ф.ғ.к. Рүстемова Ж.А.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті, Қазақстан
С.Ләмбеков
шығармашылығы жайында бірер сөз
С.Ләмбековтің 60-жылдардың аяқ
шенінен бастап бүгінгі күнге дейін он бес шақты кітабы
жарық көріпті. Олардың арасында өлеңдер жинағы
да, очерк, роман, ғұмырнамалық хикая кітаптары да, тіпті
балаларға арналған кітапшасы да бар. С.Ләмбеков
өзінің бірқатар шығармаларын толықтырып
қайта жазған. «Тағдырмен тартыс» ғұмырнамалық
хикаясын толықтырып, роман-эссеге айналдырған. «Тәттімбет» романын
түзеткен. «Тайталас» романының оқиғаларын
нақтылап, бастан-аяқ қайта жазып шыққан.
«Әке жолы» романына қатысты былай дейді: ««Әке жолының»
осал тұстарын алып тастап, сюжет желісін бүгінгі күнге дейін
жеткізіп, жекешелендіру салдарынан тоз-тоз болған ауыл тағдырын
көрсетіп, «Алапай мен талапай» атты көлемді романға
айналдырдым»(1;8).
Өз шығармасын толықтырып,
өңдеп, қайта жазып шығу - көркем әдебиет
тарихында бар құбылыс. Мәселен,
С.Мұқановтың «Адасқандар» роаманының(1929)
«Мөлдір махаббат»(1959), «Жұмбақ жалауының»(1938)
«Ботагөз»(1948) болып өңделіп, қайта басылғанын
бәріміз білеміз. Ғ.Мұстафин 1941 жылы жазылған
«Өмір не өлім» романына қайта оралып, 1952 жылы
«Қарағанды» романын туғызды. Ғ.Мүсірепов
«Қазақ батыры» повесін «Қазақ солдаты» романына(1949)
айналдырып, кейін қайта жазды. Аға жазушылардың
өнеге-үлгісі кейінгі буын қаламгерлер үшін үлкен
мектеп екендігі, әрине, даусыз. Бірақ, шығарманы қайта
жазу себептері әр түрлі болуы мүмкін.
С.Ләмбековтің аталған
шығармаларының көпшілігі 80-жылдардың орта кезіне
дейін, кеңестік идеологияның дәуірлеп тұрған
кезінде жазылды. Әдебиеттанушы ғалым Р.Нұрғалидың
кеңестік дәуірдегі әдебиетке байланысты айтқан пікірін
көлденең тартқымыз келіп отыр: «Ол кездің
әдебиетін тек партияны марапаттаған, партияның қол
шоқпары болған десек, бұл – бір жақты пікір. Рас,
партиясыз күн жоқ, сондықтан оның сойылын
соққандар көп. Сол арқылы
атақ-даңққа жеткендер, сол арқылы
үлкенді-кішілі таққа отырғандар да жеткілікті.
Бірақ, соған қарап, жұрттың бәрі
қолына қызыл жалау алып, шапқылап жүрді деу,
әрине, артық сөз. Өйткені, сондай қиын
кездің өзінде де шындық дейтін қылыштың
жүзінен қорықпағандар да болды. Ашық кетппегенмен,
партияның «кемеңгерлік» саясатын алға тарта отырып,
жаңбыр-жаңбырдың астымен өз ойын, өз
көзқарасын емеурінмен жеткізген жазушы аз емес»(2;221). Сондай жазушының бірі
С.Ләмбекұлы десек, қателеспейміз. Жазушының жалған жаңалықтың ата кәсібімізге
тигізген зиянын әшкерелейтін роман жазуы 80-жылдар ішінде көзсіз
ерлікпен пара-пар, батыл қадам еді. 30-40 мың қойды
бордақылауға арналған ірі кәсіпорындардың салынуы
ақыр соңында қойдың қырылуына,
өнімнің азаюына соқтырған. Осы жайттарды жазушы
емеурінмен емес, ашық жазды. Романның кей тұстарының
алынып тасталғаны «Алапай мен талапайдың» «Азия транзит» журналында
жарияланған үзіндісімен салыстырғанда да анық
байқалады. «Әке жолы» кітабының(1984) 21 бетіндегі
Қосай мен Қатайдың арасындағы диалогтың
қысқартылуының салдарынан әңгіме желісі
түсініксіз болып қалған.
«Бір мезгілде
құла оқыс елеңдеп, құлағын
қайшылады. Қосай да тұз көзін ілгері қадады,
қарсы келе жатқан салт аттыны көрді. Анықтап
қараған сәтте Қатайды таныды.
- Одан да сені тексеріп келе жатырмын десейші. Бұл
да маған кісімсіп қыр көрсетеді, ә! Бүйте
берсеңдер қойды санап алыңдар, әне!
Қосайдың екі езуі көбіктеніп,
көзі шапыраштана бастады. Досының жайын жақсы білетін
Қатай жаңағы райынан қайтып, басқаша әуенге
басты». Бұл диалогтағы мүлде түсіріліп тастаған Қатайдың сөзі «Алапай мен
талапайда» өз орнын тапқан.
Жалпы, Сапарғали Ләмбеков шығармаларынан
байқалатын жайт, жазушы ел өмірін, тіршілік-салтын, мінез
болмысын жетік біледі.
Бұған қаламгердің аңғарғыштығын
қосыңыз. Диалог құруға да шебер. Диалог
арқылы кейіпкердің мінез-бітімін айғақтау
қабілеті ден қойдырады.
С.Ләмбекұлының «Қатты
қабат» романындағы ене мен келін арасындағы текетірес
оздыратын ескі мен тоздыратын жаңаның арасындағы тартысты
меңзейді. «Керістің неден туғанын да көріп тұр,
бірінен бірі баланы қызғанады. Алайда сол
қызғаныштың да мәні бар. Гүлсім болса
немересінің бойына ата салтын
дарытуды көздейді, ал антұрған Арнұр оған
өзінше «современный тәрбие» беруге тырысады. Жекен, әрине,
анасы жағында, мұны әйеліне талай рет айтқан,
бірақ сөзін тыңдата алмай келеді»(3;237) Сонымен бұл
отбасында ата салтын жақтаушы күш Жекен арқасында басым. «Ал,
есін жаңа біліп келе жатқан жас Манар көктеп өсе
бастаған өркен тәрізді, өзін тартқан
қолдың қайсысы күшті болса солай қарай иіледі»(3;237).
Арнұр - қаланың қызы, тік, бірбеткей, айтқанынан
қайтпайды. Кей ретте осынысының өзі адалдығы,
шыншылдығы, принципшілдігі түрінде көрінетіні бар.
Жастық шақтағы махаббаты Керім бұны өзінен бір
сәттік әлсіздігімен бездіріп алады. Арнұр Керім Тәжімұратовтан
бір кездері бұзақылардың соққысынан досын
арашаламаған қорқақтығы үшін теріс
айналған болатын. Әлі
күнге дейін өзіне ынтық Керімді Арнұр бойына
дарытпайды. Солқылдақтық, босаңдық танытпайды.
Күйеуі Жекенге деген сезімін қылаусыз сақтайды. Бұл
сезімге үй ішілік кикілжің де сызат түсіре алмайды.
Уақытша бас экономистің міндетін атқарып жүрген
Арнұрға Байдилдин шахта жұмысына талдау жасауды
тапсырғанда да, тапсырманы мүлтіксіз орындауымен ғана емес,
іске адалдығымен де сүйсіндіреді. Анықталған кемшілікке
күйеуінің де ортақ екенін біледі, сөйте тұра оны
жасырып қалуға амал жасамайды. Арам оймен екпіндетіп барған
ауқым бастығы Керімнің аптығын су сепкендей басады.
Жалпы, Керім – типтік бейне. Өмірде мұндай
адамдар жиі ұшырасады. Әсіресе, нарық
қыспаққа алған заман Керім тәрізділердің
өң-бояуы құбылған мың түрін
туғызды. Досын бұзақылар
соққының астына алған кезде телефон будкасына
тығылып, милиция шақырғансыған әрекеті бұны
қорқақ атандырады. Ауқым бастығы болғаннан
кейін де қоянжүректігі әредік қылаң беріп
қояды, енді ол басқа сипатта, шарасыздық, дәрменсіздік
сипаттарында көрінеді. Керім тозған
құрал-жабдықтарды ауыстыруға ынтасыз. «...өзі
рабайсыз үлкен, бағасы қымбат, оның үстіне тілін
білетін адам жоқ, қосалқы бөлшек және табылмайды»
- деп(3;80) қандай да болмасын жаңа комплекстен ат-тонын ала
қашатыны – жаңа дәуірдің өзіне лайық
қаруы болатынын мойындамағандық. Қарағанды
ғылыми-зерттеу көмір институтының ғылыми
қызметкері Александр Семенович Буров көмір комбайнының
жетілдірілген жобасын бесінші ауқымда сынап көргісі келеді.
Бұған ауқым бастығы Керім өз әдетінше
қарсылық жасайды. Керім -
арам ойға да тізгін беруші. «Бұл шіркін маған неге
соқтыға береді, орынды қызғана ма, әлде
әйелін қызғана ма»(3;14). Бұл – оның кен шебері
Жекенге қатысты ойлары. Ащы суға үйр Тақанның
қолтығына су бүркіп Жекенге қарсы қояды. Жалпы,
шығармада қоғамдағы келеңсіздік біткеннің
бәріне лағнет айтылады. Кейбірінің түп-тамыры
қопарылады. «... біріншіден, жоғарғы жақтан
қателік көп, екіншіден, төменгілерде тәртіп жоқ,
оның үстіне екі жағы бірін-бірі алдайды. Мінеки, осыдан
барады да алақолдық, ұрлық-қарлық
өрбиді»(3;138).
Қаламгерлік жөнінде жазушы Өмір Кәріпұлы былай дейді:
«Қаламгерлік қарақан бастың тірлігі емес, жалпақ
жұртқа жанашырлықтан, туған елге, ел мен жерге,
ұлтқа деген махаббаттан күш алатын шынайы, шыншыл тірлік.
Қалам ұстағандардың өзгелерден қашан да бір
уайымы артық болады»(4;12).
Бір уайымы артық жазушының бірі – Сапарғали
Ләмбекұлы.
Әдебиеттер:
1. «Азия - транзит» әдеби-танымдық
альманағы, 2006 жыл, №6(75), маусым,
2. Қазақтың 100 романы. Астана, «Фолиант»,
2004.
3. Ләмбеков С. Қатты қабат. –Алматы:Алаш,
2005. -248 б.
4. «Орталық Қазақстан» газеті, 2006 жыл,
13 сәуір.