Нурланова С.С., Медиева С.Х., Ахметова И.А., Тұткышева Ғ.Т.

 

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Қазақстандағы білім беру жүйесінің ерекшеліктері

 

 

Білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оны халықаралық стандарттар деңгейіне шығару қажет, бұл бүгінгі күннің өзекті де негізгі мәселесі болып табылады.

Қазақстанның жоғары кәсіби білім берудің көп деңгейлі құрылымы және жоғары мектептің халықаралық білім беру жүйесіне жоспарлы интеграциялануы, жоғары оқу орнын қазіргі заманның талаптарына сай басқару мәселелері жаңа тәсілдерді талап етеді. Болашақ мамандардың шығармашылық  мүмкіндіктерінің дамуына, олардың білім беруде кредиттік жүйені енгізу жағдайларында кәсіби хабардарлығының бейімделуі жоғары оқу орындарында оқу үдерістерін ұйымдастыруда сапалы өзгерістердің қажеттілігін көрсетеді.

Заман талабы отандық білім беру жүйесінің әлемдік білім үрдісіне интеграциялануын талап етеді. Мұның өзі тек біздің қалауымыз емес, ол бүгінгі күннің шындығы.

«Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасының» мазмұны білім беру жүйесінің ырғақты дамуын және әлемдегі жаһандану мен ақпараттану үрдісінің ерекшелігіне қабілетті болуы керек деген түсінікпен келесі негізгі бағыттарды көрсетті:

- оқуды 6 жастан басталатын әрі жоғары саты оқушыларын бейімді және кәсіпке бағытталған жүйеде оқытатын он екі жылдық жалпы орта білімге көшу;

- орта білімнен кейінгі кәсіптік білім беру жаңа деңгейін құру;

- академиялық кредиттер жүйесіне негізделген кәсіби кадрларды  даярлаудың 3 сатылық жүйесін: бакалавриат-магистратура-докторантура (PhD) құру;

- білім беру сапасына бағалаудың ұлттық жүйесін құру [1].

Әлемдік білім жүйесіне интеграциялау қажеттілігін жоғары мектептің қазіргі деңгей құрылымдары мен біліктілікті түпкілікті қайта қарастырмайынша тиімді іске асыра алмаймыз. Осыған байланысты еліміздің жоғары білім беру жүйесіне мамандарды дайындаудың халықаралық стандарттарын енгізу аса маңызды да өзекті мәселе. Білім беру жүйесіндегі жасалған реформалаудың алғашқы қадамдары жаңа өзгерістердің пайда болуына алып келді.

Білім беруді жетілдірудің негізгі мақсаты – біздің мамандардың әлемдік талапқа, бәсекеге қабілетті бола алатынына жағдай жасау болып табылады. Сондықтан, дүние жүзіндегі жоғары білім жүйесінің даму тәжірибесін зерттеу және ұлттық білім беру жүйесін халықаралық сапа стандарттарының талаптарына сәйкестендіру бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр.

Қазақстандағы жоғары мектепті реформалардың маңызды шарттарының бірі еліміздің Болон процесіне жедел кіруі және үш деңгейлі моделге енуі болды. Бұл деңгейлер: базалық 4 жылдық бакалавриат, 2 жылдық магистратура, докторлық бағдарлама PhD. Доктарантура, ізденіс, докторлық диссертацияны даярлаудың әр түрлі формалары сияқты білім беру бағдарламаларының жиынтығын біріктіреді деп қарастырылған. Білім беру реформасының идеологтары PhD бағдарламалары диссертациялық зерттеулерге әзірлік кезеңін барынша қысқартады және ғылыми дәреже беруде көптеген формальды сәттерді жояды деп сендіреді. Бұдан өзге, кеңестен кейінгі кеңістікте халықаралық білім беру стандарттарының рецепциясы жолындағы кедергілердің бірі - нострификация проблемасы – жоғары білім туралы құжатты мойындау проблемасы шешіледі [2].

1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев тағайындаған “Болашақ” бағдарламасын атап кетпеуге болмайды. Оның негізінде  еліміздің талантты жастары әлемнің үздік жоғары оқу орындарында сапалы білім алуына және алған білімі мен тәжірибесін мемлекеттің гүлденуіне жұмсауға ықпал ету  идеясы жатыр.“Болашақ” халықаралық стипендиясы жыл сайынғы Қазақстанға аса қажетті мамандықтар тізбесі негізінде беріледі.

Елбасы өзінің Жолдауында білім беру мәселесіне айрықша мән берген. Мемлекетіміздің иновациялық-индустриялық стратегиясын жүзеге асыруды болашақтың бағдарламасы деп атаған. Бұл бастаманы жүзеге асыру, ғылыми және техникалық потенциалды, болашақ мамандарды терең біліммен қамтамасыз етпейінше мүмкін емес [3].

Еліміздің Болон процесіне қосылуы отандық білімнің жаңа талаптары мен республиканың саяси-экономикалық таңдауына толық жауап береді. Мәселенің маңызын еліміздің Болон процесіне қосылғандығымен ғана байланыстыруға болмайды. Бұны сапа мен бәсекелестік мүмкіндігін көтеру мақсатындағы білім парадигмаларының алмасуы деп ұққанымыз жөн.

Қазақстан жоғары білімінің стратегиялық міндеттері ұлттық білім беру жүйесіндегі жетістіктерді сақтай отырып, оны әлемдік білім беру үрдісінің ең озық үлгілеріне сәйкестендіруге негізделеді. Тәуелсіз мемлекетіміздің білім беру жүйесі төмендегі екі түрлі маңызды процесті жандандыруға бағытталған: ұлттық білім беруді жаңа арнаға салу және әлемдік білім кеңістігімен ықпалдасу.

Бүгінде Америка мен Батыс Еуропаның көптеген елдерінде кредиттік оқыту жүйесі қолданылады. Осы кредиттік оқытудың ережелері Қазақстанда да жетілдіріліп келеді. Болон процесіне сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білімнің мынандай сатылары енгізілді: бакалавриат (жоғары базалық кәсіби білім) – 4 жыл, магистратура (кәсіби жоғары білімнің екінщі сатысы) – 2 жыл, докторлық бағдарлама (жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім) – 2 немесе 3 жыл. Осылайша аз уақыт ішінде студенттерді оқытудың түрі ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарынан кейінгі білім құрылымы да өзгереді[4].

Кредиттік технологияға көшу студенттің дәстүрлі бағасы мен аудиториялық және аудиториядан тыс жұмыстарының орнына сынақ бірліктері жүйесін енгізуді көздейді. Сынақ бірліктерінің жүйесі шеберлік пен іскерлікті бағалаудың шартты бірліктерін нақтылауға мүмкіндік беретін механизм болып табылады (семинар, дәрістен іс-тәжрибелер, өзіндік жұмыстар мен аралық бақылаулар).

Кредиттік оқыту жүйесі желілік емес – білім беру процесінің жүйелілігін студенттердің дара жоспарлауына беріліп отырған мүмкіндік. Қазіргі ақпараттық қоғамның қалыптасу кезеңінде мемлекеттің табысты қызмет етуіне жоғары технологиялардың дамуы мен оларды тиімді қолдану қажет. Техникалық сала қызметкерлерінің жеткіліксіздігі Қазақстан үшін көкейкесті мәселе болып саналады. Ал елдің экономикасы қажет мамандардың көпшілігімен өркендемек. Әрине, қажетсіз мамандық жоқ. Ең бастысы, уақыт талап еткен мамандықтарды таңдауға бет бұру – заңдылық. Мамандықты шатыспай таңдап, жан-жақты білімді болып, халқыңа, мемлекетіңе адал қызмет ету басты борышымыз екенін ешқашан естен шығармайық. Еліміздегі білім жүйесінің дамуы болашағымыздың негізі, қайнар көзі. Мемлекетіміздің болашағы жастар, сондықтанда жастарымыз білімді, сауатты және салауатты болса екен.

 

Әдебиеттер:

1.  Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа жолдауы. Астана, 2009.

    2. Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2015 жылға дейінгі тұжырымдамасы. Астана, 2004.

    3.   Құдайбергенова К.С. Білім сапасын бағалаудың мәселелері // Білім берудегі    менеджмент. – 2008. - №4. – 214-215 б.

    4.   Б.А.Мырзалиев, Е.Ж.Махамов, К.КНурланова. Кредитная система   обучения: опыт внедрения и перспективы. Шымкент: Ғасыр-Ш, 2005.– 225