Мусатаева М.К. магистрант

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

Боқты көтерілісі: басталу себебі мен сипаты

Отандық тарих ғылымында ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастырумен қатар, осы науқанның зардабы ретінде болған аштыққа қарсы шаруалар көтерілістері туралы жазуға, айтуға қатаң тыйым салынып келді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде тарихшы зерттеушілердің бұл тақырыпқа қатысты өз ой-пікірлерін, пайымдауларын ашық айтып, тұжырымды еңбектер жазуға мүмкіндігі туды. М.Қ.Қозыбаев «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты зерттеуінде осы ұжымдастыру қасіреті мен шаруалар көтерілістері тарихына тарихшылардың экономист, философ, тіл маманы, заңгерлердің біріге отырып кешенді зерттеулер жүргізу қажеттігін ерекше атап өтеді [1, 14 б.]. Боқты көтерілісі туралы мерзімдік баспасөз беттерінде де кішігірім зерттеулер жарық көрген. Олардың қатарында С.Алпысұлының [2], Ә.Әбдіхалықұлының [3] мақалаларын атап өтеміз.  Берілген көтеріліс туралы анықтамалық мәлімет Қарағанды энциклопедиясында да бар [4, 187-188 бб.]. Шашенов Д.Т. мақаласында да бірқатар қызықты мәліметтер берілген [5]. Өкінішке орай, Боқты көтерілісі туралы тарихи айналымда мәліметтер өте аз, бұған қатысты зерттеулер саны саусақпен санарлықтай ғана деуге болады.

Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру 1928 жылы бай-кулактарды тәркілеуден басталды. Бұл науқанның республика экономикасы мен жергілікті тұрғындардың, колхоздардағы шаруалардың әлеуметтік жағдайы мен құрамына үлкен зардабын тигізгені белгілі. Ауыл шаруашылығындағы барлық малдың басым көпшілігі осы байлар мен орта шаруалардың қолында шоғырланғандықтан, кеңес өкіметінің жүргізген оларды тап ретінде жою саясаты мал шаруашылығында орасан зор шығындарға әкелді. Қазақтардың көпшілігі мал-мүлкімен босқынға ұшырады, енді бірі наразылық шарасы ретінде қасақана әрекетпен малдарын қырып салды. Сонымен қатар ет дайындау науқаны бойынша негізгі салмақ тұрғындары көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын аудандарға түсті. Қазақ АКСР-інің үлес салмағы Одақ бойынша етке даярланатын бар малдың 7-16 пайызын құрайтын. Ал республика ішінде бұл жоспардың негізгі салмағы өздері ашаршылыққа ұшырап жатқан  көшпелі және жартылай көшпелі аудандарға түсті. Шет ауданында үй басы 150-250-ге дейін мал беретіндей салық салынды. Шұбартау ауданы 1931-1932 жылдары етке бар малының 80 пайызын берді. Балқаш ауданында 1930 жылы  173-186 бас мал қалғанды. Ал етке тапсырар  малдың жоспар бойынша 279 мың басқа жетті. Бұл жоспар қолда бар малдан 71 пайыз артық деген сөз. Қу ауданы (Қарағанды облысы) 1930-1932 жылы қолда бар малдың 28 пайызын етке өткізді [1, 66 б.].  Сонымен қатар егін екпейтін қазақ шаруаларына астық салығы тағы салынды. Қолда бар малын астық айырбасына салған кедей және орта шаруалар малсыз қалды. Бұның бәрі Семей өңіріндегі Абыралы, Шұбартау, Шыңғыстауда болған шаруалар көтерілістерімен бірге Қарқаралы өңірінде Боқты көтерілісіне де алып келді.

Қарқаралының экономикалық дамуында басты бағыт мал шаруашылығын дамыту болып қалды. Осы салаға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, шаруашылықты дамытуға кедергі болған жұтпен күреске шаралар қолданылды. Осы мақсатпен жұтқа қарсы күрес жөнідегі уездік арнаулы комиссия құрылды. Осы комиссияның 1928 жылғы 2 сәуірдегі мәліметтері бойынша: «Қарқаралы мен оның маңында 62 жылқы, 280 ірі қара, 120 қой-ешкі жұтта аштан өлді. Абыралы, Берікқара, Кент, Темірші, Ақсары болыстары бойынша 511189 бас мал өлген. Басқа болыстардан цифрлар жоқ, оларда да жұт болды. Ең қауіпті кезең енді басаталғанын атап айтамыз. Жұт кезінде мал ғана емес, адамдар да аштан өлді [6, 647-648 бб.].   Мал дайындаудың қылмысты дерлік баяу қарқыны дайындаушылар тарапынан толығымен іріткі жасалып отырғандығымен түсіндіріледі. Осы мәселе бойынша қатаң шара қолданылмаған. Мал дайындау жұмысының маңына жұртшылық жеткілікті түрде жұмылдырылмаған, ол да қолға жоспардың кеш тигенімен  және мал дайындау ісіне Алматы мен бұрынғы Қарқаралы ауданымен қатар басшылық жасалып, шатасушылық болғанын түсіндіреді. Мал дайындаудың бастапқы жоспарын Қарқаралыдан жіберген, өлкенің бұл тапсырмасы бойынша және өлкелік уәкілдіктің келісімімен ірі мүйізді қарадан 281 бас, қойдан 2674 бас алыну керек болып болжанылды. Бұл жоспар 1 қарашада қолға тиді, ауылдар оны жүзеге асыруға кірісті. Ал 23 қарашада «Союзмясо» жоспары бойынша мал дайындауды жоғарыдан басқа жоспар алды, онда ірі мүйізді қара 540 бас,  қой 4700 бас деген мөлшерлемемен және де Сауда халық коммисариатынан бастапқы жоспардың өзгеруіне қатысты ешқандай түсіндірулер мен нұсқаулықтар болған жоқ. Бірақ оған қарамастан аудандық ұйым орындауға Қарқаралыдан келген жоспар емес, «Союзмясоның» жоспары қабылданды. Кедей орташа шаруашылықтардың бірқатарына шамасы келмейтін міндеттер жүктелген. Жоспарды орындамағаны үшін айыппұл салынып, тіпті сотқа дейін барған. Мал дайындау кезінде кейбір кедей орта шаруашылықтар, тіпті жоқ болғанына қарамастан бірнеше мүйізді ірі қара тапсыруға міндеттелді. Жүн дайындау кезінде қойды, түйені қысты күні қырқуға күштеп мәжбүрлеген. Ұжымдастырудың үшайлық компаниясы елді қорқытып, қыспаққа алумен жүргізілген. Кейбір қызметкерлер тұрғын халықты ұрып-соққан, дүние-мүлкін тартып алып, заңсыз талауға түсірген [6, 655 б.].  

Күн көріп отырған малынан айрылған шаруалар күнделікті ішетін асқа жарымай, ашаршылыққа ұшырай бастады. Шаруаларға ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау науқаны, салық саясаты сойқанды сойыл болып тиді. Әсіресе астық дайындау қасірет болды. Әрбір шаңырақ басына 30 қадақ бидай дайындау жүктелді. Егіншілікпен болсын, 30 қадақ бидай бір құлынды биенің құнына теңгеріліп, шаруалар ақыры малын астық салығын өтеуге жұмсауға мәжбүр болған.

№12 ауылдың Кіндікті мойынсерігінде Бәйімбетұлы Нығыман деген адам 1930 жылы бір десятина жерге бидай егіп, одан 10 пұт өнім алған. Соның екі пұтын тұқым қорына құйған, өзіне үш пұт астық қалған. Кейіннен ауылдық Кеңестің тапсырмасы есебінде екі пұт бидайға қосымша салық салынған. Бұдан басқа да салықтың неше түрлері болған. Атап айтқанда, шаңырақ басына 2-3 иттің, мысықтың терісін тапсыруды жүктеген. Бәрінен де «көң» салығы ауыр тиген. Көктемде егістік жерді өндеу үшін әрбір шаруаға бірнеше қап үгілген көң дайындау тапсырылған [5, 120 б.]. Ол үшін шаруалар қысты күні қатып калған қойдың қиын ағаш келіге түйіп, ұнтақтап, қаптауға мәжбүр болған. Салынған салықты уақытында өтемеген шаруалар қылмысты жауапқа тартылатын. Сол үшін әрбір ауылдық Кеңестің жанында ерекше өкілеттік берілген бас милиционер жұмыс істеген. Осындай әділетсіздіктерді басынан кешірген, аштыққа ұшыраған, жергілікті әкімдерден зорлық-зомбылық көрген қарапайым шаруалар да үкіметке қарсы қатты наразылық білдіріп қиыншылықтан шығудың жолын іздеді. Тәркіленуге ілігіп, қуғын көрген байлар, олардың сыбайластары шаруалардың наразылығын пайдаланып, оларды өкіметке қарсы күреске ұйымдастырып, қарулы көтеріліске дайындады. 1931 жылдың көктемінде Боқты көтерілісіне қатысушылар төңірегінде 340 шаруалар шоғырланған.

Әдебиеттер:

1.     Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы: «Қазақ университеті», 1992.- 272 б.

2.     Алпысұлы С. Қамбарлар көтерілісі. //Орталық Қазақстан.  1999. 24 ақпан.

3.     Әбдіхалықұлы Ә. Боқты көтерілісі-шерлі оқиға. //Орталық Қазақстан. 2004. 30 желтоқсан.-№255-256.

4.              Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия.-Алматы: Атамұра, 2006.-584 б.

5.     Шашенов Д.Т. Боқты көтерілісінің Қазақстан тарихынан алар орны. «Қасіретті жылдар-тағдыры» атты ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары.-Қарағанды, ЖШС «TENGRI Ltd», 2013.-230 б.-118-128 бб.

6.     Шығыс Сарыарқа. Қарқаралы өңірінің өткені мен бүгіні.-Алматы: Эверо, 2004. -703 б.