«Дәм» концептісінің когнитивтік мәні

Қанабекова М.Қ.                                                                                         Қазақстан Республикасы                                                                                                  ҚазМемҚызПУ

         Бүгінгі таңда қазіргі тіл білімінде соны ғылыми бағдарлар мен жаңа бағыттағы зерттеу жұмыстары белсенді сипат иеленіп отыр. Сондықтан лингвистика ғылымында когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, антрополингвистика, психолингвистика тәрізді бағыттардың қарқынды дамуы тіл мен сөйлеу фактілерін халықтың ұлттық рухани құндылықтарымен, дүниетанымы, ой әлемі және психикалық ерекшеліктерімен тығыз байланыста алып қарауға кең жол ашады. Тіл мен мәдениетті сабақтастыра зерттеудің тиімді саласы – когнитивтік лингвистика. Оның маңызды ғылыми сала ретіндегі мәнін белгілі ғалым  Ж.А.Манкеева: «Қазіргі тіл білімінде ұлттың рухани-мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің ауқымы кеңейе түсуде. Оның себебі: әр тіл - өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Сондықтан да қазіргі қазақ тіл білімінде тіл мен мәдениет сабақтастығын, атап айтқанда, тілдің бойындағы ұлттық сипатты, ұлттық рухты тануға негізделген когнитивтік лингвистика, оның лингвомәдениеттану, этнолингвистика т.б. салалары өріс алып отыр», деп анықтайды (1,15). Осымен байланысты әлемнің тілдік бейнесін түсінуге, зерделеуге жетелейтін, оның бір бөлшегі танылатын концепт ұғымы тілдің танымдық мазмұнын, күй-қалпын айқындаушы ғылыми лингвистикалық категория ретінде қалыптасуда. Әлемнің тілдік бейнесінің бір бөлшегі болатын концептілердің адам танымында алатын орны зор. Негізінен осы күнге дейін концептілер ретінде адамзат өмірінде үлкен рөл атқаратын ұғымдар алынады. Яғни, шындық өмірдегі белгілі бір мәдениет үшін құнды әрі көкейкесті мәні бар мәдени атаулар ғана концепт дәрежесінде танылады. «Тіл арқылы танылатын концептілер, жалпы алғанда, тілді тұтынушы халықтың дүниетаным көрсеткіші» (2,5).

Лингвистикада концепт термині мен түсінігінің қалыптасуы тіл, сана және мәдениеттің өзара әсерлесуінің ерекшеліктерін, заңдылықтарын, амал-тәсілдерін игерудегі жаңа қадам болды. Осыған орай лингвистика, когнитология, мәдениеттану, философияның өзара әсерлесуінің жаңа аспектілері пайда болып, соның арқасында семантикалык зерттеулер тереңдей түсті.

Кең мағынада концепт - жалпы әлем туралы білім жүйесінің (әлемнің концептуалды бейнесінің) бір бөлшегі, үзіндісі, яғни индивидтің объективті шындық туралы өз танымындағы тірек ұғымдары, білетіні, ойлайтыны, елестететіні.

В.А.Маслованың анықтауынша, концепт ұғымы эмоционалдық, экспрессивтік,  бағалауыштық  мәнімен айрықша танылады.

Концептіге осы көрсетілген түсіндірулерден өзге анықтамалар да бар. Концепт — ментальдік және психикалық ресурстарды түсіндіретін және адамдардың білімі мен тәжірибесін бейнелейтін термин.

Концепт оперативті есте сақтау бірлігі, әлемнің адам психикасында көрініс табуы.

Концептілер — сөз және экстралингвистикалық шындықтың арасындағы дәнекерлер.

Концептінің осыншама түрлі анықтамаларының болуы, оның келесі вариантты белгілерін көрсетуге мүмкіндік береді:

- сөз арқылы   вербалданатын және   өрістік   құрылымы   бар   адамзат көзқарасындағы өз тәжірибесінің минималды бірлігі;

       -   білімді сақтаудың, өңдеудің, айтып жеткізудің негізгі бірліктері;

-          концепт жылжымалы шегара мен нақты функцияларға ие;

- концепт   әлеуметтік, оның   ассоциативті   өрісі   оның   прагматикасын көрсетеді;

          - бұл мәдениеттің негізгі ұяшығы ( 3).

Сонымен, концепт - адамзаттың әлем бейнесі туралы жинақталған  түсініктерін беретін тірек ұғымдар деп түсінуге болады.

        Қазіргі таңда  концепт ұғымына қатысты мәселелер  қазақ  тіл  білімі  ғылымында  да кеңінен қарастырылып,  зерттеу  нысандарына  айналуда.  Бұл  бағытта  концептінің  мән-мазмұны  зерттеуші  ғалымдар  Ж.Манкеева,  Н.Уәли,  Г.Смағұлова,  Г.Мұратова,  Г.Сағидолда,  Э.Оразалиева,  Қ.Жаманбаева,  Г.Снасапова,  М.Күштаева,  С.Жапақов,  А.Ислам,  Б.Ақбердиева,  Б.Тілеубердиев,  Ш.Ниятова,  Ш.Елемесова,  Г.Имашова,  Ж.Жампейісова,  Ф.Қожахметова  т.б. еңбектерінде  әр  қырынан  қарастырылып  келеді. 

  Соның бір көрінісі – қазақ тіліндегі «дәм» мәдени концептінің де танымдық ерекшелігін, когнитивтік мәнін, семантикалық өрісін айқындауға болады.

     «Дәм» ұғымы, біріншіден, сындық, дәмдік қасиетті білдіреді. Сонымен қатар олар сөйлеу әрекеті арқылы жүзеге асады, яғни адам баласы астың, тағамның дәмдік қасиеттерін вербалды әрекет арқылы сыртқа шығарады, өзгеге хабарлайды. Қазақ тіліндегі «дәм» концептісі – тақырыптық аясы кең, мазмұны терең, қамтитын мәселелері өте маңызды, концептуалды өрісі өте күрделі концептілер болып табылады.

Қазақ халқының қонақжайлылық қасиет-ерекшелігіне сай халықтық дүниетанымында «дәм» концептісі қалыптасқан. «Дәм» қазақ халқы танымында өмір, сыйластық, құрметтеушілік, тағдыр, өлім, бұйырту, жолы болмау, айырылысу микроконцептілерін құруға қатысатын компонент деп танимыз. Мысалы, «Ас - адамның  арқауы», дәм тату, дәм алу тілдік бірліктері «өмір» концептін құруға негіз болса, ал дәмі таусылу«өлімді» білдіреді. Яғни «дәм» тілдік бірлігі «өмір - өлім» концептілерін құруға негіз болған. Ал дәмдес-тұздас болу, дәмдес болу, дәм-тұзы араласу бірліктері арқылы туындаған «сыйластық» концептісінің мәні ашылып, мазмұны толыға түссе, дәм-тұзы жараспау, дәм-тұзын аттау, дәмі  кету, дәмін бұзу тәрізді тілдік құрылымдар осы сыйластықтың біткендігін білдіріп, келіспеушілік, опасыздық, шырқын бұзушылық, отаса алмаушылық мәніндегі «ұрыс-керіс» концептін құрайды. Себебі, келген қонақты ассыз, дәмсіз жібермейтін, қонақжайлылық қасиетке ие халқымыз сыйластықты да аспен, дәммен өлшеген. Сол себепті халық тілінде сыйластық - ұрыс-керіс оппозициялық концептілері дәммен байланыстырылған деп ой түйеміз.

Қазақ дүниетанымында дәмді, тұзды қадір тұтып, қастерлеуден туындаған тілдік бірліктер тілімізде орын алған: «дәм жазса», «дәм бұйырса», «дәм-тұз айдаса».

Сонымен қатар «дәм» ұғымы «отбасы» концептін құруға да қатысады. Мәселен, бір-бірімен жақсы тіл табысып, тату-тәтті өмір сүріп, отасып жатқан ерлі-зайыптыларды «дәм-тұзы жарасты» деп атайды. Ал, керісінше, бір-бірімен тіл табыса алмаған жандарды, отбасын «дәм-тұзы жараспады» деп айту халық тілінде бар. Сол себепті дәм-тұзы жарасу –дәм-тұзы жараспау тілдік бірліктері «отбасы» концептісіне қатысты тіл табысу, қосылу - тіл табыспау, айырылысу оппозициялық қатынастағы ұғымдарды құрайды.

Демек, «дәм» - халық танымында орныққан, көп қырлы этномәдени концептілік құрылымға ие тілдік көрсеткіш болып танылады.        

                                  

Пайдаланылған әдебиеттер:

       1. Манкеева Ж.А. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. –Алматы: Жібек жолы, 2008.- 353 б.

       2. Мұратова Г.Ә. Абайдың  тілдік тұлғасы: дискурстық талдау мен концептуалды жүйесі: филол. ғыл. докт.  ...автореф.  –Алматы, 2009. 48.

       3. Маслова В.А. Языковая картина мира и культура / В.А.Маслова // Когнитивная лингвистика конца XX века. Материалы международной научной конференции (в трех частях).- 4.1. -Минск, 1997.