Көркем шығармалардағы мақал-мәтелдердің қолданылу аясы

 

Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы ,  гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

       Көркем сөз тәсілдерінің ішіндегі қуаттысы мен құнарлысы болып саналатын мақал-мәтелдер тіл атаулының баршасына тән, өзіндік ерекшелігімен көзге түсетін универсалдық құбылыс. Мақал-мәтелдері тіл фактісі тұрғысынан зерттеуші паремиолог-ғалымдардың пiкipiнe қарағанда, олар ең алдымен өзінің мән-мағынасы, мазмұны мен тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты назар аудартады. Мақал-мәтелдердің шығу тарихы мен пайда болу жолдары, тілі жақын туыстас халықтар үшін ортақтығы, логикалық сәйкестік,   образдылық,  бейнелеу  тәсіліндегі  шендестік,   т.б.  толып жатқан мәселелер паремиологияның объектісіне жатады.

       Солардың ішінде мақал-мәтелдерді мән-мағынасына және тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты топтастыра зерттеу ерекше орын алады. Бұл салада бүкіл Шығыс халықтарының мақал-мәтелдерді жан-жақты зерттеп, олардың жүйелі түрдегі ғылыми классификациясын жасаушы белгілі совет ғалымы Г. Л. Пермяковтың eciмін ерекше атауға болады.       

       Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің бәрі негізінен жай сөйлем түріндегі тұрақты сөз тipкecтepінe жатады, яғни олар тұлғасы жағынан ұзақ уақыттан бepi қалыптасып, белгілі бip формада тұрақталған, мазмұны жағынан біртұтастыққа ие болған жай сөйлем типтері. [1]

  Мақал-мәтелдер - халық данышпандылығының айнасы, оларды тудырған  халықтық тіл байлығының алтын қазынасы. Мақал-мәтелдердің көбі өмір шындығының қорытындысы, іс-әрекеттің ережесі болып келеді. Олардың « бәрі заңның, өсиеттің, ереженің күшіндей күші бар қысқы-қысқа нақыл сөзге айналып тілде сақталып қалады ».

 Мақал-мәтелдер аз сөзді, терең мағыналы әрі ұтымды болатындықтан сөйлеген сөзді пайдалана білу керек – ақ. « Сөздің көркі – мақал, жүздің көркі – сақал » дегендей, мақал-мәтел сөзіңе әр береді. [2, 88-б]

       Мақал-мәтел – халықтың  қоғамдық  құбылыстарды  кең  қамтып, өмірдегі әр қилы  қарым-қатынастарды әсерлі, көркем бейнелейтін, тақырыбы, идеялық мазмұны  бай ең бір  мол саласы. Мақал-мәтел – халықтың нақыл сөздері,  белгілі бір ойды ықшамды түрде ұтымды, өткір етіп айтып беретін  кестелі сөз.

       Мақал- мәтелдер  М.Ғабдуллин [3],  М.Әлімбаев [4],  Б.Адамбаев [5],  Б.Абдуллина [6], А.Сабыр [7],  Р.Сәрсенбаев [8] еңбектерінде әр қырынан қарастырылған.

       Т.Әбдіков шығармаларындағы мақал-мәтелдер тақырыптық жағынан  әр алуан. Олар түрлі мақсаттарда қолданылған.

       1) кейіпкер бейнесін ашуда: “Жақынымыз болғасын, қайтейік. Кісі баласын бағу деген   қиын ғой.  Кісі баласы кекшіл  емес пе? Ылғи соның қабағына  қараймыз.  Барамызды  аузына  тосамыз.  Енесі тепкен құлынның  еті ауырмас” деп  қағып-соғып Нұржанды  жұмсап, бір нәрсе болса Нұржанға ұрсамын.  Кісі баласынан бір игілік көрейін деп жүрген жоқпыз, тек  байғұстың  сауабы тие  ме деп  жүрміз ғой, уһ! деп  шын жүрегінен күрсініп, кәдімгідей қамығып қояды” ( 9, 153-б).

       2) портрет жасауда: “– Қойшы, Дариға-ай, ерні көнтиген, көзі быттиған біреу соншама …

–Қыз-ау,  есің дұрыс па? Қазақ айтқан емес пе, “ат ерінді, ер мұрынды келсін” деп”  ( 9 , 162-б).

       3) кейіпкердің ішкі жан дүниесін, психологиясын беруде: “Суға кеткен тал қармайды”  деген осы екен ғой… Үстіме төніп қалған  зор қауіпті  сезе тұра жалтарып,  қайдағы алдамшы, бос елеске жармасам. Жалғыз қалған соңғы  екі-үш айым шындап, қазір ғана  қатердің ызғарлы  жүзіне тіке қарай  алатындай халге  жуықтадым”  (9, 123-б);     

  4) кейіпкердің әлеуметтік жағдайын көрсету үшін:  Мал баққанға бітеді дейді қазақ, Төкең  жарықтық мал бағатын адамның түрі емес еді. Ол кісінің жалғыз аты болады, бір тазысы болады, қосауыз мылтығы болады. Атына мініп, мылтығын асынып, тазысын ертіп көл жағалап кеткен Төкең содан ел  жағалап үйіне  алты айдан кейін бір-ақ оралады екен”  (9, 210-б ). Сондай-ақ “Құдай бергенге құлай береді” мақалы осы мақсатта қолданылған.

        5) бағалау  мақсатында: “Үмітіме талшық ететінім, “жүзі игіден түңілме”  деп атам қазақ айтпақшы, Роберттің жүзінде  иманы бар, сырына қанбай жатып бір көргеннен-ақ іш тартып кеткенім содан болар” (9, 263-б).

       6) басу айту, сабырлыққа шақыру мақсатында: Өлгеннің артынан өлмек жоқ” деген. Есіңді жи, шырағым. Туһ,  мына түріңді  көргенде  шошып кеттім ғой”  (9, 123-б ).“Шырағым Батима, қатын өлсе, қамшының сабы сынды, азамат өлсе, асқар тауым құлады деген, - деп өзім жаттап алған үлкендердің сөзіне салып алыстан орағыттым. – Соғыс аты соғыс. Күн сайын жаманат хабар күтіп бәріміз де құдайға мінажат қыламыз”. ( 9,134-б).

“- Әліптің артын баға тұруға болмады ма, шырағым, - деді бір мезгілде әкем. Жоқты барға теңейді екен дегенің құлаққа қонып тұр-ау. Бірақ аумалы-төкпелі заманда жан сақтанның да зияны жоқ. Омыраулап алға шыға бергеннің өзі жалпы жақсы емес қой... Дұшпан көп...” (9, 74-б)  Бұл сөйлемдегі  Әліптің артын баға тұру мақалы сабырлыққа шақыру мақсатында  қолданылған.

       Сондай-ақ  “Уды у қайтарады”; “Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі”; “Көппен көрген ұлы той”; “Ондай-ондай хан қызында да болады” мақалдары басу айту, жұбату, көңілге тоқ санап, өз-өзіне берік болу, тәуекелге бел байлау т.б. мағыналарында қолданылған.

        7) ұлттық дүниетанымды (салт-дәстүрді) беру мақсатында: “Дүйсен,  шырағым, қазақ “алты жасар бала алыстан келсе, алпыстағы қария арнап барып сәлем береді” деген еді. Бара алмадым” ( 9, 72-б).

        8) тұрмыс –тіршілікті суреттеу   мақсатында: - Кел, қоштасайық, - деді күлімсіреп. – “Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр” деген ғой. Дәм жазса, қайтып келеміз. Әкеме сәлем айт...( 9, 91-б)

        9) Салт-дәстүрге қатысты  мақал-мәтелдер: - Қыз-қияға,-деп мақалдады ол. – Баяғыда келіншекті аттан түйеге қалың кілем, жасау артып, құда түсіп, алып қайтатын. Қазір енді заман басқа. Балалар өздері көңіл жарастырып, сырттай қосылып жатыр... Бәтиманың еліндегі көп туысқанын біле бермейміз...Бармаған соң қайдан білейік... Жаңағы еліңді, жеріңді сұрап жатқаным сол ғой... (9, 160-б)

       Қазақ әрқашан да қызды жат жұрттық деп есептеген. Қыз бала өсіп, ер жетіп басқа отбасының ұйытқысы болады. Автор бұл мақалды қолдана отырып, екі замандағы салт-дәстүрді салыстыра көрсетеді. Бұрынғы кезде қызды құда түсіп алса, қазіргі заманда өздері бір- бірін көңіл қосып, қосылып жатады. Жазушы шығармаларында халықтық мақал-мәтелдер арқылы халықтың сана-сезімін, ұлттық дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін  хабардар етеді.

        Т.Әбдіков  шығармаларында авторлық қолданыстағы мақал-мәтелдер де ұшырасады. Мысалы,  

        “Ақылдан азап” – не деген сәтті табылған тіркес! Адам баласы өмір бойы ақылды болғысы келіп, ақыл тапқысы келіп, ал өзі өмір бойы сол ақылдан азап шегіп өтетінін түсінбейді.(9, 186 -б)

         Өзі біздің дүниенің соңына түсіп жүр екен жегенді естігенмін алдында. Көңілім секем алып қалды. “Ерегіс басы – боқ жеме.” Атаның құнын  елемей, қияндағы қысыр ерегіске мал-жанын салатын қазақ емес пе. (9, 85-б)

    Тіл- аузың тасқа тигір, көгермегір жұрт маңайына арыстай бес ұл берген Жармағамбеттің ырысы не деген кең еді деп жүруші еді.(9,92-б)

  “Дерт көп, денсаулық біреу”депті ғой бір халық. Не көп – аурудың түрі көп... Бірақ солардың ішінде бір оқиға есімде айрықша қалды(9,326-б).

        “Әке” повесінде әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін көрсету үшін және бала ұғымын терең ашу мақатында контекстке байланысты мақал-мәтелдерді қолданған. “ Бала адамның бауыр еті; Жетім бала кекшіл; Балалы үйде ұрлық жатпас; Ата-ананың қадірін, Балалы болғанда білерсің; Ұл туғанда- Күн туған;Алты жасар бала атқа мінсе, Алпыстағы шал алдынана шығып атын ұстар.”

   “ -Алпыстағы шал алдынана шығып атын ұстар  дегендей қалқам, сенің келгеніңді естіп, өзіңді көрейін деп арнайы келіп отырмын” (9, 106-б);

       Т.Әбдіков шығармаларында қолданылған мақал-мәтелдердің дені халықтық сипаттағы мақал-мәтелдер болып келеді. Автор оларды негізінен түпнұсқа күйде берген.

       Т.Әбдіков  ұлттық тілдің бай қазынасы – сөздік құрамын мейлінше шебер пайдаланып, әр сөзін, сөйлемін, тұтас мәтінін мәнерлі, өткір шебер тілмен өрнектеген және оларды белгілі бір сильдік мақсатпен ұтымды пайдаланып отырған. Жазушы шығарма тіліндегі суреттеліп отырған заман мен оқиғаны жан-жақты ашып көрсету және мүмкіндігінше шындыққа сай беру үшін   басқа тілден енген сөздерді молынан қолданады. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері: Актуальные вопросы казахского языка. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 б.

2. Балақаев М. Қазақ тіл білімінің мәселелері / Вопросы казахского языкознания. Алматы: «Арыс», 2008, - 592 б

3.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті.– Алматы: Мектеп, 1974 –320 б.

4. Әлімбаев М. Өрнекті сөз – ортақ қазына.– Алматы: Қазақстан, 1967.–168 б.

5.     Адамбаев Б. Халық даналағы.–Алматы: Рауан, 1996.–160 б.

6.Абдуллина Б. Қазақ мақал-мәтелдерін құрылымдық тұрғыдан зерттеу мәселелері // Қазақ тілі мен әдебиеті. –2004.– №4. – 54-59 б.

7.Сабыр А. Мақал-мәтелдер бойындағы сабақтастық // ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы.–  2003.– №9 –75-77 б.

8.Сарсенбаев Р. Лексико-стилистические особенности казахских пословиц и поговорок: автореф.  ...канд. филол. наук.:10.03.61. –Алматы: Казахский государственный университет им. С.М.Кирова, 1961. –26 с. 

Т.Әбдіков «Әке» Повестер мен әңгімелер жинағы. Алматы «Қайнар»,2005-384 б