ҚазМемҚызПУ  аға оқытушысы  А.Н.Юсуп

                                                                         Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы

                     

                              Қазақ ономастикасының гендерлік сипаты

            

                                                                                                                  

      Әрбір ұлттың болмыс-бітімі мен дүние танымы, қоғамдық өмірі мен әлеуметтік ортасы, этникалық мәдениеті мен рухани тұрмыс-тіршілігі қай кезде, қандай жағдайда болмасын, белгілі бір әлем кеңістігінде көрініс табады, нақтылы тарихи дәуірлердің жемісі болып саналады. Ал ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан барлық байлығы оның ана тілінен көрініс табады және ұрпақтан ұрпаққа осы ана тілі арқылы беріледі. Ғалым Б.Хасанұлы өз еңбектерінде ана тілінің әлеуметтік, қоғамдық құбылыс ретіндегі сипатын саралай келе, оған мынадай лингвистикалық анықтама береді : «Ана тілі – адамдар қауымдастығының тайпадан ұлысқа, ұлыстан халыққа, халықтан ұлтқа ұласу процесінде этноспен бірге жасап, біте қайнасып, күллі қауымдастықтың басын біріктіретін баға жетпес тіл» [1,25б]. Міне осындай, ана тіліміздің керемет қасиетінің арқасында біз көптеген тарихи деректерді тіл байлығынан табамыз. Сөз байлығының қат-қабат қойнауларын тереңірек тексеріп, ақтара зерттесек, олардан өткен өмірімізден берер мәлімет пен мол ақпаратты кездестіреміз. Осы орайда қазақ тіл білімінің ономастика саласының тіл теориясы мен тіл тарихы үшін маңыздылығын атап өткеніміз жөн. Себебі қазіргі уақытта лексикологияның ономастика саласы тек лингвистикалық тұрғыдан ғана емес, тарих, этнография, география сияқты ғылымдармен, тіл білімінің қарқынды дамып, қалыптасып келе жатқан әлеуметтік лингвистика, когнитивті лингвистика, этнолингвистика, гендерлік лингвистика секілді бағыттарымен де тығыз бірлікте зерттелуде. Сондықтан да  аталған саланың ғылыми өрісі кең, қоғамдық қызметі мен мәні зор болып есептелініп, қазіргі ономастиканы зерттеу халықаралық мәнге ие болып отыр.

       Тіл өнеріне тереңірек үңілген адам ғасырлар қойнауынан сыр тартып, ел мен жер, туған өлке тарихынан мол дерек табады. Мұндай тарихи мәліметтерге, әсіресе, жоғарыда аталған тіл білімінің ономастика саласы бай. Ономастика негізінен тіліміздегі жалқы есімдерді зерттейді. Ғалым Э.М.Мурзаев өзінің «Очерки топонимики» деген еңбегінде тіл білімінің ономастика саласы кез келген халықтың дүние танымын, ойлау қасиетін қамтиды деп көрсетеді. Ол өзінің зерттеуінде былай деп ой қорытады : «В ономической лексике любого языка можно обнаружить ее древнейшую часть. Онимическая лексика относится к продуктам наиболее древнего периода. В нем отражена специфика миропонимания и образа мышления, многообразия образных представлений, чувственных впечатлений» [2,34б]. Сол себепті біз өзіміздің мақаламызда жоғарыда сөз еткен тіл дамуындағы кеңістік, уақыт-мерзім межесі, әлеуметтік жағдай, қоғамдық орта туралы көзқарастарды саралап, ономастикадағы, соның ішінде антропонимика мен топонимикадағы қалыптасқан  «Қыз» концептісіне байланысты тілдік бірліктердің гендерлік қырын зерделеуге тырыстық..

        Гендерлік лингвистика – қазіргі тіл білімінде қарқынды дамып келе жатқан лингвистикалық бағыттардың бірі. Лингвистикалық әдебиеттерде «гендер»  термині жүйелі қолданылмағандықтан, ғалымдардың еңбектерінде  «жыныс» және «гендер» сөздері қатарласа қолданылады. Гендер - әйел мен ердің әлеуметтік қоғам қалыптастырған, жасаған үлгісі. Ол әйел мен ер жынысының әлеуметтік ортадағы, қоғамдық-мәдениет ошақтарындағы өзіндік орны мен ролін айқындайды. Жалпы ғалымдар «жыныс және сөз» мәселелерімен шетел тіл білімінде ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап айналыса бастады. Грамматикалық род категориясын білдіретін ағылшын термині «gender» лингвистикалық контекстен алынып, ең алдымен, басқа ғылым салаларының, яғни әлеуметтік пәлсафа, әлеуметтану, тарих және саясаттану ғылымдарының зертттеу нысанына айналды. Кейінірек бұл термин гендерлік зерттеулердің кең өркен жаюына орай ғылымда өзіндік мәртебе алып, қазіргі тіл біліміне жаңа мағынада, жаңаша сипатпен қайтадан енді.

        Қазіргі таңда гендерлік лингвистика негізінен тілдік қатынастағы ерлер мен әйелдер тілінің өзіндік ерекшеліктері мен айырым белгілеріне айрықша назар аударуда. Сол себепті қазіргі кезде әлемдік тіл білімінде әр ел ғалымдары тілдегі гендерлік ерекшеліктер мәселесін көтеріп, жан-жақты зерттеулер жүргізуде. Мысалы, неміс ғалымдары Ф.Вернер мен К.Наринз жынысқа қатысты психологиялық сөйлеу айырмашылығына баса назар аударып, әйелдердің сөйлеу әрекетінің артикуляциялық жағынан гөрі кәсіптік тілін көбірек зерттеп жүр. Өйткені адам психикасымен байланысты сөйлеу процесі кезіндегі мидың қызметінің қандай болатыны, сөйлеу мүшелеріне  тигізетін әсерін қарастыру тіл білімі үшін де, психология ғылымы үшін де аса маңызды. Яғни сөйлеуді тілсіз, ал сөйлегенді қабылдауды психологиясыз шешу мүлдем мүмкін емес. Сондықтан аталған екі ғылым бірлесе отырып, осы мәселелерді шешуі тиіс.  

        Орыс тіл білімінде гендерлік лингвистиканың негізін қалаған ғалымдардың ішінде А.В.Кирилина, Е.В.Митрохина, А.В. Бесарабенко, Е.И.Трофимова сынды ғалымдарды атауға болады. Олардың ғылыми зерттеулерінен Ресей тіл біліміндегі гендерлік лингвистика саласы бастау алады. Негізінен «гендер» ұғымын тілдік жағынан сипаттап, оның орыс тіліндегі ерекшеліктерін анықтауға зор үлес қосқан ғалым – А.В.Кирилина.  Ал ғалым К.Пузыренко өз зерттеуінде тіл білімінде бұл бағыттың «феминистік немесе жыныстық лингвистика» деп аталғанын көрсетеді. Сонымен қатар ғылыми жұмыстарында   психология мен әлеуметтану саласындағы гендер мәселесін қарастырған Ю.Ф.Чуфаровский, Е.П Ильин, И.С.Кон сияқты ғалымдардың еңбектерінде психологиялық және этнолингвистикалық талдау жасау үрдіс алған. Осыған орай біз жалпы «гендер»  сөзінің «биологиялық жыныс» сөзіне қарағанда, мағынасының  кеңірек екенін толық сеніммен айта аламыз. Бұл сөз «әлеуметтік жыныс» деген ұғыммен шектесіп жатыр, яғни тіл білімінде әйел мен ердің қоғам қалыптастырған үлгісі ретінде қолданыс тапқан.

         Гендерлік зерттеулер – қазақ ғылымы үшін соны құбылыс. Кезінде гендерлік зерттеулер туралы қазақ тіл білімінде нақты сөз қозғалып, ғылыми зерттеулер жазылмаса да, оның ұшқынын қазақ халқының таным-түсінігінде әйелге қатысты қалыптасқан тілдік ерекшеліктерді сөз еткен Ә.Ахметовтің «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер», М.Бимағамбетованың «Қазақ  сөз этикеті» еңбектерінен табуға болады. Бұдан біз қазақ тіл білімінде гендерлік мәселелер бұрын да ғалымдардың назарына іліккендігін байқаймыз, дей тұрса да бұл факторлар  қазіргі кезде Отандық тіл білімінде жан-жақты арнайы қарастыруды талап етеді. Осыған орай қазіргі кезде бұл бағытта  қазақ тіл білімінде тіл мәселелерін гендерлік лингвистика аясында қарастыратын зерттеулер көбеюде. Олардың қатарына Б.Хасанұлы, Г.Мамаева, Қ.Жанатаев, Г.Шоқым, М.Ешимовтің, А.Байғұтованың ғылыми зерттеулерін жатқызуға болады.  Сол себепті қазіргі кезде тіл білімінде гендерлік зерттеулердің басты мақсаты – әлеуметтік қоғамдағы ерлер мен әйелдерге деген тілдік қарым-қатынасты айқындайтын қоғамдық, танымдық, әлеуметтік, ұлттық факторларды анықтау, жеке тұлғаның белгілі бір жынысқа қатысуына қатысты мінез-құлық ерекшеліктерін, болмыс-бітімін, олардың еркекке не әйелге тән негізгі қасиеттерінің тілдік белгілерін анықтау. Осы тұрғыдан келгенде, біз өз мақаламызда тілімізде «Қыз» концептісіне қатысты туындаған антропонимдер мен топонимдерді, гидронимдерді тұлғалық, мағыналық  ерекшеліктеріне қарай талдап, кейбіреуінің түп-төркінін анықтауға тырыстық.

          Ұрпаққа жарасымды есім беру – ежелден келе жатқан халқымыздағы игі дәстүрдің бірі. Қазіргі қазақ есімдері сан жағынан көп те мол болумен қатар, құрамы мен құрылысы жағынан да әр алуан. Тілімізде өзінше бөлек, дәстүрлі қазақ есімдері көп кездеседі. Сол себепті қазақ тіліндегі қызға қатысты есімдер өзінің әртүрлілігімен, сан қырлылығымен ерекшеленеді. Мысалы, қазақ тілінде жыныстық белгіні көрсету үшін ұрғашы (ұрғашы мал, ұрғашы қой); еркек (еркек бұзау); ұл (ұл бала);  қыз (қыз бала) сияқты сөздердің қолданылатыны анық. Белгілі түрколог ғалым Л.Покровская өз еңбегінде түркі тілдеріндегі қандық, туысқандық қатынасты білдіретін атауларға ата (әке), апа (шеше),сіңлі, қарындаш, аба, оғұл, қыз сөздерін жатқызады. Ол бұл туралы былай дейді : «Рассмотрение терминов кровного родства мы считаем целесобразным начать не с терминов, выражающих понятие «отец», «мать», а с «сын» и «дочь». Это вызвано тем обстоятельством, что оғұл и қыз являются не только терминами родства в собственном смысле слова, но обладают более широкой семантикой, а именно выражают понятие «мальчик», «юноша», «девочка»,  «девушка» в тюркских языках как показатели пола» [3,19б]. Ғалымның бұл тұжырымынан біз гендерлік лингвистика тұрғысынан «Қыз» концептісінің ауқымының кеңірек екенін аңғарамыз. Қазақ тілінде сирек болса да жалқы есімдерге (адам аттарына) арнайы қосымшалар қосылып келіп те жыныстық мағынаны білдіреді. Мысалы, Сәлім (ер адамның аты) – Сәлима (әйел адамның аты), Кәрім-Кәрима, Кәміл-Кәмила. Атап айтқанда, қазақ халқының ұғымында қызға ат қоюда асыл металлдарды, қымбат тастарды, табиғат құбылыстарын, аспан денелерін негіз етіп алған. Соған орай біз тіліміздегі қызға байланысты  антропонимдерді төмендегідей топтастырдық :

1)      жанұяда ылғи қыз болып, ұлдың тууын күтіп жүргенде туған қызға Дәметкен, Дәмелі, Зәру, Жаңыл, болмаса, ендігі бала ұл болсын деген ниетпен Ұлберген, Ұлбала, Ұлжалғас, Ұлжан,Ұлболсын қояды. Құмықтарда Қызтаман (қыз жетеді), Ұлангерек ( ұл керек) деген аттар қойған.

2)      Қазақ халқының таным-түсінігінде қыздар сұлу, көркем болсын деген оймен төрт түлік малда, аңда, затта, табиғатта нендей көркем, қадірлі, қымбатты заттар болса, соның атын ырымдап қойған. Мысалы, Марал, Гауһар, Маржан, Ботакөз, Танакөз, Ару, Қаракөз, Ақмарал, Қаламқас,т.б.

3)      Аспан әлеміндегі денелер мен планеталардың атауынан жасалған қыз есімдері (космонидтер) тілімізде жиі кездеседі. Мысалы, Күнсұлу, Күншем, Айсұлу, Жұлдыз, Айқыз, Айжұлдыз, Шолпан, .

4)      Ерлер мен әйелдерге ортақ есімдер: Айдын, Айқын, Асыл, Кенже, Манат, Жанат.

Жалпы қазіргі уақытта жігіттерге қарағанда, қыздар есімі өзінің саны жағынан да, формасы жағынан да ерекшеленеді. Қазақ  тілінде қыздар есімі үшін гүл қосымшасы тән. Бұл қосымша қыз есімінің гендерлік көрінісі болып табылады. Мысалы, Айгүл, Нұргүл, Назгүл, Гүлжан, Гүлназ, Гүлмира. Осыған орай біз белгілі ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, тіліміздегі қыз есімдерін төмендегідей топтастырдық :

1)      Қазақ-араб тілдерінен енген есімдер : Нұрай, Фатима, Қадиша, Зухра.

2)      Қазақ-иран тілдерінен енген есімдер : Айжан, Жауһар, Гауһар.

3)      Қазақ-тәжік тілдерінен енген есімдер: Айбибі, Айтбүбі, Бибі.

4)      Орыс тілінен енген есімдер: Мира, Оксана, Венера, Диана, Света.

5)      Абстрактілі түсініктемеге байланысты есімдер: Сағида – «бақытты», Бәдіннұр - «өте күрделі», Дариға - «көңілі кең», Нағима – «мейірімді», Жәмила – «қымбатты» . Белгілі атақты поляк антропонимисі Т.Милевский жеке есімдер жай атауларға қарағанда, өзінің таңдау еркіндігімен ерекшеленеді дейді. Олай болса қазіргі кезеңде заман талабына сай жеке есімдерді таңдау қоғамдық талғамға байланысты және қазіргі антропонимикалық нормаға негізделген деп толық сеніммен айта аламыз.

Ұлан-байтақ алқапты алып жатқан, табиғаты сан қилы болып келетін еліміздің 

жер-суына ерте замандардан бері сан алуан атаулар қойылып, олар түрлі өзгерістерге ұшырап отырды. Ұшы-қиыры жоқ кең алқапта қазақ халқының негізін құраған ру-тайпалық одақтар көшіп-қонумен жүрді. Сондықтан олар кең даланың табиғат ерекшеліктерін, өзіндік сипатын жете тани білген және соған лайық атауларды да дәлме-дәл тауып қоя білген. Жалпы Қазақстандағы жер-су- тау атауларын лексикалық құрамына және мағыналық ерекшеліктеріне қарай төмендегіше топтауға болады:

1)      ру-тайпа, халық аттарына қойылған атаулар;

2)      тарихта болған кісі есімдерінен қойылған атаулар: а) көне түркі және қазақ тіліндегі атаулар; ә)араб-иран тіліндегі атаулар; б) монғол тіліндегі атаулар.                                                                                                                      

Аталған жайттарға байланысты қазіргі тіл білімінде бірқатар белгілі ғалымдар жер-су-тау атауларының этимологиясын зерделеуге тырысқан. Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, Ә.Нұрмағанбетов, Т.Жанұзақов, Н.Уәли өз зерттеулерінде комплексті әдісті пайдалана отырып, тіліміздегі жер-су-тау атауларының шығу төркінін қарастырған.

           Қазақ даласында әйел жынысына байланысты бірнеше жер-су-тау атаулары кездеседі. Ғалым А. Байғұтова өз зерттеуінде : «Қазақтың еншісіне тиген байтақ даламыздың қай бұрышын алсақ та, әйел-анаға арнап тұрғызылған ғажайып кесене, әсем мұнара, өшпес ескерткіштер, тіпті тұтас қаланың аты да бар»,- деп көрсетсе  [4,13б], ал белгілі этнограф ғалым А.Сейдімбек өз зерттеуінде былай дейді : «Сырдария бойындағы Көккесене, Бикем мұнара, Сарысу бойындағы Белең-ана, Болған ана, Арал түбіндегі Бегім ана  күмбездері өзінің сыр-сымбатымен қайран қалдырады. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында қыз балаға, әйел-анаға қатысты сандаған топонимдерді кездестіруге болады: Домалақ ана, Қарашаш ана, Сыланды ана кесенелері, Қатынқамал, Қырық қыз, Қызсиген, Келіншектау» [5, 402б]. Жалпы қазақ даласында әйелге қатысты қатын, ханым, бике, бегім сияқты атақ-дәрежені, лауазымды көрсететін топонимдер мен гидронимдер көптеп кездеседі. Мысалы, Ақмола облысындағы Тасбике өзені, Жезқазған жеріндегі, Ұлытаудағы Қаным өзені, Қарағандыдағы Бикеш тауы соған дәлел бола алады. Тіліміздегі қызға байланысты туындаған жер-су-тау атауларын былай деп жіктеуге болады:

1)      Нақты тарихта болған қыз атымен аталған жер-су-тау атаулары: Балқаш көлі, Таңсық елді мекені, Ақсәуле тауы, Қостанай қаласы, Данабұлақ көлі, Баршынкент қаласы. Мысалы, топонимдердің ішінде Қостанай қаласының атауына қатысты ел аузында бірнеше аңыз-әңгімелер бар.

 Соның ішінде біреуі тарихта болған қыз есімдерімен байланысты. Сол аңыздың қысқаша мазмұны мынадай: «Ертеде бір кедей өзін және егіз қыздары Қос пен Танайды асырау үшін байға жалданып жұмыс істейді. Күндердің күнінде бай мен кедей арасында жерге қатысты дау шығады. Бай өктемдігін көрсетіп, кедейдің жерін тартып алады да, өзін елден қуып жібереді. Кедей Тобыл өзенінің бір сайына келіп жайғасады. Кедейдің сорына бір күні екі сұлу қызы ішқұсадан, аурудан өледі. Ол қыздарын Тобыл өзенінің жағасына жерлейді. Өтіп бара жатқан адамдар ол жерге ұзақ уақыт тоқтап, кейде қонып қалатын болған. Кейінірек ол жер халық арасында қыздардың атымен Қостанай аталады» [6,60б].

2)      Эвфемизм мен діни нанымға байланысты атаулар:  Қызау өзені, Сұлукөл жерді мекені.

3)      Санға байланысты атаулар: Жетіқыз – Жезқазған жеріндегі, Ұлытау өңіріндегі өзен. Халық аузындағы аңыздарға қарағанда, жеті қыз суға шомыламыз деп суға кетіпті деген аңыз бар. Қырыққыз қала – қаланың негізін қырық қыз салдырды деген аңыздың желісі бойынша аталған.

4)      Әр түрлі метафоралы атаулар – Қызбел елді мекені, Қыземшексай өзені, Қыземшек тауы, Қыздың басы жер атауы, Қызауыз жота. Жер-су-тау атауларын салыстыру, теңестіру негізінде басқа объектілермен ұқсастығына қарай қойылған.

Мысалы, «Қызбел – Торғай жеріндегі, Жанкелдин ауданындағы қырқа атауы. Ел аузындағы аңыз бойынша, қыратты жерге алыстан қарағанда жатқан қыздың бейнесін елестетіп, орта шенінде жота жіңішкеріп, қыз беліне ұқсатудан «Қызбел» атанған. Ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде (М.Қашғаридың сөздігінде) «қыз» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Соның бірі – «сараң, сығырдаң. Бірінші сөздің түбіріне сол мағына сәйкес келеді. Өйткені жалпы бұл өңірде бұлақ көзі тапшы. Ал, «бел» сөзі  кейбір түркі тілдерінде «төбе, төмпешік» деген ұғымды білдіреді. Осыларға сүйенсек, қазіргі ұғым-түсінігімізде «сараң төбе» дегенді білдіреді» [7,34б]. Қызауыз – Қаракеңгір өзенінің солтүстік-шығысында, Ұлытау өңірінде орналасқан, биіктігі 616,3м жота. Қыземшек – Қызылжар өңірінде орналасқан, биіктігі 506,3м тау. Таудың тіп-тік болып тұруына қарай қыздың емшегіне ұқсату, теңеу жолымен алынған топоним.  Қыздың басы – Орталық Қазақстандағы Ақтоғай ауданында орналасқан жер атауы. Топоним аңыз-оқиғаға байланысты да қойылуы мүмкін.

5)      Қыз бұйымдарына байланысты атаулар: Қызылорда облысындағы Мақпал көлі, Жамбыл облысындағы Қамқалы елді-мекені, Ақмола облысындағы Маржан көл, Алматы облысындағы Қарқара өзені, Семей өңіріндегі Абыралы, Жалаулы, Моншақты, Домбыралы елді-мекендері, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызылбелбеу, Құбажон елді-мекендері, т.б.

Мысалы, бір ғана «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында аталған топонимдердің дерлік барлығы кездеседі. Бұл туралы ғалым Ә.Қайдар өз зерттеуінде былай дейді: «Поэма сюжетіне өрілген аңыз-атаулардың көпшілігі бұл күнде реальді географиялық объектілер болып саналады. Сондықтан оларды зерттеудің ғылыми мәні зор» [8,14б].

 Енді жырдан үзінді келтірейік. Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып, Қарқаралы тау атын қоя салған...(ҚКБС, 236б); Домбыралы, Моншақты: Айбас байғұс сол жерде жатып қалды. Бақа айғырды суытып, демін алды; Домбырасы; моншағы түсіп қалып, Домбыралы; Моншақты содан қалды (ҚКБС, 136б). Абыралы, Жалаулы: Жанындағы жаулығы түсіп қалып, Абыралы, Жалаулы содан қалды.... (ҚКБС;236б ). Екеуі де бар топонимдер. Жалаулы Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай тауындағы шыңның аты. Алтынсандық, Ақшатау : Баянның алтынсандығы түсіп қалып, Алтынсандық, Ақшатау содан қалды (ҚКБС,127б). Ақшатау Қарағанды жеріндегі, Балқаштың солтүстігіндегі таудың аты. Қызылбелбеу, Құбажон, Мейізек : Қыздың берген белбеуі түсіп қалып, Қызылбелбеу, Құбажон қоя сапты.. Қыздың берген мейізі түсіп қалып, Мейізек деп тау атын қоя сапты... (ҚКБС, 236б). Бұдан біз жоғарыда аталған жер-су-тау атауларының халықтық ат қою дәстүріне жат еместігін аңғарамыз.

Тілімізде, әсіресе, қыз сөзімен байланысты гидронимдер көптеп кездеседі. Мысалы, Қызқұдық – Шымкент  облысындағы өзен атауы, Қыздаркөл – Жамбыл облысындағы, Қыз – Ақтөбе облысындағы қөл атауы. Бұл гидронимдерде халқымыздың өткен өмірінің, тарихтың іздері жатыр.

Қорыта келгенде, бүгінгі таңда қазақ ономастикасының гендерлік қырын жан-жақты екшелеп, тарихи тұрғыдан болмасын, әлеуметтік қоғам тұрғысынан болмасын зерттеп зерделеудің аса маңызы зор. Өйткені қарқынды дамып келе жатқан гендерлік лингвистика бағытының тіл білімінде үлкен төңкеріс жасары әбден анық. Себебі қазіргі кезде аталған саланың терминжүйесі қалыптасуда, жаңа, тың қолданыстар белең алуда. Оларды бір жүйеге түсіріп, ғылыми негізге келтіру, нақты анықтамасын беру – болашақтың ісі.

Сөз соңында айтарымыз, мағынасы беймәлім, шығу төркіні жұмбақ кейбір топонимдер мен гидронимдерді гендерлік лингвистика тұрғысынан зерттеп анықтау, саралау олардың тұңғиық сырын ашады, құпия жайын айқындай түседі. Ал әрбір осындай тілдік құбылыстардың шығу төркінін, пайда болу тарихын анықтау барысында күтпеген жаңалықтарға тап болуымыз ықтимал. Өйткені тіліміздегі әр атауды, әрбір есімді қоятын да, атайтын да, түстейтін де дана халқымыздың өзі. Демек, әрбір тілде, белгілі бір тілдік қолданыстарда өзіндік дәрежеде халық тілі, мәдениеті мен әдет-ғұрпы, таным-түсінігі, жыныстық ерекшелігі, әлеуметтік қоғамының ізі мен бедер белгісі бары сөзсіз. Олай болса, қазақ ономастикасының сан салалы маңызды мәселелеріне зейін қойып, гендерлік лингвистикалық, когнитивті лингвистикалық, этнолингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық қыр-сырын ашып, зерттей білу, лайықты еңбектер беру келелі де зәру мәселелердің бірі болмақ. Біз бар болғаны тек өз мақаламызда қазақ онамастикасының гендерлік қырын айқындауға тырыстық .

 

                         

 

 

                             Резюме

В данной статье рассматривается проблемы ономастики в гендерной лингвистике.

                           Summary

The article deals with the problems of Gender linguistics.

 

                          Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Хасанұлы. Ана тілі-ата мұра. Алматы, 2002.

2. Мурзаев. Э.М.Очерки топонимики. Москва, 1972.

3. Покровская. Л.Термины родства в тюркских языках. Ленинград, 1979.

4.Байғұтова.А. «Қазақ әйелі» концептісінің этномәдени сипаты: фил.ғ.к...дис. Алматы,2008.

5. Сейдімбек.А.Қазақтың ауызша тарихы.  Алматы,2008.

6.  Қазақ ономастикасының мәселелері.  Алматы, 1986.

7. Нұрмағамбетұлы.Ә. Жер-судың аты-тарихтың хаты. Алматы, 1994.

8. Қайдаров.А., Жанұзақов. Состояние и перспективы развития казахской ономастики. Вестник АН КазССР. 1971. №2.

9. Қозы Көрпеш-Баян сұлу. Алматы, 1987.