Оразымбетова Толғанай Дузубайқызы

Қызылорда көпсалалы  гуманитарлық - техникалық  колледжі, Қазақстан

Эстетика және экология

 

      Жарық дүниенің жарқын көркемдігі көз тартып, сезімге әсер етіп, өмірге  қызықтырады. Жас бала тамылжыған табиғатқа, әсем әуезге, жан тебірендірер жақсы сөзге, айналадағы ақкөңіл адамдарға, әсерлі тұрмысқа қызығады, содан әсерленеді, көркемдікті түйсініп, оның мәнін түсінеді, әсемдікті танып, талғауды үйренеді. Жақсының да алуан түрі бар екенін көріп-біліп. Бала оны таңдап, талғамына қарай ұнатады. Баланың көркемдікті қалауының шеңбері бірте-бірте ұлғайып, оның санасында эстетикалық мұрат қалыптасады.

     Қазіргі кезде барлық адамзат алдында тұрған күрделі міндеттердің бірі – өзіміз өмір сүріп, күнделікті тіршілік қажетімізге пайдаланып отырған табиғатты қорғау және оның сан алуан байлықтарын барынша ұқыпты пайдалану. Ол үшін табиғат жайлы білімді тереңдету қажет. Ал терең білім берудің баспалдағы мектеп қабырғасынан басталады.

     Табиғаттағы тіршілік атаулы бір-бірімен тығыз байланысты екені белгілі. Оның бірінде болып жатқан өзгеріс міндетті түрде  екіншісіне әсер етеді. Бұл тіршілік тізбегі ұзақ дәуірлерді бірте-бірте қалыптасқан, оны ғылыми тілде табиғи тепе-теңдік деп атайды. Олай болса табиғатта тіршілік тізбегі мен адамның іс-әрекетінің арасында белгілі бір үндестік пен үйлесімділік сақталуы тиіс. Әйтпегенде адамзат іс-әрекетін болжауға болмайтын орасан зиянды зардап шегері сөзсіз. Бұл табиғатқа ұқыпты қарауды ұқыпты  және үлкен жауапкершілік сезімді талап етеді. Ал сол жауапкершілік сезім мен табиғат қорғауға дұрыс көзқарас әрбір адамның бала кезінен алған тәлім-тәрбиесіне, біліміне, өнегесіне тікелей байланысты.

     Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беру жұмыстарында басты назар өлкетану негізіне аударылады. «Отан – отбасынан басталады» деген ұлағатты сөзде ұлкен мәні бар. Сондықтан табиғат жайындағы жалпылама әңгімеден гөрі оқушылардың күнделікті көріп, біліп жүрген, оларға жақсы, таныс құбылыстардың мәнін ашып, түсіндіруге көбірек назар аударылады. Ол негізде отанға деген зор сүйіспеншілік сезім туған жердің табиғатын сүюмен; оның сырын танып-білуге деген құштарлықпен бірге қалыптасады. Экологиялық тәрбие беру барысында, бір жағынан, оқушыларда табиғат туралы ғылыми көзқарас қалыптастыру мақсат етілсе, екінші жағынан, олардың алған білімін өмірден өздері көріп жүрген табиғат құбылыстарын түсіндіруге, табиғат қорғау жөніндегі қоғамдық пайдалы еңбек түрлерін орындай білуге үйрету мақсат етіледі. Қолданып жүрген бағдарлама мен оқулықтар оқушылардың дүниетанымын қалыптастыруда мынадай мәселелерге басты назар аударуды қажет етеді:

 

1.                 Табиғаттың бірлігі мен алуан түрлілігі туралы түсініктер;

2.                 Адам мен табиғаттың ара қатынасы туралы түсініктер;

3.                 Елімізде табиғат қорғау жөнінен жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы білімдер.

      Соған орай мұғалімнің міндеті – оқушыларды өздерінің айналасындағы дүние құбылыстары  мен заттарды бақылауға, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын таба білуге, өздері бақылаған фактілерден жас шамаларына лайық қорытындылар шығара білуге үйрету – табиғатқа аялы  көзқарасты қалыптастырудың берік іргетасы. Экологиялық тәрбие беруде пәнаралық байланысты күшейте түсудің маңызы зор. Ол сабақтардың ғылыми дәрежесін, мәнін арттырады, бүгінгі өмірмен, қоршаған ортамен, елдегі саяси-қоғамдық, экономикалық жағдайлармен байланыстыруға, оқушының өзіндік дүниетанымын, ойлау қабілетін жетілдіруге негіз қалайды.

Эстетикалық экология  - болашақ айнасы.

Иә, адам баласы әр уақытта да тыным таппай, жердің үстін ғана емес, түбіне дейін тексеріп, қазбалап, үлкен теңіздерге шығып, аспанға ұшып, жаңалықтар ашуға ұмтылды. Соның нәтижесінде жаңа техникалар дайын болып, әлеуметтік әл-ахуал өзгеріп, қоғамның дамуы, табиғаттың тез өзгеруіне, бүлінуіне себепші боды. Адамдар  өзінен кейін қазылған, қопарылған жерлер, суы тартылған өзендерді қалдыруда. Есепсіз, нысапсыз пайдаланудан бұл жерлер жарамсыз күйге түсуде.

Бүгінгі таңда адамзатты екеше алаңдатып отырған зор проблеманың бірі – қоршаған табиғат ортаның бүгінгі жай-күйі. Табиғат тіршілік атаулының анасы, адамның өміс сүруіне бірден-бір кепілі. Табиғатта бар дүние бір-біріне өте тығыз байланысты да, өзара тәуелді болып жаралған. Даму ырғағы бір-бірімен үйлесімді байланысты болғанда ғана табиғат заңдылығы бұзылмайды.

Адам табиғи қорларды, тағам, құрылыс материалдарын шаруашылыққа игенру мақсатында пайдаланады. Мұның бәрі табиғаттың даму ырғағын өзгертпей қоймайды.

Адам табиғатты қалыпты жетіліп, дамуы үшін самал желді, жаңбырдың себелеген дыбысын, құстардың дауысын, өзен ағынының дамуын тілейді. Сондай-ақ, көк шалғынның иісіне, өсіп тұрған егінге, аппақ мамыр қарға, үй төбесіндегі салпыншақ  мұздарға да көңіл бөлу керек. Өйткені адамзат жер бетіндегі табиғи құбылыстардың бәрінен ләззат алады. Тәңір жаратқан құбылыс пен болмыс, тіршілік иесі атаулының бірінде кемшілік жоқ. Бастапқы тепе-теңдік қалпын бұзып алып, адамзат баласы қолымызды «мезгілінен кеш сермеп» жүрмейік.

Жер – Ананы аялағанымыз - өзімізді ардақтағанымыз, ағайын.

 

Пайдаланылған әдебиет

 

1.     Ғ.Сағымбаев, Е.Мамбетғазиева. «Табиғатты қорғау» Алматы, Қайнар, 1950.

2.     Ж.Шілдебаев «Қызықты экология». Алматы, 2000.

3.     Ж.Жатқанбаев. «Эколоия және биосфера негіздері». Алматы, 2001.

4.     Т.Төлендиев. «Ауасы кең, су бал, жері майса».