Н. ФОН ГАРТМАН ӘЗІРЛЕГЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТЕОРИЯСЫ

 

М.Н. Мусабеков

Республика Казахстан, г.Алматы

 

Алдымен, жалпы алғанда, құндылық мәнінің мәселесі, әсіресе, рухани құндылық мәселесі; жастар құндылығының ерекшелік мәселесі және заманауи жаһандық үдерістердің рухани құндылықтарға тигізетін әсерінің ерекшелік мәселесі. Нақты мәселелерді шешу үшін алдымен жалпы мәселелерді шешу қажеттілігі баршаға мәлім. Біздің тақырыбымызға қатысты әлі күнге дейін пікір таластың мәні болып келе жатқан бірқатар мәселелерді біз жалпы теориялық деңгейде шешуіміз керек.

«Сыншыл онтологияның» негізін қалаушы, неміс философы Н. фон Гартман әзірлеген құндылықтар теориясы да сараланатын түрге жатады. Оның әзірлеген жаңа онтологиясы философияның гносеологиялық, этикалық, эстетикалық және басқа да мәселелерін әзірлеуге негіз болды. Ол философтың құндылықтар концепциясының негізін құрайды. Бұл байланыста осы онтологияның жалпы пішінін сызу қажет. Оған сәйкес әлем иерархиялық тұрғыдан құрылған; ол төрт «қабаттан» тұрады: 1) бейорганикалық табиғат, 2) өмір, 3) психикалық және 4) рухани болмыс.  Фон Гартман былай деп жазады: «Болмыс қабаттарының қатынасын үш пунктке жатқызуға болады.

Әрбір қабаттың жеке принциптері, заңдары немесе категориялары болады. Бір қабаттың болмысының ерекшелігін ешқашан да басқа, не жоғары (өйткені, олар барабар), не төменгі (өйткені, олар жеткіліксіз) категориялар арқылы түсінуге болмайды. 2. Әлемнің қабатты құрылымында жоғары қабат әрдайым төменгіден жоғары тұрады. Сондықтан да, ол дербес болмыс емес, жай ғана ... «құрамындағы болмыс»... 3. Болмыстың жоғары қабатының тәуелділігі – оның автономиясы үшін кедергі емес. Ол үшін төменгі қабат – жер қыртысы ғана...» [1, 623-б.]. Фон Гартманның пікірінше, құндылықтар логикалық саламен бірге идеалды болмыс саласына жатады. Құндылықтар саласы мән саласына жақын, бірақ оған тең емес. Мән, дейді Н. фон Гартман, «заң тәрізді, нақты жағдайлардың бәрі оған толығымен тәуелді. Құндылықтардың жағдайы бұлай емес. Нақты жағдайлар оған сәйкес келе алады немесе сәйкес келмейді; сонда, бірінші жағдайда олар «құнды» болса, екінші жағдайда «контрқұнды» болып табылады. Құндылықтар нақтылықты тікелей детерминдемейді, бірақ оның құндылығының немесе контр құндылығының инстанциясын ғана қалыптастырады. Бірақ олар дербес әрекет еткенде, нақты контр құндылық еш нәрсені өзгертпейді. Демек, олар бастапқыдан бастап-ақ нақтылықтың сәйкес келу – келмеуіне байланыссыз болады. Осы қатынаста олардың дербестігі мәннің дербестігіне қарағанда, анағұрлым жоғары екендігі мәлім» [1, 598 – 599-бб.].

Біздің пікірімізше, бір жағынан, құндылықтар мен контрқұндылықтардың және екінші жағынан, заттардың арасында ешқандай да онтологиялық байланыс жоқ, М. М. Бахтиннің тілімен айтқанда, олар бір-біріне трансгредиентті. Өйткені Гартман былай деп пайымдайды: «Құндылықтардың өзіндік нақты болмысы болмайды» [1, 200-б.]. Олардың өзіндік болмысы толығымен идеалды. Заттар нақты болмыс саласына тиесілі. Бірақ, бұл олай емес екен. Н. фон Гартман былай деп жазады: «Құндылықтар құнды заттарға (игіліктерге) байланысты ғана емес, сондай-ақ оларды жағымды түрде шарттастырады. Дәл осы құндылықтардың арқасында, заттар – кең мағынада айтатын болсақ, әртүрлі нақты істер мен жағдайлар «игілік» сипатына ие, яғни құнды. Бұл тезисті Канттің тілімен айтсақ та болады: құндылықтар – істің қандай да бір қалпына қатынасы болса да, бұл игіліктің «ықтимал жағдайы» [2, 179-б.]. Бірақ бұндағы И. Канттың ілімімен жеңіл ғана ұқсастықты байқаймыз. Классикалық неміс философиясының негізін қалаушының пікірінше, «кез келген ықтимал тәжірибенің шарттары субъектінің сезімталдылығы мен парасаттылығының априорлы нысандары болып табылады. Бұлар – фон Гартманның құндылығы тәрізді ешқандай да онтологиялық феномен емес, бұл трансцендентті сананың атрибуты (И. Кант онтологиялық нақтылық туралы кез келген пікірді парасаттың дәлелдерін есепке алмайтын сананың адасушылығы – жемісі деп есептегені мәлім).

Гартман құндылықтар әлемі мен нақты ақиқат әлемнің арасындағы тағы бір байланыстың аспектісін ашып көрсетеді. «Құндылықтар нақтылықты есепке алғанда емес, «оның» құндылығына немесе контр құндылығына назар аударғанда ғана сезіледі» деп жазады ол [3, 601-б.]. Ол субъектінің қандай да бір нақты нәрсемен (затпен, әрекетпен, іс-қимылмен және т.б.) қақтығысқанда, оның құндылығын немесе контр құндылығын сезінуі тәрізді ерекше «құнды сезімінің» бар екендігі туралы айтып отыр. «Осының есебінен, – деп жалғастырады ол, – құндылықтың өзін, оған қоса әсер алған нақты жағдайда жетіспейтін жерде сезінеді...» [3, 601-б.]. Сонымен қатар, бұндай жағдайларда құнды сезім құндылықты «таза және жалпы түрінде сезінеді, өйткені ол өзінің нақты жүзеге асуына байланыссыз, тіпті, өзінің жүзеге аспағандығына қарамастан, сезіну үдерісіне және кез келген құнды сезімге байланыссыз тіршілік етеді. Бір сөзбен айтқанда, ол оны идеалды өзіндік болмыс күйінде сезінеді» [3, 602-б.] деп санайды ол. Демек, Г. Риккерттің ақиқат пен құндылықты байланыстыратын мәні, Н. Гартман үшін нақтылық пен құндылықты байланыстыратын «адамгершілікті сезім» болып табылады.   

Гартмандық құндылықтар концепциясының тағы бір аспектісін қарастыралық. М. Шелер тәрізді ол да құндылықтар иерархиясы мәселесін көтереді. «Эстетика» атты еңбегінде ол құндылықтардың иерархиялық тұрғыдан өзара қатынасқан алты класын бөліп көрсетеді. «Құндылықтар, - деп пайымдайды Гартман, - нақты өзіндік болмысқа ие емес » [3. 200-б.]. Олардың өзіндік болмысы тұтастай идеалды. Олар абсолютті және өзгеріссіз. Адамның құнды санасы ғана өзгере алады. М. Шелер тәрізді Гартман да құндылықтар иерархиясы мәселесін көтереді. «Эстетика» атты еңбегінде ол иерархиялық тұрғыдан орналасқан құндылықтардың алты класын бөліп көрсетеді. «Егер, – дейді ол, – астынан бастасақ, келесі кластарды бөліп көрсетуге болады:

I.   Игіліктер құндылығы (Güterwerte), біз үшін пайдалы және бізге құрал болатын құндылықтардың бәрін қамтиды (Nutz- und Mittelnutze), сондай-ақ көптеген дербес құндылықтар (өйткені, олар, шынында да, ерекше құндылыққа ие); айтпақшы, бұған заттардың (der Sachverhaltswerte) қалпы құндылығының кең класы да енеді.

II.     Ләззат алу құндылықтары (Lustwerte), әдетте, “жағымды” деп аталады.

III.    Өмірлік құндылықтар (Vitalwerte). Бұған барлық тірі ағзаға тиесілі және бұл кластың ішінде биіктігі, дамуы және өмір күші жағынан бөлінетін құндылықтар жатады. Өмір үшін пайдалының бәрі жанама түрде өмірлік құндылыққа ие; керісінше, өмір үшін опатты нәрселердің бәрі өмірлік құндылыққа ие емес. 

IV.    Адамгершілік құндылықтары, “жақсылық” ұғымын қамтиды.

V.   Эстетикалық құндылықтар, “сұлулық” ұғымын қамтиды.

V. Танымдық құндылықтар; дұрысын айтқанда, бір ғана құндылық– “ақиқат”» [4. 477-б.]. Құндылықтардың соңғы үш класына келер болсақ, деп жазады Гартман, олардың әрқайсысының ерекшелігіне қарамастан, олардың да ортақ нәрселері бар. Әдетте, олар «рухани құндылықтар» деген ортақ атауға бірігеді. Оған діни құндылықтар класын да қосуға болады дейді ол. Бірақ, оның пікірінше, бұл олардың ұғымына ешнәрсені енгізбейді. 

Демек, біз құндылықтардың үш концепциясын қарастырдық, олардың әрқайсысы құндылықты нақты шындыққа қатысты шекті құндылықтар ретінде түсіндіреді. Мәселен, Н. фон Гартман былай деп жазады: «Бұл тәрізді құндылық туынды болып табылмайды. Егер ол көрініп тұрса, онда ол абсолютті сипатқа ие» [4, 495-б.]. Ал абсолютті сипатқа ие болса, ол өзгермейді.  

 

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Гартман Н. Проблема духовного бытия. Исследования к обоснованию философии истории и наук о духе //Культурология. ХХ век. – Антология. – М.: Юристъ, 1995.  608 – 648 б.

2. Гартман Н. Этика. – СПб.: «Владимир Даль», 2002. – 707 б.

3. Гартман Н. К основоположению онтологии. – СПб.: Наука, 2003. – 639 б.

4. Гартман Н. Эстетика. – М.: Изд-во иностранной литературы, 1958.-692 б.