Аға оқытушы Мамиева Ақерке Нурашовна,

ізденуші Журтыбаева Мәнсия

Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті,

Алматы, Қазақстан Республикасы

 

Кейқаустың ақындық өнер туралы ой-тұжырымдарынан

         Қазақ ғылымы әлемінде өлең өлшемдері жайында сөз қозғар кезде кез келген адам міндетті түрде Әл-Фараби мен Абайдың анықтап кеткен өлшемдерін атап өтері сөзсіз. Бірақ осы орайда Х – ХІ ғасырда өмір сүрген түркі ғұламасы Кейқаустың да өзіндік пікірін есепке алғанымыз орынды болар деген ойдамыз. Ол өзінің атақты «Қабуснама» атты еңбегінің отыз бесінші тарауында «Ей, перзентім, егер ақын болғың келсе, ақылды бол. Сөзің тілге жеңіл, көңілге қонымды болсын. Түсінуге қиын, қисынсыз сөздерді қолданудан сақтан. Өзіңе түсінікті болғанмен, өзгелерге түсініксіз ауыр сөздерді пайдаланба» [1:117] деп жазып кеткен. Кейқаустың осы кеңесін оқи отырып, еріксіз «қазақтың бас ақыны» ұлы Абайдың:

       «Өлең – сөзің патшасы, сөз сарасы,

      Қиыннан қиыстырар ер-данасы.

     Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

     Жұп-жұмыр тегіс келсін айналасы» –

     Деген өлең жолдарын еске түсіреміз  [2:5].

Сондай-ақ Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің бәйітке тән санамалап кеткен ерекшеліктерінің де өлең өнері саласында маңызы зор. Өз еңбектерінде Әл-Фараби өлең ұйқасы, буын сәйкестіктері, сөздің әсерлі және көркем болуына ерекше назар аударған. Мәселен, өзінің «Өлең өнерінің қағидалары» атты трактатында: «Бәйіттер  белгілі немесе тыңнан табылған, яки дәстүрлі бейнелі, нақысты сөздермен аяқталуға тиісОбразды сөз ұқсатылып отырған затты көзге нақты елест етуі қажет. Образды сөздің ұйқасы міндетті түрде сақталуы керек. Образды сөздер бунаққа бөлінуі шарт. Бунақ саны ұйқас, буын епінді және екпінсіз буындар үйлесімінің біркелкі қайталануына тікелей қатысты болуы қажет. Бунақтар қатары әрбір өлең өлшемінде айқын болуы қажет.Бунақтар санынның бірдей болуы, шумақты оқығанда тепе- теңдік сақтайды. Сөз ағыны әр тармақта белгілі жүйемен орналасуы керек. Әр тармақтың ұйқасы бірдей және айқын болуы шарт. Тармақтағы образды сөз де ұқсатылған затқа сәйкес болуы қажет. Сөз ағынының өзі де үйлесімділікте болуы қажет» [3: 27-28]. Бұл пікірден Әл-Фарабидің өлеңнің сыртқы үлесімділігі мен мағыналық сәйкестігіне аса үлкен көңіл бөлгенін анық көреміз. Ал енді «Қабуснамадағы» өлең мен ақынға қойылатын талаптарға назар аударайық. Кейқаус ақын боламын деген адамға мынадай өсиет айтып, қойылатын талаптардың басын ашып берген: «Өлеңді өзің үшін емес, жалпы халық үшін жазуың керек. Бір сарындағы ұқсас бірегей, буын өлшемдерінен құрастырылған мағынасыз мәдениеті төмен өлең жазу ісімен шұғылданба. Өлеңнің сыртқы түріне мазмұны сай келіп құлпырып тұрғаны жөн. Өлең жазуда мәдениетсіздіктен сақтанып, өлең жазу қағидаларын басшылыққа алғың» [1:117]. Данагөйдің пікірі ақын Абайдың:

«Бөтен сөзбен бұлғанса сөз арасы,

Ол ақынның білімсіз бейшарасы», – деген өлең жолдарында сабақтастық тапқандай [2:5]. Сонымен қатар Кейқаустың «Ақындыққа қажетті тәсілдерге мына төмендегілерді жатқызуға болады: сөздегі үндестік, теңеу, пішіндеу, қайталау, дамыту, ұлғайту, теңдестіру, құбылту, астарлау, ажарлау, айшықтау, шендестіру, үзінділеу, асқақтату, жұптау, түйдектеу, баяулату, перделеу, қалыптау, кейіптеу, мегзеу, ырғақтау, бейнелеу, табу, бұрмалау, егіз ұйқас пен мадақтау сияқтылар», – деп айтқан. [1:117] Ақындыққа қажетті тәсілдерді бұлай жіктегені бүгінгі көркем әдеби тілге қойылатын талаптарға әбден сай келеді. Бұндай көркемдеу тәсілдері бүгінгі таңның көркем сөз әлемінде кеңінен қолданылады. Троптардың қатарында Кейқаус көрсеткен теңеу, асақақтату (гипербола), құбылту, кейіптеу, мегзеу (синекдоха). Ал айшықтау (фигура), қайталау, дамыту (градация), шендестіру (антитеза), түйдектету, баяулату тәсілдерін ғылым әлемінде фигура түрлеріне жатқызып жүрміз. Ұйқас түрлерінен Кейқаус тек егіз ұйқасты атап өткен. Бұдан Кейқаус заманында ұйқастар түрлерінің де жіктелгендігін және ұйқастың аталған түрлері халық арасында кең таралғанын анық көруге болады.

Осы орайда Кейқаус айқындаған ақындыққа қажетті тәсілдерге тоқталып кеткенді жөн көріп отырмыз. «Сөздегі үндестік» – өлең өнерінде ерекше рөлге ие. Оны Әл-Фараби «сөз ағынының үйлесімі» деп атаған. Ол дегеніміз – өлең бірліктерінің бір-бірімен әуезділік пен ырғақ жағынан сәйкес келуі. «Теңеу» – кейіпкерді не аталған затты басқа бір нәрсемен теңеп, ұқсататын балама. «Асқақтату» ұғымы «гротекстің» баламасы. Гротекс – адам тіршілік ететін ортаның шындығын әдейі өсіре немесе әдейі кеміте айту, суреттеу. «Ұлғайту» гипербола ұғымына сәйкес. Гипербола –  бір нәрсенің жеке белгілері мен сипаттарын асыра дәріптеу, әсірелеу. «Астарлауды» ғылым тілінде «символ» деп атайды. Грекше «шартты белгі» деген мағынаны береді. Яғни, бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге не құбылысқа құпия теліп, ойды ашық айтпай, тұспалмен айту. «Мегзеу (меңзеу)» – синекдоха. «Кейіптеу» – жансыз нәрселерге жан бітіру. «Қайталау» сөз әсерін күшейту үшін өлеңнің айрықша назар аударатын сәтін қайталап айту. Казақ сөз өнерінде «қайталаудың» бірнеше түрі бар: жай қайталау, еспе қайталау, әдепкі қайталау, кезекті қайталау. Ал еңбекте «қайталау» өзіндік ерекшеліктеріне қарай таратылмаған. Алайда «Қабуснама» жазылған уақыт пен біздің ғасырымыздың уақыт айырмашылығын ескерер болсақ, Кейқаустың  тек «қайталауды» атап өткенінің өзі аса құнды еңбек нәтижесі. «Дамыту» – градация. «Айшықтау» – фигура. Фигура –  сөздердің мәнерлілігін арттыра түсетін сөз орамдары мен сөз тіркестерінің айырықша синтаксистік құрылысы. «Шеңдестіру» – антитеза, көркем әдебиетте  біріне-бірі қарама-қарсы екі пікірді, образды салыстыру, шендестіру әдісі. «Пернелеу (перделеу)» – аллегория. Аллегория – жай ұғым қалпындағы дерексіз нәрселерді көзге көрінер деректі нәрсеге ауыстыру. «Түйдектету» – «жұптау», яғни топтау әдісі. «Баяулату»  іс-әрекетті кешеуілдету. «Құбылту» – троп, сөз бен сөз тіркесінің ауыспалы мағынада қолданылуы. Кейқаус атаған көркемдегіш құралдардың бірсыпырасы өлең өнері ғылымында аталмайды, яғни нақты баламасы жоқ. Мысалы, «қалыптау» мен «пішіндеу», «бейнелеу» мағынасы жағынан бір-біріне жақын сөздер. Қандай да бір образды не кейіпкердің пішінін келтіріп, қалыпқа салу. «Қалыптау» мен «пішіндеу» образ бен кейіпкердің сыртқы кескінін көрсетсе, «ажарлау» – оқырманға әдемілікті сезіндіру мақсатында сөзбен әшекейлеу. Кейқаус «ырғақты» да атап өткен. Ырғақтың өлең әуезділігінде алатын орны ерек. Әл-Фараби оны «екпінді және екпінсіз буындардың үйлесімі» деп айтқан. 

Кейқаустың ақынның жеке басына қояр талабы да ерекше: «Көпшілік жиынға немесе базарға барсаң, қабағың салыңқы, киімің кір болмасын.  Әрқашан жүзің жарық болып, күліп тұрғың. Жақсы әңгіме, күлдіргі сөздерді жаттап ал. Өйткені ақынның қалың көпшілікті өзіне тартып, баурап алатын бұдан жақсы қаруы жоқ» дейді де, ақынның халықтың жүрегі мен көзі, үні мен тілі екенін ескертеді. Ақынға қарап ел түзеледі.

Ұлына арнап ақындық өнері туралы жазған өсиетінде Кейқаус: «Ауыр оқылатын аруз өлшемімен өлең жазба. Өйткені ырғақсыз көп бунақты ауыр өлшемнен құрылған өлең шұмақтары табиғатында салқынқандылық басым болады. Ондай өлеңдер тұжырымды сөз тіркестерінен тізілген нәзік мағыналы өлеңдерге мән бермейтіндер үшін қажет», – деп жазған [1: 117-118]  «Аруз» –  араб-парсы тілінде жазылған өлең өлшемі. Оның жүзден астам түрлері негізінен он тоғыз топқа бөлінеді. Орта ғасырдағы созылыңқы және қысқа буындардың белгілі заңдылықпен кезектесуіне негізделген өлең өлшемі. Кейқаустың аруз өлшемін аса құптай қоймағанымен, мақтау өлеңдері мен махаббат жырларын жазуда айтар кеңесі көп. «Егер махаббат жырларын жазбақшы болсаң, тілге орамды сөздерден құралған көркем теңеулерді көбірек пайдаланып, өрнекті ұйқастармен безендір...көркем сөз, көңілге қонымды мысалдарды кеңінен қолдансаң талабы биік талғампаз қарапайым халықтың көңіліне қонымды болып, өлеңіңнің өрісі кеңейеді» дей келе, ақындық өнердің халық арасында мойындалуына да көңіл бөледі. [1 : 117]

Кейқаустың «Қабуснама» атты шоқтығы биік  туындысындағы «Ақындық өнері туралы» жазған тарауын негізге ала отырып, қазіргі қазақ әдеби теориясының бастауы тереңде жатқанын, сонау орта ғасырлық түркі әлемінде қалыптасып, дамығандығын батыл айтуға болады.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Кейқаус. Қабуснама/ Өзб. ауд. Т. Айнабеков. – Алматы; Балауса, 1992.

2. Ж. Смағұл. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Алматы: Қазақ университеті, 1997

3. Әл-Фараби. «Өлең өнерінің қағидалары» трактаты. Алматы, 1987.

 

Резюме

      Данная статья посвящена поэтическому творчеству Кейкауса.

                                                         Summary

      The   article   touches   upon   the   problem   of  the bases   of   scientists’   researches Keikaus.