ға, -ге тәуелдік жалғаулы сөздерге -а, -е түрінде қолданған. Бұл аффикс Орхон-Енисей жазбаларында барыс жалғауының басқа варианттарымен қатар және жиі қолданылған. Бір ғана сөздің өзі бірде -ғару аффиксімен, бірде -ға аффиксімен берілген. Мысалы: Түрк қағанғару сүледім.

Қазіргі тілімізде жеке сөздер құрамында “өлі” қосымша есебінде бірде -ғару (сыртқары), бірде -ру (бері, кері) сақталып қалған. -ға аффиксімен келген сөздер, лексикалық мағынасына қарай, іс-әрекет бағытталған мекен-орынды білдіреді: Саңтуң балыққа, талуй үгүзке тегүрттім [3,157-б].

А.Н.Кононов көне түркілік барыс жалғауы -ғар, -ғару мен есімшенің келер шағын жасайтын -ар, -ер бір ғана аффикстің екі түрлі көрінісі деп қарайды.

Б.А.Серебренников қызметі мен мәні ұқсас аффикстердің қосындысы (ғ+а) деп дәлелдейді.

Қазіргі түрікмен тілінде жеке сөздер құрамында істің, заттың ішкі аумағына бағытын білдіру мағынасында (йоқарық-жоғарыға, йерік-орынға т.б.) -қ/-ғ аффиксі сақталған, ал -а/-е жалпы бағытты білдіруі мүмкін. Бұған қосымша чуваш тілінде барыс қосымшасы -а түрінде сақталған [3,159-б].

Қазіргі түркі тілдерінде барыс септігі жалғауының негізгі қосымшасы үндестік заңына сәйкес дауыссыз дыбыстан басталатын –ға, -ге, -го, -гө, -қа, -ке, -ха, -хе сияқты варианттарымен кездеседі. Мысалы, башқұрт: еләккә бар (жидекке бар), ике көнгә кайттым (екі күнге келдім);  қарақалпақ: балаға, үшке; қарашай-балқар: таугъа, къойгъа, эшекге, көзге; қырғыз: өндүрүшгө, көлгө, талаага; татар: юлга, атка, апага; өзбек: уйга, қизга, майдонга т.б.

Сондай-ақ, көне жәдігерлерде кейбір сөздердің құрамында кездесетін –йа, -йе қосымшалары қазіргі оғыз тобындағы тілдерде де кездеседі: масайа (үстелге), ғапыйа (есікке), Москвайа (Москваға) т.б.

Қазіргі түркі тілдерінде барыс септігі жалғауының дауысты дыбыстан басталатын варианты салар, түрікмен, әзірбайжан, гагауз, хақас, чуваш тілдеріне тән. Басқа тілдерде –а, -е қосымшасының барыс септігі сипатында жұмсалуы тәуелдік жалғаудың І, ІІ жағынан кейін жалғанса, аталған тілдерде тәуелді септеуге қатысты бола қоймайды. Мысалдар: Абадаң хорыхсаң, тайғаа полбассың. – Аюдан қорықсаң, тайгаға бармассың (хақас); Һава jахши олса, сизә кәләрәм. – Ауа райы жақсы болса, сізге келермін (әзірбайжан); Мен бу шәхере окамага гелдим – Мен бұл қалаға оқуға (оқу үшін) келдім; хахара-қалаға, базара-базарға (түрікмен);

Қазіргі түркі тілдерінде барыс септігі жалғауына қатысты ерекшеліктердің біріне жай септеу мен тәуелді септеуге қатысты болады. Қыпшақ тобындағы тілдерде екі түрлі үлгі бойынша септелсе, қарлұқ тобындағы тілдерде ондай септеу үлгісі орын алмаған. Қазақ немесе басқа түркі тілдеріндегідей барыс, табыс, жатыс септіктері қосымшаларында жай септеу мен тәуелді септеу арасындағы айырмашылық өзбек, ұйғыр тілдерінде жоқ, яғни тәуелді жалғаудан кейін септік жалғау өзгеріссіз жалғана береді. Мысалдар: Кунига он сум топади. – Күніне он сом табады. Туған атасына барды Туған атасына барды. Мана шу куйнинг шохиди булиб хозир хам Абайнинг қабри бошига тумонатдек халқ йиғилиб қолибди. – Осы күйдің куәсі боп қазір де Абай қабірінің басына қалың елдің өзгеше көп-көп жаны жиылып қалыпты…

Түркі тілдерінің көне дәуірлерінде де жай септеу мен тәуелдеулі септеу тұлғаларының өзіндік ерекшеліктері болғаны белгілі. Көне ескерткіштердегі «оғлыма, түркіме, қызыма, апама» сөздерінде барыс септігі тәуелдеулі сөзден кейін жалғанатын –а, -е қосымшалары болса, «будунумқа, елімке, оғлумқа» сияқты мысалдарға барыс септігі қосымшасы тәуелдеулі сөз болса да –қа, -ке түрінде жалғанып тұр.

Барыс септігі қосымшасының жалғануындағы түркі тілдерінде көзге түсетін елеулі ерекшеліктің бірі – есімдіктердің барыс септігіндегі тұлғасы.   

 Есімдік сөздердің септелуінде, әсіресе, жіктеу, сілтеу есімдіктерінің септелуінде, септеу жүйесінің заңдылығынан біраз ауытқып кететін орындары бар. Бұл ерекшеліктер негізінде есімдіктердің бойында көне формалар мен көне грамматикалық көрсеткіштердің молырақ сақталып қалуымен тікелей байланысты.

Жіктеу есімдіктерінің барыс септігіндегі формасы көне жазбалар тілінде де, қазіргі түркі тілдерінде де ерекшелігімен көзге түседі. Қазіргі қазақ тіліндегі маған, саған  түріндегі қолданыс көне мұраларда баңа, маңа, саңа, маа, мана, маға, манға, маға, саһа, санға, саа [2] сипатында болып келсе, қазіргі түркі тілдеріндегі қолданысты төрт топқа ажыратуға болатын сияқты:

Маңа, саңа түріндегі қолданыс (фонетикалық варианттарымен): әзірбайжан – мәнә, сәнә; чуваш – мана, сана; түрікмен, ұйғыр – маңа, саңа; татар – миңа, сиңа; тува – меңээ; Мага, сага түріндегі қолданыс (фонетикалық варианттарымен): ноғай, құмық, қырғыз, шор – мага, сага; хақас – маға, саға; алтай – меге, сеге; Маған, саған түріндегі қолданыс: қазақ, қарақалпақ – маған, саған; Менга, сенга түріндегі қолданыс: өзбек – менга, сенга;

Осыларды топтай келгенде, байқалатын басты ерекшелік мен, сен сөздерінің кейбір тілдерде түбір күйін сақтаса, кей тілдерде ма, са ретінде өзгеруі. Бұл жіктеу есімдіктерінің шығу төркінімен байланысты екені белгілі. Себебі жазба мұралар арқылы, зерттеушілердің еңбектері арқылы мен, сен сөздерінің ма, са тұлғаларында болғандығы бізге мәлім. Маңа, саңа түріндегі қолданыстар көне жазбаларда кездесетінін жоғарыда айттық, ал мана, сана сипатын фонетикалық сәйкестікке, яғни түркі тілдерінде орын алған н-ң алмасуларына жатқызуға болатын сияқты.

Мен, сен жіктеу есімдіктерінің барыс септіктегі мага, сага, меге, сеге сипаты ма, ме, са, се түбірлеріне жалғанған барыс септігінің нақты көрсеткіші. Бұл, әсіресе, өзбек тілінде анық көрінеді. Аталған тілде ешбір өзгеріссіз мен, сен есімдіктеріне –га барыс септігінің қосымшасы жалғанып тұр: менга, сенга.

Қазақ, қарақалпақ тілдеріндегі қолданыс өзіндік ерекшелігімен көзге түседі және бұл туралы зерттеушілер пікірлері әр түрлі. Бұл туралы Ә.Ибатов өзінің «Қазақ тіліндегі есімдіктердің тарихынан» деген еңбегінде мынандай түсінік береді: «... Бұл келтірілген пікірлерді жүйелей келгенде, негізінде үш салаға топтауға болатын сияқты. 1) Барыс септік жалғауы басында –ғару болған да, кейіннен –ғар формасына түсіп, одан –ған түріне ауысқан. Сонда –ғару>-ғар>    -ған боп қалыптасқан. 2) Барыс септік жалғауының соңғы н дыбысын ингредиент деп тану, бұл негізінде оғар>оға>оған дегенге тура келеді. 3) Шалғай метотезис арқылы н және ғ дыбыстарының орын алмасуы, яғни онға>оған боп қалыптасу» [4,69-б]. Айта кететін бір жайт Ә.Ибатов осы пікірлердің әрқайсысына талдау жасай отырып: «... қазіргі қолда бар материалдарда кездесетін және барлық ғалымдардың ең көне форма деп жүрген –ғару//-ғары формасының бір кездерде –ғану//-ғаны сияқты варианттарының болуы да мүмкін. Бұл варианттар бертін келе екі түрлі бағытта ықшамдалып,

-ғару//-ғары>-ғар

-ғану//-ғаны>-ған

деген сияқты қатар формалар тудыруы да ықтимал. Олай болса, -ғар сияқты –ған формасы да барыс септігінің көне жалғауларының бір түрі есебінде танылуы шарт», - деп қорытындылайды [4,70-б].

Егер біз өз пікірімізді білдіретін болсақ, ма, са түбіріне өзімізге белгілі –ға барыс септігі жалғанған, ал –н дыбысы біздің сөйлеу тілімізге байланысты орнығып қалған сияқты. «Маға» деп қолданғанның өзінде дәнекер –н дыбысы естіледі. Осыған ұқсас құбылыс тәуелді септеуде де орын алған. Жатыс септігінде жай септеуде –да, -де қосымшасы, тәуелді септеуде –нда, -нде болатыны белгілі. Бұндағы –н да дәнекер дыбыс болса керек, олай дейтініміз, «баласыда, әкесіде» деп айтқанның өзінде –н дыбысы естіліп тұрады. Маған, саған сөздеріндегі –н дыбысын дәнекер дыбыс деп және оны жатыс септігінің тәуелді септеуімен байланыстыруымыз соған байланысты.

Түркі тілдері барыс септік жалғауындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар фонетикалық ерекшеліктер мен туыстас тілдердің осы кезеңге дейінгі дамуына қатысты болған өзгерістерімен байланысты.

әдебиеттер ТІЗІМІ:

1          Есенқұлов А. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымшалар. – Алматы, 1976. – 239 б.

2          Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Алматы, 1971. – 272 б.

3  Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы: Мектеп, 1988. – 264 б.

4  Ибатов Ә. Қазақ тіліндегі есімдіктердің тарихынан. Алматы: Ғылым, 1966. – 71 б.