Раев Д.С.

Абылай хан атындағы

Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті,

Алматы қаласы

 

Қазақтың дәстүрлі қоғамындағы билер билігі

 

Қазақ би-шешендерінің ел арасындағы саяси қызметін сөз еткен тұста, билік пен шешендік қазақ даласында ежелден бірге қалыптасқан дәстүрлі құблыс екендігін айту керек. Өйткені  би мен  шешен халық ұғымында бірінен-бірі ажырағасыз тел түсінік. Бисіз – тапқыр шешендікпен айтылатын көркем төрелік сөз болмақ емес, шешен сөйлей алмайтын адам – би болмақ емс. Екеуіне де бірдей  тән қасиет – белгілі бір үрдіс, дәстүрлі рухи принциптерге  бағынушылық. Сондықтан елдің бүкіл би-шешендері оны тек өнер деп қарамай, әлеуметтік –саяси феномен ретінде мойындап, дала демократиясын қалыптастырып, әлеуметтік-саяси тұтастықты барынша орнықтыруға ат салысқан.

«Би» ұғымының шығуы мен қоғамдық санада орнығу тарихына үңілетін болсақ та, би — дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі болатындығын көреміз. Зерттеуші ғалымдардың, әсіресе, В.В. Бартольдтың пікірінше, “би” сөзі шамамен 14 — 15 ғасырларда ежелгі түркі тіліндегі “бек” атауының бір нұсқасы ретінде пайда болып, басқарушы, ел билеуші мағынасын білдірген. Кейіннен бастапқы семантикалық-тілдік формасынан ажырап, көбінесе, дау-жанжалды шешіп, кесімді төрелік айтушы, әділ үкім шығарушы адамды бейнелеу үшін қолданылған. ХҮІІ ғасырда өмір сүрген Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар» атты еңбегінде «жоғарғы мәртебелі әмірлер мен елге сыйлы, пендәуи тіршіліктен азат адамдардың» барлығы би аталғанын жазады. Ал қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде бұл атау төрт түрлі мағынада қолданылады: 1) ел билеуші; 2) сот, төреші; 3) батагөй, шешен; 4) елші, дипломат. Оған дәлелді пікірді Ә.Бөкейхановтың: «Қазақтың би һәм билігін өзгертіп не керек...? Бұл биді, билікті жоғалтып, орыс судьясына қарату керек деп орыс айтады, шариғатқа қарату керек деп біздің молдалар айтады. Біз мұның екеуіне де қол қоймаймыз...», -деп айтқанынан табамыз.

Белгілі академик – С.З.Зимановтың сөзімен айтқанда, «...көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды – ол Сөз құдіреті мен Заң құдіреті» (Қазақтың ата заңдары, 2004). Билік пен шешендіктің арасындағы мұндай тұтастықты, біздің ойымызша, бірнеше факторлармен түсіндіруге болады. Біріншіден, биліктің қоғамдық жүйенің негізгі қажетті атрибуттарының бірі ретінде мойындалуы болса, екіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси өмір әлеуметті дамудың біртекті айналымы және оның қауымдасқан формасына тәуелді болды. Үшіншіден, биліктің беделі мен саяси биліктегі діни түсініктерге байланысты болды. Төртіншіден, қоғамдық қатынастағы әлеуметтік тұтасуға  нұсқан келтіретін ауытқуларды реттей отырып, әлеуметтік ыдырауға тосқауыл қойып, халықты белгілі бір этникалық-саяси шеңберде ұстап тұру қажеттілігінің болуы. Бесіншіден, қазақтың дәстүрлі қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымының өз ерекшелігінде деп айтар едік. Алтыншыдан, қазақ қоғамындағы «Дала заңының» үстем билігінде дер едік, оның рухани қорының сақтаушысы да. Реформаторы да, жүзеге асырушысы да – билер болды. Жетіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер билігін, олардың қоғамдағы беделінің жоғары болуымен негіздеуге болады. Осыған байланысты, қазақтың көрнекті ғалым-зерттеушісі Ш.Уәлиханов былайша тұжырым жасайды: «Билердің беделі Европадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты өздерінің жеке бастарының қасиеттеріне байланысты болған». Жалпы қазақ даласындағы «әділ билік», «ақыл мен ар  үйлесімділігі», «қоғамдағы әлеуметтік-саяси тәртіп» бидің беделді төрелігімен байланыстырылады. Демек, билер халықтық санада әділдіктің символы ретінде сақталады. Оған А.Байтұрсыновтың: «...Бұрынғы әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді...», -деп айтқаны дәлел. Оған билердің кәсіптік ұранына айналған: «Шындықтан өткен құдай жоқ», «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы», -деген шешендік нақылдары дәлел бола алады. Мысалы, С.З.Зиманов билер өздерінің «жеке қасиеттері мен әлеуметтік межелер биігінде ханнан да жоғары тұрды» дейтін тұжырым жасап, билер беделінің биік мәртебесін көрсетеді. Міне, сондықтан да халық арасында: «Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің ары, білімі бар» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан би беделді, дәстүрлі билік төрінен орын алды деуге болады. 

Бидің қоғамдағы рөлін жан-жақты түсіну үшін қазақ халқының тарихи-әлеуметтік даму кезеңдерінің ерекшелігін жете ескеру шарт. Өйткені, ежелгі дәуірлерден 19 ғасырдың басына дейін қазақ қоғамы саяси потестарлы билік жүйесінің негізінде дамығаны белгілі. Ең төменгі бұқаралық билікті ауыл-аймаққа, ру-тайпа ішіне сыйлы, өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар атқарса, орта буындағы, яки, потестарлы билік тізгінін ру-тайпа басылары — билер уысына ұстады. Ал мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейдегі мәселелерді қамтитын жоғары билікті төре тұқымы — хандар мен сұлтандар иеленген. Міне, бүкіл қазақ қоғамының елдік тұтастығы осы соңғы екі билік жүйесінің өзара тепе-теңдігі мен бір-біріне қарама-қарсылығы принциптеріне негізделді. Саяси-әлеуметтік құрылымға арқау болған рулық-тайпалық жүйенің өзі айқын қандас туыстардың ұйымы емес, саяси билік және саяси-әлеуметтік қауымдастық қызметін ғана атқарды. Сондықтан қоғам болмысындағы рулық негіз мемлекеттік әрі саяси институттардың нығайып, жеке-дара үстемдік құруына қай кезде де мүдделі болған емес. Халықтың қалың бұқарасына жақын әрі оның тікелей қолдауына арқа сүйеген потестарлы билік иелері, яки ру-тайпа басылары — билер хан-сұлтандардың билігін белгілі бір дәрежеде шектеп отырды. Сол арқылы олар өздерінің әлеуметтік-саяси статусын нығайтып, абырой-беделге кенелді. Әйтсе де, ерекше әлеуметтік-саяси жік ретінде билерді тарих сахнасына шығарған рулық құрылым өзіне субэтникалық-әлеуметтік топтарды тарта отырып, қоғамды ұйымдастырушылық, мемлекеттілік нышандарын нығайтушылық қызметін атқарды.

Хандық билік жүйесінде бидің ерекше беделді тұлға болғандығын айғақтайтын жазба деректер де, ауыз әдебиетінің нұсқалары да жетерлік. Қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі Д.Сұлтанғазин “Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы” атты мақаласында: “... бағзы билер болыпты, бек білімді, атақты һәм ақылды, әділетті, көпті көрген және іс бітіргенде әдет рәсімдерін тегіс біліп, әр жұмысты қара қылды қақ жарып орнына келтіреді екен..., һәм солардың бітірген жұмыстарын ұлы хандары да әрқашан бұзбайды екен... Сондай билер турасында қазақтың мақалы да бар. Батыр мен биді салыстырғанда, биді қатты артық көретінін білдіретін сол мақалы мынау: “Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана табатын” дейді (“Дала уәлаятының газеті”, 1888, ғ51). Билердің батыр, бай, т.б. әлеуметтік жіктерден ерекше құрметтелуінің бірнеше тарихи себептері бар.

Біріншіден, би мемлекет басқару жүйесінде кейбір айрықша құқылар иеленді: «Жеті Жарғы» қағидаларына сай ол өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Мысалы, С.З.Зиманов: «Би, ең алдымен – сот (судья)», -деп көрсетеді. Сот төрелігін жүзеге асыратын болғандықтан, би халықтың әдет-ғұрпын, салт-рәсімін, жол-жосығын жатқа білуге, дауласқанға әділдікпен жөн сілтеп, адасқанға даналықпен жол көрсетуге, әсіресе, “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген құқықтық-гуманистік принциптен айнымауға тиіс болды. Билердің негізгі ұстанымына айналған бұл моральдық құндылық әділ соттың өзіндік болмысын білдіреді. Мәселен, орыс ғалымы А.Е.Алекторов қазақ билерінің сотын таңдана сипаттай отырып, сот әділдігінің көне дәстүрлерін сақтаған билер ежелгі дала демократиясы үлгілерін іске асырғандығын атай келе: «істі қарастыру кезінде би және ақсақал дауласушыларға асқан әділдік танытуды өзінің қасиетті парызы санайды, ол екі жақтың да дәлелдемелерін әбден тыңдап болған соң ғана өзінің әділ шешімін жариялаған және ол шешім міндетті түрде орындалған», -деп жазады. Ғылыми деректер бойынша, Абай 13 жасында соттық шешімдер шығара бастаса, Шорма мен Есет би де осындай жас мөлшерінде сот қызметіне араласқан, ал Төле би 9 жасынан бастап сот ісіне қатыса бастаған. Сонымен билер сотының құқықтық қорына тек дәстүрлі «хан жарлықтары» ғана еніп қоймаған, сонымен бірге атақты билердің жалпы халыққа тараған бітім, шешім, жүгініс үлгілері де енгендігін байқауға болады.

Екіншіден, би ру-тайпаның басшысы ретінде әкімшілік қызметті де қоса атқарып, өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп-талабына жауапты болды. Осылайша олар билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тіректеріне айналып, саяси бедел иеленді, сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттің мәселелерді талқылауға қатысты. Ел ішіне биліктілігімен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен, тура жолдан таймайтын адалдығымен даңқы тараған Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, айыр тілді Әйтеке би, т.б. саңлақтар хан жанындағы билер кеңесінің құрамына енді. Олар нақты тарихи-әлеуметтік ахуалға қатысты жол-жоба белгілеп, заңи жосындар қабылдады, мәні ескіріп, маңызы кеміген қағидаларды елдік мүдде тұрғысынан қайта қарап, жаңасын қолданысқа енгізіп отырды. Тіпті, ханның ішкі және сыртқы саясатына, әскери доктринасына тікелей ықпал етіп, өзгерістер енгізе алған. Мәселен, 1695 ж. Қазақ Ордасында болған орыс елшілері Ф.Скибин мен М.Трошин: “... Тәуке хан Қазақ Ордасының таңдаулы адамдарын өзіне шақырып алды да, біздің — Федка мен Матюшкенің — көзімізше, әлгілерден мына біздерді ұстап қала ма, әлде жібере ме, Русь қалалары мен слободкаларына соғыс ашып бара ма, әлде бейбіт тұра бере ме, соны сұрап алды” деп жазады. Кей тарихи деректерде Мөңке Тілеуұлының өзі өмір сүрген заманда ел билігіне араласқан қайраткер екенін жалпы жұртшылық жазушы Әбіш Тевкелевтен соң төрт жылдан кейін қайта елші келіп, соның құрметіне бас қосқан жиында “елу бидің сары ала тобының” ішінде шектінің Мөңке, Мойнақ, Мәметек, Айдаралы билерінің де есімдері аталатыны бар. Мысалы, 1748 жылы 5 қазанда Орта жүз бен Кіші жүз билері мен батырларының Нұралы сұлтанды Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарына хан етіп тағайындау туралы Елизавета ханымға хат жазғаны мәлім. Сондағы “Сіздің мәртебелі құзырыңызға шын берілген Әбілқайыр хан бұл өмірден өтті, оның орнына біз мұрагерлік жолымен оның өз ұлы Нұралы сұлтанды сайладық. Біз ата салты бойынша Нұралы сұлтанды хан сайлағанымызбен, Сіздің ұлы мәртебелі патшалық жарлығыңызсыз хан тағына отырғыза алмаймыз. Сондықтан Сіздің императорлық ұлы мәртебеңізден Нұралы сұлтанды әкесі Әбілқайыр ханның орнына бас хан етіп тағайындау туралы жарлық шығаруыңызды және өзіңіздің императорлық алтын мөріңіз басылған грамотамен марапаттауыңызды адал берілгендікпен сұраймыз”, — деп басталатын осы хатқа шақшақ Жәнібек тархан, керей Наурыз би, шақшақ Қойсары, Жәлмәмбет билер, Құдайшүкір батыр, шөмекей Қыдай би, шекті Бапы би, Бақтыбай би, Айдаралы би, Есенбай би, Мойнақ би, Мәметек би және басқалармен бірге өз таңбасын басқандардың бірі – бұл кезде, біздің шамалауымызша, пайғамбар жасына жеткен осы Мөңке би болатын дейтін мағлұмат бар.

Мөңкенің ел басқару ісіне араласқанын білдіретін және бір деректі Әбілқайыр ханды өлтіру себептерін анықтау мақсатымен Кіші жүзге барған сапарының қорытындылары туралы қалдырған тілмаш Я. Гуляевтың жазбасынан табамыз. Ол былай дейді: “…Қыркүйектің 27-сі күні ханшаға (яғни Бопайға – С. Б.) Жәнібек тархан келді… Сонда ол, Жәнібек мұндағы билік ханша мен оның балаларының қолында болса, Орта жүздің билері мен батырлары бар билікті оған Жәнібек тарханның қолына бергенін хабарлады, яғни ол қандай ұйғарым айтса, басқалар соны мақұлдайды екен… Сол күні барлық әйгілі билер мен батырлар кеңесе келіп, Батыр сұлтанды шақырып келуге төрт биді, атап айтқанда шөмекей руынан – Жаилған биді, шектіден Сырлыбайды және Бапы мен Мөңкені, шайқылар әулетінен Кебек мырзаны жұмсауға ұйғарым жасайды…”

Үшіншіден, ел тағдыры сынға түскен жаугершілік замандарда билер батыр-баһадүрлермен қатар атқа қонып, қарамағындағы тайпаластарынан жасақ құрып, мемлекет тұтастығын, ұрпақтар азаттығын қорғауға ұйытқы болған, қолбасшылық қызмет атқарған.

Төртіншіден, би атағы мұрагерлік заңымен берілетін лауазым емес. Көшпелілер мәдениетінің ерекше қыры — шешендік өнерді меңгермейінше, тек әдет жосындарын жетік біліп, әділет принципін ұстану арқылы ғана би атану, ел сенімін иелену мүмкін болмаған. Халық арасында бір ауыз сөзбен құн кешіп, жалғыз уәжбен дау шешкен ділмарлардың аты ардақталып, төрелік істері үлгі-өнеге тұтылған.

Әйтсе де, қазақ тарихында атадан балаға билік тізгінін жалғап, бірнеше ұрпағы ел ішінде би атанған әулеттер өткен. Мұндай айрықша қасиет дарып, абырой қонған әулет билігін халық шынжырқатар деп атаған. Билердің әлеуметтік-саяси статусы қазақ ұлысының тарихындағы әр қилы өтпелі кезеңдерге, алмағайып уақиғаларға байланысты өзгеріп отырған. Әсіресе, орталықтандырылған хандық биліктің пәрменін нығайтуды талап ететін әскери-жорық жылдарында плебисцитарлық, яки халықтық демократияның классикалық үлгісі ретіндегі би билігі — төрелік ету, әкімшілік басқару рөлі төмендей түскен. Мысалы, Шыңғыс ханның, сондай-ақ, хандық билікті қалпына келтіру үшін күрескен Кенесарының тұсында билер өкілеттілігін шектеп, сұлтандар мен қол бастаған батырларға басым билік берілген. Әсіресе, патшалық Ресейдің отаршылдық пиғылмен жүргізген құқықтық-әкімшілік реформалары қазақ даласындағы дәстүрлі саяси құрылымды түбірінен өзгертті.

1822 жылғы реформадан кейін хандық билік жүйесі күйреді. Ал билер институты 19 ғасырдың аяғына дейін формальді түрде өмір сүрді.

1854 жылдан бастап би атағын сұлтандар мен ауыл ақсақалдары қоғамдық сайлау арқылы, округ басшыларының бекітуімен алды.

1868 ж. 21 қазандағы “Далалық облыстарды басқару туралы ереже” бойынша, би атағы уақытша, тек қызметтік лауазымды атқару барысында ғана берілетін болды.

Ресей патшалығының қазақ даласын отарлау саясатын түбегейлі жүзеге асырған құжат — 1891 ж. 25 наурыздағы “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже” дәстүрлі потестарлы билік жүйесін толық істен шығарып, би лауазымын жойды. Тәуелсіздік алып, дербес даму жолына түскен Қазақстан жұртшылығы замана талабына сай мемлекеттік жүйе мен саяси құрылым қалыптастыру үшін дәстүрлі құқықтық мәдениеттің демократиялық-гуманистік принциптерге құрылған билер төрелігі тәрізді жекелеген институттарын қайта жаңғырту қажеттігін жақтады. Елдің сот жүйесінде билер институты қалпына келтіріп, оған жергілікті заң бұзушылық көріністеріне, неке дауы, отбасы, ағайын-туыс араздығы тәрізді келеңсіздіктерге төрелік ету функциясын беру туралы ұсыныстар жасалды (Қазақ энциклопелиясы 2-том, 1999).