Жаналинов Б.Н., т.ғ.к., доценті

А. Байтұрсынова атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Қаржы және банк ісі кафедрсының доценті

 

Несиенің толық құнын есептеу

 

Несиенің толық құны – ссудалық капиталды уақытша қарыз алушыға пайдалануға бергендегі құны.Оның шамасы банктің пайыздық мөлшерлемесіне, макроэкономикалық факторларға және банктің пайыздық саясатына байланысты қойылатын жеке талаптары негізінде құрастырылады.

Банктен несие алу туралы шешім қабылдағанда, жеке немесе заңды тұлғаны ең алдымен банктің жарнамаларда ұсынып жатқан пайыздық мөлшерлемелері қызықтырады. Әдетте олар 15-20% шамасында болады, бірақ жарнамадағы мөлшерлемелер іс – тәжрибеде 35-40% болып кетуі әбден мүмкін. Неліктен бұлай және мұндай жоғары мөлшерлемелер қайдан пайда болады? Барлық іс банктің қарыз алушылардан алатын, клиенттердің көбісі біле қоймайтын «жасырын» комиссиялары мен төлемдерінде немесе басқаша айтқанда банктердің «тиімді пайыздық мөлшерлемелерінде».

Тиімді пайыздық мөлшерлеме – қарыз алушынның ссуда алғанда төлейтін несиенің нақты құны. Бұл ұғым банк іс - тәжрибесіне 2000жж. басында, нормативтік құжаттарда 2004ж. пайда болды, есептеу формуласы да келтірілді [1]. Тиімді пайыздық мөлшерлеме банктің клиентті несиелеу кезіндегі кеткен барлық шығындарын, соның ішінде жоғарыда аталған «жасырын» комиссиялары мен төлемдерін ескере отырып есептеу.

Тиімді пайыздық мөлшерлеме әртүрлі банктердің пайыздық мөлшерлемелерін салыстыруға ыңғайлы және барлық несие келісім - шарты мерзіміне есептеледі. Ескерте кететін нәрсе – мөлшерлемені есептеу кезінде кейбір төлемдердің қандай уақытта төленетіні белгісіз болғанықтан, оның мәнін кейде таңдап алуға тура келеді.

Айта кету керек, несиенің толық құнын есептеу және оларды әртүрлі банктер үшін салыстыру, тек қана нақты бір кредиттің мерзімін және сомасын ескере отырып жасаған дұрыс. Өйткені әртүрлі қосымша комиссиялық төлемдер пайыздық немесе абсолюттік (ақшалай) түрде есептеледі. Бұл несиенің сомасы өскен сайын оның пайыздық мөлшерлемелегі комиссиялық төлемінің абсолюттік үлесі төмендеуіне әкеледі, осыған сәйкес несиенің толық тиімді пайыздық құны да азайады. Және керісінше. Сондықтан нақты бір сомаға берілген пайыздық мөлшерлеме жағынан тиімсіз несие болса, оның сомасын белгілі бір деңгейге жоғарылатқанда тиімді болуы мүмкін.

Сонымен, тиімді пайыздық мөлшерлемені несиені таңдауда, оны салыстыруда ең соңғы критерий деп қабылдауға болмайды. Міндетті түрде несие сомасына, мерзіміне, қайтару есептеу тәртібіне және тиімді пайыздық мөлшерлемеге есепке алынбайтын төлемдер мен комиссияларды ескеру қажет.

Тиімді пайыздық мөлшерлемені есептеуді әртүрлі әдістемелерімен жүргізуге болады. Оның шамасы есептеу әдісіне және есепке қандай қосымша шығындар енгізілгеніне байланысты. Сондықтан, бір банкіде ұсынылатын төменгі деңгейдегі пайыздық мөлшерлемеге қарағанда, клиентке екінші банкідегі жоғарғы пайыздық мөлшерлеме тиімді болуы мүмкін. Тиімді пайыздық мөлшерлеменің барлық жақсы немесе ыңғайсыз жақтарын, оның ерекшеліктерін тек қана есептеу кезінде білуге болады. Бірақ, кез келген нақты қарыз алушы мұндай есепті жүргізе алмайды.

Ресейдің коммерциялық банктері 01.07.2007ж. бастап, банктердің жарнамалық материалдарындағы мөлшерлемелерге қарамастан, несие – келсім – шарттарында клиентке барлық шығындарды көрсетіп, несиенің қаншаға түсетінін көрсетуін талап етеді.

Қазақстан мемлекетінің Ұлттық банкі де осындайшарттарды коммерциялық банктердіен талап етеді. Ұлттық банк басқармасының 26.03.2012ж. қаулысымен займдар, кредит мекемесінің салымдары (банкаралық салымдардан басқа) бойынша тиімді пайыздық мөлшерлемені есептеу Ережесі бекітілді. Сонымен қатар Ұлттық банк тиімдді пайыздық мөлшерлеменің ең жоғарғы мөлшерін 56% деп бекітті. Оның шамасын есептеуге мына төмендегі формуламен жүргізеді:

 

 

мұнда:

D - бірінші займн сомасы;

k - клиенттердің бірінші займ алған күніне төленген төлемдерінің жалпы сомасы;

n – клиенттің соңғы төлемнің реттік нөмірі;

j - бірінші займ алғаннан кейінгі клиенттің төлемінің реттік нөмірі;

SJ - клиенттің j- төлемінің, соның ішінде кезекті зймдарының сомасы;

APR - жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме;

Tj - бірінші займ алынғаннан кейін j- төлеміне дейінгі мерзім (күнмен есептегенде);

m - клиенттің соңғы төлемінің реттік нөмірі;

i - клиенттің төлемінің реттік нөмірі;

Pi - бірінші займ алғаннан кейін клиенттің i - төлемінің сомасы;

ti - бірінші займ алғаннан кейін i - төлеміне дейінгі мерзім;

Формула қатардағы (кәдімгі) қарыз алушыға күрделі. Есепке қарыз алушылардың барлық төлемдері кіреді. Атап айтқанда, кредит келісім – шарты жасалған уақытта сомасы және мерзімі белгілі төлемдер, соның ішінде: кредитті қайтару, пайыздық төлемдер, несиеге сұранысты қарастыру ұшін төлем, займды алуға комиссия, кепілгерге, мүлікті бағалаушыға, сақтандыру компаниясына, есеп – шот ашу және оны жүргізу төлемдері, ақшаны несиенің мақсатына аудару т.б. Сонымен қатар, алғашқыда есепке алуға мүмкін емес шығындар, соңынан жалпы төлемдер құрамына кіріп, қарыз алушының шығынын көбейтеді. Мысалы, несиені уақытынан бұрын қайтарғанда төленетін комиссиялық төлемдер, төлемдерді кешіктіріп төлегені үшін, ақшаны конвертациялауға, айыппұлдар (пеня), нотариус қызметіне комиссиялық төлемдер, т.б. Өйткені келісім – шарт жасаларда аталған төлемдердің болуы немесе болмауы белгісіз, сондықтан оларды есепке алу қиын.

Банктердің негізгі мақсаты пайда табу. Бірақ бұл жерде басқа проблема туындайды – несиенің құны жоғарылап, қарапайым қарыз алушыға қымбаттап кетеді. Мысалы, 01.07.2013ж. АҚ «Халық банкінің»орнластырылмаған таза пайдасы - 33777,9 млн. тенге; АҚ «БТА Банктің» - 21192,1 млн тенге; АҚ «KASPIBANK» - 13718, 9 млн тенге болды [ 2]. Осытабыстарының ішінде әрие жоғарыда аталған комиссиялық және басқа төлемдердер біразын құрайды.

Кейбір банкілер комиссиялық табыстарды қарыз алушылардың құқығын бұза отырып алады. Мысалы, ипотекалық, автокөлік несиелерін алғанда қарыз алушылардың өмірін, олардыңден саулығынан сақтандыру шарттарын талап етеді. Бұл несиенің толық құнын 1,5-2 есе арттырып жіберуге әкеледі. Айта кету керек ҚР «Банктер және банктер қызметі» заңында (34 бап): «банктің займы туралы келісім – шартында қарыз алушының өмірін немесе оның ден саулығын сақтандыру міндеттелуге тиіс емес», - деп көрсетілген. Сондықтан банктердің қарыз алушылардан сақтандыру келісмін талап етуі аталған заңға қайшы.

Сонымен қатар, банк төлемдерімен комиссияларына тарифтеріне біркелкі төлемақы жоқ. Банкілердің комиссиялық төлемақыларының бір – бірінен көп айырмашылықтары бар. Мысалы, «Казкоммерцбанкіде» несие алу комиссиясы,егер төлем аннуитеттік әдіспен төленсе, кредит сомасының 5% құрайды, ал егер дифференциалдықәдіспен төленсе - 10%. Яғни банк қарыз алушыны төлемақы төлеу әдісін таңдап алу мүмкіндігінен айырады. АҚ «АТФ Банкіде» барлық төлемдер пайызбен белгіленген: несие алғаны үшін - 6%; 0,4% - несиелік шотты жүргізу; 0,7% - несиені қолма – қол ақшаға айналдыру, т.б.[3].

Есептеу нәтижелерін қорыта келе несиенің нақты пайыздық мөлшерлемесі мен банктердің жарнамаларында көрсетілетін мөлшерлеменің арасындағы айырмашылық 100% - дан асатыны көрінеді. Мысалы АҚ «Альянс банкте» жарнамалық мөлшерлеме 18-20% шамасында болса,тиімді жылдық пайыздық мөлшерлеме – 29-43% болады [4].

Сонымен қорыта келе, несиенің толық құнын талдау нәтижесі банктердің пайыздық мөлшерлемелерінің шектен тыс жоғары екенін көруге болады. Бұл жалпы банк несиелерін қымбаттатып жіберуге әкеледі. Ұлттық банк және оның Қаржылық қадағалау комитеті тиімді пайыздық мөлшерлеменің жоғарғы шегін 56% деп бекітті. Бірақ бұл мөлшерлеме де жоғары.

Жағдайды түзету үшін тиімді пайыздық мөлшерлеменің жоғарғы шегін екі есе төмендету қажет. Банктің барлық комиссиялық төлемақы мен төлемдеріне біркелкі нормативтер қою қажет. Тиімді пайыздық мөлшерлемеге тек қана несие алуға қажет төлемдер мен комиссияларды енгізу қажет. Үшінші тұлғаларға төлемдерді алып тастау керек (сақтандыру компанияларына, нотариус қызметіне, мүлік бағалаушыларға т.б.). Осының бәрі несие алуға жалпы төлемді азайтады, несиенің құнын түсіреді, оған сұранысты көбейтеді, экономиканы, соның ішінде шағын және орта бизнесті кредиттеуді жандандыруға мүмкіндік береді.

 

Әдебиеттер:

1. Указание ЦБР № 1759 – У от 12.12.2006г. «О порядке формирования кредитными организациями резервов на возможные потери по ссудам».

2.Рэнкинг банков Казахстана на 01.07.2013г. Аналитическая служба Рейтингового Агентства РФЦА.

3.Альянс банк: www procredit. кz/ alyanskredit-exspress.

4.http://prodengi.kz/publikacii/interesnye_bezzalogovye_kredity_oni_suwestvuyut/